Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы N 1457 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы 
Үкiметiнiң       
2004 жылғы 31 желтоқсандағы
N 1457 қаулысымен   
бекітілген      

Қазақстан Республикасының жануарлар
дүниесін мемлекеттiк қорғау туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттік қорғау туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегi Заңына сәйкес әзiрлендi.
      Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау (бұдан әрi - жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында басқару және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк органның (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) құрылымында ұйымдастырылады.

2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың
мiндеттерi мен функциялары

      2. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың негiзгi мiндеттерi:
      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу;
      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактiлерi жөнiндегi ақпаратты, талап-арыздарды және өзге де материалдарды уәкiлеттi, құқық қорғау және сот органдарына жiберу болып табылады.
      3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау өз құзiретiнiң шегiнде  заңнамамен   белгiленген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) жануарлар дүниесi объектiлерiн, соның iшiнде жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;
      2) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелер мен нормалардың сақталуын қамтамасыз ету;
      3) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау;
      4) жануарлар дүниесiнiң, соның iшiнде жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiнiң өсiмiн молайту;
      5) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйiн қадағалау және жануарлар арасында эпизоотияның жолын кесу және болдырмау жөнiнде шаралар қабылдау;
      6) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және орнықты пайдалану идеясын насихаттау және азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу.

3. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк
қорғаудың ұйымдық құрылымы

      4. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерiмен айналысатын жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк мекемелердiң қызметкерлерiнен тұрады.
      Уәкiлеттi органның жүйесiне кiретiн мамандандырылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ жануарлар дүниесiн қорғауды тiкелей жүзеге асыратын облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерiнiң қызметкерлерi жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау қызметкерлерiне (бұдан әрi - лауазымды тұлғалар) теңестiрiледi.
      5. Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың лауазымды тұлғалары:
      директор, бас аңшылық маманы бас ихтиолог, аңшылық маманы ихтиологтар, жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспекторлар болып табылады.
      6. Директор, бас аңшылық маманы мен бас ихтиологтар уәкiлеттi органның бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметiнен босатылады.
      Аңшылық мамандары ихтиологтар, жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспекторлар жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау директорының бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметiнен босатылады.
      7. Директор жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғауға жүктелген мiндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауап бередi.
      Директор өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және өзiнiң құзiретi шегiнде:
      1) барлық ұйымдарда жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың мүдделерiн бiлдiредi;
      2) шарттар жасасады;
      3) сенiмхаттар бередi;
      4) банк шоттарын ашады;
      5) жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың барлық қызметкерлерi үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;
      6) уәкiлеттi органның бұйрығымен тағайындалатындардан басқа, жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан шығарады;
      7) жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау қызметкерлерiне көтермелеу шараларын қолданады және тәртiптiк жазалар салады;
      8) бақылаудағы аумақтарды жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспекторларға бекiтiп берудi жүзеге асырады;
      9) жануарлар дүниесі объектiлерi санының есебін жүргiзудi ұйымдастырады;
      10) жануарлар дүниесiн қорғауды және оның өсiмiн молайтуды ұйымдастыру жөнiндегi iс-шараларды бекiтедi;
      11) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды болдырмау жөнiнде шаралар қолданады.
      8. Бaс аңшылық маманы және/немесе бас ихтиолог бір мезгiлде директордың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi орынбасары болып табылады, ол өзiнiң қызметiн жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасы белгiлеген тәртіппен және өзiнiң құзiретi шегiнде:
      1) жануарлар дүниесiн қорғау және өсiмiн молайту жөнiндегі iс-шараларды әзiрлейдi және олардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      2) жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі шұғыл iс-шараларды, жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың басқа табиғат қорғау органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;
      3) аңшылық мамандарының және/немесе ихтиологтардың, жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспекторлардың жұмысын ұйымдастырады және үйлестiредi;
      4) жануарлар дүниесi объектiлерi санының есебiн, олардың өсiмiн молайту және қорғау жөнiнде жұмыс жүргізудi қамтамасыз етедi;
      5) бақылаудағы аумақтарды жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспекторларға бекiтiп беру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      6) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын, көбею жағдайларын, қоныс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау жөнiндегi қызметтi ұйымдастырады;
      7) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйін қадағалауды және жануарлар арасында эпизоотияның жолын кесу және болдырмау жөнiнде шаралар қолдануды ұйымдастырады;
      8) жануарлар дүниесі мен биологиялық әр алуандықты сақтау идеясын насихаттауды, азаматтарды жануарлар дүниесіне iзгілiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеудi ұйымдастырады;
      9) жануарлар дүниесін мемлекеттiк қорғаудың лауазымды тұлғаларымен олардың бiлiктiлігін арттыру бойынша сабақтар мен семинарлар өткiзедi;
      10) жануарлар дүниесін мемлекеттiк қорғау құзiретiне енетін мәселелер бойынша есеп берудi жүргiзедi;
      11) директордың тапсыруы бойынша сот органдарында жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың мүдделерiн бiлдiредi.
      9. Аңшылық маманы және/немесе ихтиолог Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) аң аулайтын жерлердi және/немесе балық шаруашылығы айдындарын пайдалануды жақсарту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi;
      2) жануарлар дүниесi объектiлерi, соның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерi санының есебiн жүргiзедi;
      3) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасының, көбею жағдайларының, қоныс аудару жолдарының және шоғырлану орындарының жай-күйiн қадағалайды және белгiленген тәртiппен оларды қорғауды күшейту жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      4) жануарлар дүниесiнiң эпизоотикалық жай-күйiн қадағалауды және бас аңшылық маманына және/немесе бас ихтиологқа есептi ұсынады;
      5) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң санын есепке aлу олардың өсiмiн молайту жөнiндегi iс-шаралардың орындалуы және мекендеу ортасының, көбею жағдайларының, қоныс аудару жолдарының және шоғырлану орындарының жай-күйiн қадағалау бойынша есеп берудi жүргiзедi;
      6) жануарлар дүниесiне ұқыпты қарау мәселелерi, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау бойынша түсiндiру жұмысын жүргiзедi;
      7) жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi iс-шараларға қатысады.
      10. Жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi инспектор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және өзiнiң құзыретi шегiнде:
      1) жануарлар дүниесi объектiлерiн, соның iшiнде сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн қорғауды және оларға жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғаудың директоры бұйрықпен бекiтiп берген аумақтарда (cy айдындарында) жануарлар дүниесi объектiлерiнiң өсiмiн молайту жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады;
      2) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды болдырмау және олардың жолын кесу жөнiнде шаралар қабылдайды;
      3) жануарлар дүниесiне ұқыпты қарау мәселелерi, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау бойынша түсiндiру жұмысын жүргiзедi;
      4) баc аңшылық маманына немесе бас ихтиологқа уәкiлеттi және құқық қорғау органдарына жiберу үшiн жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактiлерi бойынша материалдар бередi.
      11. Мемлекеттік мекемелердiң лауазымды тұлғалары жергiлiктi атқарушы, құқық қорғау және қоршаған ортаны қорғау органдарымен, аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметтерiмен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi үйлестiрiлген iс-қимылдарды жүзеге асырады және экология және табиғатты қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты түрде байланыста болады және ынтымақтастық жасайды.
      12. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларына уәкілетті орган белгіленген үлгідегі бірыңғай қызмет куәліктерін береді.
      13. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғаларының Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен нысанды киім (погонсыз) киіп жүруге, сондай-ақ арнайы құралдар мен қызметтік қаруды алып жүруге, сондай-ақ оларды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.