Әскери қылмыстар жөнiндегi iстер бойынша сот тәжірибесі туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы N 6 Нормативтік қаулысы

Жаңартылған

      Әскери қылмыстар туралы істерді қарау кезiнде заңнаманы сот тәжiрибесiнде дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызметтi өткерудi белгілейтiн тәртiбi әскери қылмыстар объектiсi болып табылатыны соттарға түсiндiрiлсін.

      2. Әскерге шақыру бойынша не келісім-шарт бойынша Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшiлер ғана, сондай-ақ запастағы азаматтар әскери жиындардан өту кезінде, әскери қылмыс субъектілерi болып табылады.
      Егер қылмыстық әрекеттер әскери қызметті өткеру кезiнде жасалса және қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескiру мерзiмдерi өтпеген болса, адам әскери қылмысы үшiн әскери қызмет аяқталған соң да қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.

      3. Әскерге шақырудың, келiсiм-шарт бойынша әскери қызметке, оның iшiнде әскери жиындарға шақырудың және өтудiң, әскери қызметтен босатудың және жиындарды аяқтаудың тәртiбi Заңдармен, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарымен, өзге де нормативтік құқықтық актiлермен анықталады.
      Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Заңының  6-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес әскери қызметті өткеруді және онымен байланысты өзге мәселелердi реттейтін Қазақстан Республикасы Заңдарының нормалары арасында қарама-қайшылық туындаған кезде кейiнгi қабылданған заңның нормалары қолданылады.

      4. Жедел қызмет бойынша әскери қызметшiлер, келiсiм-шарт және шақыру бойынша әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезiндегi запастағы азаматтар үшін әскери қызметті өткерудiң басталуы әскери қызмет туралы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерде мазмұндалған ережелерге сәйкес анықталады.
      Әскери бөлiмнiң жеке құрамының тізiмдерінен шығарылған күн әскери қызметшiлердiң барлық санаттары үшін әскери қызметті өткерудің аяқталған уақыты болып табылады.
      Әскери қызметшінің нақты әскери қызметтiң лауазымдық мiндеттерiн орындағаны туралы мәселенi шешу кезiнде әскери қызмет туралы нормативтiк құқықтық актілердi басшылыққа алу қажет.

      5. Қылмыстық іс жүргізушi орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң (бұдан әрі - ҚК)  16-тарауының бірқатар баптарының диспозициясы бланкеттiк (сiлтемелiк) болып келетiнін ескеріп, әрбiр нақты жағдайдағы әскери қылмыстар үшiн адамды жауапқа тартқанда әскери қызметті өтеудің жалпы тәртібiне, сондай-ақ тәуліктік наряд қызметін атқаруға, қарауылға, мемлекеттік шекараны күзету бойынша нарядқа, жауынгерлік кезекшiлiкке және әскери жарғыларда, өзге де нормативтiк құқықтық актілерде көзделген қоғамдық тәртiптi қорғау бойынша нарядтың әскерлер құрамына қатысты бұзылған ережелердiң мазмұнын анықтау қажет.
      ҚК-нің  12-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес, қылмыстық заңның жалпы және арнаулы нормаларының бәсекелестігі кезiнде қандай норма жалпы, ал қандай норма арнаулы екенін анықтау қылмыстық іс жүргiзушi органға жүктеледі. Осы орайда әскери қылмыстарды дәрежелеу кезінде арнаулы норма қолданылуы тиiс.

      6. Әскери қылмысты өзге қылмыстан ажырату кiнәлiнiң ниетiнiң бағытталуына қарай жүзеге асырылуы тиiс, сондықтан бiр әскери қызметшiнің басқаларға күш көрсету әрекеттерi әрқашан ҚК-нің  370-бабы бойынша дәрежеленбейдi.
      Бiр-бiрiне бағынышты емес әскери қызметшiлердің өзара қарым-қатынастарын реттейтін жарғылық ережелерді бұзу деп бір әскери қызметшінің басқаларға қызметке байланысты немесе олардың ең болмағанда бiреуiнiң қызметтік міндеттерін орындауы кезiнде, сондай-ақ басқа да жағдайлар кезiнде, бiрақ әскери ұжымға көрiнеу құрмет көрсетпеуге, бөлiмшенiң iшкi тәртiбiн өрескел бұзуға ұласқан ҚК-нің  370-бабының диспозициясында көрсетілген күш көрсету түсініледі. Күш қолдану - әскери қызметшіні ұрып-соғу және денесін ауырту, сондай-ақ масқаралау, ар-ождан мен  қадiр-қасиетін кемсiту, азық-түлiкті, арнайы киім бұйымдарын, сондай-ақ әскери қызметшiге берiлген заттар және өзге де қажеттілiк мүлiктерiн алып қою немесе айырбас жасау түрiнде болуы мүмкiн.
      Мүлiктiк, некелiк-отбасылық және басқа да азаматтық құқықтық қатынастарға немесе мiндеттемелерге байланысты күш қолданушылық, әскери-құқықтық тәртіпке қатысы жоқ жеке адамға, бөтеннiң мүлкіне қарсы қылмыстар және әскери қызметке қатыссыз қылмыстар үшін жауапкершілiк көзделген  ҚК-нiң баптары бойынша дәрежеленуі тиіс.

      7. ҚК-нiң  370-бабы екiншi бөлiгiнiң а) тармағында көзделген қылмыстың бiрнеше рет жасалу белгісi бойынша егер адам бұрын жасаған әрекеті үшін жауаптылықтан босатылмаса және қылмыстық жауапқа тартудың ескiру мерзiмi өтпесе әскери қызметшiлер арасындағы өзара қарым-қатынастың жарғылық ережелерін екі немесе одан да көп бұзу деп дәрежелеу қажет.
      Қылмыстың жалғаспалы белгiсi болмаған кезде әр түрлi уақытта белгiлi бiр адамға қатысты жасалған әрекеттер бірнеше рет жасалған әрекеттер деп дәрежелеуге жатады.
      Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған қылмыстық қимылдар бiр ниетпен қамтылып жалғасқан болса, бірақ әр түрлі себептермен бiр мезгiлде жүзеге аспаса, бiр уақытта, сол секілдi әр мезгiлде бірнеше адамдарға қатысты жасалған әрекет деп танылып, ҚК-нiң  370-бабы екiншi бөлiгінiң б) тармағы бойынша дәрежелеуге жатады. Осы орайда соттар кiнәлінің ниетінің бағытталуын, жасалған қылмыстың нақты мән-жайын және оның себептерiн, әр түрлі жәбiрленушiлерге қатысты жасалған әрекеттердің арасындағы уақыт шегiнiң ұзақтығын және т.б. зерттеуi тиіс.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      8. Әскери қылмыстарды адамдар тобының, алдын ала сөз байласқан адамдар тобының немесе ұйымдасқан топтың жасау белгісi бойынша дәрежелеген кезде ҚК-нiң  31-бабының ережелерiн ескеру қажет.
      Қылмыс жасауға бiр-бiрiне бағыныштылық қатынастарының маңызы жоқ екi және одан да көп әскери қызметшi қатысқан жағдайлардағы әрекеттер аталған саралаушы белгiлер бойынша дәрежеленуі тиiс, сондай-ақ олармен бiрге қылмыс жасауға қатысқан әскери қызметшi болып табылмайтын адамдардың әрекеттері ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде әскери қылмыс жасауға қатысу деп дәрежелеуге жатады.

      9. Егер бастық қызметтiк жағдайы бойынша өзіне тең әскери қызметшiге жарғыдан тыс әрекет жасаған кезде оның қылмыстық iс-әрекетiне оған да, сондай-ақ жәбірленушіге де бағынышты адам қосылған жағдайда, бастықтың әрекетін ҚК-нің  370-бабымен , ал бағыныштының әрекеті олардың қайсысының қылмыс жасауға бастамашы болғанына және қылмыс жасауды бастағанына қарамастан, бастыққа күш қолдану әрекеті ретінде ҚК-нiң  369-бабының тиiстi бөлігiмен дәрежеленуi керек.
      Егер бастық бағынышты адамға жарғыдан тыс iс-әрекеттер жасаса және оған қызметтiк жағдайы бойынша жәбірленушіге тең әскери қызметшi қосылса, соңғының iс-әрекетi лауазымдық қылмысқа қатысу ретінде дәрежеленедi.

      10. ҚК-нiң  368-бабы екінші бөлiгiнiң б) тармағында, ҚК-нің   369-бабының екiншi бөлiгінің б) тармағында және ҚК-нiң  370-бабы екiнші бөлігінiң г) тармағында көзделген қылмыс құрамында қолданылатын қару деп "Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттiк бақылау жасау туралы" Қазақстан Республикасының  заңына сәйкес конструкциялық жағынан алғанда тiрi нысананы жоюға арналған құрылғылар мен заттар: атыс қаруы, суық қару, газды-қару, электрлi қару, пневматикалық қару, лақтырылатын қару түсiнiлуi тиіс. Оларға соғыс қол атыс қаруы мен суық қару (автомат, пулемет, пистолет, карабин, винтовка, қанжар, шолақ қанжар) және қолдан дайындалған (шолақ мылтық, фин пышағы, кастет, стилет және т.б.) өзге атыс және суық қарулар жатуы мүмкiн.
      Шаруашылыққа немесе басқа да мақсатқа арналған заттардың өзге де түрлерiн (бәкі, шаппа, ас үй пышақтары, балта, таяқ және т.б.) пайдалану қылмыстың жасалу белгiлерi бойынша қару қолданып жасалынған деп дәрежелеуге негiз бола алмайды.

      11. ҚК-нiң  368-бабының екiншi бөлiгінде, ҚК-нiң  369-бабының екiншi бөлiгiнде, ҚК-нiң  370-бабының үшiншi бөлігінде және ҚК-нiң  380-бабының екiншi бөлігінде көрсетiлген ауыр зардаптарға жәбiрленушiнiң денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiру, оның iшiнде абайсызда кiсi өліміне соқтыру, адамды өзін-өзі өлтiруге дейiн немесе өзін-өзі өлтіруге оқталуға дейiн жеткiзу, әскери тапсырманы орындауды болдырмау, апат немесе аварияның болуы, әскери техниканы істен шығару, iрi материалдық залал келтіру және т.б. жатады.
      Мұндай салдарлар  ҚК-нiң осы баптарының диспозицияларымен қамтылады және өзге қылмыстар құрамымен қосымша дәрежелеуді талап етпейдi.
      Егер кiнәлiнiң әрекеттерi осы әскери қылмыстарды жасаған кезде кiсi өлтiрумен ұштасса, онда олар ҚК-нiң  96-бабы бойынша қосымша дәрежеленуге жатады.
      Жәбiрленушiнің өмiрi мен денсаулығына ауыр зардап келтiрген-бастықтың немесе лауазымды адамның билiктi асыра сiлтеуi немесе қызмет өкiлеттiгін терiс пайдалануы осы ереже бойынша дәрежеленуi тиiс.

      12. Бiр-бiрiне бағынышты емес әскерилердiң өзара қарым-қатынастарын реттейтiн жарғының ережелерiнiң бұзылуы (ҚК-нiң  370-бабы ), бастықтың, лауазымды адамның биліктi теріс пайдалануы, асыра сілтеуi немесе әрекетсiздiгi (ҚК-нiң  380-бабы ), жәбiрленушiнiң жеке меншiгiндегi бұйымдары мен заттарын алып қоюға ұласса, онда бұл әрекеттер әскери қылмыстар мен жеке меншікке қарсы қылмыстардың жиынтығы бойынша дәрежеленуге жатады.
      Егер күш қолдану немесе оны қолданамын деп қорқыту қызметті өтеу кезеңінде әскери қызметшiге берiлетін заттарды немесе әскери киім бұйымдарын алып қоюға ұласса, онда мұндай iс-әрекеттер ұрлау ниеті болмаған жағдайда әскери қылмыс үшiн жауаптылық көздейтiн қылмыстық заңның баптарының диспозициясымен қамтылады.

      13. Айналасындағы адамдардың көзінше жәбiрлеушінің беделiн түсiру, оның адамгершілiк қадiр-қасиеті мен әскери шенiн кемсiту деп әскери қызмет мiндеттерiн орындау үстiнде немесе орындаумен байланысты бір әскери қызметшiнің басқа әскери қызметшiнi қорлауы болып танылады. Кемсiту жасалу әдiсi бойынша ауызша, жазбаша немесе іс-әрекет түрiнде болуы мүмкін.
      Егер қорлау жәбiрленушінің әскери қызмет мiндеттерiн орындауымен байланысты болмай, әскери қызметшiлердiң өзара жеке қарым-қатынастарының негiзiнде орын алса, онда әскери қылмыс деп танылуға тиіс емес және ҚК-нің  130-бабы бойынша дәрежеленеді.

      14. Кiнәлiнің бөлімді немесе қызмет орнын уақытша қалдыру ниетiнің болуы немесе оның шегінен тыс жерлерде болуы және бөлiмге немесе қызмет орнына оны жалғастыру үшiн қайта оралу ниетінiң бар болуы ҚК-нiң  372-бабымен көзделген қылмыс құрамының субъективтiк жағының мiндеттi белгісi болып танылады.
      Әскери бөлiм немесе қызмет орнын әскери қызметшiнiң тастап кету сәтi, сондай-ақ оның қызмет орнына белгіленген мерзiмде келмеуi - бөлiмдi өз бетiмен қалдырудың басталуы деп, әскери қызметшінің әскери орган басқармасына немесе әскери бөлiмге келген сәті, не оны ұстаған уақыт - аяқталуы деп танылады.
      Әскери қызмет мiндеттерiн өтеуден жалтарған адамның қандай да бір жеке және қызметті өткеру бойынша мiндеттерін орындаумен байланысы жоқ өзге де себептермен әскери бөлiмге уақытша келуі, өз бетiмен болмау кезеңінің тоқтағанын бiлдiрмейдi.

      15. Бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кетуден қашқындықты ажырата бiлу қажет. Өйткенi қашқындықтың мақсаты әскери қызметтен мүлдем жалтару болып табылатынын, ал бөлiмдi өз бетімен тастап кетудегi мақсат әскери қызметтен уақытша жалтару болып табылатынын назарда ұстаған жөн.
      Қашқындықтың аяқталуы деп - субъектінің әскери қызметтен іс жүзiнде жалтарып, әскери бөлiмдi немесе қызмет орнын тастап кеткен, не бөлiмге белгiленген мерзiмде келмеген сәттен бастап танылады. Қашқындық кезiндегi әскери қызметтен жалтарудың себептері мен ұзақтығы оны дәрежелеуге әсерiн тигiзбейдi.
      Қашқындық ұзаққа созылатын қылмыс ретінде, әскери қызметші қызмет орнына өз еркiмен оралған, кінәсін мойындап келген, оны ұстаған сәттен бастап тоқтады деп есептеледі.
      Қызмет орнына өз еркімен оралу, кiнәсiн мойындап келу, ҚК-нің   373-бабына жасалған ескертпеде көрсетiлген жағдайлардан басқа, қашқындықтың аяқталған құрамы мен қылмыстық жауапкершiлiктi жоққа шығармайды, бірақ жаза тағайындау кезiнде ескерiлуi мүмкiн.

      16. ҚК-нің  373-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген қызмет бойынша сенiп тапсырылған қару деп, Қарулы Күштер мен басқа әскери құрылымдарда қарулануға қабылданған, әскери қызметшінің әскери қызмет бойынша оған жүктелген міндеттерге сәйкес иеленуге құқығы бар, табельдi атыс қаруын және өзге де қаруды түсiну керек.
      Әскери қызметшiнiң оған бекiтiлген суық қаруды (атылатын қарудың қанжар-пышағын, басқа да арнайы армия мен флот пышағын) алып қашқындық жасауы да ҚК-нің  373-бабының екiншi бөлiгi бойынша дәрежелеуге жатады.
      Қызмет бойынша әскери қызметшіге сеніп тапсырылмаған қаруды алып қашқындық жасауда жоғарыда көрсетiлген дәрежеленушi әрекет белгісi болмайды. Мұндай жағдайларда адамның әрекетін, оның қаруды иемдену жағдайына қарай, ҚК-нiң  373-бабының тиiстi бөлiгi бойынша және атыс қаруын немесе суық қаруды заңсыз ұрлау, иемдену, сақтау, алып жүру үшiн жауаптылық көздейтiн қылмыстық заңның тиiстi баптары бойынша дәрежелеу керек.

      17. ҚК-нің 373-бабындағы ескертуде бекiтiлген ережелер негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босату туралы мәселенi сот iстiң барлық мән-жайына және кiнәлінің жеке басына байланысты әрбiр жағдайда жеке шешедi.
      Әскери қызметтi өту үшiн абсолюттi кедергi болып табылмайтын, бiрақ әскери қызметшінің қызметте болуын айтарлықтай қиындататын тұрмыстық жағдайлар: әскери қызметшiнiң өзінің ауыр науқасқа шалдығуы, оның тiкелей туыстарының ауыруы немесе қайтыс болуы, стихиялық бақытсыздық, сондай-ақ қызметтестер тарапынан орын алған жарғыдан тыс әрекеттер, командирлер мен бастықтардың заңсыз әрекеттері, әскери қызметшiнiң өмiрi мен денсаулығына шынайы қатер төндiретiн немесе оның ар-ожданы және қадiр-қасиетiне немесе өзге де құқықтарына қол сұғатын әрекеттер (әрекетсiздiктер) ауыр жағдайдың туындауы деп танылуы мүмкiн.
      ҚК-нің  34  және ҚК-нiң  36-баптарына сәйкес, ең соңғы қажеттiлiк ретiнде бағаланатын жағдайлардың - күштеу немесе психикалық мәжбүрлеудiң болуы - адамды бөлiмдi өз бетiмен тастап кеткенi немесе қашқындық жасағаны үшiн қылмыстық жауапкершiлiктен босатады.
      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      18. ҚК-нiң  374-бабы бойынша жауаптылық дене мүшесiне зақым келтiру тәсiлiне, өз денсаулығына келтiрiлген зиянның ауырлығына, сондай-ақ қолданылған алдау тәсiлiне қарамастан туындайды.
      Дене мүшесіне зақым келтiру жолымен немесе өзге де тәсілмен әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтару қылмыстардың шынайы жиынтығынан басқа жағдайларда, ҚК-нiң  372 және ҚК-нiң  373-баптары бойынша қосымша дәрежелеудi қажет етпейдi.
      Әскери қызметшiнiң өзінің әдейi жалған құжат жасап әскери қызмет мiндеттерiн орындаудан жалтаруы ҚК-нің  374 және ҚК-нiң   325-баптарының жиынтығы бойынша дәрежелеуге жатады.

      19. Егер кiнәлi қылмыстық заңның  Ерекше бөлiмiнiң бiр бабының әр түрлi бөлiктерiмен жауаптылық көзделген әскери қылмыс жасаса, онда әрекет ҚК-нің  12-бабының екiншi бөлiгiнің талаптары сақтала отырып, Қылмыстық Кодекстiң осы бабының қылмыстың жасалғаны үшін әлдеқайда қатаң жаза көздейтін бөлiгi бойынша дәрежеленедi.

      20. Тәулiктiк нарядтың (қарауыл мен вахтадан басқа), патрульдiк немесе қоғамдық тәртiптi қорғайтын және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн әскери нарядтың құрамына енетiн әскери қызметшiлердiң жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкелiп соққан, iшкi және патрульдік қызмет атқару жарғысының ережесiн бұзуы, ҚК-нің  378-бабының бiрiншi бөлiгі немесе ҚК-нiң  379-бабының бiрiншi бөлiгі бойынша дәрежеленедi.
      Орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соққан осындай әрекеттерді аталған баптардың екiншi бөлiгi бойынша дәрежелеген дұрыс. Осы орайда жасалған әрекетті қылмыстық заңның жеке адамға қарсы қылмыс үшiн жауаптылық көздейтiн баптары бойынша қосымша дәрежелеу талап етілмейдi.
      Егер осы көрсетiлген жағдайларда кiнәлi басқа әскери қызметшiлердiң денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірсе немесе оларды өлтiрсе, онда жасалған әрекет ҚК-нің  96-бабы , ҚК-нің  368-370-баптары немесе ҚК-нiң  380-бабы бойынша қосымша дәрежеленеді.
      Аталған субъектiлердiң әскери қызметшiлер болып табылмайтын жәбiрленушiлердің денсаулығына ауыр зиян келтiруі немесе оларды өлтiруi ҚК-нiң  96-бабы немесе ҚК-нiң  103-бабы бойынша қосымша дәрежеленуi тиіс.

      21. Тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттік бойынша өкiмет өкілінiң қызметiн жүзеге асырушы не Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құрылымдарында ұйымдық-өкiмдiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адамдар ҚК-нiң  380 және ҚК-нің  381-баптарында көзделген әскери лауазымдық қылмыстар субъектiлерi болып танылады.

      22. Барлық әскери бастықтар, сондай-ақ бастықтар болып табылмаса да ұйымдық-өкiмдік немесе әкiмшілiк-шаруашылық мiндеттердi орындаумен байланысты лауазымдарды тұрақты, уaқытша немесе командованиенiң ауызша, жазбаша не техникалық байланыс арналары арқылы берген арнайы тапсырмасы бойынша иеленген өзге де әскери қызметшiлер, әскери қылмыстар субъектiлерi болып табылатын лауазымды адамдарға жатады.
      Әскери лауазымды адамдардың тiзбесi Iшкi қызмет, гарнизондық және қарауылдық қызмет Жарғыларында, Тәртіптiк жарғыда және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерде көрсетiлген.

      23. Лауазымды адамның өзiнің өкiлеттiктерiн бұзу фактiсiн анықтау үшiн сот осы лауазым иесiнiң әскери қызметтi өткеру жағдайындағы құқықтары мен мiндеттерiн реттейтiн нормативтiк актiлердi (жарғыларды, насихаттамаларды, нұсқаулықтарды, бұйрықтар мен өзге де нормативтiк құқықтық құжаттарды) зерттеуi қажет.
      Әрекет пайдакүнемдiк немесе жеке бастың өзге де мүддесi тұрғысынан жасалған жағдайларда ғана ҚК-нiң  380-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.
      Әскери лауазымды адамның ұрлау белгілерiнсiз материалдық пайда табуға ұмтылуын пайдакүнемдiк деп, ал мансапқұмарлықты, өзiнiң әрекетсiздiгiн бүркемелеуге ұмтылуды, жазадан қашуды, туыстарына қызмет көрсетудi, сынағаны үшiн кек алуды, қызғаншақтықты және өзге де зұлымдық ниеттi жеке бастың өзге де мүддесiн көздеу деп түсiну қажет.
      Әскери қызметшiлердiң (азаматтардың) немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің едәуiр бұзылуы әскери қызметшiлердiң және азаматтардың денсаулықтарына зиян, олардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiру түрiнде болуы мүмкiн.

      24. Бастықтың немесе әскери лауазымды адамның өзiнiң қызмет бабын әскери мүддеге қарсы пайдаланып, құқыққа қайшы әрекет жасауын ҚК-нің  380-бабында көрсетiлген билікті немесе қызмет бабын терiс пайдалану деп түсiну қажет. Бастықтың немесе әскери лауазымды адамның өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн қасақана орындамауы әрекетсiздiк деп танылады.

      25. Бастықтың немесе лауазымды адамның оған заңдар, жарғылар мен бұйрықтар арқылы берілген құқықтар мен өкiлеттіктердi көрiнеу асыра пайдаланып, әрекет жасауын билiктi немесе қызметтiк өкiлеттіктердi асыра сiлтеу деп түсiнген жөн.
      Лауазымды адамның қызметтік жағдайына және оған жүктелген мiндеттердің орындалуына қатыссыз жасаған қоғамға қауіпті әрекеті (әрекетсiздігі) әскери лауазымдық қылмыс деп танылмайды.
      Егер лауазымдық қылмыстардың жекелеген түрлерi үшiн жауаптылық арнайы нормалармен көзделсе (мысалы, пара алу, қызмет бабын пайдаланып ұрлау және т.б.), онда әскери лауазым иесiнiң осындай әрекеттердi жасауы ҚК-нің  380-бабының жиынтығынсыз қылмыстық заңның тиiсті баптары бойынша дәрежеленедi.

      26. Бастықтың немесе өзге де әскери лауазымды адамның қызметке адал қарамаудың немесе ұқыпсыз қараудың салдарынан өзiнiң мiндеттерiн орындамауын немесе тиiсiнше орындамауын қызметке салқын қарау деп түсiну керек, бұл үшiн ҚК-нң  381-бабымен жауаптылық көзделген. Осындай әрекеттер елеулi зиян келтiрген немесе ауыр зардаптарға соқтырған жағдайда ғана қылмыстық жауаптылық туындайды.

      27. ҚК-нiң  380-381-баптарымен көзделген зиянды елеулi деп тану iстiң нақтылы мән-жайына және iстегi барлық материалдарға атап айтқанда, жағдайға, уақытқа, орынға және қылмысты жасау тәсiлiне, мемлекеттiң бұзылған мүдделерiнiң немесе азаматтардың немесе ұйымдардың заңды құқықтары мен мүдделерiнiң маңыздылығына, қаншалықты және қанша уақыт бойы бұзылуына, материалдық залалдың мөлшерiне, жойылған немесе зақымдалған мүлiктiң маңыздылығына және т.б. талдау жасаудың негiзiнде шешіледi.
      Елеулі зиян деп - өзінің сипаты мен мөлшерi жағынан едәуiр шығын болып табылатын мемлекет мүдделерiне, нақты әскери бөлiмге, заңды және жеке тұлғаларға келтiрiлген зиянды түсiну қажет.
      Бөлiмнiң, бөлімшенiң, Жарғыға, жоғары тұрған командованиенiң ескертпесiне сәйкес маңызды әскери шараларының өтпей қалуы, сондай-ақ әскери қызметшiлердiң, азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерiне зиян келтіру, жеке құрамды әскери қызмет бойынша мiндеттерiн өткеруден алаңдатып, өзінің немесе үшiншi тұлғалардың пайдасына әр түрлi жұмысты орындауға ұдайы қатыстыру, ұрып-соғу, жәбiрленушінiң  денсаулығына жеңiл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiру елеулi зиян болып танылады.
      Денсаулыққа жеңiл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiрілген кезде жеке адамға қарсы қылмыстар туралы баптар бойынша дәрежелеу талап етiлмейдi.

      28. ҚК-нің  381-бабының екiншi бөлігімен көзделген ауыр зардаптар деп маңызды тапсырмалардың орындалмай қалуын, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіруді, апаттар мен аварияларды, адамдардың шығын болуын, әскери техниканың жойылуын немесе зақымдануын, iрi материалдық залалды, адамдардың денсаулығына келтiрiлген зиянды есептеуге болады.

      29. Қарауыл бастығы, егер оның жасаған әрекетi, арнайы қызметтi өткеру бойынша мiндеттердің шегiнен шықса, немесе оған тiкелей қатысы болмаған жағдайларда, командир-бастықтың жалпы лауазымдық міндеттері (мысалы, қарауыл бастығының күзетiлетiн объектiге қандай да бір зардаптар немесе өзге де зияндар келтiрмей қарауыл құрамына кiретiн адамға күш көрсету әрекеттерi) бұзылса, ҚК-нiң  380-бабы бойынша жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін.

      30. Қарауыл құрамына қатысы бойынша лауазымды тұлға ретiнде қарауыл бастығының өз қызмет бабын асыра пайдаланып, арнайы қызмет ережесiн бұзуы ҚК-нiң  375-379-баптарының диспозициясында көрсетілген зардаптар туындаған жағдайда қызметті атқару тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылық көздейтiн баптар бойынша дәрежеленуге тиіс.

      31. ҚК-нiң  387-389-баптары бойынша әскери мүлiктi қасақана не абайсызда жойғаны немесе зақымдағаны не жоғалтқаны үшiн жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешкенде "ҚР Қорғаныс және Қарулы Күштерi туралы" Қазақстан Республикасы  заңында көрсетiлген әскери мүлік пен әскери техника ұғымын назарға алу қажет. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының әскери дайындығы мен ұрыс қабілетiнiң материалдық негізін құрайтын әскери мүлiкке билiк етудiң және пайдаланудың белгiленген тәртiбi қылмыстық қол сұғушылықтың тікелей объектiсi болып табылатынын ескерген жөн.
      Егер көрсетiлген әpeкеттep әскери мүлік немеce әскери техника заттары болып табылмайтын, бiрақ әскери бөлiмшелердің есебiнде тұрған, екi мақсатта қолданылатын объектілерге (көлiк құралдары, радиостанциялар, телефон аппараттары, компьютерлер және т.б.) қатысты жасалса, онда бөтеннiң мүлкінің қасақана немесе абайсызда бүлiнгенi немесе жойылғаны үшін ҚК-нің  187 және ҚК-нiң  188-баптары бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

      32. ҚК-нің  380-бабымен көздеген әрекеттер, егер әскери қызметшi қызмет өкiлеттігін өзі не өзге адамдар не ұйым үшін мүліктік игілік табу мақсатында қызмет мүддесiне қайшы пайдаланса сыбайлас жемқорлық қылмыстар деп танылады.

      33. Бастықтың (командирдiң) орындалуы міндетті бұйрығын дәл орындаған бағынышты, оның заңсыздығын түсінбей орындаған жағдайда, бұйрық бойынша жасаған әрекет және орындалғаннан туындаған зардап үшін, жауапкершіліктен босатылады.
      Бағынышты көрінеу заңсыз бұйрықты орындап қылмыс жасағанда, ол заңсыз бұйрық берген бастықпен (командирмен) бiрге қылмыстық жауапқа тартылады.
      Бастықтың (командирдiң) көрінеу заңсыз бұйрығын орындамаған бағынышты қылмыстық жауапкершілiктен босатылады.
      Араларында бағыныштылық қарым-қатынас туындамаған және қылмыстық ниеттерiн бірге жүзеге асыру үшін алдын-ала сөз байласқан жағдайда, бастықтың (командирдің) қатысуымен бағыныштының қылмыс жасауын, бастықтың (командирдің) көрiнеу заңсыз бұйрығын орындап қасақана қылмыс жасауынан ажырата бiлу керек. Мұндай жағдайларда бастықтың (командирдiң) және бағыныштының жауаптылығы ҚК-нiң  28-бабында көзделген қылмысқа қатысу түрлерінiң жалпы ережесі бойынша туындайды.

      34. Әскери қылмыстар бойынша ҚК-нiң  67-бабын қолдану кезiнде соттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 67-бабын қолдану жөнiндегі сот практикасы туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы N 4  нормативтiк қаулысының түсiндiрмелерiн (2003 жылғы 11 шiлдедегі N 6 нормативтiк қаулымен енгізілген өзгерістерімен және толықтыруларымен бiрге) басшылыққа алғандары жөн.

      35. ҚК-нің  44-бабына сәйкес, әскери қызмет бойынша шектеудің тиiстi бабының санкциясы бойынша осы жаза келiсiм-шарт бойынша әскери қызметтi өткерiп жүрген сотталған әскери қызметшілерге, сондай-ақ шақыру бойынша әскери қызметтi өткеріп жүрген офицерлерге әскери қызметке қарсы қылмыстар жасағаны үшiн тағайындалуы мүмкін екенi соттарға түсiндiрiлсін.
      Осы жаза әскери қызметке қарсы қылмыстармен байланыссыз дәрежеленген әрекет бойынша қылмыстық заңның  Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген түзеу жұмыстары түрiндегi жазаның орнына келісім-шарт бойынша әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілерге де тағайындалуы мүмкiн. Мұндай жағдайларда сот үкiмде ҚК-нің  44-бабына сілтеме жасауы тиіс.
      Ескерту. 35-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      36. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ол  ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғары Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғары Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы