Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 желтоқсандағы N 1240 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 13 қаңтардағы  Заңын  іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және ұйымдастыру  ережесі ;
      2) Адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы  нұсқаулық ;
      3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және оларды техникалық жарақтандыруға қойылатын үлгі  талаптар ;
      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін санаттандыру ережесі және оларда орналастырылған бақылау органдарының үлгі  штаттары  бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің          
2005 жылғы 13 желтоқсандағы 
N 1240 қаулысымен     
бекітілген         

  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы
арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және
ұйымдастыру ережесі

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің жұмысын белгілеу және ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің (бұдан әрі - өткізу пункттері) жұмысын белгілеу және ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен халықаралық қатынасын қамтамасыз етуге арналған.

      3. Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық қатынас үшін ашық теңіз және өзен кемежайларында, әуежайларда (әуе айлақтарда), шекаралық темір жол станциялары мен вокзалдарда, сондай-ақ шекара аймағының шегіндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына тікелей жақын арнайы бөлінген жергілікті жер учаскелерінде және өзге де жерлерге орналастырылады.
      Көрсетілген объектілер аумақтарының шегіндегі өткізу пункті шекара, кеден органдары және өзге де бақылау түрлері қызметін жүзеге асыратын өткізу пунктінің жұмысын қамтамасыз ететін, тиісті технологиялық жабдығы бар ғимараттар, үй-жайлар және құрылыстар кешенін қамтиды.

      4. Жеке тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өтуінің, ол арқылы көлік құралдарының, жүктердің, тауарлардың, жануарлардың, өсімдік өнімінің және өзге де мүліктің (бұдан әрі - көлік құралдары мен жүктер) өтуінің белгіленген ережелерінің сақталуын бақылауды қамтамасыз ету үшін өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шекаралық, кедендік, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық, көліктік бақылау бөлімшелері (бұдан әрі - бақылау органдары) құрылады.

      5. Өткізу пункттерінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген бақылаудың басқа түрлерін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шекарадан өтетін көлік құралдарына, жүктерге және жолаушыларға қызмет көрсетумен байланысты емес шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.

      6. Өткізу пункттері халықаралық қатынастың түріне, сипатына және жұмыс тәртібіне байланысты былайша жіктеледі:
      қатынастар түрі бойынша - теңіз (өзен), әуе, автомобиль, темір жол, жаяу жүргінші;
      халықаралық қатынастар сипаты бойынша - жолаушылар, жүктер, аралас;
      жұмыс тәртібі бойынша - тұрақты, уақытша, маусымдық.

      7. Өткізу пункттері:
      азаматтығына (бодандығына) қарамастан жеке тұлғалардың және үшінші елдердің аумағында тіркелген көлік құралдарының мемлекеттік шекарадан өтуі үшін - көп жақты;
      шекарадан Қазақстан Республикасының және шекаралас мемлекеттің азаматтары мен көлік құралдары ғана өтуі үшін екі жақты болуы мүмкін.
      Екі жақты өткізу пункттері азаматтарды жеңілдетілген тәртіппен өткізу үшін жеңілдетілген болуы мүмкін.

      8. Өткізу пункттерінің жіктелуін және қатынас түрін көрсете отырып, оларды ашу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдері ресми баспасөзде жариялауға жатады және белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі шет мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық (консулдық) өкілдіктеріне және мүдделі халықаралық ұйымдарға, Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық және консулдық өкілдіктеріне жеткізеді.

  2. Өткізу пункттерін орнату тәртібі

      9. Өткізу пунктін орнатудың орындылығын айқындау үшін мүдделі мемлекеттік орган (бұдан әрі - бастамашы) мемлекеттік органдарға мынадай материалдарды жібереді:
      өткізу пунктін орнатудың орындылығын, жоспарланатын өткізу қабілетін және ашылу мерзімін, құрылысқа (қалпына келтіруге) кететін шығындардың есептемесін, жабдықты, техникалық жарақтауды, көлік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды құру мен дамытуды, сондай-ақ қаржыландыру көздерін көрсете отырып, оны орнату туралы қолдаухатты;
      жергілікті (облыстық) атқарушы органның өз аумағында өткізу пунктін орнатуға келісімін (егер ол бастамашы болып табылмаған жағдайда);
      бақылау органдарының өкілдеріне әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жасау жөніндегі бастамашының міндеттемесін.
      Бақылау органдары олар ұсынған материалдарды қарайды және бір ай мерзімде бастамашыға өз қорытындысын жібереді. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мәселені шекаралас мемлекетпен келіседі, одан кейін бастамашы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері бойынша тиісті келісім жобасын дайындайды.

      10. Бастамашы өткізу пунктін белгілеу туралы шешімді қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген, оның жіктемесі көрсетілген өткізу пунктін белгілеу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметіне ұсынады.

      11. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктін белгілеу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған нормативтік құқықтық кесім объектілерді жобалауға, салуға (қайта жаңартуға), жайластыруға және өткізу пунктін жарақтандыруға қаржыландыруды ашу, көлік, инженерлік және әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылым құру және дамыту үшін, сондай-ақ онда бақылау органдарын құру үшін негіздеме болып табылады.

  3. Өткізу пункттерінің жұмысын ұйымдастыру ережелері

      12. Өткізу пунктін белгілеу туралы Үкіметтің шешімі қабылданғаннан кейін бастамашы өз құзыреті шегінде тапсырыс берушінің өткізу пунктін жобалау, салу (қайта құру), жабдықтау және техникалық жарақтандыру жөніндегі функциясын атқарады.

      13. Тапсырыс беруші мүдделі мемлекеттік органдар ұсыныстарының негізінде өткізу пунктін жобалауды және салуды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.

      14. Өткізу пунктін салу (қайта құру), жабдықтау және техникалық жарақтандыру аяқталғаннан кейін тапсырыс беруші, белгіленген тәртіппен аяқталған объектіні қабылдауды қамтамасыз етеді.

      15. Өткізу пунктінің жалпы жұмыс тәртібі (жұмыстың басталу және аяқталу уақыты, технологиялық үзілістері, графиктері, мемлекеттік шекара арқылы жүретін көлік құралдары мен жүктердің қозғалыс кестелері) халықаралық келісіммен немесе көлік ұйымдары әкімшілігімен (әуежайдың, теңіз немесе өзен кемежайларының, шекаралық темір жол вокзалының, станциялардың және өзге де көлік кәсіпорындарының бастықтарымен) келісім бойынша бақылау органдары басшыларының бірлескен шешімімен бекітіледі.
      Өткізу пунктінің жалпы жұмыс тәртібі шекаралас мемлекеттердің шекара өкілдерімен келісіледі.

      16. Бақылау органдарының постыларын орналастыру аймағында бажсыз сауда дүкендерін қоспағанда қызмет көрсету саласының объектілерін орналастыруға тыйым салынады.

      17. Нақты өткізу пункттерінің жергілікті жағдайларын ескере отырып, бақылау органдары басшыларының және көлік ұйымдары әкімшіліктерінің бірлескен шешімдерімен өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы жеке тұлғаларды, көлік құралдары мен жүктерді өткізудің бірлескен технологиялық схемалары қолданысқа енгізіледі.

      18. Бақылау органдары мен көлік ұйымдарының әкімшіліктері өткізу пункттерінде өздерінің қызметін мынадай негізгі бағыттар бойынша үйлестіреді:
      өткізу пунктінде қалыптасқан жағдайды бірлесіп талдау, жолаушы және жүк лектерін өзгерту бойынша үрдістерді, жеке тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өту және шекара арқылы көлік құралдары мен жүктерді өткізу ережелерін ықтимал бұзушылықтарды болжау;
      өткізу пунктінің жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және іске асыру;
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтудің бірлескен технологиялық схемалары мен өзара іс-қимыл жоспарларын әзірлеу және бекіту.

      19. Өткізу пункті уақытша немесе толық жабылуы мүмкін.

      20. Өткізу пунктін уақытша жабу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, техногендік сипаттағы және көлік қатынасын жүзеге асыруға немесе бақылау органдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін басқа да жағдайларда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайларда жүргізілуі мүмкін.
      Қажетті жағдайларда (мемлекеттік шекараны бұзушыларды іздеген, өткізу пункті ауданындағы криминогендік ахуал шиеленіскен жағдайларда, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы нашарлаған жағдайда және ел аумағына жұқпалы және паразиттік ауруларды әкелуді болдырмау мақсатында) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасымен, Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерімен келісім бойынша Шекара қызметі директорының шешімімен Қазақстан Республикасының шекара өкілдері шекаралас тараптың өкілдерін хабардар ете отырып, нақты өткізу пунктінің жұмысына уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

      21. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген тәртіппен өткізу пунктін уақытша жабу туралы шешімді қабылдау немесе бұзу туралы Қазақстан Республикасымен шекаралас мемлекеттерге, ал қажет болған жағдайда - басқа да мүдделі мемлекеттерге дипломатиялық арналар бойынша хабарланады.

      22. Уақытша жабылатын өткізу пунктінің жұмысы қайта басталғанға дейін бақылау органдарының құрылымдық бөлімшелері таратылуға жатпайды және олар бағынысында болатын тиісті басшылардың шешімі бойынша пайдаланылады.

      23. Өткізу пункті:
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы көлік қатынасын тоқтату туралы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының күшіне енуі;
      Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шартқа өзгерістер енгізу немесе өткізу пунктінің одан әрі жұмыс істеуінің орынсыздығы немесе мүмкін болмайтындығы туралы Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының, облыстардың жергілікті атқарушы органдарының ұсынымы бойынша, одан Қазақстан Республикасының шығуы;
      Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын тиісті халықаралық шарттан қатысушы мемлекеттің шығуы негізінде толық жабылуы мүмкін.

      24. Өткізу пунктін толық жабу кезінде, жабудың бастамашысы өткізу пунктін жабу туралы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген қорытынды дайындайды және оны Үкіметтің қарауына енгізеді.

      25. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін жабдықтау және ұстау үшін жауапкершілік теңгерімінде осы өткізу пункті болатын мемлекеттік органға жүктеледі.

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің         
2005 жылғы 13 желтоқсандағы 
N 1240 қаулысымен     
бекітілген        

  Адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы нұсқаулық

      Осы адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды жүргізу тәртібі туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) адамдар, көлік құралдары мен жүктер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтетін кезде оларды өткізу пункттерінде бақылауды ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдерін белгілейді.

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтуге белгіленген өткізу пункттерінде ғана жол беріледі. Шекарадан өту кезінде адамдар, көлік құралдары, тауарлар және жүктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекаралық, кедендік және өзге де түрдегі (көліктік, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық) бақылауға жатады.
      2. Өткізу пунктінде мемлекеттік бақылаудың тиісті түрлері мынадай дәйектілікпен жүзеге асырылады:
      1) Қазақстан Республикасына кіру кезінде:
      шекаралық;
      санитарлық-карантиндік;
      ветеринарлық;
      фитосанитарлық;
      көліктік;
      кедендік.
      2) Қазақстан Республикасынан шығу кезінде:
      санитарлық-карантиндік;
      ветеринарлық;
      фитосанитарлық;
      көліктік;
      кедендік;
      шекаралық.
      Бақылау операцияларын жүзеге асырудың дәйектілігі өткізу пунктінің нақты жағдайлары негізге алына отырып, мемлекеттік бақылау органдарының келісілген шешімі бойынша өзгеруі мүмкін. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде және ел аумағына жұқпалы және паразиттік аурулардың әкелінуін болдырмау мақсатында санитарлық-карантиндік бақылау басқа бақылау түрлерінен бұрын болады.

  2. Шекаралық бақылау

      3. Өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылауды Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жалпы жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
      4. Шекаралық бақылау мынадай нысанда жүзеге асырылады:
      Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келу (кету) құқығына негіздемелердің жеткіліктілігін анықтау мақсатында мемлекеттік шекарадан өту құқығына арналған құжаттарды тексеру;
      көлік құралдары мен жүктерді тексеру;
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілетін шекара режимін қамтамасыз ету жөніндегі әскери, режимдік іс-қимылдар, жедел және әкімшілік іс-қимылдар.
      5. Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс жерлерде шекаралық бақылау жүргізуге жол берілмейді.
      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту құқығына арналған құжаттарды тексеру құжаттардың түпнұсқасын тексеру және шекарадан өту құқығына негіздемелердің жеткіліктілігін анықтау үшін компьютерлік және өзге техникамен жарақталған арнайы павильондарда (паспорттық бақылау кабиналарында) жүзеге асырылады.
      7. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріне келген және шекара арқылы өту үшін жеткілікті негіздемелері жоқ адамдар Қазақстан Республикасына кірер кезде Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық конвенциялардың, келісімдердің талаптарына сәйкес шекара арқылы өткізілмейді және олар келген немесе азаматы болып табылатын елге қайтарылады.
      Қазақстан Республикасынан шыққан кезде мұндай адамдар Қазақстан Республикасының шекарасынан өту құқығына арналған тиісті құжаттарды алғанға дейін шекарадан өткізілмейді.
      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне келген адамдарға шекарадан өтуге мынадай негіздемелер бойынша бас тартылуы мүмкін:
      Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өту құқығына тиісінше ресімделген құжаттары болмағанда;
      егер аталған азаматқа бұрын Қазақстан Республикасы аумағынан әкімшілік жолмен кетіру шарасы қолданылса;
      Қазақстанға келу мақсаты мәлімделгеніне сәйкес келмейді деуге жеткілікті негіздемелер болғанда.
      9. Шекара арқылы өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылау рәсімі мыналардан тұрады: Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктіне келгеннен кейін келу кезектілігі тәртібімен Қазақстан Республикасының олар азаматтары болып табылатын мемлекеттермен жасасқан үкіметаралық келісімдеріне сәйкес белгіленген мемлекеттік шекарадан өту құқығына арналған құжаттарының бірін бақылауға өз қолымен ұсынады.
      Шекара арқылы автомашинамен жолаушы ретінде өтетін адамдар шекаралық бақылаудан арнайы павильондарда (ғимараттарда), ал көлік құралдарының жүргізушілері - тексеру алаңдарында, тікелей өз автомашиналарының қасында өтеді. Әуе, теңіз көліктерімен келген адамдар - әуежайлардың, теңіз кемежайларының арнайы павильондарында (залдарында), ал темір жол көлігімен келгендер тікелей шетелге баратын поездардың вагондарында немесе шекаралық станциялардағы жабдықталған залдарда өтеді.
      10. Кезектен тыс шекаралық бақылау:
      мемлекет және үкімет басшылары, үкімет және парламент делегацияларының басшылары, Қазақстан Республикасының шетелдегі дипломатиялық және сауда өкілдіктерінің басшылары, Қазақстан Республикасында тіркелген шетел дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары отырған;
      ауыр науқастарды, балаларды, тез бұзылатын жүктерді, жануарларды, радиоактивті материалдарды таситын;
      тұрақты түрде жолаушылар тасымалдайтын автокөліктерге қатысты жүргізіледі.
      11. Мемлекеттік шекара арқылы жүретін барлық қазақстандық және шетелдік көлік шекаралық бақылау процесінде адамдарды паспорттық бақылаумен бір мезгілде жүргізілетін тексеруге ұшырайды.
      12. Көлік пен жүктерді тексеру жалпы және тереңдетілген болуы мүмкін. Жалпы тексеру дағдылы тәртіппен көлік құралының сыртқы және ішкі бөліктерін дәйекті түрде тексеру арқылы жүзеге асырылады.
      13. Көлік құралын тереңдетілген тексеру автомашинада құпия орынның, жасырынған адамдардың бар екенін көрсететін белгілер анықталған немесе мәліметтер болған кезде; тасымалданатын контейнерлерде орамдардың тұтастығы, пломбылар, мөрлер бұзылған кезде, сондай-ақ құзыретті органдардың мұндай тексеру жүргізуге нұсқауы болған кезде жүргізіледі.
      14. Көлік құралдарын тексеру барысында мынадай ережелер сақталады:
      автокөлікті тексеру жүргізушіден Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өту құқығына арналған құжаттарын тексергеннен кейін ғана, басқа көлік құралдарын тексеру шетелге баратын жолаушылар түскеннен (кеткеннен) кейін басталады;
      тексеру алдында автомашина (поезд купесінің, теплоход каютасының жолаушыларын) жүргізушісінен (иесінен) онда тексеруден жасырған заттардың бар-жоғы нақтыланады, ал автобустар мен жеңіл автомашиналардан жол жүгі мен қол жүктері түсіріледі, оларды кеден қызметкерлері жолаушылардан бөлек қарайды;
      көлік құралдарын қарауды шекаралық наряд кеден қызметкерлерімен бірлесіп және міндетті түрде автомашина жүргізушісінің (иесінің) қатысуымен жүзеге асырады.
      15. Пломбаланған автофургондарды, контейнерлерді және ірі көлемді жүктерді қарау кезінде қызметтік иттер мен арнайы техника қолданылады.
      16. 1975 жылғы "Халықаралық жол тасымалы кітапшасын қолданумен жүктерді халықаралық тасымалдау туралы" Кеден конвенциясында жазылған ережелерді сақтай отырып, жүктерді пломбаланған автомашиналарда немесе пломбаланған контейнерлерде тасымалдайтын автокөлік құралдары автомашинада құпия орындардың, жасырынған адамдардың бар екендігін көрсететін белгілер немесе басқа да деректер, тасымалданатын контейнерлердегі орамдар бүтіндігінің, пломбалардың, мөрлердің бұзылуы, сондай-ақ құзыретті органдардың мұндай тексеруді жүргізуге нұсқауы болмаған жағдайда, ашылмайды және жүк тексерілмейді.
      17. Егер автомашиналарды (контейнерлерді) қарау кезінде пломбылардың жарамсыздығы немесе онда мемлекеттік шекараны бұзушылардың не заңсыз тасымалданатын материалдар мен заттардың жасырылуы мүмкін екендігін көрсететін белгілер анықталса, пломбаланған автомашина (контейнер) комиссиямен ашылады және жүкке толық тексеріс жүргізіледі.
      18. Кеден бекеттері жоқ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы оңайлатылған өткізу пункттерінде жүктерді және жеке пайдалануға арналған (өндірістік немесе өзге де коммерциялық қызметтерге арналмаған) өзге де мүлікті тексеруді және өткізуді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункттері жүргізеді.

  3. Кедендік бақылау

      19. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде кедендік бақылау Қазақстан Республикасы Кеден  кодексінің  талаптарына сәйкес жүзеге асырылады және кеден органдарының ерекше құзыретінде болады.

  4. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау

      20. Ветеринарлық және фитосанитарлық бақылауды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің уәкілетті органы Қазақстан Республикасының " Ветеринария туралы" , " Өсімдіктер карантині туралы " заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
      21. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау өткізілетін бақылаудағы жүктердің көлеміне қарамастан міндетті тәртіппен жүзеге асырылады.

  5. Көліктік бақылау

      22. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобильдік өткізу пунктінде автокөлік құралдарын көліктік бақылауды " Автомобиль көлігі туралы " Қазақстан Республикасы Заңының және халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің көліктік бақылау органдары жүзеге асырады.
      23. Автомобильдік өткізу пункттеріндегі қызметтік міндеттерін
атқаратын көліктік бақылау органдарының қызметкерлері автокөлік құралдарының өтуін бақылауды мынадай тәртіппен жүзеге асырады:
      1) жол жүру құжаттарын (рұқсат қағазын, тауарлық-көліктік жүк құжатын (СМR), халықаралық жол тасымалы кітапшасын (ТIR Саrnеt), жол парағын, техникалық паспортын), тахографтың немесе жүргізушілердің еңбек ету және демалу режимінің есебін тіркеу парағының, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру құқығына есеп құжаттарының (лицензиясының) болуын (шетелдік тасымалдаушыларда - егер олардың мемлекеттерінің заңнамасында ондай көзделсе) тексереді;
      2) рұқсат қағазы болмаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық автомобиль тасымалдары саласындағы халықаралық шарттарға сәйкес шаралар қолданылады;
      3) тауарлық-көліктік жүк құжаты, жол парағы, техникалық паспорты болмаған жағдайда автокөлік құралы жалпы лектен шығарылады және оның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне жол бермеу жөнінде шаралар қолданылады;
      4) автокөлік құралы жолаушылар мен жүктердің тасымалдарын тұрақты түрде жүзеге асырған кезде, мынадай тиісті рұқсат беру құжаттарының болуы тексеріледі:
      осы бағыт бойынша жолаушылар тасымалдарына арналған рұқсат беру қағазының (куәліктің) түпнұсқасы;
      аумақтары бойынша бағыт өтетін мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісілген осы бағыт бойынша қозғалыс кестесінің түпнұсқасы (автобус салонында);
      аумақтары бойынша бағыт өтетін мемлекеттердің құзыретті органдарымен келісілген мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері көрсетілген бағыт схемасының көшірмесі (автобус салонында);
      5) тұрақты емес жолаушылар тасымалдары кезінде:
      егер бұл халықаралық автомобильдік қатынас туралы тиісті келісімде көзделсе, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге рұқсат қағазының;
      жолаушылар тізімінің;
      шетелдік автокөлік құралдарының кіруін тіркеу талонының (мемлекеттерімен рұқсат берусіз жол жүру жүйесі белгіленген тасымалдаушылар үшін) болуы тексеріледі.

  6. Санитарлық-карантиндік бақылау

      24. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылауды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы, көліктегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергілікті атқарушы органдары "Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  талаптарына сәйкес жүргізеді.

Қазақстан Республикасы    
Үкіметінің          
2005 жылғы 13 желтоқсандағы 
N 1240 қаулысымен     
бекітілген        

  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу
пункттерін жайластыруға және оларды техникалық жарақтандыруға
қойылатын үлгі талаптар

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерін жайластыруға және оларды техникамен жарақтандыруға қойылатын осы үлгі талаптар (бұдан әрі - Үлгі талаптар) транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға, халықаралық қатынас жолдарын кеңейтуге, жаңғыртуға, қайта құруға байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің (бұдан әрі - өткізу пункті) құрылысын салу (қайта құру) және жайластыру кезінде есепке алу үшін арналған.

  1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті деп шекара арқылы адамдардың, көлік құралдарының, жүктердің және өзге мүліктердің шекаралық, кедендік және өзге де бақылау мен өткізу түрлері жүзеге асырылатын көп жақты немесе екіжақты қатынастар үшін ашылған темір жол және автомобиль станциясының, теңіз және өзен кемежайларының, әуежайлар мен әуе айлақтарының аумағы немесе аумақтың бөлігі танылады.
      Өткізу пункттері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекаралық, кедендік және өзге де бақылау түрлерін қамтамасыз ету жөніндегі, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік, теңіз, кеме қатынасы қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін бірыңғай кешен ретінде құрылысын салуға (қайта құруға) жоспарланады.
      2. Егер үкіметаралық келісімге сәйкес автомобильдік өткізу пункттерін бірлесіп шекаралас тараптармен құру көзделген жағдайда, бақылау жүргізудің жекелеген түрлері мен нысандары тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша белгіленеді. Мұндай бірлескен өткізу пункттерінің жобалары екі тараптың құзыретті органдарының өзара келісулеріне жатады.

  2. Өткізу пункттерінің ғимараттары мен имараттарына
қойылатын талаптар

      3. Өткізу пункттерінің ғимараттары мен имараттары (әуежайлардың, теңіз кемежайларының және темір жол станцияларының өткізу пункттері үшін бөлінген қызметтік үй-жайлары) жүргізілетін бақылаудың сипатына және жолаушылар мен көлік құралдарының құжаттарын ресімдеу бойынша өткізілетін операцияларға жауап беруге және мемлекеттік шекарадан өтетін адамдар мен бақылаушы органдар қызметкерлері үшін жағдайларды қамтамасыз етуі тиіс.
      4. Ғимараттар мен имараттарды жобалау әрбір өткізу пункті үшін мыналар негізге алына отырып жүзеге асырылуға тиіс:
      оның жұмысының санаты мен режимі;
      көлік құралдары қозғалысының қарқындылығы;
      жолаушылар ағымының, оның ішінде жаяу жүргінші қозғалысының қарқындылығы;
      қозғалыс сипаты (транзит, көпжақты, екіжақты);
      транзиттік немесе екі жақты қозғалыс кезінде тиісінше визалық немесе визасыз режимде осы қатынас түрі көлік құралының бір бірлігін ресімдеу уақыты;
      көлік ағыны мен адамдардың кіруін және шығуын бөлу бойынша, көлік құралдарының түрлері бойынша (жеңіл, жүк, автобустар, жаяу бағыттағы), өткізу пунктінде режим сақтау, көлік құралдарын тексеру аумақтары мен орындарын қоршау және жарықтандыру бойынша шекара қызметтерінің арнайы талаптары.
      5. Өткізу пункттері жолаушыларға қозғалыстың екі бағытында бір уақытта қызмет көрсету жағдайын қамтамасыз ететіндей жобаланады, онда:
      қозғалыстың екі бағытында жолаушыларды ресімдеу үшін оқшауланған "кіру" (келу, қону), "шығу" (кету, ұшу) залдары;
      аса маңызды тұлғаларға қызмет көрсету залдары (VІР) және бизнес-зал (СІР) (тек авиациялық және теңіз өткізу пункттері үшін);
      транзиттік (трансферлік) бағыттағы жолаушылар үшін күту залдары (үй-жайлары);
      Қазақстан Республикасына келуіне бас тартылған адамдарды, ұсталған адамдарды уақытша орналастыру үшін санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген оқшауланған үй-жайлар;
      арнайы қызметтік жануарларды ұстау үшін үй-жайлар болуы көзделеді.
      6. Өткізу пункттерінің екі функциональдық бөлімі бар:
      барлық бақылау түрлері тікелей жүзеге асырылатын қызметтік бөлім;
      бақылау органдары бөлімшелерін орналастыру және олардың қызметтік іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін қызмет ететін әкімшілік бөлім.
      Екі бөлім де бір-бірінен бөлінуі және дербес пайдаланылуы тиіс.
      7. Өткізу пунктінің әкімшілік ғимараты бірнеше қабатты болған жағдайда, шетелге қатынайтын жолаушыларды ресімдеу үшін залдары бар қызметтік бөлім көлік алаңы (көлік құралдарынан шығатын жер) деңгейіне жақын қабатта орналасуы тиіс.
      8. Қызметтік бөлім кіруге және шығуға арналған қозғалыс бағыты бойынша екі бөлімге бөлінеді және жолаушыларды ресімдеуге немесе қызмет көрсетуге байланысты барлық үй-жайларды қамтиды.
      Әрбір бөлімде:
      жолаушылар үшін бақылау кезеңінде уақытша болуға (отыруға арналған орындар, дәретхана бөлмелері) санитарлық-тұрмыстық жағдайлары бар залдар;
      паспорттық бақылау кабинасы (паспорттарды тексеруге арналған орындар);
      қажетті құжаттамаларды толтыруға арналған тұрынтағы бар кедендік бақылау аймағы;
      жолаушыларды жеке тексеруден өткізуге арналған үй-жайлар (шекаралық және кедендік бақылау органдарымен бірлесіп пайдалану үшін);
      Сыртқы істер министрлігінің консулдық пункттерін орналастыруға арналған үй-жайлар;
      басқа да бақылау түрлерін өткізу орындары көзделеді.
      9. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде шекарадан өтуші адамдарға ыңғайлы болу үшін шекаралық, кедендік режим аймағынан тыс қосымша:
      валюта айырбастау пункті;
      дәмхана (буфет);
      әртүрлі туристік, көліктік және басқа ұйымдардың кеңселері;
      почта бөлімшелері, сөйлесу пункті;
      изоляторы бар медициналық пункт орналастырылуы мүмкін.
      10. Жолаушылар ағыны қарқынды өткізу пункттерінде жолаушылар мен бақылау органдарының қызметкерлері үшін кіретін жер оқшауландырылуы мүмкін.

  3. Өткізу пункттерін техникалық жарақтандыруға
қойылатын талаптар

      11. Өткізу пункттерінде мынадай жүйелер құрылады:
      паспорттық бақылау;
      көлік құралдарын тексеру;
      жүктерді және қол жүктерді тексеру;
      радиациялық бақылау;
      қаруды табу;
      телефон, радио және өзге де байланыс;
      телевизиялық (бейне) қадағалау;
      өрт-күзет дабылы.
      Автомобильдік өткізу пункттері көлік құралдарының салмағын және габариттік параметрлерін өлшеу үшін орнықты бақылау-өлшеу жабдығымен, бағдарламалық қамтамасыз етумен және дезинфекциялық тосқауылдармен қосымша жарақталады.
      12. Паспорттық бақылау жүйесі "Бүркіт" бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктірілген құжаттарды, құжаттардың түпнұсқалылығын бақылайтын приборларды, көмекші жабдықтарды (дактилоскопиялық сканерлер, спектральды люминесцентті лупалар), арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді тексеру жөніндегі техникалық құралдар негізінде құрылады.
      Осы жүйені құру кезінде паспорттарды және шетелдік бағыттағы басқа құжаттарды, оның ішінде биометриялық параметрлері бар (құжаттың магнитті жолағынан ақпаратты оқу, саусақ ізі, көздің түсті қабығы, құжат иесінің бетін бейнелеу бойынша сәйкестендіру құрылғылары) автоматты өңдеуге арналған приборларды, аппаратураларды түрлендіру мүмкіндігі көзделеді.
      Шекара маңындағы аудан тұрғындарының белсенді қатынасы (тек автомобильдік) жүзеге асырылатын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі паспортты бақылау жүйесін құру барысында Қазақстан Республикасы азаматтарын және шектес мемлекеттердің азаматтарын өткізу кезінде жеңілдетілген бақылауды енгізу мүмкіндігін ескерген жөн.
      13. Шетел бағытындағы жолаушылардың жүктерін және қол жүктерін тексеруді кеден қызметкерлері рентгеноскопиялық және басқа аппаратураларды пайдалана отырып, жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеруді шекаралық наряд құрамына кіретін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери қызметшілері, сондай-ақ әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жүзеге асыруы мүмкін.
      Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды тексеру үшін Қазақстан Республикасына (нан) әкелуге (әкетуге) тыйым салынатын заттар мен материалдарды табуға мүмкіндік беретін озық технологияларды пайдалану жұмыстары негізінде әртүрлі түрлендірілген приборлар пайдаланылады.
      14. Радиациялық бақылау жүйесі аз мөлшерде иондайтын сәулелену көздерін табуға, радиацияның табиғи аясы деңгейінің артуын салыстыруға және анықталған көздерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін стационарлық аппаратуралар немесе тасымалданатын жабдықтар базасында құрылады.
      15. Қаруды табу жүйесі стационарлық металл іздеу және рентгеноскопиялық қондырғылар базасында құрылады және шекаралық және кедендік органдармен бірлесіп пайдаланылады. Авиациялық өткізу пункттерінде осы жүйені авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері де қолданады.
      16. Радиобайланыстың ультрақысқа толқынды жүйесі стационарлық және тасымалданатын радиостансалар базасында құрылады.
      17. Ішкі телефон байланысының жүйесі елу абонентке дейін
(паспорттық бақылау кабиналарының, көлік құралдары бақылау павильондарының, қызметтік үй-жайларының санына байланысты) сыйымдылығы бар директорлық байланыс коммутаторларының автоматтандырылған телефон станциялары базасында құрылады. Шекаралық бақылау бөлімшелерінің қызметтік үй-жайларында қалааралық байланысқа шыға отырып телефондардың қажетті санын орнату мүмкіндігі көзделеді.
      Шекаралық бақылау және кедендік органдардың бөлімшелері үшін осы ведомствоаралық және ведомстволық автоматтандырылған жүйелерді беруді қамтамасыз ететін аппараттарды орнату көзделеді.
      18. Телевизиялық (бейне) қадағалау жүйесі әртүрлі үлгідегі өнеркәсіптік телевизиялық қондырғыларды қолданылып, құрылады.
      Телекамералар жүйесі автокөлікті тексеру алаңдарындағы ғимаратта орналасады, сондай-ақ өткізу пункті аумағының периметрі бойынша, бұл ретте олардың бір бөлігі ашық немесе жасырын орналастырылады. Осы жүйе шекаралық бақылау және кедендік органдар бөлімшелерінің пайдалануына арналған.
      19. Күзет сигнализациясының жүйесі күзет сигнализациясы датчиктерінің қажетті санын оларға қосуға мүмкіндік беретін стационарлық аппаратураны қолдана отырып, жабдықталады.
      20. Өрт сигнализациясының жүйесі өткізу пункттерінің барлық үй-жайларында орнатылған түтіндік, температуралық датчиктерді пайдалана отырып құрылады.
      21. Үй-жайға енуге рұқсат ету жүйесі магниттік (электрондық) санағышты пайдалана отырып, құрылады.
      Авиациялық өткізу пункттерінде авиациялық қауіпсіздік қызметінің бөлімшелері осы рұқсат беру жүйесінің әкімшісі болып табылады, қалғандарында - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бөлімшелері.

  4. Бақылау органдарының қызметтік үй-жайларына
қойылатын талаптар

      22. Әкімшілік сектор мемлекеттік шекара арқылы өткізуге қатысатын бақылау органдарының қажеттілігінен бас ғимаратта жобаланатын мынадай үй-жайларды көздейді:
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункті бастығының кабинеті;
      шекаралық бақылау бөлімшелері офицерлерінің кеңсесі;
      кеден бастығының кабинетімен қоса кеден қызметінің кеңсесі;
      кеденнің қызметтік үй-жайлары;
      ресми кездесуге арналған зал;
      оқу-жаттығу үй-жайлары;
      санитарлық-карантиндік пункттің, көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық, бақылау постылары қызметкерлерінің арнайы үй-жайлары және кабинеттері;
      санитарлық-карантиндік пункттердің, ветеринарлық, фитосанитарлық бақылау зертханалары және изоляторлары;
      қару сақтау бөлмесін, серверлік, байланыс тораптарын орналастыруға арналған үй-жайлар;
      демалуға арналған үй-жайлар;
      санитарлық тораптар;
      тұрмыстық үй-жайлар.
      23. Әрбір қызметтер үшін үй-жайлардың саны, олардың алаңы және арнайы талаптардың болуы тиісті мемлекеттік органдармен жобалау кезеңінде келісіледі.

  5. Тексеру алаңдарына қойылатын талаптар

      24. Авиациялық, теңіз және темір жол өткізу пункттерінде шетелге қатынайтын көлік құралдарының тұрақ орны осы өткізу пункттерінде бақылауды жүзеге асыратын шекаралық бақылау және кеден органдарының бөлімшелерімен келісім бойынша, тиісті көлік ұйымдары басшыларының бұйрықтарымен белгіленеді.
      25. Шетелге қатынайтын көлік құралдарын ресімдеу орындарына бөгде адамдардың енуін болдырмау мақсатында тұрақ орны қоршаумен және жарықпен жабдықталады. Бұл ретте тексеру алаңдарында, кіру және шығу, жүкті қайта тиейтін орындарда және көлік құралдарын тереңдетілген тексеру павильондарында барынша қарқынды жарық түсіру көзделеді.
      26. Автомобильдік өткізу пункттерінің аумағы адамдардың енуіне рұқсат етудің айрықша ережелері орнатылған режимдік аймаққа толығымен қосылуы мүмкін.
      27. Автокөлікке арналған тексеру алаңдары барлық бақылау түрлерін тікелей қозғалыс жолақтарында жүзеге асыруға, ал арнайы бақылауды жүргізу қажет болған кезде көлік құралдарының жалпы лектен шығу мүмкіндіктері қамтамасыз етілетіндей болып, орналасуы тиіс.
      28. Қозғалыс қарқындылығына негізделе отырып, автокөлікті ресімдеу алаңы автокөліктің бір немесе бірнеше түріне қызмет көрсетуге арналған бақылау секцияларының қажетті саны болуы тиіс. Әрбір бақылау секциясы екі тарап бойынша қозғалыстың екі бақылау жолағы бар бір бағыттаушы шағын аралдан тұрады. Бағыттаушы шағын аралда шекаралық, кедендік қызметтердің және басқа да бақылау органдарының арнайы бақылау павильондары орналасады.
      29. Бағыттаушы шағын аралдың ені 3 метрден кем болмауы тиіс. Олар қозғалыстың бақылау жолақтарының барлық ұзындығы бойынша олардан бөлектеніп көрінетін жиектастың биіктігі кемінде 0,12-0,15 метр тротуарлар түрінде ресімделуі тиіс.
      30. Қозғалыстың бақылау жолақтарының ені автокөлік түрлеріне негізделе отырып, оларға арналған қозғалыс үшін мынадай болып белгіленеді:
      жеңіл машиналар - 3-3,5 м;
      жүк машиналары және автобустар 3,5 м.
      31. Габаритті емес және арнайы жүктерді тасымалдауды ескере отырып, әрбір бағыт үшін ені 4,5 м болатын қозғалыстың шеткі жолақтарын орындау қажет.
      32. Бақылау секциялары мен қозғалыс жолақтарының саны болжанған қозғалысқа қарай анықталады.
      33. Бақылау павильондары автокөліктерге бір уақытта бақылау жүргізуді қамтамасыз ету үшін бағыттаушы шағын аралдардың екі жағы бойынша орналастырылады. Онда бақылау органдардың қызметкерлері үшін оқшауланған үй-жайлар көзделеді.
      34. Автокөлікті ресімдеу алаңдары атмосфералық жауын-шашындардан қорғауға арналған қалқалармен жабдықталады.
      Габариттік емес жүктерді өткізуді қамтамасыз ету үшін қозғалыстың шеткі жолағын ашық қалдыру қажет.
      35. Көлік құралдарын терең (толық) тексеруді өткізу үшін қозғалыстың әр бағытында осы көлік құралдарын жалпы лектен шығару және басқа көлік құралдарына қарамастан оларды бақылаудан өткізу үшін жағдайды қамтамасыз етуге тиісті арнайы ангарлар, павильондарды жабдықтау көзделеді.
      Онда мыналар көзделеді:
      жеңіл, жүк машиналарына арналған бокстар, тексеру үшін жабдықталған көтергіштер және басқа да құралдар;
      бақылаушы органдар қызметкерлеріне арналған үй-жайлар;
      тәркіленген заттар қоймасы.
      36. Тексеру алаңына кіреберіс алдында таразы жабдықтарымен және габариттерді өлшеуге арналған басқа да құрылғылармен жарақтандырылған көліктерді бақылау посты жабдықталады.
      37. Өткізу пункттеріндегі жол коммуникациялық жүйесі өткізу пункттерінің даму перспективасын және көлік құралдарының шоғырланар уақытында барынша көп санын өткізуді қамтамасыз ете отырып, көлік құралдарының қозғалу бағытын өзгерту мүмкіндігін де ескере отырып құрылады.
      38. Жүру бөлігінің жеткілікті ені болуы және өткізу пункттері аумағына кіреберіске дейінгі көлік құралдарын қайта қою жағдайын қамтамасыз етуі тиіс.
      39. Қажет болған жағдайда, тауарлар тек өткізу пункттеріне дейін жеткізілген қажетті жағдайда, тексеру алаңына тікелей жақындықта, оларға қабыстырылып, жүк түсіруге арналған рампалармен, көтеру тетіктерімен, қоймалармен жабдықталуы тиіс қайта тиеу терминалдары құрылады. Алаңдар мен оларға кіретін жерлер негізгі қозғалысқа кедергі келтірмеуі тиіс.
      40. Өткізу пункттерінің ауданында көлбеу таңбалауды, жолдың тік белгілерін, бағдаршамдарды және басқа да сілтемелерді пайдалану жолымен қозғалысты тиімді басқару қамтамасыз етілуі тиіс.
      Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері мемлекеттік нышандармен жабдықталады.
      41. Қызмет көрсету объектілерінен өткізу пунктінің кешені құрамына қозғалыстың халықаралық сипатына байланыстылары және пайдаланылуы көп уақыт алмайтындар және барлық бақылау түрлерін өткізуге қиындық келтірмейтіндері ғана қамтылады.
      42. Қызмет көрсету объектілері (мейрамханалар, қонақ үйлер, автожанармай құю станциялары, техникалық қызмет көрсету стансалары, техникалық көмек көрсету пункттері) мүдделі мемлекеттік органдардың келісімі бойынша өткізу пунктінен жеткілікті қашықтықта дербес оқшауланған қызмет көрсету аймағында салынады.
      Қызмет көрсету объектілерін өткізу пунктінен шекара сызығына дейінгі жол учаскілерінде орналастыруға жол берілмейді.
      43. Қозғалыс қауіпсіздігін және оны бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өткізу пункттерінде шекаралық бақылау бөлімшесі бойынша кезекшінің пультінен іске қосылатын арнайы тосқауыл, кедергілер мен басқа да құрылғылар жүйесі құрылады. Осы жүйе көлік құралының бақылаудың тиісті түрлерінен өтпей өткізу пунктінен тыс рұқсатсыз кетіп қалу мүмкіндігінің жолын кесуге негізделген.
      Функциональдық мақсатына қарай тосқауылдар сақтандыратын және жұмыс істеу түрінде болып келеді. Сақтандыратын тосқауылдар өткізу пунктінің режимдік аумағына кіру және шығу кезінде қозғалысты тежеу үшін қызмет етеді. Жұмыс бабындағы тосқауылдар көлік құралдарының тексеру алаңдарының бақылау жолақтарындағы қозғалыстарына бақылау жасау үшін қызмет етеді. Олардың өлшемдері мен құрастырмасы жүру бөлігінің еніне немесе ол жабатын жол жолағына сәйкес белгіленеді. Тосқауылдар әкімшілік ғимараты мен шекара қызметінің бақылау павильондарынан дистанциялық басқару құрылғысымен жабдықталуы тиіс.

  6. Өткізу пункттерінің орналасуына қойылатын талаптар

      44. Әуежайлардағы, теңіз кемежайларындағы және темір жол станцияларындағы өткізу пункттері осы кемежайлардың (станциялардың) тікелей аумақтары шегінде орналасады. Өткізу пункттерінің қызметтік және әкімшілік бөлімдері кемежайдың (станциясының) бірыңғай кешенінің ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады. Бақылаушы органдардың осындай өткізу пункттерінде орналасуы кемежайлар (станциялар) шегінен тыс жерлерде жүзеге асырылуы мүмкін. Өткізу пункттерінде шетелге баратын жолаушыларға қызмет көрсетуге байланысты емес Шекара қызметінің және кеден органдарының әкімшілік басқару органдары және қамтамасыз ету бөлімшелерін орналастыруға жол берілмейді.
      45. Темір жол өткізу пункттерінің ерекшелігі барлық бақылау түрлерін тікелей көлік құралында оның шекара темір жол станциясында тұратын уақытында да, оның мемлекеттік шекара сызығынан (сызығына) қозғалу уақытында да жүргізу болып табылады.
      Темір жол өткізу пункттері үшін бақылаудың технологиялық схемалары өткізу пункттері болып жарияланған станцияларда барлық бақылау түрлерін жүргізу үшін қажетті уақытта поезд тұрақтары көзделетін қозғалыс кестесін ескере отырып, әзірленеді.
      Темір жол құрамына бақылау жүргізуге бөлінетін уақытты қысқартуға жол берілмейді.
      46. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының сызығынан (сызығына) жолаушылар поезының қозғалысы барысында бақылау жүргізу кезінде режимді қамтамасыз ету поездардың қызмет көрсететін қызметкеріне жүктеледі, бұл ретте өткізу пункті болып табылатын шекара сызығынан теміржол станциясына дейінгі учаскеде поездарды тоқтатуға тек шекара және кеден нарядтарын отырғызу және түсіру үшін рұқсат беріледі.
      47. Шекара темір жол станциясында бақылаудың шекаралық және басқа да түрлерін өткізу кезінде өткізу пунктеріне қойылатын талаптар (режимдік аумақты оқшаулау, шекаралық, кедендік және басқа да бақылау түрлерін, жүргізу орындарын жарықтандыру, өткізу режимі) сақталуы тиіс.
      48. Автокөлік өткізу пункттерінің орналасқан жері қолданыстағы жол желісіне негізделе отырып белгіленеді. Жол жүрудің өзгеруіне (жол трассасының ауысуымен) байланысты қайта жөндеу кезінде өткізу пункттерінің орналасқан жері шекаралас жақтың құзыретті органдарымен нақтыланады және келісіледі.
      49. Автомобильдік өткізу пункттері мемлекеттік шекараға тікелей жақын салынады.
      Жердің бедерлік жағдайына байланысты өткізу пункттері мемлекеттік шекараның желісінен қажетті қашықтықта орналасуы мүмкін.
      50. Өткізу пункттерінің объектілерін кеңейту және олардың шағын арал етіп орналастырылуы симметриялы болуы ескеріле отырып, мемлекеттік шекара арқылы өтетін өткізу пункттері жол төсемін кеңейту арқылы тікелей жолдарда орналастырылады. Бұл ретте өткізу пункттерінен көлік құралдарының айналып өтуін болдырмау үшін жағдай жасалады.
      51. Қызметтік аумақтың мөлшерлері өткізу пунктінің санатына және жергілікті жердің бедерлік жағдайына байланысты белгіленеді және перспективада инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз етуі тиіс.
      52. Өткізу пункттерінің инфрақұрылымы және олардың аумақтық құрылғысы мыналарды қамтамасыз етуі тиіс:
      адамдарды және көлік құралдарын өткізу бойынша бақылау операцияларын бір-біріне тәуелсіз, қозғалыстың екі бағытында (кіру және шығу) бөлек өткізуді;
      арнайы (тереңдетілген) шекаралық, кедендік бақылауды жүзеге асыру мақсатында жолаушылар мен көлік құралдарының негізгі легіне кедергі жасамай, адамдарды және жекелеген көлік құралдарын жалпы лектен шығару мүмкіндігін;
      шекаралық және кедендік бақылаудан жеке және тәуелсіз қосымша бақылау операцияларын (таразы жүктемесін бақылау, санитарлық-карантиндік, ветеринарлық, фитосанитарлық) өткізуді;
      өткізу пунктінде режим және шетелге қатынайтын адамдарға қызмет көрсетуге байланысты емес сервистік қызметтерді өткізу пункттерінің аумағынан тыс орналастыру талаптарын орындауды.
      53. Жоғарыда аталған талаптар жобалау және құрылысты салу кезеңінде мынадай жолмен іске асырылады:
      лектерді кіретін және шығатын жолаушылар мен көлік құралдары үшін дербес қызмет көрсету аймақтарына бөлу;
      көлік құралдарын бірыңғай тоқтатуға жағдай жасау және көліктің тұру уақытын қысқарту бойынша талаптарды сақтай отырып, шекаралық және кедендік бақылау аймақтарын құру;
      арнайы (тереңдетілген) шекаралық және кедендік бақылау өткізу туралы шешім қабылданған жекелеген жолаушылар мен автокөлікке қатысты, оларды жалпы лектен шығару мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      басқа бақылау түрлерін жүргізу үшін аймақтарды құру.
      54. Өткізу пунктінде үй-жайлар мен ғимараттар орындарын белгілеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
      бақылау органдары ойға қонымды штаттарының жеткіліктілігін және мемлекеттің қауіпсіздік мүдделерін қамтамасыз етуде бақылаудың жоғары дәрежелі сенімділігін қамтамасыз ету;
      автокөлік легінен тәуелсіз жолаушыларды бақылауды бөлу және өткізу;
      бақылаудың техникалық құралдарын тиімді пайдалану және барлық бақылау түрлерін рәсімдеуде жаңа технологияларды енгізу.

                                          Қазақстан Республикасы
                                                Үкіметінің
                                        2005 жылғы 13 желтоқсандағы
                                             N 1240 қаулысымен
                                                 бекітілген

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы
      өткізу пункттерін санаттандыру ережесі және оларда
      орналастырылған бақылау органдарының үлгі штаттары

       Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері жолаушылар мен жүк ағымдарының қарқындылығына, олардың жұмыс режиміне қарай мынадай санаттарға бөлінеді:

Өткізу
пункт-
терінің
санаты

Жұмыс
режі-
мі
(са-
ғат)

Қозғалыстың қарқындылығы
(күніне)

Өткізу пункттерінің ерекшеліктері

жолаушы-
лардың

көліктің

1-санат.
Көпжақты

24

1000-нан астам

200-ден астам

Әуежайларда, теңіз, өзеy кеме- жайларында, темір
жол станцияларымен
қарқынды қозғалыс-
ты автомагистраль-
дарда құрылады

2-санат.
Көпжақты

24

800-ге
дейін

180-ге
дейін

3-санат.
Көпжақты

24
(12)

500-ге
дейін

150-ге
дейін

4-санат.
Екіжақты

24
(12)

400-ге
дейін

100-ге
дейін

5-санат.
Екіжақты

12

300-ге
дейін

50-ге
дейін

Басқа автожолдарда
құрылады

6-санат
Жеңілде-
тілген
өткізу
пункті

12

200-ге
дейін

30-ға
дейін

Шекара маңындағы
аудандардың
тұрғындарын
жеңілдетілген
тәртіппен өткізу
үшін құрылады

      Өткізу пункттерінің санаты негізге алына отырып, штат санының белгіленген лимиті шегінде бақылау органдарының мынадай үлгілік штаттары белгіленеді:

Өт-
кізу
пунк-
тінің
са-
наты

     Бақылау органдарының үлгілік штат саны

Ес-
керту

ҚР
ҰҚК
ШҚ
БӨП

ҚМ
КБК
КБ

Кө-
лік-
тік
бақы-
лау

Денсау-
лық
сақтау-
минінің
СКП

Ауылшар-
минінің
ветери-
нарлық
бақылауы

Фито-
сани-
тарлық
бақылау

1*

200
және
одан
астам

100*

12

10

10

10

**

2

100

50

12

10

10

10

**

3

60

40

9

10

10

10

**

4

40

30

9

5

5

5

**

5

20

20

9

5

5

5

**

6

20-ға
дейін

Барлық бақылау органдарының
функциялары ҚР ҰҚК ШҚ БӨП-ке
жүктелген, тауарлардың коммерциялық
өткізілуі жүзеге асырылмайды

  

      Ескерту:
      - ҚР ҰҚК ШҚ БӨП - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің бақылау-өткізу пункті.
      - ҚМ КБККБ - Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің кеден бекеті.
      - Денсаулық сақтау минінің СКП - Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-карантиндік пункті.
      * - мемлекетаралық қатынастарды дамыту үшін маңызды мәні бар 1-санатты өткізу пункттерін (Астана, Алматы қалаларының әуежайлары), сондай-ақ қарқынды жол қатынасында орналасқан темір жол мен автомобильдік өткізу пункттерін орнату кезінде бақылау органдарының штаттары уәкілетті министрліктер мен ведомстволардың дәлелді ұсыныстары негізінде жеке шешімдермен белгіленеді.
      ** - қайтадан ашылатын өткізу пункттерін орнату кезінде бақылау органдарының көрсетілген штат санын бөлу өткізу пунктін ашу туралы Үкімет қаулысында көзделеді.