Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялаудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 28 шілдедегі N 786 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк басқару деңгейлерi арасында өкілеттіктердiң аражiгiн ажырату және бюджеттiк қатынастар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 13  Заңын  iске асыру және бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялау тәртiбiн реттейтiн нормативтiк құқықтық базаны одан әрi жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) білiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметке қойылатын  бiлiктілiк талаптары ;
      2) Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялау  ережесi  бекiтілсiн.

      2. "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894  қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., N 41, 515-құжат) мынадай өзгерiс пен толықтыру енгiзiлсiн:
      көрсетiлген қаулыға 1-қосымшада:
      реттiк нөмiрi 27-жолдағы 3-баған мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "заңды және жеке тұлғалардың бiрiншi, екiншi және үшiншi санаттағы спорт құрылыстарында дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметi, сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру, спорт клубтарының, орталықтардың, секциялардың, жергiлiктi қоғамдық бiрлестіктердің, одақтардың, қауымдастықтардың (облыстық федерациялардың) дене шынықтыру және спорт жөнiндегi қызметi;";
      реттік нөмiрi 36-жолдағы 3-баған мынадай редакцияда жазылсын:
      "заңды және жеке тұлғалардың жоғары санаттағы спорт құрылыстарында дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметi, сондай-ақ республикалық және өңiрлiк қоғамдық бiрлестiктердің, одақтардың, қауымдастықтардың (спорт түрлерi бойынша федерациялардың) дене шынықтыру және спорт жөнiндегі  қызметi;".

      3. "Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметті лицензиялау ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы N 1374  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 49, 569-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2005 жылғы 28 шілдедегі  
N 786 қаулысымен     
бекiтiлген        

  Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда,
дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету
жөнiндегi қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптары

      Дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде өтiнiш иесiне қойылатын бiлiктiлiк талаптары мыналардың:
      1) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiмен айналысу үшiн жарамды жеке меншiк немесе жалға беру құқығындағы тиiстi санаттағы спорт құрылысының немесе үй-жайдың;
      2) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiмен айналысу үшiн жарамды спорт құрылысының немесе үй-жайдың санитарлық-гигиеналық нормаларға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына сәйкестiгiнiң;
      3) "дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша жоғары кәсiптiк немесе орта кәсіптiк бiлiмi бар жаттықтырушы-оқытушылар құрамының немесе оқу орындарында даярлықтан және бiлiктiлiк арттырудан өткен мамандардың;
      4) тұрақты бiлiктi медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етудің;
      5) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметті жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тәртiбiн реттейтiн нормативтік құжаттардың (нұсқаулықтар, ережелер) болуын қамтиды.

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 28 шілдедегі  
N 786 қаулысымен     
бекiтiлген       

  Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда,
дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету
жөнiндегi қызметтi лицензиялау ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Білiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөніндегi қызметті лицензиялау ережесi (бұдан әрi - Ереже) заңды және жеке тұлғаларға білiм беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия берудің тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.

      2. Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегі қызметтi жүзеге асыруға лицензияны (бұдан әрi - Лицензия) дене шынықтыру және спорт саласындағы мынадай мемлекеттік органдар (бұдан әрi - Лицензиарлар) бередi:
      1) Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгінiң Спорт iстерi комитетi (бұдан әрi - Комитет) мынадай қызмет түрлерiне:
      республикалық және өңiрлiк қоғамдық бiрлестiктердiң, одақтардың, қауымдастықтардың (федерациялардың) дене шынықтыру және спорт саласында қызметтер көрсетуге байланысты қызметiне;
      жоғары санаттағы спорт құрылыстарында дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөніндегі заңды және жеке тұлғалардың қызметiне;
      2) облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдар мынадай қызмет түрлерiне:
      дене шынықтыру-сауықтыру және спорт қызметтерiн жүзеге асыратын дене шынықтыру-сауықтыру, спорт клубтарының, орталықтардың, секциялардың және басқа да ұйымдардың қызметiне;
      бiрiншi, екiншi және үшiншi санаттағы спорт құрылыстарында дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi заңды және жеке тұлғалардың қызметiне;
      жергілiкті қоғамдық бiрлестiктердiң, одақтардың, қауымдастықтардың (облыстық федерациялардың) дене шынықтыру және спорт саласында қызметтер көрсетуге байланысты қызметiне лицензия бередi.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.12.23. N  1258  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  2. Лицензия алудың шарттары мен тәртiбi

      3. Бiлiм беру ұйымдарындағы қызметті қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегі қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияны Лицензиар бiлiктiлiк деңгейi сол қызмет түрiне қойылатын талаптарға сәйкес келетiн субъектiге бередi.

      4. Лицензия қатаң есептегі құжат болып табылады және мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде бiр данада ресiмделедi.

      5. Өтініш иесi лицензия алу үшін лицензиарға "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметінің 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894  қаулысымен  бекiтiлген нысан бойынша белгіленген үлгiдегi өтiнішті бередi.
      Өтiнiшке:
      1) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң, құрылтай құжаттарының (филиалдары мен өкiлдiктерi бар болса - филиалды және/немесе өкілдiктi есептік тiркеу туралы куәлiктiң және филиал және/немесе өкілдiк туралы ереженің көшiрмелерi) нотариалды расталған көшiрмелерi;
      2) жеке кәсiпкерлiкпен шұғылданатын жеке тұлғаның жеке куәлiгiнiң көшiрмесi;
      3) бюджетке лицензиялық алым төлегендiгiн растайтын құжат;
      4) өтiнiш иесiнің білiктiлiк талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледi.
      Қызметiн жүзеге асыру үшiн жеке меншiк немесе жалдамалы спорттық базаның болуын талап етпейтiн дене шынықтыру және спорт жөнiндегi қоғамдық бiрлестiктер, одақтар, қауымдастықтар (спорт түрлерi бойынша федерациялар) бiлiм беру ұйымдарындағы қызметтi қоспағанда, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарының 1) және 2) тармақшаларына өтiнiш иесiнiң сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынбайды.

      6. Егер заңнамалық кесiмдерде өзгеше мерзiм белгіленбесе, Лицензиялар барлық құжаттармен бiрге өтiнiш берген күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей, ал шағын кәсiпкерлiк субъектілерi үшiн он күннен кешiктiрiлмей беріледi.

      7. Лицензияға Лицензиардың басшысы не оған өкілеттiк берiлген тұлға қол қояды және лицензиардың мөрiмен куәландырады.

      8. Өтiнiш иесiне немесе оның уәкілетті өкiлiне Лицензия беру сенiмхат негiзiнде жүргізіледi.
      Лицензия қолдану мерзiмiн шектеусiз беріледi.

      9. Лицензияны беруден бас тарту, қайта ресiмдеу, лицензияны қайтарып алу, лицензияның қолданысын тоқтата тұру және күшiн жою Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес жүзеге асырылады.

  3. Лицензияны есепке алу және
лицензияланатын қызметтi бақылау

      10. Лицензияны есепке алуды, сондай-ақ осы Ереженiң сақталуын бақылауды лицензиарлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Комитет дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiнде берiлген лицензияларды есепке алуды электронды түрде жүргізедi.
      Дене шынықтыру-сауықтыру, спорт қызметтерiн көрсету жөнiндегі лицензиаттардың электрондық есебiн қалыптастыру үшiн облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдар Комитетке лицензиаттар туралы белгiленген нысан бойынша тоқсан сайын есеп бередi.