Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 12 нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырыпқа және бүкіл мәтін бойынша өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "әкімшілік немесе" деген сөздер алып тасталды; "хабарламада", "Хабарламаға", "хабарламасын" деген сөздер "ұсынымда", "Ұсынымға", "ұсынымын" деген сөздермен тиісінше ауыстырылды; "сот актілерін" деген сөздерден кейін "және атқарушы құжаттарды" деген сөздермен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      Сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындау бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру және оларды орындауға кедергі келтіргені және орындаудан жалтарғаны үшін жауаптылық белгілейтін заң нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі - Конституция) 76-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 127, 472-баптарына, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 21-бабының екінші бөлігіне, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 884-бабына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыру кезінде соттар мен судьялардың өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары, сұрау салулары және басқа да өтініштері, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындауға жатады.

      Заңды күшіне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқару құжатын орындамау, сол сияқты олардың орындалуына кедергі келтіру заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Борышкердің сот актісін оның белгілі бір бөлігінде не толық көлемде орындауға нақты мүмкіндігінің болмауы адамды әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкіндігін жояды.

      Сот актісін орындауға нақты мүмкіндіктің болмауы деп борышкерде өндіріп алынуы мүмкін мүліктің немесе ақшалай қаржаттың жоқтығын; жұмыс берушінің жалақы төлемеуін; зейнетақы мен жәрдемақы төлеудің тоқтатылуын; борышкердің емделуіне байланысты ұзақ уақыт науқастануын және еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы мен жалақы алмауын; соттың қаулысымен алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан және туберкулезден мәжбүрлеп емделуін; бұрын борышкер мамандығы бойынша меңгермеген басқа жұмысты алдағы уақытта алуына байланысты қайта оқуын және борышкердің белгілі бір уақытта сот актісін орындауға нақты мүмкіндігі болмайтын басқа да себептерді есептеу керек.

      Көрсетілген жағдайларда борышкерді сот актісін, атқару құжатын орындамағаны үшін жауаптылықтан босату аталған мән-жайлар жойылғаннан кейін оның сот актісін, атқару құжатын, сонымен қатар пайда болған берешекті ескере отырып, заңға сәйкес орындау міндеттерін жоймайды.

      Сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған балаларын, он сегіз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын асырау не өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын асырау үшін қаражат төлеуге міндетті борышкердің 3 (үш) ай бойы (сот орындаушысы хабарлаған сәттен бастап) жұмысқа орналасуға мұқтаж адам ретінде оны есепке қою үшін құзыретті мемлекеттік органдарға жүгінуден бас тартуын заңды күшіне енген сот актілерін, атқару құжатын орындаудан жалтаруы деп есептеу керек.

      Сондай-ақ сот шешімі бойынша еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж зайыбын (жұбайын) асырау үшін қаражат төлеуге міндетті борышкердің 6 (алты) ай бойы (сот орындаушысы хабарлаған сәттен бастап) жұмысқа орналасуға мұқтаж адам ретінде оны есепке қою үшін құзыретті мемлекеттік органдарға жүгінуден бас тартуын сот актілерін, атқару құжатын орындаудан жалтаруы деп есептеу керек.

      Бұл ретте, егер борышкер жұмыссыз ретінде есепте тұрғанымен, ұсынылған бос жұмыс орнынан бас тартқан жағдайда, оның сот актісін, атқару құжатын (оның белгілі бір бөлігінде не толық көлемде) орындауға нақты мүмкіндігінің болмауы орын алмайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Қылмыстық процесті жүргізуші органдар азаматтық талапты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды көздейтін ҚПК-нің 171, 325-баптарының және АПК-нің 155, 156-баптарының талаптарын мүлтіксіз орындаулары қажет.

      Соттар көрсетілген шараларды басты сот талқылауына әзірлік жүргізу барысында, сондай-ақ сот талқылауы кезінде қолдануы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      3. Жауапкерлерден ақшалай немесе өзге де өндіріп алулар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін заңда көзделген жағдайларда соттар атқару парағын уақтылы жазуы, сот актісінің мөрмен куәландырылған көшірмесін немесе одан үзіндіні, жауапкердің орналасқан жерін көрсетіп, талап қоюды қамтамасыз ету үшін тыйым салынған мүліктің тізілімін қосуы және осы құжаттарды жауапкердің жазбаша өтініші бойынша өндіріп алушыға беруі және осы құжаттарды "Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" 2000 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 52-бабында көзделген талаптарға сәйкес атқарушылық іс жүргізудің тиісті органына жіберуі қажет.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4. Санкциялануға жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыны сот орындаушысы атқарушылық әрекеттер жасалған орны бойынша сотқа ұсынады. Қаулыға құжаттардың көшірмелерін жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында қосып, атқарушылық іс жүргізу материалдары қоса беріледі. Қаулы материалдар түскен күні соттың қарауына жатады. Қаулыда ол шығарылған күн, соттың атауы, судьяның тегі, аты, әкесінің аты, заң нормалары, қаулыда көрсетілген шараларды қабылдаудың уәждері мен негіздері көрсетіледі.

      Санкцияны беруден бас тартылған жағдайда, сондай-ақ, егер қаулы АПК-нің 252-бабының бірінші бөлігінің талаптарына сай келмесе, судья бас тартудың себептерін көрсете отырып, АПК-нің 252-бабының бесінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотқа шағым берілуі мүмкін дәлел келтірілген ұйғарым шығарады.

      Тараптар және атқарушылық іс жүргізудегі тараптардың өкілдері санкцияны беруден бас тарту туралы ұйғарымға шағымдануға құқылы.

      Сот санкция берген атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы дау туындаған жағдайда АПК-нің 250-бабына сәйкес тексерілуге жатады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      4-1. Сот орындаушылары атқару құжаттарын алған кезде сот актілері мен атқарушылық құжаттарды орындауды қамтамасыз етуге бағытталған, Заңның 32-бабында көзделген шараларды дереу қабылдағандары жөн.

      Көрсетілген шаралар заңда көзделген жағдайларда ғана соттың санкциясымен қабылданады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4-2. Сот орындаушысы борышкер болып табылатын жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу туралы қаулыны (бұдан әрі - шығуды уақытша шектеулер) АПК-нің 252-бабының және Заңның 33-бабы 1-тармағының негізінде шығарады.

      Сот санкция беру туралы мәселені шеше отырып, Заңның 33-бабы 1-тармағының ережесі атқарушылық құжаттарды тез әрі уақтылы орындауды, борышкерлер өз міндеттерін өндірушілердің алдында орындауға міндетті өндірушілердің құқықтарын сақтауды көздейтінін негізге алуға тиіс.

      Шығуды уақытша шектеу негіздері Заңның 33-бабының 1-тармағында көзделген, олар түпкілікті болып табылады.

      Сот санкция беру туралы мәселені шеше отырып, шығуды уақытша шектеу үшін негіздердің бар-жоғын, сот орындаушысының Заңның 32-бабында көзделген әрекеттерді орындаған-орындамағанын анықтауға тиіс. Көрсетілген мән-жайлар дәлелденген кезде сот санкция береді.

      Сондықтан жауапкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге шығуға ниеті туралы мәліметтердің жоқтығы, атқарушылық құжаттарды орындамаудың дәлелсіз себептеріне дәлелдемелердің жоқтығы сияқты және т.б. мән-жайлар санкция беруден бас тартудың формальді негіздері болып табылады.

      Республикадан тыс жерге шығуы уақытша шектелген адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін уақтылы қорғау мақсатында сот санкция берген шығуды уақытша шектеу туралы қаулыны сот орындаушысы борышкердің назарына жеткізеді.

      Шығуды уақытша шектеулер Заңның 33-бабының 3-тармағында көзделген негіздерде ғана тоқтатыла тұруы мүмкін.

      Республикадан тыс жерде емдеу жүргізудің қажеттілігі адамға тек республикадан тыс жерде білікті медициналық көмек көрсетілуі мүмкін екендігін білдіреді және осы мән-жай тиісті медициналық құжаттармен (ДКК қорытындысы, Денсаулық сақтау департаментінің қорытындысы немесе анықтамасы және т.б.) расталуы тиіс.

      Сот орындаушысының заңды тұлға басшысының (міндетін атқарушының) Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуын уақытша шектеу туралы қаулысы, егер сотқа осы адамның борышкердің заңды тұлғасының басшысы (міндетін атқарушы) болып табылатыны жөнінде шынайы дәлелдемелер ұсынылса, соттың санкциялауына жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 4-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      4-3. Өндіріп алу борышкердің жалақысына және өзге де кіріс түрлеріне қолданылған кезде соттың санкциясы талап етілмейді.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 4-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Борышкердің жүрген жері белгісіз болған жағдайда сот орындаушысы ішкі істер органдары немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, экономикалық тергеу қызметі арқылы борышкерге іздеу салуды жариялау туралы ұсыныммен атқару құжатының орындалу орны бойынша сотқа жүгінуге міндетті.

      Іздеу салуды жариялау қажеттілігінің негіздемесіне сот орындаушысы сотқа, атап айтқанда, атқару құжатының көшірмесін, атқарушылық іс жүргізуді қозғау туралы қаулының көшірмесін, борышкердің атқару құжаттарында көрсетілген мекенжайда тұрмайтындығы туралы актіні, мекенжай анықтамасын ұсынуға тиіс.

      Борышкерге іздеу салу жөніндегі шығыстар атқарушылық әрекеттер болып табылады және борышкерден мемлекет пайдасына өндіріліп алынуға жатады. Мемлекеттік бюджетке өндіріп алынуға жататын борышкерге іздеу салуға шығындалған соманы Заңның 45-бабы 3-тармағына сәйкес іздеу салуды жүзеге асыратын органдардың арызының негізінде сот айқындайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5 Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      6. Борышкер сот актісінің уақытында орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер (сот орындаушысына келуден жалтару, жұмыс орны мен тұратын жерінің өзгергені туралы хабарламау, сот орындаушысының талаптарын орындамау, сот орындаушысының заңды қызметіне кедергі келтіру және т.б.) жасаған жағдайда атқарушылық іс жүргізу органдары кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту жөніндегі мәселені талқылауға тиіс.

      Борышкер сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындаудан бас тартқан жағдайда, өндіріп алушы тиісті органдардың алдына кінәлі адамдарды әкімшілік немесе әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде мәселе қоюға құқылы.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6-1. ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық сот актілерін, атқарушылық құжатты орындамаған кезде туындайды.

      Әкімшілік жауаптылыққа әкеп соқтыратын орындамау деп борышкердің әрекетін немесе әрекетсіздігін түсінген жөн, ол борышкердің сот актісін, атқарушылық құжатты орындаудан жалтаруынан көрінеді және қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерін қамтымайды.

      ӘҚБтК-нің 893-бабының бірінші бөлігіне сәйкес айыппұлды әкімшілік жауаптылыққа тартылған адам қаулы заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс. Осы мерзім өткен соң немесе кейінге қалдыру мерзімі өткен соң айыппұл төленбеген жағдайда, мұндай адам қаулы мәжбүрлеп орындауға жіберілгеніне қарамастан ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6-2. Сот орындаушысының іс жүргізуінде тұрған атқарушылық құжатты орындау туралы талапты қоспағанда, сот орындаушысының қаулыларын және өзге де заңды талаптарын орындамау ӘҚБтК-нің 670-бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6-3. Борышкер атқарушылық іс жүргізу бойынша заңды тұлға болып табылған жағдайда, заңды тұлға оны орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатады.

      Егер атқарушылық іс жүргізу бойынша заңды тұлғаның қызметкері борышкер болып табылса, онда оны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа өзінің кінәсінен сот актісі немесе атқарушылық құжат орындалмаған лауазымды тұлға тартылады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 6-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. Кінәлі адамдарды әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсынымда (хабарламада) сот орындаушысы борышкердің немесе өзге де адамдардың сот актісін орындамай, сот орындаушысының талаптарына қандай қарсы шаралар қолданғандары туралы көрсетуге тиіс.

      Ұсынымға (хабарламаға):

      атқару парағының көшірмесі;

      атқарушылық іс қозғалғаны туралы қаулы;

      сот актісін орындамауды не орындауға кедергі жасауды растайтын құжаттар қоса тіркелуі қажет.

      Қылмыстық ізге түсу органы қылмыстық-іс жүргізу заңына сәйкес басқа да қажетті құжаттарды сұрата алады.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      8. Қылмыстық істер бойынша барлық іс жүргізу әрекеттерін процестің сотқа дейінгі кезеңінде ҚПК-нің талаптарына сәйкес қылмыстық қудалау органы жалпы негіздерде жүргізеді.

      Сот орындаушысының ұсынымын (хабарламасын) қарамай қайтарып жіберуге, сот орындаушысына сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу және айыптауды дәлелдеу туралы мәселені шешу үшін қажетті дәлелдемелерді жинау жөнінде оларға тән емес функцияларды жүктеуге жол беруге болмайды.

      Қылмыстық қудалау органы ҚПК-нің 179, 180, 181, 185-баптарына сәйкес сот орындаушысының ұсынымын (хабарламасын) немесе өндіріп алушының арызын қарауға міндетті, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың белгілері бар мән-жайларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін негіз болып табылады немесе бұл хабарламаларды ҚПК-нің 186-бабына сәйкес тергеулігі бойынша беруге міндетті.

      Өздерінің қызметтік мүдделеріне қайшы келіп, борышкердің заңды күшіне енген сот актісін орындаудан жалтаруына көмектескен сот орындаушылары заңмен белгіленген тәртіппен жауапқа тартылуы мүмкін.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9. Сот орындаушылары қылмыстық жауапқа тарту туралы өздеріне белгілі болған фактілер туралы, олардың уақытында қаралмағаны және олар жіберген материалдар бойынша қылмыстық ізге түсу органдары жол берген басқа да заң бұзушылықтар туралы тиісті прокурорлардың назарына дер кезінде жеткізіп отырулары қажет.

      10. Сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамағаны үшін қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімінің басын заңды күшіне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін орындалмағанын, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтірілгенін айғақтайтын іс-әрекеттердің нақтылы жасалған сәтінен бастап есептеген жөн. Осы орайда сот актісінің шығарылған және күшіне енген уақыты есепке алынбайды.

      Егер өндіріп алушы атқару құжатын орындауға ұсыну үшін заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алса және осы мерзім ұзартылмаса, тұлға сот актісінің орындалмағаны үшін жауапқа тартылуға тиіс емес.

      11. Үкімге, шешімге немесе өзге де сот актісіне байланысты атқарушылық іс жүргізу барысында белгілі бір әрекеттерді жасауға міндетті тұлғалар ғана сот актісін орындамағаны, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

      Сот актісінің орындалуына кедергі келтіретін әрекеттер жасаған өзге тұлғаларға қатысты сот орындаушысының өміріне қол сұғылғаны, денсаулығына қауіп төндіргені, жала жапқаны, өлтіремін деп қорқытқаны, зиян келтіргені және басқа да әрекеттер жасағаны үшін жауаптылық көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) тиісті баптары бойынша қылмыстық қудалау жүзеге асырылуы мүмкін.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      12. Заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты орындамау, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасау заңның жалпы нормасында да (ҚК-тің 430-бабы), сол сияқты арнайы нормаларда да (ҚК-тің 139, 152, 346, 431-баптары) көзделген.

      Сот істі қараған кезде жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің тиісті баптары диспозицияларының ережелерін сақтауға тиіс.

      ҚК-тің 430-бабына сәйкес жауаптылық заңды күшiне енген сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актiсiн не атқарушылық құжатты алты айдан астам орындамауды, сол сияқты оларды орындауға кедергi жасауды анықтаған кезде ғана туындайды.

      ҚК-тің 430-бабында көзделген алты ай мерзімі сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап есептелуге тиіс.

      Сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау әрекет немесе әрекетсіздік нысаны ретінде жүзеге асырылуы мүмкін.

      Сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау деп борышкердің сот актісін орындауға шаралар қабылданбауы, өндіріп алу жүргізілуі мүмкін жалақыны және басқа да мүлікті жасырып қалуды, жұмыс орны туралы, заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін кірістер туралы ақпарат бермеуді, міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауды, сондай-ақ ақшалай қаражат пен мүлікті басқа да мақсаттарға пайдалануға байланысты өзге де іс-қимылдарды санауға болады.

      Міндеттемені толық көлемде орындау мүмкіндігі бола тұрып, борышкердің сот актісін орындаудан жалтару мақсатында мардымсыз ақшалай соманы төлеуі орындамау деп бағалануға тиіс.

      Жазалау түрі туралы мәселені шешкен кезде соттардың ҚК-тің 430-бабына ескертуді басшылыққа алғаны жөн.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 Нормативтік қаулысымен (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Сот актісінің не атқарушылық құжаттың орындалуына кедергі келтіру деп оларды орындау мүмкін болмайтындай бағытталып жасалған кез келген қасақана әрекетті (әрекетсіздікті) түсіну керек.

      Кедергі келтіру сот орындаушысының тізімдемеге, бағалауға, тыйым салуға, сауда-саттық өткізуге, борышкердің мүлкі болуы мүмкін тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайларды, қоймаларды қарауға қол жеткізуін шектеу, жұмыс беруші ұйымының атқарушылық құжат бойынша берешекті өтеу есебіне борышкерден ақша қаражатын ұстауын жүзеге асырмау, кірістің алынуын жасыру мақсатында сот орындаушысына белгісіз шоттарды ашу және орындау үшін кедергі тудыратын басқа да әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау түрінде байқалуы мүмкін.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 8 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Заңның 125-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тарту борышкерді атқару құжатында көрсетілген әрекеттерді орындау міндетінен босатпайды. ҚК-нің 139-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылған жағдайда борыштың өтелген, сондай-ақ қалған сомасын көрсету қажет.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.12.30 № 5; 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      15. Соттар сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамағаны үшін үкім шығарған кезде сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамаудың салдарынан пайда болған мерзімді төлемдер бойынша борыштарды анықтап, ҚПК-нің 166-бабына сәйкес мәлімделген азаматтық талаптарды қылмыстық іспен бірге қараулары қажет.

      Ескерту. 15-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 24.12.2014 N 3 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2018 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      16. Азаматтық талапкерлердің кінәлі адам сот актісін орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару жөнінде жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арыздары қылмыстық істі қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.

      17. Заңды күшіне енген сот актілерін және атқарушы құжаттарды орындамау, сондай-ақ олардың орындалуына кедергі жасау туралы істерді қарау кезінде соттар сот орындаушыларының, сондай-ақ қылмыстық ізге түсу органдарының жұмысындағы кемшіліктер мен олқылықтарға назар аударуға міндетті негіз болған жағдайда жеке қаулылар шығарады.

      18. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына енгізіледі және жалпыға бірдей міндетті болып табылады әрі ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының Төрағасы


Қазақстан Республикасы


Жоғарғы Сотының судьясы,


жалпы отырыс хатшысы