Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне жинақтаушы зейнетақы қорлары қызметiнiң мәселелерi бойынша толықтыру мен өзгерiстер енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 қарашадағы N 1258 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiн Қазақстан Республикасы Президентінiң "Қазақстан Республикасының қаржы рыногын мемлекеттiк реттеудiң бiрыңғай жүйесiн ұйымдастыру мәселелерi" туралы 2002 жылғы 17 мамырдағы N 872 Жарлығына  сәйкес келмеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне мынадай толықтыру мен өзгерiстер енгiзiлсiн:
      1) "Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2201 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 29 желтоқсандағы N 1894 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1995 ж., N 41, 515-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Лицензиялауға жататын қызметтiң түрлерiне лицензиялар беруге өкiлеттiк берiлген мемлекеттік органдардың (лицензиарлардың) тiзбесiнде:
      реттiк нөмiрi 21-жолдың 3-бағаны мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметi";
      реттiк нөмiрi 33-жол алынып тасталсын;
      2) "Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi қызметiн лицензиялау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1997 жылғы 30 қыркүйектегi N 1396 қаулысына  (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1997 ж., N 44, 409-құжат):
      көрсетiлген қаулымен бекiтiлген Жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегі қызметiн лицензиялау туралы ережеде:
      2-тармақтағы "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң Ұлттық зейнетақы агенттiгi" деген сөздер "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi" деген сөздермен ауыстырылсын;
      4-тармақтағы "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Ұлттық зейнетақы агенттiгiнiң" деген сөздер "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң" деген сөздермен ауыстырылсын;
      3) <*>
      Ескерту. 3)-тармақшаның күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.04.14. N 356 қаулысымен .

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі