Сот актілерін әдейі орындамағаны үшін жауаптылық туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Сот актілерін орындау бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру және оларды орындауға кедергі келтіргені және орындаудан жалтарғаны үшін жауаптылық белгілейтін заң нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының  76-бабының  3-тармағына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - ҚІЖК)  131,   449-баптарына,  Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің (әрі қарай - АІЖК)  21-бабына  сәйкес, соттар мен судьялардың заңды күшіне енген үкімдері, шешімдері, қаулылары, ұйғарымдары, бұйрықтары, сондай-ақ заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен сот актілерін орындауға байланысты басқа да өтініштері барлық мемлекеттік органдар, лауазымды адамдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар мен азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындауға жатады.
      Соттың үкімін, шешімін, қаулысын және өзге де сот актілерін әдейі орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау қылмыстық жауапқа тартуға әкеп соғады.
      Борышкердің сот актісін оның белгілі бір бөлігінде орындауға мүмкіндігінің болмауы не толық көлемінде орындай алмауы әдейі орындамау деп қарастырылмайды.

      2. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар азаматтық талапты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін ҚІЖК-нің  170,   305-баптарының  және АІЖК-нің  158,   159-баптарының  талаптарын мүлтіксіз орындаулары қажет.
      Соттар көрсетілген шараларды басты сот талқылауына әзірлік жүргізу барысында, сондай-ақ сот талқылауы, үкім шығару, азаматтық талапты қанағаттандыру жөнінде шешім немесе өзге де сот актісін шығару кезінде қолдануы мүмкін.

      3. Соттар жауапкерлерден ақшалай немесе өзгедей өндіру туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін заңмен көзделген жағдайларда атқару парақтарын уақытында жазып, талапты қанағаттандыру үшін тыйым салынған мүліктің тізімдемесін қоса тіркеп, өндіріп алушылар мен борышкерлерді көрсетіп, мөрмен куәландырылған сот актісінің көшірмесін не оның үзіндісін борышкерлер мен олардың мүліктері тұрған жерлер бойынша сот әкімшілерінің облыстардағы аумақтық органдарына жіберуге тиіс.

      4. Сот орындаушылары атқару құжаттарын алғаннан кейін сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған заңмен көзделген шараларды уақытында қабылдаулары қажет.
      Банк шоттарын, олардағы ақша қаражатының, кредит және сақтандыру сомаларының, бағалы қағаздардың бар-жоғын тексеру, сондай-ақ борышкердің банкте тұрған осы және басқа мүлкіне тыйым салу қажет болған жағдайларда жоғарыда көрсетілген әрекеттерді санкциялау туралы дереу мәселе қою қажет.

      5. Борышкердің тұратын жері белгісіз болған жағдайда сот орындаушысы оған іздеу жариялау туралы мәселені шешу үшін сотқа ұсыным жасап, жүгінуге міндетті.
      Осы орайда сот орындаушылары атқару құжатының көшірмесін, атқарушылық іс қозғау туралы қаулының көшірмесін, борышкердің атқару құжатында көрсетілген мекен-жайда тұрмайтындығы туралы актіні, мекен-жай бюросының анықтамасын сотқа ұсынуға тиіс.
      Соттар борышкерді іздеу туралы "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  18-бабының  2-тармағына сәйкес қаулы шығарған кезде іздестіру жөніндегі шығындарды борышкерден жергілікті бюджеттің есебіне өндіріп алу жөнінде міндетті түрде көрсетулері қажет.
      Өндірілетін сомалардың мөлшерін шығарғанда іздеуді жүзеге асыратын органдар анықтаған шығыстарды негізге алу керек.

      6. Борышкер сот актісінің уақытында орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер (сот орындаушысына келуден жалтару, жұмыс орны мен тұратын жерінің өзгергені туралы хабарламау, сот орындаушысының талаптарын орындамау, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі келтіру және т.б.) жасаған жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мәселені талқылауға тиіс.
      Борышкер сот актілерін орындаудан бас тартқан жағдайда, өндіріп алушы тиісті органдардың алдына кінәлі адамдарды әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде мәселе қоюға құқылы.

      7. Кінәлі адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы хабарламада сот орындаушысы борышкердің немесе өзге де адамдардың сот актісін әдейі орындамай, сот орындаушысының талаптарына қандай қарсы шаралар қолданғандары туралы көрсетуге тиіс.
      Хабарламаға:
      - атқару парағының көшірмесі;
      - атқарушылық іс қозғалғаны туралы қаулы;
      - сот актісін әдейі орындамауды не орындауға кедергі жасауды растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет.
      Қылмыстық ізге түсу органы қылмыстық-іс жүргізу заңына сәйкес басқа да қажетті құжаттарды сұрата алады.

      8. Қылмыстық істер бойынша барлық іс жүргізу әрекеттерін процестің сотқа дейінгі кезеңінде  ҚІЖК-нің  талаптарына сәйкес қылмыстық қудалау органы, ал жеке айыптау істері бойынша - соттар жалпы негіздерде жүргізеді.
      Сот орындаушысының хабарламасын қарамай қайтарып жіберуге, сот орындаушысына, сот әкімшісіне, олардың құрылымдық бөлімшелеріне іс қозғау және айыптауды дәлелдеу туралы мәселені шешу үшін қажетті дәлелдемелерді жинау жөнінде оларға тән емес функцияларды жүктеуге жол беруге болмайды.
      Қылмыстық ізге түсу органы ҚІЖК-нің  183 - 185-баптарына  сәйкес, сот орындаушысының хабарламасын немесе өндіріп алушының арызын қарап, қылмыстық іс қозғау немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдауға немесе хабарламаны (арызды) тиісті органға беруге міндетті.
      Өздерінің қызметтік мүдделеріне қайшы келіп, борышкердің заңды күшіне енген сот актісін орындаудан жалтаруына көмектескен сот орындаушылары заңмен белгіленген тәртіппен жауапқа тартылуы мүмкін.

      9. Сот орындаушылары қылмыстық жауапқа тарту туралы өздеріне белгілі болған фактілер туралы, олардың уақытында қаралмағаны және олар жіберген материалдар бойынша қылмыстық ізге түсу органдары жол берген басқа да заң бұзушылықтар туралы тиісті прокурорлардың назарына дер кезінде жеткізіп отырулары қажет.

      10. Сот актілерін әдейі орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімінің басын заңды күшіне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін әдейі орындалмағанын, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтірілгенін айғақтайтын іс-әрекеттердің нақтылы жасалған сәтінен бастап есептеген жөн. Осы орайда сот актісінің шығарылған және күшіне енген уақыты есепке алынбайды.
      Егер өндіріп алушы атқару құжатын орындауға ұсыну үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алса және осы мерзім ұзартылмаса, тұлға сот актісінің әдейі орындалмағаны үшін жауапқа тартылуға тиіс емес.

      11. Атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер ғана емес, сонымен бірге құқыққа қарсы әрекет жасаған өзге де тұлғалар сот актілерінің орындалмауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар субъектісі бола алады.
      Үкімге, шешімге немесе өзге де сот актісіне байланысты атқарушылық іс жүргізу барысында белгілі бір әрекеттерді жасауға міндетті тұлғалар ғана сот актісін әдейі орындамағаны, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
      Сот актісінің орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер жасаған өзге тұлғаларға қатысты сот орындаушысының өміріне қол сұғылғаны, денсаулығына қауіп төндіргені, жала жапқаны, өлтіремін деп қорқытқаны, зиян келтіргені және басқа да әрекеттер жасағаны үшін жауаптылық көздейтін Қазақстан Республикасы  Қылмыстық кодексінің  (әрі қарай - ҚК) тиісті баптары бойынша қылмыстық қудалау жүзеге асырылуы мүмкін.

      12. Заңды күшіне енген сот актілерін әдейі орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау анықталған жағдайда ғана ҚК-нің  362-бабы  бойынша жауаптылықтың туындайтынына назар аударылсын.
      Сот актісін әдейі орындамау әрекет жасау немесе әрекетсіздік түрінде байқалуы мүмкін.
      Борышкердің сот актісін орындау жөнінде шара қолданбауын, өндіріліп алынуы мүмкін жалақысы мен басқа да мүлкін жасырып қалуын, жұмыс орны туралы, заңды тұлғаны құрмай, кәсіпкерлік қызметпен айналысатыны жөнінде ақпарат бермеуін, міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауын, сондай-ақ ақша қаражаттары мен мүлікті басқа мақсатқа пайдалануға байланысты өзге де әрекеттерін сот актісін әдейі орындамау деп есептеген жөн.
      Борышкердің міндеттемесін толығымен орындауға мүмкіндігі бола тұра, сот актісін орындаудан жалтару мақсатында шамалы соманы қасақана енгізуін әдейі орындамау деп қарастыру керек.

      13. Сот орындаушыларының заңды талаптарын орындамау мақсатында қасақана жасалған әрекетті (әрекетсіздікті) сот актісінің орындалуына кедергі жасау деп түсіну қажет.
      Сот орындаушысының борышкердің мүлкі тұрған тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайларға, қоймаларға кіруін шектеу және сот орындаушысының өзінің қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасайтын басқа да белсенді әрекеттер жасау кедергі келтіру болып есептеледі.
      Егер кінәлі адамға жасаған әрекеті үшін бір мезгілде қылмыстық, сондай-ақ әкімшілік заң қолданылса, онда ол ҚІЖК-нің  19-бабының  3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.

      14. "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының  78-бабына  сәйкес қылмыстық жауапқа тарту борышкерді атқару құжатында көрсетілген әрекеттерді орындау міндетінен босатпайды. ҚК-нің  136,   140-баптары  бойынша қозғалған қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған жағдайда борыштың өтелген, сондай-ақ қалған сомасын көрсету қажет.

      15. Соттар сот актілерін әдейі орындамағаны үшін үкім шығарған кезде сот актілерін әдейі орындамаудың салдарынан пайда болған мерзімді төлемдер бойынша борыштарды анықтап, ҚІЖК-нің  162-бабына  сәйкес мәлімделген азаматтық талаптарды қылмыстық іспен бірге қараулары қажет.

      16. Азаматтық талапкерлердің кінәлі адам сот актісін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арыздары қылмыстық істі қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      17. Заңды күшіне енген сот актілерін әдейі орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау туралы істерді қарау кезінде соттар сот орындаушыларының, сондай-ақ қылмыстық ізге түсу органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен олқылықтарға назар аударуға міндетті негіз болған жағдайда жеке қаулылар шығарады.

      18. Қазақстан Республикасы Конституциясының  4-бабына  сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы