Акцизделетiн тауарлардың жекелеген түрлерiн есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы N 1254 Қаулысы

Жаңартылған

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 12 маусымдағы  Кодексiне  (Салық кодексi), "Этил спиртi мен алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуiн және айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі  Заңына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi  ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
       Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2005.05.23. N  495  қаулысымен.

      1. Қоса берiлiп отырған Шарап материалдары мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнiмiн есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау ережесi бекiтiлсiн.

      2. 2004 жылғы 10 желтоқсаннан бастап осы қаулыға қосымшаға сәйкес тiзбе бойынша шарап материалдары мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнiмiн (бұдан әрi - алкоголь өнiмi) есепке алу-бақылау таңбаларымен мiндетті түрде таңбалау енгiзiлсiн.
      2-1. 2007 жылғы 15 сәуiрден бастап алкогольдiк өнiмдi жаңа үлгiдегi есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау енгiзiлсiн.
       Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.11.  N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      2-2. Ескi үлгiдегi есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау 2007 жылғы 1 маусымға дейiн жүргiзiледi.
       Ескерту. 2-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.11.  N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

      3. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер мен импорттаушылар, алкоголь өнiмiн сақтауды және сатуды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар, сондай-ақ банкроттың мүлкiн (активтерiн) сататын конкурстық басқарушылар отандық және импорттық өндiрiстiң алкоголь өнiмiн ескi үлгiдегi есепке алу-бақылау таңбаларымен сақтауды және сатуды 2008 жылғы 31 желтоқсанға дейiн жүзеге асырады деп белгiленсiн.
       Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.03.11.  N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгерту енгізілді - 2007.12.28.  N 1313 , 2008.08.28   N 783 (2008 жылғы 30 маусымынан бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.

      4. Алкоголь өнiмiн есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалауды алкоголь өнiмiн отандық өндiрушiлер, банкроттың мүлкiн (активтерiн) сататын конкурстық басқарушылар мен импорттаушылар жүзеге асырады деп белгiленсiн.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2005.05.23. N  495  қаулысымен.

      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Салық комитетi:
      1) импортталатын алкоголь өнiмi бойынша келiсiм-шарттардың есебiн міндеттi түрде жүргiзе отырып, алкоголь өнiмiн өндiрушілерден, банкроттың мүлкiн (активтерiн) сататын конкурстық басқарушылардан және импорттаушылардан жаңа үлгiдегi есепке алу-бақылау таңбаларын сатып алуға өтiнiмдер жинауды қамтамасыз етсiн;
      2) 2007 жылғы 1 мамырға дейiн есепке алу-бақылау таңбаларын дайындайтын ұйымды айқындайтын тендер өткiзсiн және тендердiң жеңiмпазымен есепке алу-бақылау таңбаларын дайындауға шарт жасассын;
      2-1) есепке алу-бақылау таңбаларын пайдалана отырып, алкоголь өнiмiнiң өндiрiлуi мен айналымына бақылау жүйесiнiң үздiксiз жұмыс iстеуi мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң "Банкнот фабрикасы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнымен есепке алу-бақылау таңбаларын дайындауға тендердiң жеңiмпазынан алкоголь өнiмiне арналған есепке алу-бақылау таңбаларының бiрiншi легi алынғанға дейiн есепке алу-бақылау таңбаларын дайындауға шарт (келiсiм) жасассын;
      3) есепке алу-бақылау таңбаларын алу, есепке алу, сақтау және беру тәртiбiн әзiрлесiн және бекiтсiн.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2005.05.23. N  495 , 2007.03.11.  N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулыларымен.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы    
Үкiметiнiң         
2004 жылғы 3 желтоқсандағы 
N 1254 қаулысымен      
бекiтiлген      

  Шарап материалдары мен сыраны қоспағанда, алкоголь
өнiмiн есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау
ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Салық және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 21 маусымдағы   Кодексiне  (Салық кодексі) сәйкес әзiрлендi және шарап материалдары мен сыраны қоспағанда, алкоголь өнiмiн (бұдан әрі - алкоголь өнiмi) есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау тәртiбiн айқындайды.

  2. Алкоголь өнiмiн есепке алу-бақылау
таңбаларымен таңбалау тәртiбi

      2. Есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалауға нормативтiк-техникалық құжаттамаға сәйкес тұтынушы ыдысына құйылған алкоголь өнiмi жатады.
      3. Алкоголь өнiмiн өндiрушiлер есепке алу-бақылау таңбаларын Қазақстан Республикасының аумағында сатуға арналған дайын өнiмге желiмдеудi өндiрiс процесiнде не өзiнiң аумағындағы басқа оқшауланған орында таңбалау үшiн белгiленген технология бойынша жүргiзедi.
      4. Тауарларды еркiн айналыс үшiн шығару кеден режимiне сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік аумағына әкелiнетiн алкоголь өнiмiн есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалау Қазақстан Республикасының кедендiк аумағынан тысқары жерлерде не Қазақстан Республикасының кеден органдары белгiлеген орында жүзеге асырылады.
      4-1. Банкроттың мүлкiн (активтерiн) сататын конкурстық басқарушылар конкурстық массаға енгiзiлген акцизделетiн тауарларды есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалауды өзiнiң аумағындағы оқшауланған орында таңбалау үшiн белгiленген технология бойынша жүргiзедi.
       Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің  2005.05.23. N  495  қаулысымен.
      5. Есепке алу-бақылау таңбаларымен мiндеттi түрде таңбалауға жататын алкоголь өнiмi есепке алу-бақылау таңбаларымен осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша таңбаланады.
       Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2007.03.11.   N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.
      6. Мыналар:
      Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге экспортталған;
      Қазақстан Республикасының кедендік аумағына "бажсыз сауда дүкенi", "кеден қоймасы" кедендік режимдерiнде әкелiнген;
      Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына "тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша әкелу" және "тауарлар мен көлiк құралдарын уақытша әкету" кедендiк режимiнде, жалғыз даналарда жарнама және (немесе) көрсету мақсатында әкелiнген;
      "тауарлар транзитi" кедендiк режимiнде Қазақстан Республикасының кедендiк аумағы арқылы өткiзiлген;
      Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген акцизсiз әкелу нормалары шегiнде жеке тұлғалар әкелген (жiберген) алкоголь өнiмi есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалануға жатпайды.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің  2005.05.23. N  495  қаулысымен.
      7. Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына әкелiнген және есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалауды көздемейтiн кедендiк режимдерде ресiмделген алкоголь өнiмi олар Қазақстан Республикасының кеден аумағында сатылған жағдайда есепке алу-бақылау таңбаларымен мiндеттi түрде таңбалануға жатады.
      8. Есепке алу-бақылау таңбасы сыйымдылықтың бүйiр бетiне, ол сыйымдылыққа қиғаштыққа, бүгілуге жол берiлмейтiндей етiп жақсы жабысатындай түрде желiмделедi, жеңiл сәйкестендiрудi және штрих-кодтық ақпаратты оқитын құрылғымен тұрақты түрде оқуды қамтамасыз етуi тиiс.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.09.22. N  904  (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

       Шарап материалдары мен сыраны       
қоспағанда, алкоголь өнiмiн есепке    
алу-бақылау таңбаларымен таңбалау ережесiне
қосымша                

        Ескерту. Қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2007.03.11.   N 177  (алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi) қаулысымен.

Алкоголь өнiмiне арналған есепке алу-бақылау
таңбасының нысаны
(суреттің нұсқасын қағаз мәтіннен қараңыз)  

Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң       
2004 жылғы 3 желтоқсандағы
N 1254 қаулысына   
қосымша        

Есепке алу-бақылау таңбаларымен таңбалануға
жататын алкоголь өнiмiнiң тiзбесi

____________________________________________________________________
    Сыртқы экономикалық қызмет   |    Алкоголь өнiмдерiнiң атауы
   тауар номенклатурасының коды  |
_________________________________|__________________________________
2204 (220430-дан басқа), 2205,     Шараптар, маркалы шараптар,
220600-ден                         коллекциялық шараптар, шымырлама
                                   шараптар, шампан, шарап сусындары
____________________________________________________________________
2208                               Арақтар мен айрықша арақтар,
                                   коньяктар, брендилер, ликер-арақ
                                   өнiмдерi, өзге де күшейтiлген
                                   алкогольдi сусындар, өзге де
                                   әлсiз алкогольдi сусындар
____________________________________________________________________

      Ескерту. Алкоголь өнiмiнiң номенклатурасы сыртқы экономикалық
қызметтің тауар номенклатурасының кодымен де, алкоголь өнiмiнiң
атауымен де айқындалады.