Жеке айыптау жөніндегі қылмыстық істерді қарау кезінде заңдарды біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында, сонымен қатар осыған байланысты сот тәжірибесінде туындаған мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы,
қаулы етеді:
1. Соттар жеке айыптау қылмыстық істері бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және жеке басына қол сұғылмаушылық құқықтарын, олардың басқа да конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарын нақты және бұлжытпай орындауы керек.
2. Жеке айыптау ісін қозғауға жәбірленушінің: 18 жасқа толған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 75, 80-баптарында көрсетілген жәбірленушінің заңды өкілдерінің және өкілдерінің шағымы себеп болады.
ҚІЖК 33-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабiлетсiз тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауы мүмкін.
Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты ҚІЖК 53-тарауында белгіленген іс жүргізу ерекшеліктері жеке айыптау істері бойынша іс жүргізу кезінде де қолданылатынын соттар есте сақтауы керек.
Қылмыстық ізге түсуден артықшылықтары мен иммунитеттері бар тұлғаларға қатысты жеке айыптау істері тек прокурормен заңда белгіленген тәртіпте және негіздерде қозғалады.
3. Шағымда көрсетілген әрекеттерде қылмыс құрамының немесе оқиғасының болмауына байланысты, соның ішінде жасалған әрекет маңызды емес, дәлелдемелер жоқ, шағымға бұрынғы соттылығы, айыпталушының психикалық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер тіркелмегенін негізге алып соттар шағымды іс жүргізуіне қабылдамауға құқылы емес.
Шағымды берген тұлға шағымды тиісті іс жүргізу нысанына келтіру жөніндегі соттың нұсқауын орындамаса, шағым тиісті емес тұлғамен берілсе және сол сияқты басқа да реттерде жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту жүзеге асырылады. Жәбірленушінің шағымын іс жүргізуге қабылдаудан бас тарту соттың уәжделінген қаулысымен ресімделеді.
4. Жәбірленушінің шағымы жеке айыптау қылмыстық ісін қозғайтын, тұлғаны қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы процессуалдық құжат болып табылады және осы сот талқылауының шегін анықтайды. Мұндай жағдайда сот қылмыстық істі қозғау туралы қаулы шығармайды. Судья шағымды қабылдау кезінде ҚІЖК 391-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алып және оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін барлық мәліметтердің бар екендігін, атап айтқанда: қашан, кіммен, қай жерде құқыққа қарсы әрекет жасалғандығы, оның нақты қандай түрде болғандығы және шағым келтірілген тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жәбірленушінің өтініші немен дәлелденетіні көрсетілгендігіне көз жеткізуі тиіс.
Жәбірленушінің ауызша не жасырын түрде берілген шағымы іс жүргізуге қабылданбайды.
5. Кінәлі тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке айыптау ісі бойынша сотқа шағымымен жүгінген жәбірленуші көрнеу жалған сөз жеткізгені үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы судьямен ескертіледі. Бұл туралы шағымда белгі қойылып немесе бөлек хаттама жасалып арыз берушiнiң қол қоюымен куәландырылады.
6. Қылмыс туралы шағым немесе хабарлама түскен жағдайда анықтау органдары, тергеуші және прокурор ҚІЖК 183-бабы бірінші бөлігінің негізінде оны қабылдап, тіркеуге және қарауға міндетті.
Жоғарыда көрсетілген органдар және лауазымды тұлғалар қылмыстың іздерін бекіту бойынша шаралар қолдануға міндетті. Жоғарыда көрсетілген шараларды қолданып және жеке айыптау тәртібінде жауапқа тарту негіздерін анықтағаннан кейін анықтау және тергеу органдары өз құзыретіне жеке айыптау қылмыстық ісін қозғау туралы мәселені шешу кірмейтінін ескеріп осындай шағымдарды тексеру материалдарымен қоса тиісті соттарға беруге міндеттілігін есте сақтауы керек.
ҚІЖК 185-бабының тәртібімен анықтау, тергеу органдарынан немесе прокуратурадан жеке айыптау ісі бойынша тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі жәбірленушінің шағымы сотқа түссе, арыз тікелей сотқа жолданбаған деген негізде судья шағымды қабылдаудан бас тартуға құқылы емес.
7. Анықтау, тергеу органдарынан, прокуратурадан түскен немесе тікелей сотқа нақты арызданушымен жіберілген шағым бойынша судья жәбірленушіні шақыртып және ол тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы шағымда көрсетілген өз өтінішін қолдай ма жоқ па, сондай-ақ оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс.
Берілген шағым ҚІЖК 390-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, судьямен оны заң талаптарына сәйкестендіруге қажетті мерзім беріледі.
8. Сот шағымды іс жүргізуіне қабылдаған кезде өз қаулысында шағыммен жүгінген тұлғаны жәбірленуші ретінде тануы тиіс.
Жеке айыптау жөніндегі істерді қарау кезінде іс жүргізу нормаларымен берілген жәбірленушінің айыптауды қолдау құқығының жүзеге асырылуының міндеттілігін сақтау қажеттілігіне соттардың назарын аудару керек. Айыптауды қолдау сот жарыссөздеріне қатысумен шектелмейді, істі қарау барысында өтініштерді мәлімдеу, дәлелдемелерді ұсыну және басқа да әрекеттерді жүзеге асырумен жүргізіледі.
Қарсы айыптауларды бір іс жүргізуге біріктірген кезде, сот жарыссөздеріне қатысушылардың сөйлеу кезегін судья белгілейді. Жәбірленуші немесе оның заңды өкілі айыптауды өзі құрастырады және өз айыптауын негіздеп, оны сотталушының жағдайын нашарлатпайтын жаққа өзгертуге құқылы.
9. Жеке айыптау істері жөніндегі іс жүргізудің бір ерекшелігі, жәбірленушінің шағым келтірілген тұлғамен бітімге келуі болып табылады. Тараптарды бітімге келтіру құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді, сондықтан соттар осы мақсатқа жету үшін шаралар қолдану тиіс және шағымды қабылдау кезінде судья жәбірленушіге жауапқа тартуды сұраған тұлғамен оның бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Сондай-ақ судья арызданушыға айыптау расталмаған жағдайда оған сот шығындарын өтеу міндеті жүктелетіндігін түсіндіруі тиіс.
Егер тараптарды бітімге келтіру жүзеге асырылса, судья ҚІЖК 394-бабы бірінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес, істі қысқарту туралы қаулы шығарады. Бітімге келтіруге қол жетпеген жағдайда, судья істі ҚІЖК 302-бабының талаптары бойынша сот мәжілісінде қарауға тағайындайды.
Істі тыңдауға тағайындағанға дейін тараптарды бітімге келтіруге шара қолданылып оған қол жетпегендігіне қарамастан, сот мәжілісінің дайындық бөлігінде ҚІЖК 393-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес, сот жәбірленушіге оның сотталушымен соның ішінде медиация тәртібімен бітімге келу құқығын түсіндіруге міндетті. Кез келген сатыда сот үкім шығаруға кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бітімге келу орын алуы мүмкін.
Соттар барлық кезеңдерде, жәбірленушілерге ҚІЖК 390-бабының тоғызыншы бөлігіне сәйкес айыптаудан бас тартып және айыпталушымен бітімге келген жағдайда, сол әрекеттерге байланысты, сол тұлғаны қайтадан қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі жойылатындығын түсіндіруі тиіс.
Сотқа шағыммен жүгінген күні 18 жасқа толмаған зардап шегуші немесе өзінің әрекеттеріне жауап бере алмайтын және оны дене немесе психикалық кемшіліктерінің күшіне қарай басқара алмайтын зардап шегуші заңды өкілінің рұқсатынсыз тараптардың бітімге келуіне байланысты істі қысқартуды талап етуге құқылы емес.
Тараптарды бітімге келтіру жөніндегі судьяның әрекеттері барлық жағдайларда шағымды іс жүргізуге қабылдау және сот мәжілісін тағайындау туралы қаулыда, не бұл сот мәжілісінде орын алса хаттамада көрсетілуі тиіс.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.
10. Жеке айыптау ісі қаралып отырған тұлғаға қатысты сотпен бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Мұндай жағдайда ҚІЖК 150-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы онша ауыр емес қылмысты жасап айыпталу кезінде, тек айрықша жағдайларда және қатаң түрде заң талаптарына сәйкес қолданылуы мүмкін екендігін соттар есте сақтауы керек.
11. Сотқа жәбірленушінің шағымымен қатар жеке айыптаушымен шағым келтірілген тұлға қарсы шағым берсе, судья ҚІЖК 390-бабының сегізінші бөлігіне және 393-бабының төртінші бөлігі негізінде екі шағымды бір іс жүргізуге біріктіруі тиіс және оларды бір мезгілде қарауы керек, егер де жәбірленушінің шағымы және қарсы берілген шағым іс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын әрекеттің мәнімен байланысты болса.
Шағымдардың бір іс жүргізуге біріктірілуіне судьяның қаулысы бойынша сот тергеуінің басталуына дейін жол беріледі.
Қарсы арызды жәбірленушінің шағымымен біріктіру барысында екі тұлғада бірдей бір іс жүргізуге қатысатындықтан, тек жәбірленуші ретінде емес сотталушы ретінде де болатындықтан, сот олардың әрқайсысының жәбірленуші және сотталушы ретінде заңға сәйкес іс жүргізу құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі керек.
12. Егерде қарсы шағым сот талқылауы барысында түссе, оны біріктіріп қарау туралы мәселе оңды шешілген жағдайда, сот қарсы шағымды өзінің іс жүргізуіне қабылдауы тиіс. Қарсы шағым түскен тұлғаның құқығының қорғалуын қамтамасыз ету үшін, оның өтініші бойынша, сот талқылауы ҚІЖК 393-бабы төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес, үш тәулікке кейінге қалдырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда, сот қарсы шағымның көшірмесін тапсырып, сондай-ақ қажет болса басқа да процессуалдық әрекеттерін жүзеге асыруы тиіс.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулысымен.
13. Жеке айыптау істері бойынша сот мәжілісін тағайындау кезінде, соттар ҚІЖК 391-бабы төртінші бөлігінің талаптарын қатаң түрде сақтауы қажет. Тараптар іс қаралатын уақыт және орны туралы хабарландырылған мезгілден, сондай-ақ соттың шағымды іс жүргізуіне қабылдағандығы туралы қаулысының көшірмесін сотталушы алған мезгілден үш тәулік өтпей басты сот талқылауы басталмауы тиіс.
ҚІЖК 71-бабында көрсетілген жағдайда, сондай-ақ, егерде істі қарау кезінде сотқа мемлекеттік айыптаушы қатысса, сотталушы немесе оның өкілі қорғаушыны шақырмаса, сот қорғаушы тағайындауға шара қолдануы тиіс.
14. ҚІЖК 393-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, жеке айыптаушы сот отырысына дәлелді себепсіз келмеген жағдайда, жеке айыптау ісі қысқартылуға жатады.
Осыған байланысты сот дәлелді себептерге ҚІЖК 208-бабының бесінші бөлігінде көрсетілген мән-жайлар жататынын ескеріп, әрбір жағдайда жеке айыптаушының сот мәжілісіне келмеу себептерін анықтауы қажет.
15. ҚІЖК 315-бабы екінші бөлігінің 2-тармағына сәйкес, сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған жағдайда жеке айыптау ісі сотталушының қатысуынсыз қаралуы мүмкін.
Сотталушының өтініші негізінде жеке айыптау ісі ҚІЖК 315-бабы екінші бөлігінің 1-тармағына және 393-бабының жетінші бөлігіне сәйкес, оның болмауына байланысты іс мәні бойынша қаралуы мүмкін.
16. Жеке айыптау ісі бойынша жәбірленуші сотқа шағым келтіргенге дейін қайтыс болса, оның туысқандары құқықтық мирасқорлықпен қамтылмағандықтан кінәлі тұлғаны қылмыстық қудалау жөніндегі іс, олардың арызы негізінде қозғалмайды.
Егер сотталушы жеке айыптау ісі қозғалғаннан кейін, бірақ сотта іс қаралғанға дейін қайтыс болса, сотталушының жақын туыстары оны ақтау мақсатында істі қарауды талап еткен жағдайлардан басқа реттерде, мұндай іс қысқартылуға жатады.
17. Егерде жеке айыптаушының шағымы бойынша қозғалған істі қарау кезінде сотталушының әрекеттерін қылмыстық қудалау жеке-жариялық және жариялық тәртіппен жүзеге асырылуы анықталса, сот ҚІЖК 394-бабы бірінші бөлігінің 3-тармағына сәйкес, іс бойынша анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізу жөнінде мәселені шешу үшін істі прокурорға жібереді. Мұндай жағдайда сот айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға құқылы.
Егер жариялы айыптау ісін қарау кезінде қылмыстық саралау өзгертіліп іс жеке айыптау сипатын алса, бірақ жәбірленушінің шағымы болмаса, ҚІЖК 37-бабы бірінші бөлігінің 5-тармағының негізінде, ол бойынша іс жүргізу қысқартылады. Дәл осындай жағдайда, бірақ жәбірленушінің шағымы немесе оның кінәліні қылмыстық жауапқа тарту туралы сот мәжілісінде айтқан өтініші болса іс одан әрі сотпен ҚІЖК 45-тарауының ережелеріне сәйкес қаралады. Бұл жағдайда мемлекеттік айыптаушы істен босатылады, ал іс бойынша айыптауды жәбірленуші немесе оның өкілі қолдайды.
18. Соттар жеке айыптау істерін қарау кезінде, басқа істерді қараған кездегідей, істің мән жайларын жан-жақты толық және объективті зерттеп, сотталушыны айыптайтын, ақтайтын, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтау жөніндегі ҚІЖК 24-бабының талаптарын қатаң түрде орындауы тиіс.
Әрбір іс бойынша айыпталушының ниетінің бағытталуы, онымен жасалған қылмыстың уәждері және мақсаттары анықталуы керек, себебі оның әрекеттерінің заң негізінде дұрыс бағалануы және жеке айыптау істерінің басқа қылмыстардан ажыратылуы осыған тәуелді болып табылады.
19. Сотталушы спирттік ішімдіктерін немесе есірткі заттарын қабылдауға салынғандығы жөнінде деректер болса, сол тұлғаның созылмалы ауру нысандарымен (маскүнемдік, нашақорлық немесе уытқұмарлық және тағы да басқаларымен) ауыратындығы тексеріліп және негіз болса оған қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөніндегі мәселе талқылануы қажет.
20. Жеке айыптау істерін қарау кезінде азаматтық талап қоюларды беру, қарау мәселелері ҚІЖК 20-тарауымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы N 1 "Азаматтық талап қоюды қылмыстық процесте қарау туралы" нормативтік қаулысына сәйкес, жеке айыптау істері бойынша азаматтық талап қоюды дәлелдеу ауыртпалығы, мүліктік зиянды немесе моральдық зардаптардың келтірілуіне байланысты сотқа олардың құқықтарын қорғауға қажетті тиісті дәлелдемелерді ұсыну, ал егер мүмкін болмаса, олардың қайда тұрғандығын судьяға хабарлауға және оларды алу туралы өтініш жасау ҚІЖК 392-бабына сәйкес, азаматтық талапкерлерге (жеке айыптаушыларға) жүктелетіндігін соттар есте сақтауы қажет. Жеке айыптаушыға азаматтық талап қою жөніндегі дәлелдемелерді жинауға, егер ол бұл туралы өтініш білдірсе көмек көрсету соттардың қызметі болып табылады.
Азаматтық талап қоюды азаматтық іс жүргізу арқылы қараудың тиімділігін сылтау етіп қабылдаудан бас тартуға болмайды.
21. Соттар жеке айыптау істері бойынша қылмыстардың себептерін және жасалу негіздемелерін анықтауы тиіс, қажетті жағдайларда айқындалған кемшіліктерге жеке қаулылармен ықпал етіп, олардың орындалуының қадағалануын қамтамасыз етуі керек.
22. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысының
міндетін атқарушы