Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнын мiндеттi түрде фортификациялау (байыту) ережесiн бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 шілдедегі N 708 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметінiң 2004 жылғы 8 сәуiрдегі  Заңын  iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :

         1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнын мiндеттi түрде фортификациялау (байыту)  ережесi  бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгізiледi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң         
2005 жылғы 7 шілдедегі   
N 708 қаулысымен      
бекiтiлген         

  Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлетiн
жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнын мiндеттi
түрде фортификациялау (байыту) ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Тамақ өнiмдерiнiң сапасы мен қауiпсiздiгi туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 8 сәуiрдегi  Заңына  сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының аумағында ұн тартатын кәсiпорындар өндiретiн жоғары және бiрiншi сортты бидай ұнын витаминдi-минералды қоспамен мiндетті түрде фортификациялау (байыту) (бұдан әрi - фортификациялау) тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Бiрiншi және жоғары сортты бидай ұнын (бұдан әрi - ұн) фортификациялау Қазақстан Республикасы халқының арасында микронутриенттiк жетiспеушiлiк тапшылығының алдын алу және оны жою мақсатында жүргізiледi.

  2. Фортификациялау тәртiбi

      3. Фортификациялау жүргiзу үшiн ұн тартатын кәсiпорында дайындалған және фортификацияланған ұн нан пiсiретiн бидай ұнына қойылатын талаптарды айқындайтын қолданыстағы нормативтiк-техникалық құжаттарға сәйкес келуге тиiс.
      4. Ұнды фортификациялау дозаторлармен және витаминдi-минералды қоспамен жарақтандырылған, тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгi саласындағы санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларға сәйкестiгi туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы бар ұн тартатын кәсiпорындарда жүзеге асырылады.
      5. Ұн тартатын кәсiпорындарда витаминдi-минералды қоспаны қосу нормалары ұнға витаминдi-минералды қоспаны қосу технологиясы айқындалатын қолданыстағы нормативтiк-техникалық құжаттармен регламенттеледi.
      6. Ұн тартатын кәсiпорындарда ұнды фортификациялау кезең-кезеңiмен енгiзiледi:
      1) қуаты тәулiгiне 150 тоннадан астам астықты 2006 жылғы 1 шiлдеден бастап;
      2) қуаты тәулiгiне 50-ден 150 тоннаға дейiнгi астықты 2007 жылғы 1 сәуiрден бастап;
      3) қуаты тәулiгiне 50 тоннадан кем астықты 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап.