Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 11 желтоқсандағы N 220 Жарлығын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1247 Қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ҚазАгро" ұлттық холдингі" акционерлік қоғамы" деген сөздер "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы" деген сөздермен "ҚазАгро" ұлттық холдингі" деген сөздер "ҚазАгро" холдингі" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2009.03.13. N 297 Қаулысымен.

      "Агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 11 желтоқсандағы N 220 Жарлығын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Жарғылық капиталына мемлекет 100 пайыз қатысатын "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамы (бұдан әрi - "ҚазАгро" холдингі" АҚ) құрылсын.

      2. "ҚазАгро" холдингі" АҚ қызметiнiң негiзгi мәнi акцияларының мемлекеттiк пакеттерi "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге берiлетiн агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы қызметтi жүзеге асыратын акционерлiк қоғамдарды тиiмдi басқару жолымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсiптiк кешенiн дамытуды ынталандыру болып белгiленсiн.

      3. Қоса берiлiп отырған:
      1) "ҚазАгро" холдингі" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум;
      2) акцияларының мемлекеттiк пакеттерi "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге берiлетiн акционерлiк қоғамдардың тiзбесi (бұдан әрi - тiзбе) бекiтiлсiн.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік мүлiк және жекешелендiру комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен:
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ акцияларының мемлекеттiк пакетiн иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне берсiн;
      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп:
      1) "ҚазАгро" холдингі" АҚ жарғылық капиталын 2007 жылға арналған республикалық бюджет қаражаты есебiнен 300000000 (үш жүз миллион) теңге мөлшерiнде қалыптастыруды;
      2) "ҚазАгро" холдингі" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандумның ережелерiн ескере отырып, "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның жарғысын бекiтудi;
      3) "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ны Қазақстан Республикасының әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркеудi;
      4) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсiн.

      5. Тiзбеде көрсетiлген акционерлiк қоғамдар заңнамада белгiленген тәртiппен "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге берiлетiн акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн бағалауды жүргiзсiн.

      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетi Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен бiрлесiп, осы қаулының 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген iс-шаралар орындалғаннан кейiн заңнамада белгiленген тәртiппен "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның жарияланған акцияларының санын ұлғайтуды және тiзбеде көрсетiлген акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн беру жолымен орналастырылатын акцияларды төлеудi қамтамасыз етсiн.

      7. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi мүдделi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп:
      1) бiр ай мерзiмде "ҚазАгро" холдингі" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн;
      2) бiр жарым ай мерзiмде осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық кесiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.

      8. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтырулар енгiзiлсiн:

      1) "Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiне мемлекеттік меншiктiң түрлерi және ұйымдарға қатысудың мемлекеттiк үлестерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 12 сәуiрдегi N 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1999 ж., N 13, 124-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен үлестерi республикалық меншiкке жатқызылған акционерлiк қоғамдар мен шаруашылық серiктестiктердiң тiзбесiнде:
      "Астана қаласы" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 21-81-жолмен толықтырылсын:
      "21-81. "ҚазАгро" холдингі" АҚ";

      2) "Республикалық меншiктегi ұйымдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерi мен мемлекеттiк үлестерiне иелiк ету және пайдалану жөнiндегi құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 27 мамырдағы N 659 қаулысында :
      көрсетiлген қаулыға қосымшада "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiне" деген бөлiм мынадай мазмұндағы реттiк нөмiрi 205-14-жолмен толықтырылсын:
      "205-14. "ҚазАгро" холдингі" АҚ".

      9. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары К.Қ. Мәсiмовке жүктелсiн.

      10. Осы қаулы 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 4-тармақтың 1) тармақшасын қоспағанда, қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы  
Yкiметiнiң       
2006 жылғы 23 желтоқсандағы
N 1247 қаулысымен   
бекiтiлген      

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлiк қоғамы қызметiнiң негiзгi қағидаттары туралы меморандум

1. Құру мақсаты

      "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ-ны (бұдан әрі - "ҚазАгро" холдингі" АҚ) құрудың мақсаты инвестициялық активтерді тиімді басқаруды және акциялары оған орналастырылған акцияларға төлеу ретінде берілген агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғамдардың (бұдан әрі - қоғамдар) корпоративтік мәдениетін дамытуды қамтамасыз ету жолымен Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру болып табылады.
      Ескерту. 1-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.10.09  N 921 Қаулысымен.

2. "ҚазАгро" холдингі" АҚ қызметiнiң негiзгi қағидаттары

      "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның мақсатына қол жеткiзу қызметтiң мынадай негiзгi қағидаттарына негiзделедi:
      қоғамдар қызметiнiң мемлекеттiк аграрлық саясат басымдықтарына сәйкес келуi;
      корпоративтiк басқару саласындағы алдыңғы қатарлы халықаралық тәжiрибенi пайдалану;
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ және қоғамдар қызметінің
ашықтығы.
      Ескерту. 2-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.10.09  N 921 Қаулысымен.

3. "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның мiндеттерi

      Қойылған мақсат шеңберінде "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның міндеттері мынадай болады:
      инвестицияларды агроөнеркәсіптік кешеннің басым міндеттерін шешуге шоғырландыру және бағыттау;
      агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру;
      аграрлық өндірістік және сервистік инфрақұрылымды дамыту;
      агроөнеркәсіптік кешендегі кластерлердің қалыптасуына және дамуына жәрдемдесу;
      агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспортын дамыту;
      ішкі азық-түлік нарықтарын реттеу және тұрақтандыру;
      корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыру.
      Міндеттерді іске асыру директорлар кеңестеріндегі акционердің және өкілдіктің функцияларын жүзеге асыру арқылы қоғамдарды дамытуға "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның белсенді қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады.
      Ескерту. 3-бөлім жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.10.09  N 921 Қаулысымен.

4. "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның функциялары

      Ұйымдарды олардың Директорлар кеңестерi арқылы корпоративтiк басқару шеңберiнде "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның негiзгi функциялары мыналар болады:
      әлеуметтiк-экономикалық дамудың орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi жоспарларын, мемлекеттiк және салалық (секторалдық) бағдарламаларын есепке ала отырып, қоғамдар үшiн мақсаттар қою;
      қоғамдардың стратегиялық даму жоспарларын және қаржы-шаруашылық қызметiнiң орта мерзiмдi жоспарларын, инвестициялық бағдарламалар мен жылдық бюджеттерді бекiту;
      мақсаттарға қол жеткiзудi, оның iшiнде қаржылық нәтижелердi барынша арттыруды қамтамасыз ету;
      қоғамдардың жобаларын iске асыруда қаржылық және басқару менеджментiн жүзеге асыруға қатысу;
      сыртқы және iшкi инвестицияларды тарту;
      қоғамдар қызметiнiң тиiмдiлiк индикаторларын әзiрлеу және оның мониторингi;
      қоғамдар алға қойылған мақсаттар мен тиiмдiлiк көрсеткiштерiн орындамаған жағдайда түзету шараларын қабылдауды қамтамасыз ету;
      қоғамдардың қызметiне корпоративтiк басқарудың алдыңғы қатарлы халықаралық қағидаттарын енгiзу;
      қоғамдардың лауазымды тұлғаларын іріктеу және дәлелдеу;
      қоғамдардың аудитін ұйымдық қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де
функциялар.
      Ескерту. 4-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.05.07 N 363 , 2007.10.09 N 921 , 2009.03.25. N 399 Қаулыларымен.

5. " ҚазАгро" холдингі" АҚ-ны басқару мәселелерi

      Мемлекет Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның жалғыз акционерi болып табылады. Қоғамдардың акцияларын сату туралы шешiмдi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi қаулысын қабылдау жолымен "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның жалғыз акционерi қабылдайды.
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ Директорлар кеңесiнiң дербес құрамын Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлейдi.
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ Директорлар кеңесiнiң құрамына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі Басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгiнiң және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң бірінші басшылары, сондай-ақ, тәуелсiз директорлар мен "ҚазАгро" холдингі" АҚ Басқармасының төрағасы кiредi.
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ Директорлар кеңесiнiң құзыретiне:
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ қызметiнiң басым бағыттарын анықтау;
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның бюджетiн бекiту;
      Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер кiреді.
      "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның қызметiн қаржыландыру жарғылық капиталдың қаражаты, қоғамдардан түсетiн дивидендтер есебiнен қалыптастырылатын кiрiстер, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздердiң есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 5-бөлімге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің
2007.09.24 N 829 , 2008.11.07 N 1024 Қаулыларымен.

       5-1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен "ҚазАгро"
        холдингі" АҚ арасындағы өзара қарым-қатынастар

      Ескерту. 5-1-бөлім алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2009.03.25. N 399   Қаулысымен.

6. "ҚазАгро" холдингі" АҚ мен қоғамдар
арасындағы өзара қарым-қатынастар

      "ҚазАгро" холдингі" АҚ мен қоғамдардың арасындағы өзара қарым-қатынастар оның жоғарыда көрсетiлген функцияларымен және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады. Бұл ретте "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның қоғамдардың қызметiне ықпал етуi акционер функцияларын жүзеге асыруы және қоғамдардың тиiстi Директорлар кеңестерiндегi өкiлдiгi арқылы корпоративтiк басқару шеңберiнде шектеледi.
      Қоғамдардың Директорлар кеңестерiнiң құрамына "ҚазАгро" холдингі" АҚ-ның өкiлдерi, қоғамдар басқармаларының төрағалары және тәуелсiз директорлар кiредi. Қоғамдар Директорлар кеңестерiнiң төрағалары болып "ҚазАгро" холдингі" АҚ өкiлдерi сайланады.

                                     Қазақстан Республикасы   
                                           Үкiметiнiң         
                                   2006 жылғы 23 желтоқсандағы
                                        N 1247 қаулысымен     
                                          бекiтiлген         

       Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.13. N 297 Қаулысымен.

    Акцияларының мемлекеттiк пакеттерi "ҚазАгро" ұлттық
  басқарушы холдингі" АҚ-ның орналастырылатын акцияларын
    төлеуге берiлетiн акционерлiк қоғамдардың тiзбесi    

р/с N

Атауы

Акциялардың мемлекеттiк пакетi

1

"Азық-түлiк келiсiм-шарт корпорациясы" акционерлiк қоғамы

100%

2

"Аграрлық кредит корпорациясы" акционерлiк қоғамы

100%

3

"ҚазАгроҚаржы" акционерлiк қоғамы

100%

4

"Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры" акционерлiк қоғамы

100%

5

"Мал өнiмдерi корпорациясы" акционерлiк қоғамы

100%

6

"Астық қолхаттары бойынша мiндеттемелердiң орындалуына кепiлдiк беру қоры" акционерлiк қоғамы

99,09%

7

"Қазагромаркетинг" акционерлiк қоғамы

100%