Қазақстан Республикасы Yкіметiнiң жанынан Ғарыш жөнiндегi кеңес құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 31 қазандағы N 1087 Қаулысы

Жаңартылған

      "2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту" мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2005 жылғы 14 сәуiрдегi N 352 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанынан Ғарыш жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - Кеңес) құрылсын.

      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Кеңес туралы ереже;
      2) Кеңестiң құрамы бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 31 қазандағы
N 1087 қаулысымен  
бекiтілген     

  Қазақстан Республикасының Yкiметi
жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңес туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңес (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасының ұлттық және ақпараттық қауiпсiздiгiн, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық дамуын нығайту үшiн маңызды стратегиялық мәнi бар iрi ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды iске асыруға бағытталған ұсыныстарды әзiрлеуге жауапты консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады. Кеңестiң шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

      2. Кеңес өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Ғылым туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң кесiмдерiн, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiн және осы Ереженi басшылыққа алады. қараңыз.Z110407

  2. Кеңестiң мiндеттерi мен функциялары

      3. Кеңестің негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      Қазақстан Республикасында ғарыш қызметiн дамыту үшiн ғылым, бiлiм, өндiрiс пен қаржы-кредит салаларын ықпалдастыруды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      экологиялық қауiпсiздiк, табиғи апаттар туралы ескертулер мен қысылтаяң жағдайларда құтқару проблемаларын шешу үшiн ғарыш құралдарын пайдалану жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      ғарыш қызметiн дамыту үшiн мемлекеттiк ресурстарды тиiмдi пайдалану және сыртқы инвестицияларды тарту жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық, әлеуметтiк-экономикалық прогресi мен ұлттық қауiпсiздiгi мүддесiнде ғарыш саласындағы ғылым жетiстiктерiн және жаңа технологияларды пайдалану жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу.

      4. Кеңестiң функциялары:
      ғарыш қызметi саласында жұмыс iстейтiн қызметкерлердi әлеуметтiк қорғау және зияткерлiк меншiктi құқықтық қорғау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      ғарыш қызметi саласы үшiн кадрларды даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн құру және космонавтика жетiстiктерiн насихаттау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
      Қазақстанның қорғаныс кешенiн конверсиялау және ғарыш саймандарын жасауда оның ғылыми және материалдық-техникалық әлеуетiн тиiмдi пайдалану жөнiнде ұсынымдар әзiрлеу;
      ғарыш саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың неғұрлым перспективалық және тиiмдi бағыттарын талдау және айқындау.

      5. Кеңестiң:
      ғарыш қызметi саласында iрi бағдарламалар мен жобаларды iске асыру барысын тыңдауға;
      Қазақстан Республикасының Үкiметiне ғарыш қызметiн дамыту мәселелерi бойынша ұсыныстар енгiзуге;
      мемлекеттiк органдардан қажеттi материалдар мен құжаттарды сұратуға және алуға құқығы бар.

  3. Кеңестiң қызметiн ұйымдастыру

      6. Кеңестi төраға - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары басқарады. Кеңестiң құрамына Кеңес төрағасының орынбасары және хатшы кiредi. Кеңес туралы ереженi және оның дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.15. N 1087 Қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      7-тармаққа өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 615 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).
      7. Кеңестiң төрағасы Кеңес қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады оның жұмысын жоспарлайды және қабылданатын шешiмдердiң сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыруға бағытталған iс-шараларды айқындайды.
      Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
      Кеңестiң хатшысы Кеңес мәжiлiсiнiң күн тәртiбi бойынша қажеттi құжаттар мен материалдарды дайындайды және отырыстың хаттамаларын ресiмдейдi.
      Кеңестiң құрамына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің, Бiлiм және ғылым, Көлiк және коммуникация, Сыртқы iстер, Әдiлет, Қаржы, Экономика және бюджеттiк жоспарлау, Мәдениет және ақпарат, Туризм және спорт, Индустрия және сауда, Қорғаныс, Энергетика және минералдық ресурстар, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Төтенше жағдайлар министрлiктерiнiң, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң, сондай-ақ ғарыш қызметi саласында жұмыс iстейтiн жетекшi кәсiпорындар мен ұйымдардың бiрiншi басшылары кiредi.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.15. N 1087 Қаулысымен.

      8. Кеңестiң шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi.

      9. Кеңестiң отырысы жылына кемiнде екi рет өткiзiледi. Әрбiр екi жылда Кеңес құрамының 1/3 бөлiгi жаңартылып отырады.
      Кеңестiң отырысы, егер оған Кеңестiң бекiтiлген тiзiмдiк құрамының кемiнде 2/3 бөлiгi қатысса заңды болады. Шешiмдер отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерiнiң ашық дауыс беруi арқылы қарапайым көпшiлiк дауысымен қабылданады.
      10. Кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігі болып табылады.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.15. N 1087 Қаулысымен.

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2005 жылғы 31 қазандағы
N 1087 қаулысымен  
бекiтілген     

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Құрамға өзгерту енгізу көзделген - ҚР Үкіметінің 2010.06.18 № 615 Қаулысымен (жариялануға жатпайды).

  Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң
жанындағы Ғарыш жөнiндегi кеңестiң
құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2007.11.15. N 1087, 2009.10.29 N 1703 Қаулыларымен.

Шөкеев                       - Қазақстан Республикасы Премьер-
Өмірзақ Естайұлы               Министрінің бірінші орынбасары, төраға

Шығаев                       - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Мұрат Насырұлы                 агенттігі Ғарыш қызметін дамыту
                               стратегиясы басқармасының бастығы,
                               хатшы

Мыңбаев                      - Қазақстан Республикасының
Сауат Мұхаметбайұлы            Энергетика және минералдық
                               ресурстар министрі
 
Мұсабаев                     - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Талғат Амангелдіұлы            агенттігінің төрағасы, төрағаның
                               орынбасары

Досмұханбетов                - Қазақстан Республикасының Туризм
Темірхан Мыңайдарұлы           және спорт министрі

Жәмішев                      - Қазақстан Республикасының Қаржы
Болат Бидахметұлы              министрі

Сұлтанов                     - Қазақстан Республикасының Экономика
Бақыт Тұрлыханұлы              және бюджеттік жоспарлау министрі

Түймебаев                    - Қазақстан Республикасының Білім
Жансейіт Қансейітұлы           және ғылым министрі

Божко                        - Қазақстан Республикасының Төтенше
Владимир Карпович              жағдайлар министрі

Есекеев                      - Қазақстан Республикасы
Қуанышбек Бақытбекұлы          Ақпараттандыру және байланыс
                               агенттігінің төрағасы

Шабдарбаев                   - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Амангелді Смағұлұлы            қауіпсіздік комитетінің төрағасы
                               (келісім бойынша)

Шаймағамбетов                - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Еркін Мұстафаұлы               агенттігі төрағасының орынбасары

Ахматов                      - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Иван Идрисович                 агенттігі "Бәйтерек"
                               қазақстан-ресей бірлескен
                               кәсіпорны" акционерлік қоғамының
                               бас директоры

Жантаев                      - "Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар
Жұмабек Шәбденұлы              ұлттық орталығы" акционерлік қоғамының
                               президенті (келісім бойынша)

Лефтер                       - "Ғарыштық байланыс және
Виктор Дмитриевич              радиоэлектрондық құралдардың электр
                               магниттік үйлесімділігі
                               республикалық орталығы" акционерлік
                               қоғамының президенті

Әшімов                       - Қазақстан Республикасының Қоршаған
Нұрғали Сәдуақасұлы            ортаны қорғау министрі

Исекешев                     - Қазақстан Республикасының Индустрия
Әсет Өрентайұлы                және сауда министрі

Саудабаев                    - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер
Қанат Бекмырзаұлы              министрі

Құл-Мұхамед                  - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Мұхтар Абрарұлы                және ақпарат министрі

Күрішбаев                    - Қазақстан Республикасының Ауыл
Ақылбек Қажығұлұлы             шаруашылығы министрі

Құсайынов                    - Қазақстан Республикасының Көлік және
Әбілғазы Қалиақпарұлы          коммуникация министрі

Түсіпбеков                   - Қазақстан Республикасының Әділет
Рашид Төлеутайұлы              министрі

Жақсыбеков                   - Қазақстан Республикасының Қорғаныс
Әділбек Рыскелдіұлы            министрі

Мырзақұлов                   - "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық
Ғабдуллатиф Тұрғанбайұлы       компаниясы" акционерлік қоғамының
                               президенті (келісім бойынша)