Құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсiптiк қайта өңдеу жөнiндегі өндiрiстер кешенiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2002 жылғы 11 қаңтар N 37

Жаңартылған

      Нашақорлыққа және есiрткi бизнесiне қарсы күрестi күшейту, сондай-ақ құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсiптiк қайта өңдеу жөнiндегі импортты алмастыратын өндiрiстер құру мақсатында Қазақстан Республикасының Yкiметi қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнің Инвестициялар жөнiндегi комитетi заңнамада белгiленген тәртiппен құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсiптiк қайта өңдеудi тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларды тартуға арналған неғұрлым маңызды өндiрiстердiң тiзiмiне енгiзсiн. 
      2. Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгiмен бiрлесiп заңнамада белгiленген тәртiппен: 
      - республикада құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсiптiк қайта өңдеу жөнiндегi өндiрiстер кешенiн құру туралы техникалық-экономикалық негiздеменiң бас әзiрлеушiсiн (қаржыландыру көзi белгiленген кезде); 
      - құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсiптiк қайта өңдеу жөніндегi өндiрiстер кешенiн құру туралы жобаның негiзгi орындаушысын (бұдан әрi - Жобаның орындаушысы) белгiлесiн. 
      3. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi жылдық бюджеттiк өтiнiмдерде қарасораның дақылдық сорттарын өсiру мен оны өнеркәсiптiк қолдануды ғылыми зерделеу үшiн мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыруды көздесiн. 
      4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі осы қаулының 2-тармағына сәйкес "XELORIA" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып белгіленген Жобаның орындаушысына құрамында есірткі құралдары мен психотроптық заттар бар өсімдіктер мен шөптерді өсіруге, жинауға, дайындауға, сондай-ақ есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды әзірлеуге, өндіруге, өңдеуге, тасымалдауға, жөнелтуге, сатып алуға, сақтауға, таратуға, өткізуге, пайдалануға, жоюға лицензия беру мүмкіндігін заңнамада белгіленген тәртіппен қарастырсын.
       Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.05.30  N 520 Қаулысымен.

      4-1. Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Жобаның орындаушысының Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Инвестиция және өнеркәсіп комитетінің "Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорынмен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен "Қарасораны және оның туындыларын зерттеу мен олардан жаңа дәрі-дәрмектер жасау жөніндегі халықаралық орталық" акционерлік қоғамын құру мүмкіндігін қарастырсын.
       Ескерту. 4-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.05.30  N 520 Қаулысымен.

      4-2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Жобаның орындаушысына заңнамада белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау жүйесінде есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіруге, тасымалдауға, сатып алуға, сақтауға, таратуға, өткізуге, пайдалануға, жоюға лицензия беру мүмкіндігін қарастырсын.
       Ескерту. 4-2-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.05.30  N 520 Қаулысымен.
      5. Жамбыл облысының әкiмi заңнамада белгіленген тәртiппен: 
      - облыстың Шу Мойынқұм және Мерке аудандарында қарасора тұтастай өскен жер телiмдерiне түгендеу жүргізудi қамтамасыз етсiн; 
      - түгендеудiң нәтижелерi бойынша Жобаның орындаушысына құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өсiру, жинау және дайындау үшiн жердi пайдалану құқығымен жоғарыда көрсетiлген аудандардағы жалпы көлемi 25000 га жер телiмдерiн берудi және оны өнеркәсiптiк қайта өңдеу жөнiндегi өндiрiстердi ұйымдастыруды қамтамасыз етсiн; 
      - Жобаның орындаушысына құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өнеркәсіптік қайта өңдеу жөнiндегi өндiрiстердi ұйымдастыру және оның қайта өңделген өнiмдерiн сақтау үшiн қажеттi өндiрiстiк қуаттарды, соның iшiнде тоқтап тұрғандарын бөлу мүмкiндiгiн қарастырсын. 
      6. Қазақстан Республикасының Ішкi iстер министрлiгi Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен (келiсiм бойынша) бiрлесiп жобаның шеңберiнде құрамында есiрткi бар өсiмдiктердi өсiруге, жинауға және дайындауға бақылау ұйымдастыруды қамтамасыз етсiн.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008.05.30  N 520 Қаулысымен.
      7. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. 

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі