"Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлігін сақтау (1 фаза)" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық үйлестiру комиссиясын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 24 шілдедегі N 742 қаулысы

Қолданыстағы

      2001 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкi арасындағы Заем туралы келiсiмге сәйкес ("Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау (1 фаза)" жобасы) Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қосымшаға сәйкес құрамда "Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау (1 фаза)" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық үйлестiру комиссиясы құрылсын.

      2. Қоса берiліп отырған "Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау (1 фаза)" жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық үйлестiру комиссиясы туралы ереже бекiтiлсiн.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

 Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2003 жылғы 24 шілдедегі
N 742 қаулысына   
қосымша      

"Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал
теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау (1 фаза)" жобасын
iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi жөнiндегі
ведомствоаралық үйлестiру комиссиясының құрамы

      Есiмов                - Қазақстан Республикасы Премьер-
      Ахметжан Смағұлұлы      Министрiнiң орынбасары - Қазақстан
                              Республикасы Ауыл шаруашылығы
                              министрi, төраға

      Күрiшбаев             - Қазақстан Республикасының Ауыл
      Ақылбек Қажығұлұлы      шаруашылығы вице-министрi, төрағаның
                              орынбасары

      Кеншiмов              - Қазақстан Республикасының Ауыл
      Әмiрхан Қадiрбекұлы     шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары
                              жөнiндегi комитетi төрағасының
                              орынбасары, хатшы

      Сыздықов              - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
      Тито Уахапұлы           Мәжiлiсi Экология және табиғатты
                              пайдалану мәселелерi жөнiндегi
                              комитетiнiң төрағасы, (келiсiм
                              бойынша)

      Кенжебек              - Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
      Өмiрғали Кенжебекұлы    Мәжiлiсi экология және табиғатты
                              пайдалану мәселелерi жөнiндегi
                              комитетiнiң мүшесi, (келiсiм бойынша)

      Рябцев                - Қазақстан Республикасының Ауыл
      Анатолий Дмитриевич     шаруашылығы министрлiгi Су ресурстары
                              жөнiндегi комитетiнiң төрағасы

      Алданиязов            - Қазақстан Республикасының Индустрия
      Нұрлан Исаұлы           және сауда министрлiгi Құрылыс iстері
                              жөнiндегi комитетi төрағасының
                              орынбасары

      Ыбырайымов            - Қазақстан Республикасының Қаржы
      Рүстембек Қуаталыұлы    министрлiгi Мемлекеттiк борыш және
                              кредит беру департаментiнiң директоры

      Бекжанов              - Қазақстан Республикасының Қоршаған
      Жамбыл Лесбекұлы        ортаны қорғау министрлiгi Сараптама
                              және лицензиялау департаментiнiң
                              директоры

      Өтеғұлов              - Қазақстан Республикасының Экономика
      Мәулен Амангелдіұлы     және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi
                              Мемлекеттiк қарыз алуды жоспарлау
                              және кредит беру департаментiнiң
                              директоры

      Бертiсбаев            - Қазақстан Республикасының Энергетика
      Несiтқұл Бертiсбайұлы   және минералдық ресурстар министрлiгi
                              Электрэнергетикасы және қатты отын
                              департаментiнiң директоры

      Мұхаметов             - Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары
      Бағдат Бақтиярұлы

      Әбiшев                - Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң
      Ислам Әлмаханұлы        орынбасары

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2003 жылғы 24 шілдедегі
N 742 қаулысымен   
бекітілген    

"Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал
теңiзiнiң солтүстiк бөлiгін сақтау (1 фаза)"
жобасын iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi
жөнiндегi ведомствоаралық үйлестiру комиссиясы
туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже Ведомствоаралық үйлестiру комиссиясының (бұдан әрi - Комиссия) "Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау (1 фаза)" жобасын (бұдан әрi - Жоба) iске асыруды қамтамасыз ету мәселелерi бойынша қызметiн реттейдi. Комиссия 2001 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму Банкi арасындағы Заем туралы келiсiм  шеңберiнде Жобаны iске асыруды қамтамасыз ету жөнiндегi ұсыныстар әзiрлеу мақсатында құрылған.

      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жанындағы консультациялық-кеңесшi орган болып табылады.
      Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын , Қазақстан Республикасының Заңдарын және өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары

      3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi мен функциялары:
      1) Жоба шеңберiнде Сырдария өзенi арнасының су режимiн реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау арқылы аймақтың экологиялық және әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсарту;
      2) Қазақстан Республикасының Yкiметiне Халықаралық Қайта құру және Даму Банкi беретiн заем қаражатын тиiмдi пайдалану;
      3) Жобаны iске асыру жөнiндегi мәселелердi үйлестiру;
      4) жаңадан гидротехникалық құрылыстарды жобалауға және салуға, сондай-ақ жұмыс iстеп тұрған өзен бойындағы құрылыстарды жөндеу жұмыстарын жүргiзуге жергiлiктi еңбек және материалдық ресурстарын барынша пайдалануды қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссия өзiнiң мiндеттерiне сәйкес:
      1) Комиссия өз құзыретiне қатысты мәселелер бойынша орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдардан қажеттi ақпаратты алуға;
      2) Жобаны iске асыру мәселелерi бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар дайындауға;
      3) белгiленген тәртiппен Комиссияның құрамына өзгерiстер және/немесе толықтырулар бойынша ұсыныстар енгiзуге құқығы бар.

4. Комиссияның қызметiн ұйымдастыру

      5. Комиссияны оның қызметiне басшылық жасайтын, Комиссияның отырыстарына төрағалық ететiн, оның жұмысын жоспарлайтын төраға басқарады. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары атқарады.

      6. Жұмыстарды ұйымдастыруды және тиiстi материалдарды дайындауды Комиссияның хатшысы жүзеге асырады.

      7. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Су ресурстары жөнiндегi комитетi болып табылады.

      8. Комиссия мәжiлiсi қажеттiгiне қарай, бiрақ жарты жылдық сайын кем дегенде бiр рет өткiзіліп тұрады.

      9. Мәжiлiстiң күн тәртiбiн, сондай-ақ олардың өткiзiлетiн орны мен уақытын Комиссия мүшелерiнiң келiсiмi бойынша Комиссияның төрағасы анықтайды және нақтылайды.

      10. Комиссияның шешiмдерi ашық дауыс беру жолымен қабылданады және егер оған Комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiгi дауыс бергенде қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
      Комиссия шешiмдерi хаттамамен ресiмделедi және олардың ұсынымдық сипаты бар.

5. Комиссияның қызметiн тоқтату

      11. Жобаны iске асыру аяқталғаннан кейiн Комиссия өз қызметiн тоқтатады.