Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң жанынан Ғарыш жөнiндегi кеңес құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 31 қазандағы N 1087 Қаулысы

Қолданыстағы

      "2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту" мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 14 сәуiрдегi N 352  қаулысына  сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан Ғарыш жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Кеңес туралы ереже;
      2) Кеңестiң құрамы бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 31 қазандағы
N 1087 қаулысымен  
бекiтілген     

  Қазақстан Республикасының Yкiметi
жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңес туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасының ұлттық және ақпараттық қауiпсiздiгiн, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуын нығайту үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар iрi ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды iске асыруға бағытталған ұсыныстарды әзiрлеуге жауапты консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. Кеңестiң шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

      2. Кеңес өз қызметiнде Қазақстан Республикасының  Конституциясын , " Ғылым туралы " Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiн, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн және осы Ереженi басшылыққа алады.

  2. Кеңестiң мiндеттерi мен функциялары

      3. Кеңестің негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту үшiн ғылым, бiлiм, өндiрiс пен қаржы-кредит салаларын ықпалдастыруды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      экологиялық қауiпсiздiк, табиғи апаттар туралы ескертулер мен қысылтаяң жағдайларда құтқару проблемаларын шешу үшiн ғарыш құралдарын пайдалану жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      ғарыш қызметiн дамыту үшiн мемлекеттiк ресурстарды тиiмдi пайдалану және сыртқы инвестицияларды тарту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық, әлеуметтiк-экономикалық прогресi мен ұлттық қауiпсiздiгi мүддесiнде ғарыш саласындағы ғылым жетiстiктерiн және жаңа технологияларды пайдалану жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу.

      4. Кеңестiң функциялары:
      ғарыш қызметi саласында жұмыс iстейтiн қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау және зияткерлiк меншiктi құқықтық қорғау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      ғарыш қызметi саласы үшiн кадрларды даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн құру және космонавтика жетiстiктерiн насихаттау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      Қазақстанның қорғаныс кешенiн конверсиялау және ғарыш саймандарын жасауда оның ғылыми және материалдық-техникалық әлеуетiн тиiмдi пайдалану жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу;
      ғарыш саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалық және тиiмдi бағыттарын талдау және айқындау.

      5. Кеңестiң:
      ғарыш қызметi саласында iрi бағдарламалар мен жобаларды iске асыру барысын тыңдауға;
      Қазақстан Республикасының Үкiметiне ғарыш қызметiн дамыту мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;
      мемлекеттiк органдардан қажеттi материалдар мен құжаттарды сұратуға және алуға құқығы бар.

  3. Кеңестiң қызметiн ұйымдастыру

      6. Кеңестi төраға - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi басқарады. Кеңестiң құрамына Кеңес төрағасының орынбасары және хатшы кiредi. Кеңес туралы ереженi және оның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      7. Кеңестiң төрағасы Кеңес қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады оның жұмысын жоспарлайды және қабылданатын шешiмдердiң сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған iс-шараларды айқындайды.
      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      Кеңестiң хатшысы Кеңес мәжiлiсiнiң күн тәртiбi бойынша қажеттi құжаттар мен материалдарды дайындайды және отырыстың хаттамаларын ресiмдейдi.
      Кеңестiң құрамына Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым, Көлiк және коммуникация, Сыртқы iстер, Әдiлет, Қаржы, Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Мәдениет, ақпарат және спорт, Индустрия және сауда, Қорғаныс, Энергетика және минералдық ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Төтенше жағдайлар министрлiктерiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң, сондай-ақ ғарыш қызметi саласында жұмыс iстейтiн жетекшi кәсiпорындар мен ұйымдардың бiрiншi басшылары кiредi.

      8. Кеңестiң шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.

      9. Кеңестiң отырысы жылына кемiнде екi рет өткiзiледi. Әрбiр екi жылда Кеңес құрамының 1/3 бөлiгi жаңартылып отырады.
      Кеңестiң отырысы, егер оған Кеңестiң бекiтiлген тiзiмдiк құрамының кемiнде 2/3 бөлiгi қатысса заңды болады. Шешiмдер отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерiнiң ашық дауыс беруi арқылы қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылданады.
      10. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі болып табылады.

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 31 қазандағы
N 1087 қаулысымен  
бекiтілген     

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңестiң
құрамы

Ахметов                    - Қазақстан Республикасының Премьер-
Даниал Кенжетайұлы           Министрi, төраға

Әйтiмова                   - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Бiрғаным Сарықызы            ғылым министрi, төрағаның орынбасары

Әбдiмомынов                - Қазақстан Республикасының Бiлiм және
Азамат Құрманбекұлы          ғылым вице-министрi, төрағаның
                             орынбасары

Қосынов                    - Қазақстан Республикасы Бiлiм және
Алмас Олжабайұлы             ғылым министрлiгi Аэроғарыш
                             комитетiнiң төрағасы, хатшы

Мыңбаев                    - Қазақстан Республикасы Премьер-
Сауат Мұхаметбайұлы          Министрiнiң орынбасары - Қазақстан
                             Республикасының Индустрия және сауда
                             министрi

Алтынбаев                  - Қазақстан Республикасының Қорғаныс
Мұхтар Қапашұлы              министрi

Балиева                    - Қазақстан Республикасының Әдiлет
Зағипа Яхияқызы              министрi

Дунаев                     - Қазақстан Республикасының Қаржы
Арман Ғалиасқарұлы           министрi

Дүтбаев                    - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Нұртай Нартайұлы             қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы

Келiмбетов                 - Қазақстан Республикасының Экономика
Қайрат Нематұлы              және бюджеттiк жоспарлау министрi

Құлмаханов                 - Қазақстан Республикасының Төтенше
Шалбай                       жағдайлар министрi

Қосыбаев                   - Қазақстан Республикасының Мәдениет,
Есетжан Мұратұлы             ақпарат және спорт министрi

Самақова                   - Қазақстан Республикасының Қоршаған
Айткүл Байғазықызы           ортаны қорғау министрi

Мамин                      - Қазақстан Республикасының Көлiк және
Асқар Ұзақбайұлы             коммуникация министрi

Мырзахметов                - Қазақстан Республикасының Ауыл
Асқар Исабекұлы              шаруашылығы министрi

Тоқаев                     - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер
Қасымжомарт Кемелұлы         министрi

Школьник                   - Қазақстан Республикасының Энергетика
Владимир Сергеевич           және минералдық ресурстар министрi

Қуанғанов Фархад           - Қазақстан Республикасының Премьер-
Шаймұратұлы                  Министрi Кеңсесiнiң Әлеуметтiк-мәдени
                             даму бөлiмiнiң меңгерушiсi

Бектасов                   - Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру
Әбен Ағыбайұлы               және байланыс агенттiгiнiң төрағасы

Мұсабаев                   - "Бәйтерек" қазақстан-ресей бiрлескен
Талғат Амангелдiұлы          кәсіпорны - акционерлiк қоғамының бас
                             директоры (келiсiм бойынша)

Тұржанов                   - "Қазғарыш" ұлттық компаниясы"
Серiк Әбдiқалиұлы            акционерлiк қоғамының басқарма төрағасы
                             (келiсiм бойынша)

Шымырбаев                  - "Қазғарыш" ұлттық компаниясы"
Марат Қатубайұлы             акционерлік қоғамының ғарыш техникасы
                             арнайы конструкторлық-технологиялық
                             бюросының директоры (келiсiм бойынша)