Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыпқа және бүкіл мәтін бойынша өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "әкімшілік немесе" деген сөздер алып тасталды; "хабарламада", "Хабарламаға", "хабарламасын" деген сөздер "ұсынымда", "Ұсынымға", "ұсынымын" деген сөздермен тиісінше ауыстырылды; "сот актілерін" деген сөздерден кейін "және атқарушы құжаттарды" деген сөздермен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындау бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру және оларды орындауға кедергі келтіргені және орындаудан жалтарғаны үшін жауаптылық белгілейтін заң нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 127, 472-баптарына, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК) 21-бабына сәйкес, соттар мен судьялардың заңды күшіне енген үкімдері, шешімдері, қаулылары, ұйғарымдары, бұйрықтары, сондай-ақ заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындауға байланысты басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындауға жатады.

      Заңды күшіне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісі мен атқару құжатын орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтіру заңда көзделген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

      Борышкердің сот актісін оның белгілі бір бөлігінде орындауға мүмкіндігінің болмауы не толық көлемінде орындай алмауы орындамау деп қарастырылмайды.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар азаматтық талапты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін ҚІЖК-нің 171, 325-баптарының және АІЖК-нің 158, 159-баптарының талаптарын мүлтіксіз орындаулары қажет.

      Соттар көрсетілген шараларды басты сот талқылауына әзірлік жүргізу барысында, сондай-ақ сот талқылауы, үкім шығару, азаматтық талапты қанағаттандыру жөнінде шешім немесе өзге де сот актісін шығару кезінде қолдануы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Жауапкерлерден ақшалай немесе өзге де өндіріп алулар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін заңда көзделген жағдайларда соттар атқару парағын уақтылы жазуы, сот актісінің мөрмен куәландырылған көшірмесін немесе одан үзіндіні, жауапкердің орналасқан жерін көрсетіп, талап қоюды қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тізілімін қосуы және осы құжаттарды жауапкердің жазбаша өтініші бойынша өндіріп алушыға беруі және осы құжаттарды "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 52-бабында көзделген талаптарға сәйкес атқарушылық іс жүргізудің тиісті органына жіберуі қажет.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Санкциялануға жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыны сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасалған орны бойынша сотқа ұсынады. Қаулыға құжаттардың көшірмелерін жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында қосып, атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі. Қаулы материалдар түскен күні соттың қарауына жатады. Қаулыда ол шығарылған күн, соттың атауы, судьяның тегі, аты, әкесінің аты, заң нормалары, қаулыда көрсетілген шараларды қабылдаудың уәждері мен негіздері көрсетіледі.

      Санкцияны беруден бас тартылған жағдайда, сондай-ақ, егер қаулы АІЖК-нің 240-7-бабының 1-бөлігінің талаптарына сай келмесе, судья бас тартудың себептерін көрсете отырып, дәлел келтірілген ұйғарым шығарады.

      Санкция беру туралы қаулыға, санкцияны беруден бас тарту туралы ұйғарымға АІЖК-ның 240-7 бабында көзделген тәртіппен шағымдануға және наразылық келтіруге болады.

      Санкция беруден бас тарту туралы ұйғарымға атқарушылық өндіріске қатысушылар шағымдануға құқылы. Атқарушылық өндірістің қатысушылары Заңның 14-бабында көрсетілген тұлғалар болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4-1. Сот орындаушылары атқару құжаттарын алған кезде сот актілерін орындауды қамтамасыз етуге бағытталған заңда көзделген шараларды қабылдауға тиіс.

      Банктік шоттарды белгілеу, оларда ақшаның болуы, сондай-ақ борышкердің банктерде сақтаулы осы және басқа мүлігіне тыйым салу қажет болған жағдайда жоғарыда көрсетілген іс-қимылдарды санкциялау туралы шараларды дереу қабылдауы тиіс.

      Сот орындаушыларының банктерден жеке тұлғаларға қатысты ақпаратты талап ету, банк шоттарының бар-жоғы және нөмiрлерi туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары мен ақша қозғалысы туралы, сондай-ақ оның банктiң сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында сақтаулы жатқан мүлкінің сипаты мен құны туралы қолда бар мәлiметтер туралы қаулыларын санкциялау заңда көзделмеген ("Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Жаңартылған Қазақстан Республикасы Заңының 50-бабы).

      Жеке тұлғаларға қатысты мұндай мәліметтерді сот орындаушысы сотқа АІЖК 240-4-бабының тәртібімен ұсыным беріп жүгінген кезде ала алады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Борышкердің жүрген жері белгісіз болған жағдайда сот орындаушысы ішкі істер органдары немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, экономикалық тергеу қызметі арқылы борышкерге іздеу салуды жариялау туралы ұсыныммен атқару құжатының орындалу орны бойынша сотқа жүгінуге міндетті.

      Іздеу салуды жариялау қажеттілігінің негіздемесіне сот орындаушысы сотқа, атап айтқанда, атқару құжатының көшірмесін, атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулының көшірмесін, борышкердің атқару құжаттарында көрсетілген мекенжайда тұрмайтындығы туралы актіні, мекенжай анықтамасын ұсынуға тиіс.

      Борышкерге іздеу салу жөніндегі шығыстар атқарушылық әрекеттер болып табылады және борышкерден мемлекет пайдасына өндіріліп алынуға жатады. Мемлекеттік бюджетке өндіріп алынуға жататын борышкерге іздеу салуға шығындалған соманы Заңның 45-бабы 3-тармағына сәйкес іздеу салуды жүзеге асыратын органдардың арызының негізінде сот айқындайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Борышкер сот актісінің уақытында орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер (сот орындаушысына келуден жалтару, жұмыс орны мен тұратын жерінің өзгергені туралы хабарламау, сот орындаушысының талаптарын орындамау, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі келтіру және т.б.) жасаған жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары кінәлі адамдарды қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мәселені талқылауға тиіс.

      Борышкер сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындаудан бас тартқан жағдайда, өндіріп алушы тиісті органдардың алдына кінәлі адамдарды әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде мәселе қоюға құқылы.

      7. Кінәлі адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсынымда сот орындаушысы борышкердің немесе өзге де адамдардың сот актісін орындамай, сот орындаушысының талаптарына қандай қарсы шаралар қолданғандары туралы көрсетуге тиіс.

      Ұсынымға:

      - атқару парағының көшірмесі;

      - атқарушылық іс қозғалғаны туралы қаулы;

      - сот актісін орындамауды не орындауға кедергі жасауды растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет.

      Қылмыстық ізге түсу органы қылмыстық-іс жүргізу заңына сәйкес басқа да қажетті құжаттарды сұрата алады.

      8. Қылмыстық істер бойынша барлық іс жүргізу әрекеттерін процестің сотқа дейінгі кезеңінде ҚІЖК-нің талаптарына сәйкес қылмыстық қудалау органы, ал жеке айыптау істері бойынша - соттар жалпы негіздерде жүргізеді.

      Сот орындаушысының ұсынымын қарамай қайтарып жіберуге, сот орындаушысына іс қозғау және айыптауды дәлелдеу туралы мәселені шешу үшін қажетті дәлелдемелерді жинау жөнінде оларға тән емес функцияларды жүктеуге жол беруге болмайды.

      Қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 179, 180, 181, 185-баптарына сәйкес сот орындаушысының ұсынымын немесе өндіріп алушының арызын қарауға міндетті, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар мән-жайларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады немесе бұл хабарламаларды ҚПК-нің 186-бабына сәйкес тергеулігі бойынша беруге міндетті.

      Өздерінің қызметтік мүдделеріне қайшы келіп, борышкердің заңды күшіне енген сот актісін орындаудан жалтаруына көмектескен сот орындаушылары заңмен белгіленген тәртіппен жауапқа тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Сот орындаушылары қылмыстық жауапқа тарту туралы өздеріне белгілі болған фактілер туралы, олардың уақытында қаралмағаны және олар жіберген материалдар бойынша қылмыстық ізге түсу органдары жол берген басқа да заң бұзушылықтар туралы тиісті прокурорлардың назарына дер кезінде жеткізіп отырулары қажет.

      10. Сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімінің басын заңды күшіне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін орындалмағанын, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтірілгенін айғақтайтын іс-әрекеттердің нақтылы жасалған сәтінен бастап есептеген жөн. Осы орайда сот актісінің шығарылған және күшіне енген уақыты есепке алынбайды.

      Егер өндіріп алушы атқару құжатын орындауға ұсыну үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алса және осы мерзім ұзартылмаса, тұлға сот актісінің орындалмағаны үшін жауапқа тартылуға тиіс емес.

      11. Үкімге, шешімге немесе өзге де сот актісіне байланысты атқарушылық іс жүргізу барысында белгілі бір әрекеттерді жасауға міндетті тұлғалар ғана сот актісін орындамағаны, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

      Сот актісінің орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер жасаған өзге тұлғаларға қатысты сот орындаушысының өміріне қол сұғылғаны, денсаулығына қауіп төндіргені, жала жапқаны, өлтіремін деп қорқытқаны, зиян келтіргені және басқа да әрекеттер жасағаны үшін жауаптылық көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) тиісті баптары бойынша қылмыстық қудалау жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау заңның жалпы нормасында да (ҚК-тің 430-бабы), сол сияқты арнайы нормаларда да (ҚК-тің 139, 152, 346, 431-баптары) көзделген.

      Сот істі қараған кезде жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің тиісті баптары диспозицияларының ережелерін сақтауға тиіс.

      ҚК-тің 430-бабына сәйкес жауаптылық заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамауды, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасауды анықтаған кезде ғана туындайды.

      ҚК-тің 430-бабында көзделген алты ай мерзімі сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап есептелуге тиіс.

      Сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау әрекет немесе әрекетсіздік нысаны ретінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау деп борышкердің сот актісін орындауға шаралар қабылданбауы, өндіріп алу жүргізілуі мүмкін жалақыны және басқа да мүлікті жасырып қалуды, жұмыс орны туралы, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін кірістер туралы ақпарат бермеуді, міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауды, сондай-ақ ақшалай қаражат пен мүлікті басқа да мақсаттарға пайдалануға байланысты өзге де іс-қимылдарды санауға болады.

      Міндеттемені толық көлемде орындау мүмкіндігі бола тұрып, борышкердің сот актісін орындаудан жалтару мақсатында мардымсыз ақшалай соманы төлеуі орындамау деп бағалануға тиіс.

      Жазалау түрі туралы мәселені шешкен кезде соттардың ҚК-тің 430-бабына ескертуді басшылыққа алғаны жөн.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Сот орындаушыларының заңды талаптарын орындамау мақсатында қасақана жасалған әрекетті (әрекетсіздікті) сот актісінің орындалуына кедергі жасау деп түсіну қажет.

      Сот орындаушысының борышкердің мүлкі тұрған тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайларға, қоймаларға кіруін шектеу және сот орындаушысының өзінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасайтын басқа да белсенді әрекеттер жасау кедергі келтіру болып есептеледі.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 125-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту борышкерді атқару құжатында көрсетілген әрекеттерді орындау міндетінен босатпайды. ҚК-нің 139-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған жағдайда борыштың өтелген, сондай-ақ қалған сомасын көрсету қажет.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      15. Соттар сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамағаны үшін үкім шығарған кезде сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамаудың салдарынан пайда болған мерзімді төлемдер бойынша борыштарды анықтап, ҚІЖК-нің 166-бабына сәйкес мәлімделген азаматтық талаптарды қылмыстық іспен бірге қараулары қажет.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Азаматтық талапкерлердің кінәлі адам сот актісін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арыздары қылмыстық істі қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      17. Заңды күшіне енген сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау туралы істерді қарау кезінде соттар сот орындаушыларының, сондай-ақ қылмыстық ізге түсу органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен олқылықтарға назар аударуға міндетті негіз болған жағдайда жеке қаулылар шығарады.

      18. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы