Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесін және оған қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 21 мамырдағы N 402 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі;
      2) көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары бекітілсін.

      2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2007 жылғы 9 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы»21»мамырдағы
N 402 қаулысымен  
бекітілген  

Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының " Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы " 1995 жылғы 21 желтоқсандағы, " Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы " 1996 жылғы 15 шілдедегі және " Лицензиялау туралы " 2007 жылғы 11 қаңтардағы заңдарына сәйкес әзірленген және көлік құралдары жүргізушілерін даярлау , қайта даярлау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиялар беру тәртібін белгілейді.

      2. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялауды жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - лицензиар) жүзеге асырады.

      3. Біліктілік деңгейі осы Ереженің талаптарына сәйкес келетін жеке және заңды тұлғалар көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау саласындағы лицензиялау субъектілері болып табылады.

      4. Лицензия иеліктен шығарылмайды және оны лицензиат басқа жеке немесе заңды тұлғаға бере алмайды.

2. Лицензия беру тәртібі

      5. Лицензия алу үшін жеке және заңды тұлғалар лицензиарға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтінішті;
      2) заңды тұлға үшін - жарғының және өтініш берушінің заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмелерін;
      3) жеке тұлға үшін - жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
      4) дара кәсіпкер үшін - өтініш берушінің дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      5) өтініш берушінің салық органында есепке тұрғаны туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      6) қызметтің жекелеген түрлерімен айналысу құқығы үшін бюджетке лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжатты;
      7) біліктілік талаптарына сәйкес мәліметтер мен құжаттарды.

      6. Өтініш беруші көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметтің өтініш берген түріне қойылатын талаптарға сай болған жағдайда лицензиар өтінішті қарайды және барлық қажетті құжаттармен бірге өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей, ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін он жұмыс күнінен кешіктірмей лицензияны береді.

      7. Лицензия бас лицензия болып табылады және қолданылу мерзіміне шек қойылмай беріледі.

      8. Қызметтің лицензияланатын түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым ставкалары, оны есептеу мен бюджетке төлеу және төленген соманы қайтару тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.

      9. Лицензияны өтініш берушіге немесе оның уәкілетті өкіліне беру сенімхат негізінде жүргізіледі.

      10. Өтініш пен оған қоса берілетін құжаттарды лицензиар тіркейді, өтініш берушіге оның тіркеу нөмірі және тіркелген күні жазбаша түрде хабарланады.

      11. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      12. Лицензиясын жоғалтқан жағдайда лицензиаттың телнұсқа алуға құқығы бар. Лицензиар өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лицензиаттың жазбаша өтініші бойынша лицензияның телнұсқасын беруді жүргізеді.
      Лицензияның телнұсқасын алу үшін лицензиат лицензиялық алым төлейді.

      13. Егер лицензиар лицензия беру үшін белгіленген мерзімде өтініш берушіге лицензия бермеген не өтініш берушіні лицензия беруден бас тарту себебі туралы жазбаша түрде хабардар етпеген жағдайда, лицензия беру үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң өтініш беруші лицензиарды қызметтің өзі өтініш берген түрін жүзеге асыруды бастауы туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
      Лицензиар өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш беруші жазбаша хабарламада көрсеткен күннен бастап лицензия беруге міндетті.

3. Лицензия беруден бас тарту

      14. Егер:
      1) субъектілердің осы санаты үшін бұл қызмет түрін жүзеге асыруға заңнамалық актілермен тыйым салынған;
      2) осы Ереженің 5-тармағына сәйкес талап етілетін барлық құжаттар табыс етілмеген. Өтініш беруші көрсетілген кедергілерді жойған жағдайда өтініш жалпы негізде қаралады;
      3) қызметтің лицензияланатын түрімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым енгізілмеген;
      4) өтініш беруші заңнамада белгіленген біліктілік талаптарына сай келмеген;
      5) өтініш берушіге қатысты оған қызметтің осы түрімен айналысуға тыйым салатын заңды күшіне енген сот үкімі болған жағдайда лицензия беруден бас тартылуы мүмкін.

      15. Лицензия беруден бас тартылған жағдайда өтініш берушіге лицензия беру үшін белгіленген мерзімде жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.

4. Лицензияларды есепке алу және лицензияланатын қызметті бақылау

      16. Лицензиялардың тізілімін жүргізуді, сондай-ақ осы Ереженің сақталуын бақылауды лицензиар жүзеге асырады.
      17. Біліктілік талаптары мен белгіленген ережелердің сақталуын тексеруді лицензиар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2007 жылғы»21 мамырдағы
N 402 қаулысымен  
бекітілген  

Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметке қойылатын біліктілік талаптары

      Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау, қайта даярлау жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде өтініш берушіге қойылатын біліктілік талаптары:
      1) оқу құжаттамасының стенді;
      2) үлгі бағдарлама пәндері бойынша оқу жоспары мен тақырыптық жоспар;
      3) ұйымдар бекіткен үлгілер негізінде әзірленген оқыту бағдарламасы;
      4) сабақ кестесі;
      5) көлік жүргізу кестесі;
      6) бағыттар схемасы;
      7) даярлау мен қайта даярлаудың бекітілген үлгі және оқу бағдарламаларына сәйкес оқу үдерісін жүргізуді қамтамасыз ететін сабақтар өткізуге жарақталған үй-жай - жабдықтар (оқу және зертханалық) (жалға алу құқығындағы үй-жай мен жабдықтарды пайдалануға рұқсат беріледі);
      8) көлік құралдары;
      9) автомобиль жүргізу жөніндегі оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері, олардың:
      автомобиль мамандығы бойынша жоғары немесе техникалық орта білімі;
      олар оқыту жүргізетін санаттағы жүргізуші куәлігі;
      кемінде бес жыл жүргізуші өтілі болуы тиіс;
      10) жүргізушілерді даярлау, қайта даярлау мәселелері бойынша өзектілендірілген нормативтік құжаттардың қоры болуын қамтиды.