Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 шілдедегі N 754 Қаулысы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

      1. Қоса беріліп отырған:
      1) Мүгедектердi протездiк-ортопедиялық көмекпен және техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен қамтамасыз ету ережесi ;
      1-1) Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі;
      2) Мүгедектердi арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету ережесi ;
      3) Мүгедектерге және мүгедек балаларға санаторий-курорттық емделудi ұсыну ережесi ;
      4) Мүгедектерге берілетін техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүрiп-тұру құралдарының тiзбесi бекiтілсiн.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      2. Осы қаулы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Yкiметiнiң         
2005 жылғы 20 шiлдедегі  
N 754 қаулысымен     
бекiтілген        

Мүгедектердi протездік-ортопедиялық көмекпен және
техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдармен
қамтамасыз ету ережесi

1-бөлiм. Жалпы ережелер

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуiрдегi Заңына сәйкес әзiрлендi.

      1. Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар - тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетін протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар.

      2. Сурдотехникалық құралдар - есiту кемiстіктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның iшiнде байланыс пен ақпарат берудi күшейтетін құралдар. .P101191

      3. Тифлотехникалық құралдар - мүгедектердiң көру кемiстiгi нәтижесiнде жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар.

      4. Протездiк-ортопедиялық құралдар - қол мен аяқты немесе дененiң басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулықтың бұзылуы салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар.

      5. Протездiк-ортопедиялық көмек - мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық-техникалық көмектiң мамандандырылған түрi және оларды пайдалануды үйрету.

      6. Мiндеттi гигиеналық құралдар - табиғи физиологиялық қажеттiлiктер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған құралдар.

      7. Жұмыс берушінің кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес протездiк-ортопедиялық көмекпен, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдармен, мiндетті гигиеналық құралдарымен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебiнен қамтамасыз етіледi.

      8. Жұмыс берушiнің - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедекке протездiк-ортопедиялық көмек, сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдар, мiндеттi гигиеналық құралдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен беріледi.

2-бөлiм. Протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз ету

1-тарау. Жалпы ережелер

      9. Мүгедектер протездiк-ортопедиялық көмекпен мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қамтамасыз етіледi.

      10. Протездiк-ортопедиялық көмек протездеу, мүгедектердi протездiк-ортопедиялық құралдармен белгiленген тәртіппен қамтамасыз ету жөнiндегi медициналық қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
      Көрсетiлген протездiк-ортопедиялық көмек Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      11. Протездiк-ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедектер тұрғылықты тұратын жерi бойынша қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерiне өтініш бередi.
      Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкілетті орган) өтінiштердiң және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органдары (бұдан әрi - аумақтық орган) әзiрлеген мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының негiзiнде протездiк-ортопедиялық құралдарға қажеттілікті, олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып айқындайды.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      12. Протездiк-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды жөндеу:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепілдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарға;
      2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде қызметтiк міндеттерін атқаруымен байланысты мүгедек болған әскери қызметшiлерге;
      3) iшкi iстер органдарының, ұлттық қауіпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының қызметтік міндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған адамдарына;
      4) жалпы аурудан мүгедек болғандарға;
      5) бала жасынан мүгедектерге;
      6) мүгедек балаларға жүргiзіледi.

2-тарау. Протездермен қамтамасыз ету

      13. Мүгедектер шино-былғары, құрастырмалы протездермен, қазiргi заманғы технологиялар бойынша жасалған протездермен, олардың керек-жарақтарымен, тұқылдарға кигiзетiн тыстармен, ортопедиялық аппараттармен, тiзе таңғыштарымен, салынатын кебiстермен, тiреуiш-протездермен, былғары орындықтармен, былғары шалбарлармен, ползункилермен, ползункилердiң қолғаптарымен, биялайлармен, жіңішке таяқтармен, балдақтармен, жетек арбалармен қамтамасыз етіледi.

      14. Қолдың және аяқтың негiзгi протезi берiлгенге дейiн мүгедектер медициналық айғақтамалары бойынша кию мерзiмi 6 айдан аспайтын оқу-жаттығу протездерiмен қамтамасыз етіледi.
      Мүгедектер құрылғылы жұмыс протездерiмен, өздерiнiң қалауы бойынша бұйымның негiзгi түрiмен бiр мезгiлде қамтамасыз етіледi.

      15. Шино-былғары, құрастырмалы протездер, ортопедиялық аппараттар олар жарамсыздыққа ұшырағаннан кейiн, бiрақ алынған күнінен бастап кемiнде бiр жылдан кейiн ауыстырылады.

      16. Қазiргi заманғы технологиялар бойынша дайындалған аяқ және қол протездерінiң құрамындағы құрастырушы түйiндер мен бұйымдарды ауыстыру, олар алынған күнiнен бастап кемiнде үш жылдан, мүгедек балалар үшiн - кемiнде екi жылдан кейiн;
      синтетикалық шайырлар негiзiнде дайындалған косметикалық қаптау, табандар, қабылдау гильзасы, тыстарды ауыстыру - бiр жылға дейiн;
      кеуде безi протездерiн, жетек арбаларды ауыстыру - олар алынған күнiнен бастап екi жылдан кейiн, таяқшалар мен балдақтарды кемiнде бiр жылдан кейін жүргiзіледi.

      17. Аяқ немесе қолдың екi протезiн (негiзгі және қосалқы немесе негiзгi және жұмыс протезi) бiр мезгілде алған мүгедектерге оларды ауыстыру кемiнде екi кепiлдiктi мерзiм өткеннен кейiн жүргiзіледi.

      18. Аяқ протездерiн беру кезiнде жыл сайын әрбiр протезге 3-тен тұқыл тысы беріледi. Кеуде безi протездерi екi iшкиiм (бюстгалтер) жиынтығымен бiрге беріледi.

      19. Егер кию мерзiмi өткеннен кейiн протез жарамды жай-күйде болса және мүгедек келесi кию мерзiмi өткенге дейін жаңа протезге тапсырыс бергісi келмесе, оған осы кезеңге бiр протездi пайдалану есебiнен белгіленген санда тыстар беріледi.

      20. Протездердi, оның iшiнде жаңа үлгiлерiн мерзiмiнен бұрын ауыстыру, сондай ақ оларды кию мерзiмiн ұзарту, жөндеу туралы шешімдi комиссия қабылдайды және мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамаға сәйкес айқындалатын, протездiк-ортопедиялық көмек көрсету жөнiндегi қызметтердi жеткізушi (бұдан әрi - жеткiзушi) жасайтын тиiстi актінің негiзiнде ғана жүргiзіледі. Комиссия жеткізушiнің кінәсiнен бұйымның сапасыз жасалу фактісiн анықтаған кезде, ақауды жөндеу соның қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

3-тарау. Ортопедиялық аяқ киiммен қамтамасыз ету

      21. Мүгедектер ортопедиялық аяқ киімнiң мынадай түрлерiмен: күрделi, шамалы күрделi, протездерге және ортопедиялық аппараттарға арналған аяқ киiммен қамтамасыз етіледi.
      Күрделi ортопедиялық аяқ киiм аяқ 3 см және одан да жоғары қысқартылғанда, паралитикалық, варустық, эквиноварустық, вальгустық, жазық вальгустық және қуыс табандық, маймақ аяқтық, шораяқтық, табанның Шопар, Гритти, Лисфранк және Пирогов әдiсi бойынша кесiлген тұқылы кезiнде жасалады.
      Шамалы күрделi ортопедиялық аяқ киiм аяқ 3 см-ге дейiн қысқартылғанда, табан сүйектерiнің басы үлкейгенде, ұзына бойы және көлденең жалпақ табандық, башайлар шүрiппе және балға тәрiздес болғанда, өкше сүйегіне темiр орнатылғанда және табанның өзге де паталогиясы кезiнде жасалады.

      22. Күрделi ортопедиялық аяқ киiм (етіктен басқа):
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiрiлген адамдарға екі пар (жазғы немесе қысқы) тапсырыс берiлген сәттен бастап есептегенде, бiр жыл пайдалану мерзiмiмен;
      2) осы Ереженiң 12-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектерге жылына бiр пар мөлшерiнде (жазғы немесе қысқы);
      3) мүгедек-балаларға - жылына екі пар (жазғы және қысқы) беріледi.

      23. Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне және жеңілдiктер мен кепілдiктер бойынша оларға теңестірiлген адамдарға екi қолы бiрдей кесiлгенде не екi қолының функциялары күрт төмендегенде, не омыртқа жотасы зақымданғанда, сондай-ақ жамбас-сан буындарындағы анкилоздар кезінде бүйiрлік резеңкелерi бар аяқ киiм мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен беріледi.

      24. Жалпы аурудан және бала жасынан болған үшiншi топтағы мүгедектерге күрделi ортопедиялық аяқ киiм (жазғы немесе қысқы) 50 пайыздық құн жеңілдiгімен беріледi.

      25. Ортопедиялық аяқ киiм дайындау технологиясында көзделгендерден тыс қызметтер мен жұмыстарға (өрнектi тiгiс, микросаңылаулы ұлтан, сыздықты әрлеу, үлбiрлi жылылық не басқа да жақсартылған әрлеу), дайындау жеделдігіне Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiн, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарды және мүгедек-балаларды қоспағанда, тапсырыс берушілер ақы төлейдi.

4-тарау. Протездерге арналған аяқ
киiммен қамтамасыз ету

      26. Ұлы Отан соғысының қатысушыларына, мүгедектерiне, сондай-ақ жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдарға тапсырыс берілген сәттен бастан есептегенде, бiр жыл кию мерзiмiмен протездерге арналған бiр пар аяқ киiм беріледi.
      Мүгедек-балаларға - тапсырыс берiлген сәттен бастап бiр жыл кию мерзiмiмен екi пар (жазғы және қысқы мауыты) аяқ киiм беріледi.

      27. Осы Ереженiң 12-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектерге протездерге арналған аяқ киiмнің бiр пары құнының 50 пайыздық жеңiлдiгiмен беріледi.
      Үшіншi топтағы мүгедектерге мұндай аяқ киiм олардың өз қаражаты есебiнен қолданымдағы бағалар бойынша дайындалады.

      28. Протездерге арналған аяқ киім былғары алмастырғыштар пайдаланыла отырып, жылы астарсыз дайындалады.

      29. Жеңiлдiкпен не тегiн протездеуге құқығы бар мүгедектер бiр аяғы кесiлген және жұмыс протезiн ғана пайдаланған кезде, белгiленген тәртiппен сау аяғына екi сыңар аяқ киiммен қамтамасыз етіледi.

      30. Мүгедектерге ортопедиялық немесе протездiк бәтеңкелердiң орнына, олардың қалауы бойынша, өз қаражаты есебiнен етiктер дайындалуы мүмкiн.
      Бұл жағдайда тапсырысшыларға бәтеңке жасауға көзделген сомада етiктің құнына жеңiлдiк беріледi.

5-тарау. Емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық
құралдарымен қамтамасыз ету

      31. Пайдалану мерзiмi бiр жыл емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық құралдармен:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектерi, сондай-ақ жеңілдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдары;
      2) Қазақстан Республикасының Қаулы Күштерiнде әскери қызмет мiндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған әскери қызметшiлер;
      3) ішкі iстер органдарының, ұлттық қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының қызметтiк мiндеттерiн атқаруымен байланысты мүгедек болған адамдары;
      4) мүгедек-балалар қамтамасыз етіледi.

      32. Жалпы аурудан және бала жасынан болған бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, егер олар бұл азаматтарды мүгедектiкке әкеп соқтырған ауруды не жарақатты емдеуге арналса, емдеу-алдын алу протездiк-ортопедиялық құралдармен, бiр жыл пайдалану мерзiмiмен 50 пайыздық жеңiлдікпен қамтамасыз етіледi.

6-тарау. Протездiк-ортопедиялық құралдарды
есепке алудың, оларға тапсырыстарды ресiмдеудiң
және оларды берудiң тәртiбi

      33. Уәкілеттi орган протездiк-ортопедиялық көмектi қажет ететiн және осы көмектi мемлекеттік тапсырыс есебiнен алған мүгедектердiң есебiн жүргiзедi. Уәкілеттi орган облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау департаменттерiмен (басқармаларымен) бiрлесiп, мүгедектердi протездiк-ортопедиялық көмек алу үшiн жiберу жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады.
      Мүгедектердi қайта протездеуге жiберу не протездiк-ортопедиялық аяқ киiммен қамтамасыз ету протездердi және басқа да протездiк-ортопедиялық құралдарды ауыстырудың осы Ережеде белгіленген мерзiмдерінде жүргізіледi.

      34. Протездiк-ортопедиялық көмекке мұқтаж мүгедектерден тапсырыс қабылдауды жеткiзушi жүзеге асырады.
      Тапсырыстың сипаты мен түрiне қарай жеткiзушi мүгедектi стационарлық протездеу үшін шақырып алудың қажеттігiне тапсырысты оның қатысуынсыз орындау туралы шешiм қабылдайды. Шақыру алдын ала жiберiледi.

      35. Жол жүруге жарамайтын мүгедектерден тапсырыс қабылдау, қажет болған жағдайда, ақылы шақыру негiзiнде үйде жүзеге асырылады.

      36. Протездеуге келгендер жеткiзушiге:
      1) уәкілеттi органның жолдамасын;
      2) емдеуші дәрiгердiң жолдама-ұйғарымын, бастапқы протездеу кезiндегi ауру тарихынан көшірме үзiндіні;
      3)  рентген суреттерiн;
      4) мүгедектігі туралы анықтаманы;
      5) жеке куәлігін, мүгедек балалар үшiн - тууы туралы куәлiктi, тұрғындар есебi кiтабынан үзiндi көшiрменi ұсынады.

      37. Жеткiзуші барлық протездiк-ортопедиялық құралдарға протездеу картасын ашады. Толтырылған протездеу қартасы мен тапсырыс бланкiсi протездік-ортопедиялық құралдарды дайындаудың және оларды тапсырысшыларға берудiң тәртiбiн регламенттейтін есеп құжаттары болып табылады. Протездеу картасы тұрақты, тапсырыс бланкiсi - 5 жыл сақталады.

      38. Протездеу картасында протездiк-ортопедиялық құралдың, протездiк-ортопедиялық аяқ киiмнiң алдыңғы берiлген және жөнделген уақыты, сондай-ақ мүгедектiң мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен протезделу құқығы көрсетіледi.

      39. Тапсырыс бланкiсiне протездiк-ортопедиялық бұйымның құны туралы деректер, тұлғаның мәртебесiн растайтын куәлiктiң нөмiрi, оны кiм және қашан бергенi енгiзіледi.

      40. Өлшемей дайындау мүмкiн болмайтын күрделi протездiк-ортопедиялық құралдарға тапсырыстарды қабылдауды, әдетте жеткiзушi жүргізедi.
      Күрделi протездiк-ортопедиялық құралдарға: корсеттер, аппараттар, туторлар, обтураторлар, жамбасты сылығандағы, қол мен аяқтың қысқа және ұзын тұқылдарындағы протездер, қатты бекiтiлетiн протездер мен күрделi ортопедиялық аяқ киiмдi қоса алғанда, басқа да протездiк-ортопедиялық құралдар жатады.

      41. Мiндетті түрде өлшеп көрудi талап ететiн дайын протездiк-ортопедиялық құрал тапсырысшының жеке өзiне беріледi. Өлшеп көру талап етілмейтiн жағдайларда, алуға сенімхаты болса, бұйымды басқа адамға беруге жол беріледi не ол тапсырысшының тұратын жерiне мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жiберіледi.

      42. Жеткізушi ай сайын мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен дайындалған протездiк-ортопедиялық құралдар мен протездiк-ортопедиялық аяқ киімнің есебiн жүргiзедi және белгіленген нысан бойынша олардың тiзілiмiн, сондай-ақ ақы төлеу үшін уәкілеттi органға ұсынылатын орындалған қызметтердi қабылдап алу-беру актiсiн жасайды.

7-тарау. Протездiк-ортопедиялық құралдарды
дайындау мерзiмi мен оларды жөндеудiң тәртiбi

      43. Протездiк-ортопедиялық құралдар мен протездiк-ортопедиялық аяқ киiм кезектілік тәртiбiмен, өндiрiске тапсырыс берiлген күннен бастап 30 күнтізбелiк күннен асырылмай дайындалады.

      44. Ұсақ протездiк-ортопедиялық құралдар (обтураторлар, бандаждар, қолды ұстағыштар, супинаторлар, пронаторлар, балалардың емдеу бұйымдары) осы тәртіппен 7 жұмыс күнi шегiнде дайындалады.

      45. Протездiк-ортопедиялық құралды ақырғы рет өлшеу кезiнде тапсырысшыларға оны алуға келетiн күнi хабарланады.

      46. Тапсырысшының өлшеп көруге келуiн күту кезiнде бұйымның жатып қалған уақыты протездiк-ортопедиялық құралдың дайындалу мерзiмiне енгiзiлмейдi.

      47. Жасалу мерзiмiне:
      1) екiншi өлшеп көру белгiленген кезде - 5 жұмыс күнi;
      2) арнайы шала өнiм дайындау кезінде - 10 жұмыс күнiне дейін;
      3) аяғының не қолының екеуi де кесілген немесе екеуi де зақымданған кездегі протездік-ортопедиялық құралдарға көшірме нұсқаларды дайындау уақытын қоса алғанда - 10 жұмыс күнi қосылады. Дайындаудың жалпы мерзімі 45 жұмыс күнiнен аспауға тиiс.

      48. Мүгедектерге протездiк-ортопедиялық аяқ киiмдi жөндеу олардың өз қаражаты есебiнен кезектілік тәртiбiмен жүргiзіледi.

8-тарау. Протездеуге барумен байланысты
шығыстарды төлеудiң тәртiбi

      49. Стационарлық протездеудi қажет ететiн мүгедектер жеткiзушiнiң медициналық стационарына жатқызылады. Медициналық стационарға бару мен керi қарай жол жүрудi қоса алғанда, госпитальда жатудың барлық кезеңiне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзiмге еңбекке жарамсыздық парағы беріледi.

      50. Протездеуге барумен (тапсырыс беру, өлшеп көру, протездердi немесе күрделi ортопедиялық аяқ киiмдi алу үшiн) және протездеу уақытындағы оларды баптап күтумен байланысты шығыстарды жеткiзушi мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен төлейдi.

      51. Жол жүру темiр жолда - қатты плацкарт вагоны тарифi бойынша, су жолдарында - екiншi класс тарифi бойынша, тас немесе топырақты жолдарда - белгіленген тарифтер бойынша төленеді. Жүрдек поезбен жол жүру кезiнде жылдамдығы үшін ақы төленедi. Жеткiзушiге дейiн және керi қарай жол жүру құны ұсынылған билеттiң немесе темiржол вокзалы, автовокзал, кемежай кассасы берген анықтаманың негiзiнде төленедi.

      52. Протездеуге жол жүру ақысын төлеу жылына екi реттен аспайтын сапарға (тұрғылықты жерiнен протездеу пунктiне дейiн және керi қарай жүру бiр сапарға есептеле отырып) жүргізіледi.
      Бандажбен қамтамасыз етілу құқығы бар адамдарға жол шығыстары бiр сапарға ғана төленедi.

      53. Протездеуге баратын және ертіп жүрудi қажет ететiн бiрiншi топтағы мүгедектер мен мүгедек-балаларға протездеуге бару сапары кезiнде ертiп жүрушінің жолақы шығындары жылына бiр рет барып-келу бағыттарына, ертіп жүрушінің тiкелей өзiне төлқұжатын көрсеткенде төленедi.

      54. Мүгедектерге бастапқы протездеу кезiнде және мүгедек-балаларға тұқылдың қалыптасуына қарай протездердің ауыстырылуына байланысты жол ақыларын төлеу жылына екi рет жүргiзіледi.

3-бөлiм. Сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету

9-тарау. Жалпы ережелер

      55. Мүгедектердi сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына   сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      56. Мүгедектер сурдотехникалық құралдармен өтініштерінің, аумақтық орган әзiрлеген мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының негiзiнде қамтамасыз етіледi.
      Ескерту. 56-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      57. Сурдотехникалық құралдармен мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен:
      1) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушылары;
      2) жеңiлдiктер мен кепілдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдар;
      3) мүгедек-балалар;
      4) бiрiншi, екiншi, үшiншi топтағы мүгедектер қамтамасыз етіледi.

      58. Осы Ереженің 57-тармағында көрсетiлген адамдарға бiр есiту аппараты, ал есiту қабілетiн екi жақты симметриялық жоғалту кезiнде аумақтық органның қорытындысы бойынша - осы Ереженің 59-тармағында белгiленген құжаттарды ұсынған кезде екi есiту аппараты беріледi.
      Ескерту. 58-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      59. Осы Ереженің 57-тармағында көрсетiлген адамдар сурдотехникалық құралдарды алу үшiн мынадай құжаттарды:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары - төлқұжатын немесе жеке басының куәлiгiн, Ұлы Отан соғысы қатысушысының куәлiгiн және мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын;
      2) Ұлы Отан соғысының мүгедектерi - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, Ұлы Отан соғысы мүгедегінің куәлiгiн, мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын;
      3) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестірiлген адамдар - төлқұжатын немесе жеке куәлігін, жеңілдiктерге құқығы туралы белгiсi бар зейнеткерлiк куәлiгi мен мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын;
      4) мүгедек-балалар - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, кәмелетке толмағандар - туу туралы куәлiгiн, ата-анасының бiреуiнiң (қамқоршының, қорғаншының) төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, мүгедектi жеке оңалту бағдарламасын;
      5) бiрiншi, екiншi, үшiншi топтағы мүгедектер - төлқұжатын немесе жеке куәлiгiн, зейнеткерлiк куәлiгiн, мүгедекті жеке оңалту бағдарламасын ұсынады.

10-тарау. Есiту протезiнiң ерекшелiктерi

      60. Есiту протезi дәрiгер-сурдологтар, оториноларингологтар ауруларды жалпы лортексеру және аудиометриялық тексеру кезiнде белгілеген, әр құлағының есiтуiн орташа жоғалтуы 20 дБ-дан асатын адамдарға қолданылады.

      61. Мүгедектерге берілетiн есiту аппараттары медициналық айғақтамаларға және олардың орналасуына қарай құлақ iшiндегi, түтiк iшiндегi, құлақ сыртындағы, қалтадағы, көзiлдiрiк ұясындағы, ауыстырып қондырылатын, ауа және сүйек арқылы дыбысөткiзгіш болуы мүмкiн.
      Мүгедектердi есiту аппараттарымен, жиынтықты бұйымдармен, қосалқы бөлшектермен, олардың қоректендiру көздерiмен қамтамасыз етудi, сурдологиялық тексерудi, есiтудi протездеу көмегiн, есiту аппараттарын ірiктеудi, олардың техникалық сипаттамаларға сәйкестiгiне қорытынды берудi, сервистiк қызмет көрсетудi, жөндеудi тиiсті материалдық-техникалық базасы мен мамандары бар, қазiргi заманғы есiту аппараттарын iрiктеу және беру арқылы медициналық-әлеуметтiк оңалту мақсатымен есiту протез көмегiн көрсетуге, есiтудiң жай-күйiн қадағалауға, есiту аппараттарына техникалық қызмет көрсетуге маманданған ұйым (бұдан әрi - ұйым) жүргiзедi.

      62. Есiту қабілетiн екi жақты симметриялық жоғалтқан кезде күшейтуi бойынша бiрдей екi жақты есiту аппараттарын тағайындау жолымен екi жақты (бинауральдық) есiту протезi ұсынылады.

      63. Есіту функциясы ассиметриялық түрде бұзылған кезде моноуральдық есiту протезi тағайындалады.

      64. Есiтудiң сүйек-тiндік өткiзгіштігі бойынша төмендеуi 20дБ-дан аспаған, ал ауа арқылы өткiзгіштігі бойынша айқын бiлiнетiн сүйек-ауа интервалы кезiнде есiтудi жоғалту 50 дБ-дан астам болған жағдайда, сүйек арқылы дыбыс өткiзгіштігі бар жеке есiту аппараты тағайындалады.

      65. Есiту протезi есiту кемiстiгiн электроакустикалық түзету балалардың, ересек адамдардың ерекшелiктерi ескеріле отырып, оларды есiту аппаратына бейiмделуге мiндетті түрде үйрете отырып, сондай-ақ оны қолдану және ұзақ пайдалануға дағды алдыра отырып жүргiзіледі.

11-тарау. Сурдотехникалық құралдарға қажеттіліктi
қалыптастыру және мемлекеттік сатып алуды жүргiзу

      66. Сурдотехникалық құралдарға мұқтаж адамдар тұрғылықты тұратын жеріндегi қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерiне өтiнiш бередi.
      Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкiлетті орган), өтiнiштердiң және аумақтық органдар әзiрлеген мүгедектердi жеке оңалту бағдарламаларының негiзiнде, сурдотехникалық құралдарға қажеттілiкті олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып айқындайды.
      Ескерту. 66-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      67. Уәкілеттi орган комиссияны құрады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сурдотехникалық құралдарды сатып алуды жүргiзедi.

      68. Тапсырысшы мен сурдотехникалық құралдарды жеткiзушiнiң арасында жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың талаптарына сәйкес жеткiзушi уәкілетті органға сурдотехникалық құралдарды жеткізудi жүзеге асырады.

      69. Жеткізушіден сурдотехникалық құралдарды қабылдап алуды уәкiлетті орган жүзеге асырады.
      Сурдотехникалық құралдарды жеткізушiден қабылдау актiсi екi данада жасалады:
      1) бiрiншi данасы уәкілеттi органда қалады;
      2) екiншi данасы жеткізушiге берiледi.
      Актiлердің барлық даналарына уәкiлеттi органның және жеткiзушiнiң өкілдері қол қояды.

      70. Қабылдап алу процесiнде анықталған пайдалануға (қолдануға) жарамсыз сурдотехникалық құралдар жеткiзушіден қабылданбайды және олар мемлекеттiк сатып алу туралы шарттардың талаптарына сәйкес ауыстырылуға жатады.

      71. Уәкілетті орган мүгедектерге есiту протезi көмегiн көрсету үшiн есту аппараттарын ұйымдарға бередi.
      Уәкiлеттi органнан есiту аппараттарын қабылдап алу актiлерi екi данада жасалады:
      1) бiрiншi данасы уәкiлетті органда қалады;
      2) екiншi данасы ұйымға берiледi.
      Актiлердiң барлық даналарына уәкілетті органның және ұйымның өкілдерi қол қояды.

12-тарау. Сурдотехникалық құралдарды iрiктеу және беру

      72. Мүгедектерге есiту аппараттарын, есiту аппараттарына жинақтаушы бұйымдарды, есiту аппараттарының қоректендiру көздерiн iрiктеудi, дәлдеудi, берудi ұйым жүргізедi.
      Есiту аппараттарын беру есiту аппаратының нөмiрi, берiлген күні көрсетiле отырып және алушының қолы қойылып пациенттiң жеке медициналық-әлеуметтік картасында тiркеледi.

      73. Есiту аппараттары Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне кемiнде 3 жылдан кейiн және мүгедектердiң қалған санаттарына 4 жылдан кейiн ауыстырылады.
      Бейнекомпьютерлер, көп функционалды дабылдату жүйелері, телефакстер, мәтіндік хабарламалы және хабар қабылдайтын жинақы телефондар, саңыраулар мен нашар еститін адамдарға арналған сағаттар, кемінде 5 жылдан кейін ауыстырылады.
       Ескерту. 73-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.14. N 324 Қаулысымен.

      74. Ауыстырған кезде бұрын берiлген есiту аппараты ұйымға мiндеттi түрде қайтарылуға тиiс.

      75. Ұйым есіту аппаратын мерзiмiнен бұрын берудi:
      1) есiту қабілеті нашарлаған және есiту қабілетiн есiту аппаратының басқа түрiмен түзеу қажеттілігі кезiнде;
      2) ол ұрланған немесе өзге де объективтi себептер бойынша жоғалған жағдайларда уәкілетті органдардың тиiсті құжаттары негізiнде жүргiзедi.

      76. Ұйым Ұлы Отан соғысының мүгедектерi мен қатысушыларына 3 жылда бiр рет, бiрiншi, екiншi, үшінші топтағы мүгедектерге 4 жылда бiр рет мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен есiту аппараттарын жөндеудi жүргiзедi, дыбыс өткiзгiш сымдарды, батарейкаларды немесе стандарттық зауыт жинаған аккумуляторларды, медициналық-әлеуметтiк картада берiлген күнін мiндетті түрде белгілеп және алған адамның қолын қойғызып бередi.

      77. Уәкілетті орган жеткiзушілерден алған басқа да сурдотехникалық құралдар қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімдерiне алынған сурдотехникалық құралдардың атауы мен саны көрсетіле отырып, актi бойынша беріледi.

      78. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерi басқа да сурдотехникалық құралдарды берудi тiзiм бойынша мүгедектiң тегiн, атын, әкесінің атын, зейнетақы куәлiгiнiң нөмiрiн, туған күнін, тұратын жерiн, алған сурдотехникалық құралдың атауын, алған күнін, алу туралы белгісiн көрсете отырып жүргiзедi.

13-тарау. Сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз
ету жөнiндегі есептілік

      79. Ұйымдар мүгедектерге есiту аппараттарын берудi белгiленген нысандағы тiзiмдеме бойынша жүзеге асырады. Тiзiмдемеде берiлген күнi, тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, әлеуметтік мәртебесi, тұрғылықты мекен-жайы, төлқұжатының немесе жеке куәлігінiң, зейнетақы куәлiгiнiң нөмiрi, есiту аппаратының маркасы мен нөмiрi, сондай-ақ есiту аппаратын алғанына қойған қолы көрсетіледі.

      80. Ұйым ай сайын есіту аппараттарының берілу есебi тізiмдемесiнің бiр данасын уәкілетті органға екi данадағы орындалған жұмыстардың тапсыру-қабылдап алу актісiн жасай отырып бередi.

      81. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерi сурдотехникалық құралдарды бергеннен кейiн бiр айдың iшiнде уәкілеттi органға мүгедектiң тегiн, атын, әкесiнiң атын, зейнетақы куәлiгiнiң нөмiрiн, туған күнiн, тұрғылықты мекен-жайын, алған сурдотехникалық құралдың атауын, берiлген күнiн, сондай-ақ алғандығына қойған қолын көрсете отырып сурдотехникалық құралдарды алған мүгедектердiң тiзiмiн бередi.

4-бөлiм. Тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету

14-тарау. Жалпы ережелер

      82. Бiрiншi және екінші топтағы мүгедектердi, мүгедек-балаларды тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      83. Бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, мүгедек-балалар тифлотехникалық құралдармен өтініштерінің, аумақтық орган әзiрлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы негiзiнде қамтамасыз етіледi.
      Ескерту. 83-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

15-тарау. Тифлотехникалық құралдарға қажеттiлiктi
қалыптастыру және мемлекеттiк сатып алуды жүргiзу

      84. Тифлотехникалық құралдарды қажет ететiн бiрiншi және екiншi топтағы мүгедектер, мүгедек-балалар тұрғылықты тұратын жерiндегi қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерiне өтініш бередi.
      Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкiлетті орган) өтiнiштердiң, аумақтық орган әзiрлеген мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының негізiнде, олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып, тифлотехникалық құралдарға қажеттiлiктi айқындайды.

      85. Уәкілеттi орган комиссия құрады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тифлотехникалық құралдарды сатып алуды жүргiзедi.

      86. Тапсырысшы мен тифлотехникалық құралдарды жеткiзушiнiң арасында жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына сәйкес жеткiзуші уәкілетті органға тифлотехникалық құралдарды жеткiзудi жүзеге асырады.

      87. Жеткізушiден тифлотехникалық құралдарды қабылдап алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Тифлотехникалық құралдарды жеткiзушiден қабылдау актісi екi данада жасалады:
      1) бiрiншi данасы уәкілетті органда қалады;
      2) екiншi данасы жеткізушiге беріледi.
      Актілердiң барлық даналарына уәкілетті органның және жеткiзушiнiң өкілдерi қол қояды.

      88. Қабылдап алу кезiнде анықталған пайдалануға (қолдануға) жарамсыз тифлотехникалық құралдар жеткізушіден қабылданбайды және олар мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың талаптарына сәйкес ауыстырылуға жатады.

16-тарау. Тифлотехникалық құралдарды
беру және есептілiк

      89. Уәкілеттi орган жеткізушiден алған тифлотехникалық құралдар алынған тифлотехникалық құралдардың атауы мен олардың саны көрсетiле отырып, актi бойынша, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерiне беріледi.

      90. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерi мүгедектің тегiн, атын, әкесiнiң атын, зейнеткерлік куәлiгiнiң нөмiрiн, туған күнiн, тұратын жерiн, алған тифлотехникалық құралдың атауын, алынған күнiн, алғандығы белгісiн көрсете отырып тифлотехникалық құралдарды тiзiм бойынша берудi жүргiзедi.
      90-1. Тифломагнитолалар, компьютерлік тифлокешендер, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған құрал, диктофондар, дыбыс жазбаны қайта тыңдауға арналған плейерлер, нашар көретін адамдарға арналған сағаттар кемінде 5 жылдан кейін ауыстырылады.
      Оқитын машиналар кемінде 3 жылдан кейін, жіңішке таяқтар, Брайль жүйесі бойынша жазуға арналған грифель - 2 жылдан кейін ауыстырылады.
       Ескерту. 90-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2009.03.14. N 324 Қаулысымен.

      91. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерi тифлотехникалық құралдар берiлгеннен кейiнгі бiр ай iшiнде, мүгедектiң тегiн, атын және әкесінің атын, зейнеткерлiк куәлiгiнiң нөмірiн, туған күнін, тұратын жерiн, алған тифлотехникалық құралдың атауын, берілген күнiн, алғандығын растап қойған қолын көрсете отырып, тифлотехникалық құралдар алған мүгедектердiң тiзiмдерiн уәкілетті органға ұсынады.

5-бөлiм. Мiндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету

17-тарау. Жалпы ережелер

      92. Мiндетті гигиеналық құралдар деп мүгедектердiң табиғи физиологиялық мұқтаждықтары мен қажеттілiктерiн қанағаттандыруға арналған несеп қабылдағыштар, нәжiс қабылдағыштар, жөргектермен ұғынылады.
      Ескерту. 92-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      93. Мүгедектердi міндеттi гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына   сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      94. Мүгедектер мiндетті гигиеналық құралдармен өтiніштерінің,  аумақтық орган әзiрлеген мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының негiзiнде қамтамасыз етіледi.
      Ескерту. 94-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94-1. Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету мүгедекті жеке оңалту бағдарламасына сәйкес медициналық айғақтамалар негізінде осы Ережеге қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
      Тері қабаты тұтастығының ауқымды бұзылуы, сондай-ақ бұтаралық аумақта тері ауруларының болуы мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен (жөргектермен) қамтамасыз етуге қарсы медициналық айғақтама болып табылады.
      Ескерту. 94-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94-2. Міндетті гигиеналық құралдарға мұқтаж мүгедектер мынадай құжаттарды:
      1) мүгедекті жеке оңалту бағдарламасынан үзінді көшірмені;
      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты;
      3) мүгедек балалар - жеке басын куәландыратын құжатты, кәмелетке толмағандар - баланың туу туралы куәлігін және ата-анасының (қамқоршының, қорғаншының) бірінің жеке басын куәландыратын құжатты;
      4) мүгедектігі туралы анықтаманы қоса беріп, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш жасайды.
      Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен және көшірмелерімен беріледі, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары, құжаттардың қабылданған күні мен уақыты, оларды қабылдаған тұлғаның тегі мен аты-жөні көрсетілетін растама бере отырып, өтініш иесіне қайтарылады.
      Ескерту. 94-2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94-3. Өзі барып өтініш жасау мүмкін болмаған жағдайда, мүгедек нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат негізінде міндетті гигиеналық құралдар беру туралы өтініш жасауға басқа адамдарға уәкілеттік бере алады.
      Ескерту. 94-3-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94-4. Мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар беру туралы шешімді (бұдан әрі - шешім) қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері барлық қажетті құжаттар болған кезде құжаттар қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылдайды.
      Шешім қабылданғаннан кейін қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілуге тиіс мүгедектер туралы мәліметтерді жасайды және міндетті гигиеналық құралдарға қажеттілікті қалыптастырады.
      Ескерту. 94-4-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      94-5. Қалыптастырылған қажеттілік негізінде қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес міндетті гигиеналық құралдарды сатып алуды жүргізеді.

      18-тарау. <*>
      Ескерту. 18-тарау алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2006.03.14. N  162 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

19-тарау. Мiндетті гигиеналық құралдарды
беру және есептілік

      100. Жеткiзушi мiндеттi гигиеналық құралдарды, атауы мен олардың санын көрсете отырып, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмдерiне актi бойынша бередi.
      Жеткізушіден міндетті гигиеналық құралдарды қабылдауды қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жүзеге асырады.
      Жеткізушіден міндетті гигиеналық құралдарды қабылдау актілері екі данада жасалады:
      1) бірінші данасы қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде қалады;
      2) екінші данасы жеткізушіге беріледі.
      Актілердің барлық даналарына қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және жеткізушінің өкілдері қол қояды.
      Ескерту. 100-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.03.14. N 162 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерту енгізілді - 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      101. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерi міндеттi гигиеналық құралдарды берудi мүгедектің тегін, атын, әкесiнiң атын, зейнеткерлiк куәлігінің нөмiрiн, туған күнiн, тұрғылықты жерiн, алған міндетті гигиеналық құралдың атауын, алған күнiн, алғандығы белгiсiн көрсете отырып тiзiм бойынша жүргiзедi.

      101-1. Міндетті гигиеналық құралдар мүгедектерге өтініш жасалған айдан бастап беріледі.
      Ескерту. 101-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      102. Табиғи физиологиялық мұқтаждар мен қажеттілiктердi қанағаттандыруға арналған мiндетті гигиеналық құралдар мүгедектерге бiр жылға мынадай мөлшерде берiледi:
      1) тiрек-қозғалыс аппаратының бұзылушылығы бар мүгедектерге жөргектермен - 480 дана;
      2) несепжыныс жүйесiнің бұзылушылығы бар мүгедектерге несеп қабылдағыштар - 12 дана;
      3) iшек ауруы бар мүгедектерге нәжiс қабылдағыштар - 12 дана.
      Ескерту. 102-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      103. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімдерi мiндетті гигиеналық құралдар берiлгеннен кейiн бiр айдың iшiнде мүгедектiң тегін, атын, әкесiнің атын, зейнеткерлiк куәлiгiнiң нөмiрiн, туған күнiн, тұрғылықты жерiн, алған мiндетті гигиеналық құралдың атауын, берiлген күнiн, алғандығына тұлғаның қойған қолын көрсете отырып уәкiлеттi органға гигиеналық құралдарды алған мүгедектердiң тiзiмiн ұсынады.

Мүгедектерді протездік-ортопедиялық
көмекпен және техникалық көмекші
(орнын толтырушы) құралдармен  
қамтамасыз ету ережесіне    
қосымша            

      Ескерту. Ереже қосымшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз
етуге медициналық айғақтамалар

      1. Мүгедектерді жөргектермен қамтамасыз етуге:
      1) ағзаның аурулар және/немесе жарақаттар салдарынан туындаған несеп пен нәжістің тоқтамауы түрінде жамбас органдары функцияларының бұзылуына ұласқан статикалық-динамикалық бұзылушылықтары;
      2) өзінің мінез-құлқын бақылауының бұзылуынан туындаған психикалық бұзылушылықтар салдарынан несеп пен нәжістің тоқтамауы;
      3) жамбас органдары функцияларының несеп жолдары мен тік ішектің жарақаттануы, жұлынның, несеп шығару жүйесі мен асқазан-ішек трактісінің туа біткен ауытқулары салдарынан несеп пен нәжістің тоқтамауы түріндегі бұзылуы медициналық айғақтамалар болып табылады.
      2. Мүгедектерді несеп қабылдағыш пен нәжіс қабылдағышпен қамтамасыз етуге ішек немесе қуық стомасының болуы медициналық айғақтамалар болып табылады.

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2005 жылғы 20 шілдедегі
N 754 қаулысымен 
бекітілген   

      Ескерту. Қаулы Ережелермен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші
топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі
бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі
маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі Заңына сәйкес әзірленді және жеке оңалту бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге көрсетіледі.

      3. Ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері бір мүгедекке жылына отыз сағаттан асырмай естімейтіндігі бойынша мүгедектерге көрсетіледі.

2. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік
қызметтерін көрсетудің тәртібі

      4. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органы әзірлеген мүгедекті жеке оңалту бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады.

      5. Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін алу үшін жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер және естімейтіндігі бойынша мүгедектер мынадай құжаттарды:
      1) мүгедекті жеке оңалту бағдарламасынан үзінді көшірмені;
      2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты;
      3) мүгедектігі туралы анықтаманы қоса беріп, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне өтініш жасайды.
      Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларымен және көшірмелерімен беріледі, кейіннен құжаттардың түпнұсқалары, құжаттардың қабылданған күні мен уақыты, оларды қабылдаған тұлғаның тегі мен аты-жөні көрсетілетін растама бере отырып, өтініш иесіне қайтарылады.

      6. Өзі барып өтініш жасау мүмкін болмаған жағдайда, мүгедек нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат негізінде жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету туралы өтінішті жасауға басқа адамдарға уәкілеттік бере алады.

      7. Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері мүгедектерге осы Ережеге қосымшаға сәйкес медициналық айғақтамалар негізінде мүгедекті жеке оңалту бағдарламасына сәйкес көрсетіледі.
      Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсетуге мамандандырылған медициналық ұйымдарда емделуді талап ететін мынадай аурулар:
      бактерия тарататын туберкулез (БК+);
      жұқпалы тері және шаш аурулары;
      жыныс аурулары;
      адамның қорғаныш тапшылығы қоздырғышынан (АҚТҚ) туындаған ауру;
      неврозды, невроз тәріздес жай-күйлерді, жеңіл дәрежедегі есуастықты, ұстамалары сирек (2-3 айда бір реттен аспайтын) түрлі этиологиядағы тырыспа синдромдарын қоспағанда, жарыместіксіз және жеке тұлғаның білініп бұзылуынсыз орны алатын психикалық бұзушылықтар.
       Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.14. N 324 Қаулысымен.

      8. Жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсету туралы шешімді (бұдан әрі - шешім) қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері барлық қажетті құжаттар болған кезде құжаттар қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қабылдайды.
      Шешім қабылдағаннан кейін қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерімен қамтамасыз етілуге тиіс мүгедектер туралы мәліметтерді жасайды және көрсетілген қызметтерге қажеттілікті қалыптастырады.

      9. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін сатып алуды жүргізеді.

      10. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жеке көмекшінің немесе ымдау тілі маманының арасындағы қатынастар әлеуметтік қызметтерді көрсетуге арналған шартпен (бұдан әрі - шарт) ресімделеді.
      Шартта жеке көмекшіге және ымдау тілі маманынына қойылатын талаптар мен олар көрсететін әлеуметтік қызметтердің түрлері ескеріледі:
      1) мүгедекпен бірге тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтарда: жұмысқа, оқу орындарына; сондай-ақ мүгедек жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала объектілеріне, заң консультацияларына, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына, сауда объектілеріне, медициналық мекемелерге, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына және оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін өзге де ұйымдарға барған кезде ілесіп жүру;
      2) еститін және естімейтін адамдардың арасындағы делдалдық қызметті көрсетумен байланысты жұмысты орындау: мүгедектің конференцияларға, пікірталастарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуы уақытында; мүгедектің оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, мемлекеттік органдар мен консультациялық ұйымдарда ақпарат алуына, қажетті құжаттарды ресімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін еститін адамдармен араласуы кезінде ымдау тілінен және ымдау тіліне кәсіби аударма жасау.
       Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2009.03.14. N 324 Қаулысымен.

      11. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері мен жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсететін үкіметтік емес ұйым арасындағы қатынастар мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға арналған шартпен ресімделеді.

      12. Жеке көмекші мен ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеу шарттары, оның ішінде жол жүру шығыстары мен басқалары, сондай-ақ жұмыс уақытының есебі, мүгедектерге қызмет көрсету нормативтері мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі шартта ескеріледі.

      13. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтеріне ақы төлеуді қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманның бір сағаттық жалақысы мөлшері есебімен, бірақ күніне 8 сағаттан асырмай, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың азаматтық қызметшілеріне, қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес жүргізеді.

      14. Ымдау тілі маманының бір сағаттық әлеуметтік қызметіне ақы төлеу тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Заңда белгіленген ең төмен айлық жалақының он бес пайызы мөлшері есебімен, бірақ бір мүгедекке жылына отыз сағаттан асырылмай жүзеге асырылады.
      Ымдау тілі маманының жылына отыз сағаттан артық әлеуметтік қызметтер көрсетуіне кеткен уақытын мүгедек өз қаражаты есебінен төлейді.

Ережеге қосымша   

      Ескерту. Ереже қосымшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі), өзгерту енгізілді - 2009.03.14. N 324   Қаулыларымен.

Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік
қызметтерін көрсетуге медициналық айғақтамалар

      1. Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсетуге:
      1) толық соқырлық;
      2) түзетумен екі көзінің де 0,03 дейін көру жітілігі;
      3) елеулі немесе айқын түрде білінетін вестибулярлық-мишықтың бұзылуы;
      4) елеулі немесе айқын түрде білінетін гиперкинетикалық амиостатикалық синдром;
      5) паркинсонизм (елеулі немесе айқын түрде білінетін акинетикалық-регидтік түрі);
      6) елеулі немесе айқын түрде білінетін: ауру немесе жарақаттар салдарынан туындаған гемипарез, төменгі парапарез, трипарез;
      7) гемиплегия, триплегия, параплегия;
      8) елеулі немесе айқын түрде білінетін қан айналымы және тыныс функцияларының бұзылуы (III кезеңдегі қан айналым жеткіліксіздігі, IV функционалдық сыныпты стенокардияға сәйкес қан тамыр жеткіліксіздігі, ІІ-ІІІ және III кезеңдегі өкпе-жүрек жеткіліксіздігімен қосарланған III дәрежелі тыныс жеткіліксіздігі және т.б.);
      9) елеулі немесе айқын түрде білінетін несеп шығару жүйесі қызметінің бұзылуы (ІІІ-ІV дәрежедегі созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі);
      10) буын функцияларының ІІІ-ІV дәрежеде бұзылуымен қатар ағзаның статикалық-динамикалық функцияларының елеулі немесе айқын түрде білініп бұзылуы;
      11) қолдардың екеуінің де протездеуге жарамсыз және жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындататын ампутациялық тұқылдары;
      12) қолдардың екеуінде де протездеуге жарамсыз және жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындататын туа біткен ауытқулардың болуы;
      13) екі санның протездеуге жарамсыз ампутациялық тұқылдары;
      14) протездеуге жарамсыз жүріп-тұру құралдарын пайдалануды қиындататын, қолдардың білінетін функционалдық бұзушылықтары бар балтырлардың ампутациялық тұқылдары;
      15) жүріп-тұрудың III дәрежеде бұзылуымен қоса аяқтардың дамуындағы туа біткен ауытқулар;
      16) қолдардың жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындатып айқын білінетін функционалдық бұзылушылықтарымен қосарланған буындар функцияларының ІІІ-IV дәрежеде бұзылуымен қоса жамбастың және тізе буындарының екеуінің де функционалдық тұрғыдан қолайсыз қалыптағы анкилоздары;
      17) қолдардың жүріп-тұру құралдарының қолданылуын қиындатып айқын білінетін функционалдық бұзылушылықтарымен қосарланған буындар функцияларының ІІІ-ІV дәрежеде бұзылуымен қоса жамбастың және тізе буындарының екеуінің де елеулі немесе айқын білінетін контрактуралары медициналық айғақтамалар болып табылады.
      2. Ымдау тілінің машықтарын меңгерген мүгедекке ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін көрсетуге:
      1) керең-мылқаулық;
      2) есту протезін қолдануға жарамсыз толық кереңдік;
      3) есту протезін қолдануға жарамсыз ІV дәрежедегі құлақ мүкістігі;
      4) қимылдық афазия;
      5) көмекейдің болмауы медициналық айғақтамалар болып табылады.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметiнің        
2005 жылғы 20 шілдедегі 
N 754 қаулысымен     
бекiтілген        

Мүгедектердi арнаулы жүріп-тұру құралдарымен
қамтамасыз ету ережесi

1. Жалпы ережелер

      Осы Ереже "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуiрдегі Заңына сәйкес әзiрлендi және мүгедектердi тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметi бекiтетін арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етудiң тәртiбiн белгiлейдi.

      1. Арнаулы жүріп-тұру құралдары деп мүгедектердiң белсендi және баяу жүріп-тұруы үшiн техникалық көмек көрсету түрi ұғынылады.

      2. Техникалық көмек мүгедектердi кресло-арбалармен қамтамасыз етуден тұрады.

      3. Мүгедектердi кресло-арбалармен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен, өтінiштердiң, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің аумақтық органы (бұдан әрi - аумақтық орган) әзiрлеген мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасының негiзiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

      4. Жұмыс берушінің кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектер кресло-арбалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебiнен мүгедекте оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қамтамасыз етіледi.

      5. Жұмыс берушінiң - жеке кәсіпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушінiң кiнәсiнен жұмыста мертiгуге ұшыраған немесе кәсiптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге кресло-арбалар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырыс есебiнен беріледi.

2. Кресло-арбаларға қажеттiлiктi қалыптастыру
және мемлекеттiк сатып алуды жүргізу

      6. Кресло-арбаларды қажет ететiн мүгедектер тұрғылықты тұратын жерi бойынша қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерiне өтiнiш бередi.

      7. Облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - уәкілеттi орган) өтiнiштердiң, аумақтық орган әзiрлеген мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламаларының негiзiнде кресло-арбаларға қажеттілiкті, олардың тiзбесi мен санын көрсете отырып айқындайды.

      8. Уәкілеттi орган комиссияны құрады және Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес кресло-арбаларды сатып алуды жүргiзедi.

      9. Тапсырысшы мен кресло-арбаларды жеткiзушiнiң арасында жасалған мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың талаптарына сәйкес жеткiзушiлер кресло-арбаларды уәкілеттi органға жеткiзудi жүзеге асырады.

      10. Кресло-арбаларды жеткiзушіден қабылдап алуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Жеткiзушіден кресло-арбаларды қабылдап алу актісі екі данада жасалады:
      1) бiрiншi данасы уәкілеттi органда қалады;
      2) екіншi данасы жеткiзушiге беріледi.
      Актілердiң барлық даналарына уәкілетті орган мен жеткiзушінің өкiлдерi қол қояды.

      11. Қабылдап алу процесінде анықталған пайдалануға (қолдануға) жарамсыз кресло-арбалар жеткiзушілерден қабылданбайды және олар мемлекеттік сатып алу туралы шарттың талаптарына сәйкес ауыстырылуға тиiс.

3. Кресло-арбаларды беру және есептiлiк

      12. Жеткізушiден уәкілеттi орган алған кресло-арбалар алынған кресло-арбалардың атауы мен олардың саны көрсетіле отырып, қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерiне актi бойынша беріледi.

      13. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерi кресло-арбаларды берудi мүгедектiң тегін, атын, әкесiнiң атын, зейнеткерлiк куәлігінің нөмiрiн, туған күнін, тұратын жерiн, алған кресло-арбаның атауын, алған күнін, алғаны туралы белгiсiн көрсете отырып тiзiм бойынша жүргiзедi.

      14. Жұмыс берушiнiң кiнәсiнен еңбек жарақатына ұшыраған немесе кәсiптік ауруға шалдыққан мүгедектер кресло-арбалармен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сай жұмыс беруші қаражатының есебiнен қамтамасыз етiледi.

      15. Жұмыс берушінің - жеке кәсiпкердiң қызметi тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушiнің кiнәсінен еңбек жарақатына ұшыраған немесе кәсіптiк ауруға шалдыққан мүгедектерге кресло-арбалар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк тапсырыс қаражаты есебiнен берiледi.

      16. Бөлмелiк кресло-арбалар мүгедектерге жетi жыл, серуендiк кресло-арбалар - төрт жыл пайдалану мерзiмiне берiледi.

      17. Қалалық, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлiмдерi кресло-арбалар берiлгеннен кейiн бiр ай ішінде уәкiлеттi органға мүгедектiң тегiн, атын, әкесінің атын, зейнеткерлік куәлігінің нөмiрiн, туған күнiн, тұратын жерiн, алған кресло-арбаның атауын, берiлген күнiн, алғаны туралы тұлғаның қойған қолын көрсете отырып, кресло-арбаларды алған мүгедектердiң тiзiмiн бередi.

Қазақстан Республикасы  
Үкіметiнің        
2005 жылғы 20 шілдедегі 
N 754 қаулысымен     
бекiтілген        

Мүгедектерге және мүгедек балаларға
санаторий-курорттық емделудi ұсыну ережесi

1. Жалпы ережелер

      Осы Ереже мүгедектер мен мүгедек балаларға, олардың организмiнiң бұзылған немесе жоғалтқан функциялары мен денсаулығын қалпына келтiруге бағытталған медициналық оңалту мақсатында санаторий-курорттық емделудi ұсынудың тәртiбiн белгілейдi.

      1. Санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз етудi жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектер мен мүгедек балаларға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық жолдама (бұдан әрi - жолдама) беру арқылы жүзеге асырады.

      2. Жолдамаларды облыстардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтiк бағдарламалар департаменттерi (басқармалары), республикалық маңызы бар қаланың, астананың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерi (басқармалары) (бұдан әрi - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкiлетті органы) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебiнен сатып алады.

      3. Мүгедектердiң және мүгедек балалардың санаторий-курорттық емделуге арналған құжаттарын ресiмдеудi және есепке алуды аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi (бұдан әрi - ауданның (қаланың) уәкiлетті органы) жүргiзедi.

      4. Ауданның (қаланың) уәкiлетті органы өтiнiштердi тiркеу және жолдамаларды беру журналын жүргiзедi (жоғарыда аталған Ережеге 2-қосымша ).
      Журнал нөмiрленген, тігілген және ауданның (қаланың) уәкiлетті органының мөрiмен расталған болуы тиiс.

2. Өтініш берудің тәртiбi

      5. Мүгедектер, не олардың жазбаша келiсiмiмен басқа адам, сондай-ақ мүгедек балалардың заңды өкілдерi белгiленген нысандағы өтiнiштi (жоғарыда аталған Ережеге 1-қосымша ) ауданның (қаланың) уәкілеттi органына бередi.
      Өтінішке мынадай құжаттар:
      1) өтiнiш берушінiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      2) мүгедек-балалар үшін - баланың туу туралы куәлiгiнiң көшiрмесi және оның заңды өкiлiнiң жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;
      3) денсаулық сақтау ұйымы берген санаторий-курорттық картаның көшiрмесi;
      4) тұрғындар есебiнiң кiтабы;
      5) мүгедектігі туралы анықтамадан үзiндi көшiрме мен мүгедектi оңалтудың жеке бағдарламасынан үзiндi көшiрме;
      6) мүгедектiң жазбаша келiсiмiмен басқа адам өтiнiш бергенде - оның жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi қоса беріледi.

      6. Санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар ауданның (қаланың) уәкілеттi органына салыстыру үшін түпнұсқалар мен көшiрмелер түрiнде беріледi. Салыстырудан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтінiш берушiге қайтарылады.
      Ауданның (қаланың) уәкілетті органының мамандары құжаттардың көшiрмелерiн куәландырады және оларды iс-қағазына қосып қалыптастырады.

      7. Ауданның (қаланың) уәкілеттi органы қажетті құжаттардың барлығы болған жағдайда жолдама беру туралы шешiм қабылдайды.

3. Санаторий-курорттық емделуге арналған
жолдамаларды сатып алу мен берудiң тәртiбi

      8. Ауданның (қаланың) уәкілеттi органы өтiнiш берген, оларға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық емделу ұсынылған мүгедектер мен мүгедек балалардың тiзiмiн қалыптастырады.

      9. Ауданның (қаланың) уәкілетті органы өтінiштердi тiркеудi олардың келiп түсу тәртiбiмен жүзеге асырады.

      10. Ауданның (қаланың) уәкілетті органы қалыптастырылған тiзiмдердi 10 күнтізбелік күн iшiнде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкілеттi органына ұсынады.

      11. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкілеттi органы ұсынылған тiзiмдерге сәйкес жолдамаларды ауданның (қаланың) уәкілетті органдарының арасында, оларды мақсаты бойынша пайдалану үшін бөледi.

      12. Жолдаманы ауданның (қаланың) уәкiлетті органы санаторий-курорттық емделуге құқығы бар адамның қолына не оның жазбаша келiсiмi бойынша өтiнiште көрсетілген басқа адамға бередi.
      Мүгедек балаға жолдама оның заңды өкілінің қолына берiледi.

      13. Жолдама беруден бас тартқан жағдайда ауданның (қаланың) уәкілеттi органы өтініш қабылданған күннен бастан 5 жұмыс күні iшiнде өтiнiш берушiге жазбаша дәлелдi бас тарту беруге мiндетті.

      14. Жолдаманы белгілі бiр себептермен (қайтыс болу, сырқаттану және ауданның (қаланың) уәкiлетті органы дәлелдi деп таныған басқа да) пайдалануға мүмкiндiк болмаған жағдайда, ол ауданның (қаланың) уәкiлетті органына қайтарылуы және кезектiлік тәртiбiмен басқа адамға берiлуi тиiс.
      Жолдаманы қайтару өтініштердi тiркеу және жолдамалар беру журналында белгiленедi.

      15. Жолдама дәлелдi себептер бойынша пайдаланылмаған жағдайда, берiлген жолдама мүмкiндігінше келу кестесiне сәйкес басқа кезеңнiң жолдамасына, бiрақ ауыстырылуға тиiс жолдамада көрсетілген келу басталғанға дейiн үш күннен кешiктiрiлмей ауыстырылуы мүмкін.

      16. Жолдамалар күнтiзбелiк жылда бiр рет, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың уәкiлетті органы белгiлеген мерзiмге беріледi.

                                         Мүгедектер мен мүгедек
                                     балаларға санаторий-курорттық
                                        емделудi ұсыну ережесiне
                                                 1-қосымша

       Санаторий-курорттық емделуге жолдама беру туралы
                            ӨТIНIШ

Тегi ______________________________________________________________
Аты _______________________________________________________________
Әкесiнiң аты ______________________________________________________
Туған күнi ________________________________________________________
Мyгедектiгi _______________________________________________________
Мекен-жайы ________________________________________________________
Телефоны __________________________________________________________

      Маған санаторий-курорттық емделуге бiр жолдама берудi сұраймын.
      Мынадай құжаттардың көшiрмелерiн қоса берiп отырмын:
1. ________________________________________________________________
2. ________________________________________________________________
3. ________________________________________________________________
4. ________________________________________________________________
5. ________________________________________________________________

   200__ ж. "__" _________  ______________________________________
                            (өтінiш берушінiң немесе өтінiш берген
                                        адамның қолы)

Өтініш берушi ұсынған құжаттар
көшiрмелерінiң дұрыстығын растаймын: ______________________________
                                      (Өтініштi қабылдаған адамның
                                            Т.А.Ә., лауазымы)

                                     200__ ж. "__" ______  ________
                                                            (қолы)

                                         Мүгедектер мен мүгедек
                                     балаларға санаторий-курорттық
                                        емделудi ұсыну ережесiне
                                                 2-қосымша

        Өтiнiштердi тiркеу және жолдамалар беру журналы

Р/с
N

Тегі, аты,
әкесінің аты

Мүгедектiгi

Мекен-жайы
және
телефоны

Өтiнiштi
қабылдау
күні

Өтiнiштi
кім берді

1

2

3

4

5

6

1






2






3






  кестенің жалғасы

Емдеушi
дәрiгерлер
ұсынған
санаторий

Жолдама
берілген
санаторий-
дiң атауы

Жолдама
берілген
кезең

Өтiнiш
берушiнiң не
жолдама алған
адамның қолы

Жолдаманың
қайтарылған
күнi және
себептерi

7

8

9

10

11
















        Ескерту. Журнал өтiнiштердiң келiп түсуi бойынша қатаң
дәйектiлiкпен толтырылады.

Қазақстан Республикасы   
Yкiметiнiң         
2005 жылғы 20 шiлдедегі  
N 754 қаулысымен     
бекiтілген        

      Ескерту. Тізбеге өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.02.19. N 160 (2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.

Мүгедектерге берiлетiн техникалық көмекшi
(орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы
жүрiп-тұру құралдарының тiзбесi

      1. Протездiк-ортопедиялық құралдар:
      1) қол протездерi (иық протездерi, білек протездерi, қол-саусақ протездерi);
      2) жілiншiк протездерi;
      3) жамбас протездерi;
      4) кеуде бездерінiң протездерi;
      5) аппараттар, туторлар, ортездер;
      6) балдақтар, таяқтар, жетек арбалар;
      7) корсеттер, реклинаторлар, басұстағыштар;
      8) бандаждар, емдiк белбеулер, балалардың алдын алу шалбаршалары;
      9) ортопедиялық аяқ-киiм және қосымша тетiктер (кебiстер, супинаторлар);
      10) аппараттарға арналған аяқ-киiм.
      2. Сурдотехникалық құралдар:
      1) есту аппараттары;
      2) бейнекомпьютерлер;
      3) көп функционалды дабылды жүйелер;
      4) телефакстер;
      5) мәтiндiк хабарламасы және хабарды қабылдау қызметi бар ұялы телефондар;
      6) саңырау және нашар еститiн адамдарға арналған сағаттар.
      3. Тифлотехникалық құралдар:
      1) таяқтар;
      2) тифломагнитолалар;
      3) оқу машиналары;
      4) компьютерлiк тифлокешендер;
      5) Брайл жүйесi бойынша жазу құралы;
      6) Брайл жүйесi бойынша жазу грифелi;
      7) рельефтi-ноқатты қарiппен жазуға арналған қағаз;
      8) диктофондар;
      9) дыбыс жазбасын шығаруға арналған плейерлер;
      10) нашар көретiн адамдарға арналған сағаттар.
      4. Арнаулы жүрiп-тұру құралдары:
      1) бөлмелiк кресло-арбалар;
      2) серуен кресло-арбалары.
      5. Міндетті гигиеналық құралдар:
      1) несеп қабылдағыштар;
      2) нәжіс қабылдағыштар;
      3) жөргектер.