Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 26 қыркүйектегі N 983 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасында адам құқығын бұзуға әкеп соғатын адамдарды заңсыз әкетудiң, әкелудiң және сатудың алдын алу және жолын кесу жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді:
      1. Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) құрылсын.
      2. Қоса берiлiп отырған:
      1) Комиссия құрамы;
      2) Комиссия туралы ереже бекiтiлсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы   
Үкiметiнiң        
2003 жылғы 26 қыркүйектегі
N 983 қаулысымен     
бекiтiлген        

       Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.08.31 № 847 Қаулысымен.

Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес
мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның
құрамы

Түсіпбеков                 - Қазақстан Республикасының Әділет
Рашид Төлеутайұлы            министрі, төраға

Құсдәулетов                - Қазақстан Республикасының Әділет
Дулат Рашитұлы               вице-министрі, төрағаның орынбасары

Калюжный                   - Қазақстан Республикасының Адам
Вячеслав Афанасьевич         құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың
                             басшысы (келісім бойынша)

Біләлов                    - Қазақстан Республикасы Ішкі істер
Берік Сұлтанғазыұлы          министрлігінің Криминалдық полиция
                             комитеті төрағасының орынбасары

Женалинов                  - Қазақстан Республикасы Туризм және
Рустам Жанатұлы              спорт министрлігінің Туризм индустриясы
                             комитеті төрағасының орынбасары

Шаймерден                  - Қазақстан Республикасы Байланыс және
Ербол Шаймерденұлы           ақпарат министрлігінің Ақпарат және
                             мұрағат комитеті төрағасының орынбасары

Досполов                   - Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы
Сергей Долдаұлы              Халықаралық ынтымақтастық
                             департаментінің бастығы (келісім
                             бойынша)

Жаңабай                    - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Самат Қуанышбекұлы           министрлігі Консулдық қызмет
                             департаментінің директоры

Жұмабеков                  - Қазақстан Республикасы Еңбек және
Төлеген Ахмеджанұлы          халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
                             Заң департаментінің директоры

Нұрғазиев                  - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау
Қуаныш Шадыбайұлы            министрлігі Медициналық көмекті
                             ұйымдастыру департаментінің директоры

Әбішев                     - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
Бақыт Шалқарұлы              Аппараты Заң бөлімінің меңгерушісі
                             (келісім бойынша)

Нұрахметова                - Қазақстан Республикасы Президентінің
Гауһар Сердалықызы           жанындағы Әйелдер істері және
                             отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі
                             ұлттық комиссия Хатшылығының сарапшысы
                             (келісім бойынша)

Аликова                    - Халықаралық Көші-қон ұйымының
Әлия Ерсайынқызы             Қазақстандағы адам саудасына қарсы
                             іс-қимыл бойынша үйлестірушісі
                             (келісім бойынша)

Байсақова                  - «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды
Зүлфия Мұхамедбекқызы        тұлғалар бірлестігінің басқарма
                             төрайымы (келісім бойынша)

Морозова                   - «Феминистік лига» қоғамдық бірлестігінің
Галина Васильевна            президенті (келісім бойынша)

Нәбиева                    - «Іске асыру және бейімдеу әйелдер
Гүлзи Әскенқызы              қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің
                             директоры (келісім бойынша)

Штеффен                    - Еуропадағы Қауіпсіздік және
Букмайер                     Ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астана
                             қаласындағы орталығының адам құқықтары
                             жөніндегі кеңесшісі (келісім бойынша)

Берекетов                  - Қазақстан Республикасы Әділет
Махсат Берекетұлы            министрлігі Халықаралық шарттарды
                             сараптау департаментінің басқарма
                             бастығы, хатшы

  Қазақстан Республикасы  
Үкiметiнiң        
2003 жылғы 26 қыркүйектегі
N 983 қаулысымен    
бекiтiлген        

Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия туралы
ереже

  1. Жалпы ережелер

      1. Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссия (бұдан әрi - Комиссия) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.
      Комиссия адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөнiндегi ұсыныстар мен ұсынымдарды әзiрлеу үшiн құрылады.

      2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнiң кесiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

  2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сату саласында қалыптасқан жағдайды талдау;
      2) адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi бойынша халықты хабардар ету;
      адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сату саласында әрi қалыптасқан практикада қабылданған халықаралық-құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру;
      адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес саласында Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдары өзара iс-қимылының тиiмдiлiгiн арттыру;
      адамдарды заңсыз әкетудiң, әкелудiң және сатудың құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзiрлеу болып табылады.

  3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссия өзiне жүктелген мiндеттердi iске асыру мақсатында заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi материалдар мен ақпаратты сұратуға;
      2) тиiстi ұсыныстарды даярлай отырып, адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес саласында құқық қорғау органдарының қызметiн реттейтiн заңнама мен нормативтiк құқықтық кесiмдер жобаларының тиiмдiлiгiн талдауды жүзеге асыруға;
      3) Комиссияның отырыстарына адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес жөнiндегi ic-шараларды iске асыру мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк басқару органдарының лауазымды адамдарын шақыруға және тыңдауға;
      4) тәуелсiз сарапшыларды, мамандарды және ғалымдарды тартуға құқылы.

  4. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

      5. Комиссияға басшылық етудi оның төрағасы болып табылатын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi жүзеге асырады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.

      6. Комиссияның жеке құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Комиссияның мүшелерi отырыстарға алмасу құқығынсыз қатысады. Комиссия отырыстарына шақырылған адамдар қатыса алады.

      7. Комиссия жұмысы ағымдағы және перспективалық жоспарлар негiзiнде жүзеге асырылады.

      8. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.08.31 № 847 Қаулысымен.

      9. Отырыстың күн тәртiбiндегi әр мәселе бойынша шешiм ашық дауыс берумен қабылданады және егер оларға қатысып отырған Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.

      10. Комиссия шешiмi белгiленген тәртiппен оның жұмыс органы дайындайтын хаттамалармен ресiмделедi, төраға қол қояды және барлық мүдделi мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдарға жiберiледi.
      Комиссия мүшелерiнiң айрықша пiкiрге құқығы бар, ол бiлдiрiлген жағдайда жазбаша түрде баяндалуы және Комиссияның хаттамасына немесе есеп-хатына қоса берiлуi тиiс.

      11. Комиссияның шешiмi ұсынымдық сипатта болады.

      12. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi болып табылады.

      13. Комиссияның жұмыс органы мүдделi мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдар ұсынған құжаттардың негiзiнде Комиссия отырысының күн тәртiбi бойынша қажеттi материалдарды дайындайды және белгiленген тәртiппен Комиссия қабылдаған шешiмдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз етедi.