Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiнiң (тауарларының, жұмыстарының) тiзбесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 14 наурыздағы N 155 Қаулысы

Жаңартылған

      "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегi Заңының  4-бабының  2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiнiң (тауарларының, жұмыстарының) тiзбесi бекiтiлсiн.

      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:

      1) "Мемлекет реттейтiн баға қолданылатын әуежайлар қызметтерiнiң номенклатурасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 30 желтоқсандағы N 1348  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 49, 562-құжат);

      2) "Мемлекет реттейтiн бағалар қолданылатын телекоммуникациялар қызметтерiнiң және телекоммуникациялар қызметтерiн ұсынумен технологиялық байланысты қызметтердiң номенклатурасын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 15 қазандағы N 1064  қаулысы  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2004 ж., N 38, 503-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 28 қарашадағы N 1194 және 2003 жылғы 30 желтоқсандағы N 1348 қаулыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 26 қаңтардағы N 63  қаулысының  1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2005 ж., N 4, 34-құжат).

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi және жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
2006 жылғы 14 наурыздағы     
N 155 қаулысымен         
бекiтiлген            

       Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.09.28.  N 854 , 2008.05.16  N 458  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-тармақтан  қараңыз) Қаулыларымен.

  Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелiп көрсетiлетiн
қызметтерiнiң (тауарларының, жұмыстарының) тiзбесi

      1. Мұнай және (немесе) мұнай өнiмдерiн магистральдық құбыр жолдары арқылы тасымалдау саласында:
      мұнайды магистральдық құбыр жолдары арқылы тасымалдау жөнiндегi қызмет:
      1) бiрыңғай бағыттау бойынша операторлық қызмет;
      2) мұнайды магистральдық құбыр жолының жүйесi арқылы қайта айдау;
      3) мұнайды темiр жол цистерналарынан құйып алу;
      4) мұнайды темiр жол цистерналарына құю;
      5) мұнайды танкерлерге құю;
      6) мұнайды автоцистерналардан құйып алу;
      7) мұнайды автоцистерналарға құю;
      8) мұнайды сақтау;
      9) мұнайды ауыстырып құю;
      10) мұнайды араластыру.

      2. Газды немесе газ конденсатын магистральдық және (немесе) таратушы құбыр жолдары, газ таратушы қондырғыларды және оларға байланысты газ таратушы газ құбырларын пайдалану арқылы сақтау, тасымалдау саласында:
      табиғи газды магистральдық құбыр жолдары арқылы тасымалдау;
      Қазақстан Республикасының тұтынушылары үшiн табиғи газды таратушы құбыр жолдары арқылы тасымалдау;
      сұйылтылған көмiрсутектi газды топтық резервуарлық қондырғыдан тұтынушының енгiзу шығыранына дейiн газ құбырлары арқылы тасымалдау;
      табиғи газды сақтау.

      3. Электр энергиясын беру және (немесе) бөлу саласында:
      электр энергиясын беру және (немесе) бөлу.

      4. Жылу энергиясын өндiру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау саласында:
      жылу энергиясын өндiру;
      жылу энергиясын беру және бөлу;
      жылу энергиясымен жабдықтау;
      жылу энергиясын өндiру, беру және бөлу;
      жылу энергиясын өндiру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау.

      5. Электр энергиясын желiге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру саласында:
      электр энергиясын желiге босатуды және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру.

      6. Магистральдық темiр жол желiлерi саласында:
      магистральдық темiр жол желiсiн пайдалануға беру;
      жылжымалы құрамды магистральдық темiр жол желiсi арқылы өткiзудi ұйымдастыру;
      магистральдық темiр жол желiсiн пайдалануға беру және ол арқылы жылжымалы құрамды өткiзудi ұйымдастыру.

      7. Кiрме жолдар саласында:
      бәсекелес кірме жолы болмаған жағдайда, жылжымалы құрамның өтуi үшiн кiрме жолды беру;
      бәсекелес кірме жолы болмаған жағдайда маневр жұмыстары, тиеу-түсiру, тасымалдау процесiнiң басқа да технологиялық операциялары үшiн, сондай-ақ тасымалдау процесiнiң технологиялық операцияларында көзделмеген жылжымалы құрамның тұрағы үшiн кiрме жолды беру.

      8. Аэронавигация саласында:
      әуе кеңістігіндегі әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету;
      әуеайлақ маңындағы әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсету.

      9. Порттар, әуежайлар саласында:
      1) теңіз портының қызметтері:
      теңіз портының күштерімен және құралдарымен орындалатын тиеу-түсіру жұмыстары;
      кейіннен порттан шығып жүк операцияларын жүргізу және/немесе өзге мақсаттар үшін кеменің теңіз портына кіргені үшін (кеменің кіруі) қызметтер;
      2) әуежайлардың қызметтері:
      әуе кемесінің ұшуы мен қонуын қамтамасыз ету;
      авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      қону әуежайында өңдеуге (тиеуге және/немесе түсіруге) жататын жүктер (почталар) болған жағдайда, жолаушылар тасымалдайтын әуе кемесіне қонғаннан кейін 3 сағаттан және жүк тасымалдайтын және жүк-жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінің сертификатталған үлгілері үшін 6 сағаттан астам тұрақ орнын беру;
      әуе кемесіне базалық әуеайлақта тұрақ орнын беру;
      жолаушыларды тіркеуге арналған жұмыс орнын (алаңын) беру.    

      10. Телекоммуникациялардың әмбебап қызметтерiн қоспағанда, қызметтiң осы түрлерiн көрсетудiң технологиялық мүмкiн болмауы не экономикалық орынсыздығы себебiнен бәсекелес байланыс операторы болмауы шартымен телекоммуникациялар саласында:
      байланыс операторларының телекоммуникациялар желiлерiн жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялар желiсiне қосу:
      1) жергiлiктi деңгейде;
      2) аймақiшiлiк және қалааралық деңгейде;
      3) қалааралық және халықаралық деңгейде;
      мыналарды:
      1) жергiлiктi телефон трафигiн;
      2) аймақiшiлiк телефон трафигiн;
      3) қалааралық телефон трафигiн;
      4) халықаралық телефон трафигiн;
      5) ұялы операторлар желiсiнен/желiсiне телефон трафигiн;
      6) IР-телефония (Интернет-телефония) операторларының телефон трафигiн қосылатын байланыс операторларының желiсiнен (желiсiне) қосылатын байланыс операторларының телефон трафигiн өткiзу.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.10.13. N  994  қаулысымен.

      11. Телекоммуникация желiлерiн жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желiсiне қосуға технологиялық жағынан байланысты кәбiлдiк кәрiздер мен өзге де негiзгi құралдарды мүлiктiк жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөнiндегi салада:
      телефон кәрiзiн байланыс операторларына пайдалануға беру.

      12. Су шаруашылығы және кәрiз жүйелерi саласында:
      су шаруашылығы жүйесiнiң қызметтерi:
      1) тiреушi гидротехникалық ғимараттардың көмегiмен үстiңгi ағынды реттеу;
      2) суды магистральдық құбыр жолдары арқылы беру;
      3) суды таратушы желiлер арқылы беру;
      4) суды арналар арқылы беру;
      кәрiз жүйесiнiң қызметтерi:
      1) сарқынды суды бұру;
      2) сарқынды суды тазарту.

      13. Почта байланысы қызметтерi саласында:
      почта байланысының жалпыға қол жетiмдi қызметтерi:
      1) жай хаттарды жiберу;
      2) жай почта карточкаларын жіберу;
      3) жай бандерольдердi жiберу.