Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкiметiнiң 25.12.2013 № 1398 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi).
"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң "50185-әскери бөлiмі" мемлекеттiк мекемесiн құрудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2000 жылғы 29 қарашадағы N 1786 қаулысына сәйкес және әуе кеңiстiгiн түрлi пайдаланушылардың азаматтық және мемлекеттiк авиацияның әуеайлақтарын пайдалану тәртiбiн анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттiк авиацияның бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2001 жылғы 10 қарашадағы
N 1439 қаулысымен
бекiтiлген
Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттiк
авиацияның бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын
пайдалану ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында азаматтық және мемлекеттiк авиацияның бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын пайдалану ережесi (бұдан әрi - Ереже):
меншiк нысанына қарамастан бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын пайдалану тәртiбiн;
Қазақстан Республикасының бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында ұшуды ұйымдастыруды, жүргiзудi және қамтамасыз етудi белгiлейдi.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) орналасу әуеайлағы (базалық әуеайлақ) - әуе кемелерi тұрақты орналасатын және осы мақсаттар үшiн қажеттi құрылыстары бар әуеайлақ;
2) қосалқы әуеайлақ - баратын әуеайлағына дейiн жету немесе оған қону мүмкiн болмаған немесе орынсыз болған жағдайда әуе кемесi бара алатын әуеайлақ;
3) жету әуеайлағы - ұшу жоспарында және ұшуға тапсырмада соңғы (белгiленген) қону әуеайлағы ретiнде көрсетiлген әуеайлақ;
4) бiрлесiп орналасу әуеайлағы - азаматтық және мемлекеттiк әуе кемелерi бiрлесiп орналасатын әуеайлақ;
5) таяу аймақ - әуеайлақ ауданында мемлекеттiк авиацияның әуе қозғалысын басқару жауапкершілігiнiң аймағы;
6) ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) - әуе кемесiнiң ұшуы және қонуы үшiн дайындалған құрлықтағы әуеайлақтың белгiленген тiктөртбұрышты телiмi;
7) ұшу-қону жолағындағы көрiну (көрiну қашықтығы) - ұшу-қону жолағының өзек сызығында тұрған әуе кемесi ұшқышының, ұшу-қону жолағын шектеушi немесе жолақтың өзек сызығын бiлдiрушi оның жабу таңбаларын немесе шамдарын көре алу шегiндегi ең үлкен ара қашықтық;
8) бұлттардың төменгi шекарасының биiктiгi - құрлықтың (судың) бетi мен бұлттар қабатының ең төменгi шекарасының арасындағы тiгiнен алынған ара қашықтық;
9) шешiм қабылдау биiктiгi - әуе кемесiнiң командирi осы биiктiкке жеткенге дейiн қонуға енудi жалғастыру үшiн бағдарлармен қажеттi көрiнетiн байланыс орнатпаған немесе әуе кемесiнiң кеңiстiктегi орны, сондай-ақ оның қозғалыс өлшемдерi ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етпейтiн жағдайларда, әуе кемесi екiншi айналымға кету маневрiн бастауы тиiс белгiленген салыстырмалы биiктiк;
10) алыс аймақ - әуеайлақ ауданының шегiнен тыс әуе қозғалысын басқару ауданының шекарасына дейiн мемлекеттiк авиацияның әуе қозғалысын басқару жауапкершілігiнiң аймағы;
11) әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерi (бұдан әрi - ӘҚҚ диспетчерi) - ӘҚҚ диспетчерiнiң (жақындау, айналым, қону, мұнара, сөре, бұру диспетчерi) күшi бар куәлiгi бар және ӘҚҚ диспетчерлiк пункттерінің бiрiне жұмысқа жiберiлген маман;
12) ұшуға тапсырма - экипаж, әуе кемесi туралы қажеттi мәлiметтерден тұратын, ұшу (ұшулар) мақсатын және жету орнын анықтайтын белгiленген нысандағы құжат;
13) қону аймағы - әуеайлағының әуе кемесi қонатын шартты орны (нүктесi);
14) әуеайлақтың бақылау нүктесi - әуеайлақтың географиялық орналасу орнын анықтайтын шартты орын (нүкте);
15) әуеайлақ минимумы - осы әуеайлақта белгiлi түрдегi әуе кемелерiне ұшу және қонуды орындауға рұқсат етiлген ұшу-қону жолағындағы, шешiм қабылдау биiктiгiндегi, сондай-ақ бұлттардың төменгі шекарасының биiктiгiндегi көрiнудің рұқсат етiлген ең аз мәндерiнiң жиынтығы;
16) ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету - әуеайлақ ауданында әуе кемелерiнiң құстармен соқтығысуының алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар жиынтығы;
17) ұшу жоспары - әуе қозғалысына қызмет көрсететiн органдарға ұсынылатын әуе кемесiнiң белгiленген ұшуы немесе ұшудың бөлiгi туралы анықталған мәлiметтерден тұратын құжат;
18) әуе қозғалысын ұйымдастыру қызметi (органы) (бұдан әрi - ӘҚҰ қызметi) - аудандық диспетчерлiк орталық, жақындау диспетчерлiк пунктi немесе әуеайлақтық диспетчерлiк пункт.
3. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтары мемлекеттiк авиацияға немесе азаматтық авиацияға тиесiлiгi бойынша бөлiнедi.
Азаматтық немесе мемлекеттiк авиацияға тиесiлiгi бойынша бiрлесiп орналасу әуеайлақтарының тiзбесi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрi мен Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрiнiң бiрлескен бұйрығымен бекiтiледi.
4. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарын пайдалану осы Ережеге сәйкес шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтары жету әуеайлақтары және/немесе қосалқы әуеайлақтар ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
6. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтары азаматтық авиацияға тиесiлiгi бойынша әуе кеңiстiгi барлық пайдаланушысының әуе кемелерi үшiн қосалқы әуеайлақ ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
7. Мемлекеттiк және азаматтық авиация үшiн әуеайлақтар минимумын тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi және Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi қолданылып жүрген нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес белгiлейдi.
8. Пайдаланудың техникалық нормалары мен талаптарынан тұратын әуеайлақ ауданында ұшу жүргiзу жөнiндегi нұсқаулықты (бұдан әрi - Әуеайлақ ауданында ұшу жүргiзу жөнiндегi нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi Бас штабы бастығының және Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң Азаматтық авиация комитетi төрағасының бiрлескен бұйрығымен бекiтiледi.
2. Ұшуды жоспарлау және ұйымдастыру
9. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында ұшуды жоспарлау осы әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдердiң және азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы ұшу уақытын бөлу кестесiне сәйкес жүргiзiледi. Келiсiлген ұшу уақытын бөлу кестесiн әуеайлақта орналасқан ұйымдар басшылары бiрлесiп бекiтедi.
10. Азаматтық авиацияға тиесілігi бойынша бiрлесiп орналасу әуеайлақтарының ауданында азаматтық және мемлекеттiк авиация әуе кемелерiнiң әуе қозғалысын басқаруды ӘҚҰ қызметiнiң iс-қимылдарын реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерге сәйкес ӘҚҚ диспетчерлерiнiң кезекшi ауысымы жүзеге асырады. Азаматтық авиацияға тиесiлiгi бойынша бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында әскери ұшақтардың жоспарлы ұшуларын орындаған кезде әуе қозғалысын басқарудың бiрлескен тобы (бұдан әрi - ӘҚБ БТ) ұйымдастырылады.
11. Азаматтық авиацияға тиесiлiгi бойынша бiрлесiп орналасу әуеайлақтарының ауданында әуе кемелерiнiң әуе қозғалысын басқаруды ӘҚБ БТ жүзеге асырады. ӘҚБ БТ құрамы ұшу нұсқаларына, авиациялық әскери бөлiм шешетiн мiндеттерге және әуе кемелерi қозғалысының жиiлiгiне байланысты анықталады.
12. Мемлекеттiк және азаматтық авиацияның әуе кемелерi жоспарлы ұшуды орындаған кезде ӘҚБ БТ құрамына авиациялық әскери бөлiмнен: ұшу басшысы; ұшу басшысының көмекшiсi; таяу аймақтың басшысы; қону аймағының басшысы; алыс аймақтың басшысы және жауынгерлiк басқару офицерi кiредi. ӘҚҰ қызметiнен ӘҚБ БТ құрамына. ұшу басшысы (аға диспетчер); жақындау диспетчерi: айналым диспетчерi; қону диспетчерi; мұнара диспетчерi; сөре диспетчерi: бұру диспетчерi кiредi. ӘҚҰ қызметiнiң құрылымына байланысты диспетчерлiк пункттердi бiрiктiруге рұқсат етіледi.
13. Авиациялық әскери бөлiмнiң ұшу басшысы әуе кемелерi қозғалысын басқару бойынша ӘҚБ қызметiнiң диспетчерлiк пункттерiмен өзара iс қимылын ӘҚБ қызметiнiң ұшу басшысы (аға диспетчерi) арқылы жүзеге асырады.
14. Сол тәулiкке жоспарланған (бекiтiлген ұшу уақытын бөлу кестесiне сәйкес) негiзгi ұшуларды басқару оның басшылығымен жүзеге асырылатын басшы ӘҚБ БТ басшысы болып табылады. Басқа ұйымның ұшу басшысы ӘҚБ БТ басшысының көмекшiсi болып табылады.
15. Әртүрлi ұйымдардың әуе кемелерiнiң өз жауапкершiлiгi аймағында бiр мезгiлдегi ұшуына тiкелей басқару жасауды авиациялық әскери бөлiм мен азаматтық авиация ұйымының өкiлдерi ӘҚБ БТ басшысының жалпы басқаруымен жүзеге асырады.
16. Мемлекеттiк авиация үшiн ӘҚБ БТ мамандарының жауапкершiлiк аймақтары:
1) ұшу және қону аймағында:
көзбен көрiнетiн шекте ұшу басшысының көмекшiсi басқарады;
қону бағытындағы ұшу-қону жолағының өзегiнен +(-)15 секторда және ҰҚЖ басынан 20 шақырым қашықтықта қону аймағының басшысы басқарады;
2) таяу аймақта (әуеайлағының бақылау нүктесiнен 50-60 шақырым қашықтықта) таяу аймақтың басшысы немесе таяу аймақтың штаттық басшысы болмағанда - қону аймағының басшысы басқарады;
3) алыс аймақ басшысының жауапкершiлiк аймақтары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi кесiмдерiнiң талаптарына сәйкес анықталады.
Азаматтық авиацияға арналған ӘҚБ БТ мамандарының жауапкершілік аймақтары мен әуе қозғалысын басқаруды берудiң шептерi ӘҚҚ қызметiнiң iс-қимылын реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарына сәйкес белгiленедi.
17. Ұшудың және ұшып өтудiң келiсiлген жоспарын орындау кезінде ұшудың қауiпсiздiгiн, тұрақтылығын және үнемдiлiгiн қамтамасыз етуге ӘҚБ БТ басшысы жауапты болып табылады.
18. Авиациялық бөлiмде жоспарлы ұшу болмай жалғыз ұшу, ұшып өту орындалған кезде ӘҚБ БТ құрамына авиациялық бөлiмнен:
әуе кемелерiн қабылдау және шығару жөнiндегi кезекшi;
қону аймағының басшысы кiредi.
ӘҚҚ қызметiнен ӘҚБ БТ құрамына ӘҚҚ диспетчерлерiнiң кезекшi ауысымы толық құрамда кiредi.
Осы жағдайларда ӘҚБ БТ басшысы ӘҚҚ қызметiнiң ұшу басшысы (аға диспетчер), ал әуе кемелерiн қабылдау және шығару жөнiндегi кезекшi - оның көмекшiсi болып табылады. ӘҚҚ ұйымдастыру тәртiбi Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөнiндегi нұсқаулықпен анықталады.
19. Мемлекеттiк авиацияның әуе кемелерi қозғалысын таяу аймақта және қону аймағында басқару, әдетте, ерекше жоғары жиіліктi (бұдан әрi - ЕЖЖ) радиобайланыстың әртүрлi жиiлiктерiнде жүзеге асырылады. Әскери әуе кемелерiнiң ұшуын таяу аймақта және қону аймағында басқару ЕЖЖ радиобайланыстың бiр жиілігiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
20. Ұшар кезiнде: мемлекет мүддесiн қорғау бойынша тапсырма орындайтын; iздестiру-құтқару, авариялық-құтқару жұмыстарын және жедел медициналық көмек көрсету бойынша тапсырмалар орындайтын; ұшуды топтың құрамында орындайтын; жерде қозғалтқыштарының шектеулi жұмыс уақыты бар; тапсырманы орындау үшiн шектеулi отын қоры бар; жолаушылары бар; жылдамырақ әуе кемелерiнiң артықшылықтары болады. Қону кезiнде артықшылықтар: шұғыл қонуды орындайтын; әуе райы нашарлаған кезде - қонуға ену үшiн мейлiнше мүмкiндiгi бар; аз ұшу ұзақтығына арналған отын қалдығы бар; жедел медициналық көмек көрсету бойынша ұшу орындайтын; ұшуды топтың құрамында орындайтын; жолаушылары бар әуе кемелерiне берiледi.
21. Бiрлесiп орналасу әуеайлағының ауданында әуе кемелерiнiң қозғалысын басқару, әдетте, бiрыңғай басқару-диспетчерлiк пунктiнен (бұдан әрi - БДП) немесе сөрелiк басқару пунктiнен (бұдан әрi - СБП) жүзеге асырылады.
Бiрыңғай БДП және СБП конструкциясы мен жабдықтары ӘҚБ БТ бiр бөлмеде орналасуын және өзара iс-қимылын қамтамасыз етуi тиiс.
Осы әуеайлақ ауданында әуе қозғалысын басқаруды жүзеге асыратын авиациялық әскери бөлiмдер мен азаматтық авиация ұйымдары БДП және СБП-ны жабдықтайды. ӘҚБ БТ ортақ бөлмеде орналасуы мүмкiн болмаған кезде негiзгi басқару-диспетчерлiк пунктiне бiрлескен ұшу мерзiмiне өзара iс-қимыл, ұшуды келiсу және басқару үшiн ведомстволық органдардың өкiлдерi бөлiнедi.
22. Әуе кемелерi экипаждары мен ұшуға басшылық жасау тобының лауазымды адамдары арасында ұшудың барлық кезеңiнде радиоалмасу қолданыстағы нормативтiк кесiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi және Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi белгiлеген радиоалмасу сөз тiркестерi қолданыла отырып жүзеге асырылады.
3. Ұшуды әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету
23. Бiрлесiп орналасу әуеайлағында ұшуды әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету осы әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмнiң және азаматтық авиация ұйымдарының құралдарымен, нормативтiк-құқықтық кесiмдердің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
24. Әуеайлақты пайдаланып ұстауға және ағымдағы жөндеуге арналған шығыстар әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдер мен азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы шарттармен (келiсiмдермен), есептесудiң нақты шарттарын және орындалатын жұмыстар көлемiн көрсетiп ресiмделедi.
25. Жасалған шарттардың (келiсiмдердiң) негiзiнде әуеайлақты ұстау және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды орындау үшiн әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдердiң және азаматтық авиация ұйымдарының қажеттi жеке құрамы мен техникасы бөлiнедi.
26. Көлiктiң ұшу алаңы, перрон және әуеайлақ бойынша қозғалысы нормативтiк құқықтық кесiмдердiң талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
27. Ұшу алаңында жұмыстар жүргiзу осы әуеайлақтың авиациялық бөлiмдерi және азаматтық авиация ұйымдарының басшылары бекiтетiн, әуеайлақтың ӘҚБ БТ ұшуын қамтамасыз ететiн әуеайлақтық және басқа қызметтердiң өзара iс-қимыл тәртiбiнің талаптарына сәйкес ұйымдастырылады.
28. Бiрлесiп орналасу әуеайлағын жөндеуге жабу әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдердiң және азаматтық авиация ұйымдарын басшылары арасында алдын ала келiсiлген жоспар бойынша жүзеге асырылады.
4. Байланысты, ұшуды радиотехникалық және
электржарықтехникалық қамтамасыз етудi ұйымдастыру
29. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында ұшудың радиотехникалық қамтамасыз етiлуi (бұдан әрi - РТҚ) және байланысты ұйымдастыру үшiн жауапкершiлiк әуеайлақ тиесiлi ұйымдардың ұшуды және байланысты радиотехникалық қамтамасыз ету басшысына жүктеледi.
30. Бiрлесiп пайдалану әуеайлақтарында РТҚ тәртiбi Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөнiндегi нұсқаулықпен анықталады. Ұшуды және байланысты РТҚ жер бетiндегi құралдарын орналастыру осы жабдықты пайдаланудың белгiленген тәртiбiне сәйкес орындалады.
31. Ұшуды және байланысты РТҚ құралдарын бiрлесiп пайдалану, оларды дайындықта ұстау үшiн жауапкершiлiк осы әуеайлақта орналасқан ұйымдар арасындағы шарттар мен келiсiмдер негiзiнде жүзеге асырылады және Әуеайлақ ауданында ұшуды орындау жөнiндегi нұсқаулықпен белгiленген тәртiпте реттеледi, онда бұдан басқа:
әуеайлақта ұшудың және байланыстың РТҚ ұйымдастыру сызбасы;
ұшуды және байланысты РТҚ негiзгi және резервтiк құралдары, объективтi бақылау құралдары, электрқоректендiру көздерi;
қызметтердiң өзара iс-қимылын ұйымдастыру, олардың жұмыс тәртiбi көрсетiледi.
32. Ұшуды және байланысты РТҚ құралдарының профилактикалық және регламенттiк (жоспар бойынша) жұмыстарын, сондай-ақ оларды ауыстыруды және күрделi (орташа) жөндеудi әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдер және азаматтық авиация ұйымдар арасында келiсiлген жоспар бойынша олардың иелерi жүргiзуi тиiс.
33. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетiндегi барлық құралдары зертхана-ұшақпен (жауынгерлiк әуе кемелерiмен немесе азаматтық авиацияның әуе кемелерiмен) ұшып тексеруге жатады.
34. Техникалық жай-күйдi тексерудiң және ұшып тексерудiң кесiмдерiн, оларға қажеттi қосымшаларымен бiрге, әуеайлақта орналасқан ұшуды және байланысты РТҚ құралдары тиесiлi ұйымдардың басшылары бекiтедi.
35. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетiндегi құралдарының ұшып тексерудiң уақтылығына, толықтығына және оған дайындығына құралдардың тиесiлігіне қарай авиациялық әскери бөлiмдер мен азаматтық авиация ұйымдарының РТҚ мен байланыс құралдарын пайдалану қызметтерiнiң бастықтары жауапты болады.
36. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ жер бетiндегi құралдарын техникалық пайдалану нормативтiк кесiмдердiң талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және осы құралдар иелiгiне жататын ұйым жүзеге асырады.
Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарындағы ұшуды және байланысты РТҚ құралдарына техникалық қызмет көрсетудi тиiстi шарттар негiзiнде басқа ұйымдардың мамандары жүзеге асыруы мүмкiн.
37. Бiрлесiп пайдалану әуеайлағындағы ұшуды және байланысты РТҚ құралдарының саны және түрлерi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникациялар министрлiгiнiң нормативтiк кесiмдерiнiң талаптарына сәйкес белгiленедi.
38. Осы әуеайлақта орналасқан ұйымдардың ұшуы мен байланыстарын РТҚ жер бетiндегi құралдарын пайдалану авиациялық әскери бөлiмдер мен азаматтық авиация ұйымдарының арасындағы шарттардың (келiсiмдер) негiзiнде ұшу кестесiне сәйкес жүзеге асырылады.
39. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында әуеайлақ (аэроторап) ауданында әуе қозғалысын басқарудың (бұдан әрi - ӘҚБ) авиациялық радиобайланыс арналары осы әуеайлақта орналасқан ұйымдар қаражаты есебiнен, осы әуеайлақ ӘҚБ-ның қабылданған құрылымына сәйкес ұйымдастырылады. Авиациялық радиобайланыстың өзге қажеттi арналарын әуеайлақта орналасқан басқа мүдделi ұйымдар ұйымдастырады.
40. Таяу навигацияның радиотехникалық жүйесiн қажет болған ретте авиациялық әскери бөлiмi және азаматтық авиация ұйымдары орнатады, бiрақ екi жиынтықтан аспайды әрi ұшу кестесiне сәйкес пайдаланылады. Таяу навигацияның радиотехникалық жүйесiн орнату орны РТҚ құралдарын орнатудың үлгi сызбаларына сәйкес болуы тиiс.
41. Тұрақты жарық-техникалық жабдықты азаматтық авиация кәсiпорны азаматтық әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптарына сәйкес орнатады. Оларды мемлекеттiк авиацияның үлгi сызбасы бойынша жабдықтай түсу әскери әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптарына сәйкес авиациялық әскери бөлiмдердiң күшiмен және қаражатымен жүзеге асырылады. Жылжымалы жарық-техникалық жабдықты әуеайлақ тиесiлi ұйымдардың мамандары орнатады және пайдаланады.
42. Барлық бiрлесiп орналасу әуеайлағында әскери әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының және азаматтық әуеайлақтардың пайдалануға жарамдық нормаларының талаптары сақталуы (орындалуы) тиiс.
43. ӘҚБ БТ адамдарының әуе кемелерi экипаждарымен, басқару пункттерiмен, ӘҚҚ аудандарымен, ӘҚБ басқа органдарымен және өзара сөйлесулерiнiң магнитофондық жазбасына объективтi бақылауды ұйымдастыру нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен реттеледi.
44. Күрделi шығындарды талап ететiн бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында ӘҚБ, навигацияның және қонудың объектiлерiн салу (қайта жаңарту) жөнiндегi жұмыстарды осы объектiлер мен жүйелер тиесiлi ұйымдар ұйымдастырады. Басқа ұйымдардың мұқтаждары үшiн ұшуды және байланысты РТҚ құралдарымен жабдықтай түсу жөнiндегi жұмыс үшiн есеп айырысу шарттар негiзiнде жүргiзіледi.
5. Әуе кемелерiне инженерлiк-авиациялық қызмет көрсету
45. Бiрлесiп орналасу әуеайлақтарында әуе кемелерiне инженерлiк-авиациялық қызмет көрсету осы әуеайлақта әуе кемелерi орналасқан ұйымдардың құралдарымен жүзеге асырылады.
46. Әуе кемелерi әуеайлақта орналасқан ұйымдардың инженерлiк-авиациялық қызметтерi арасындағы әуе кемелерiн техникалық пайдалану мәселелерi бойынша өзара iс-қимылдар шарттарға (келісімдерге) сәйкес жүзеге асырылады.
6. Әуеайлақты күзету және қорғау
47. Қазақстан Республикасының бiрлесiп орналасу әуеайлағы объектiлерiн күзету және әуеайлақтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңнамаларына, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ұсынымдарына сәйкес қамтамасыз етiледi.
48. Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясының әуе кемелерiн және объектiлерiн күзету әуеайлақтың ұшу алаңына, ұшақтар мен тiкұшақтарға, әуе кемелерiнiң ұшуын қамтамасыз ететiн объектiлерге, сондай-ақ оларға ену бақыланатын ғимараттар мен үй-жайларға бөгде адамдардың өтуiн болдырмайтын тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылады.
49. Әуеайлақтың әуе кемелерi мен объектiлерiн күзетудi азаматтық авиация ұйымдары не күзет қызметi субъектiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
50. Әуеайлақта орналасатын авиациялық әскери бөлiмдер мен азаматтық авиация ұйымдарының басшылары бiрлесiп орналасу әуеайлағының әуе кемелерiн, объектiлерiн және қорғанысын күзету жоспарын бiрлесе әзiрлейдi және бекiтедi.
51. Авиациялық техникада жұмыс iстеу кезiнде тұрақтарда орналасқан әуе кемелерiнiң, жабдықтардың және мүлiктердiң сақталуына осы әуе кемесiне қызмет көрсететiн инженерлiк-техникалық құрам жауап бередi.
52. Күзетке алынған әуе кемелерiнiң, соның iшiнде ұшып өтетiндерiнiң тұрақ орнына экипаждар мен қызмет көрсетушi қызметшiлердi жiберу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң гарнизондық және қарауылдық қызмет жарғысы мен Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында әуе кемелерi мен объектiлердi күзету жөнiндегi қызметтi реттейтiн тиiстi нормативтiк құқықтық кесiмдер талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
7. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз етудi ұйымдастыру
53. Бiрлесiп орналасу әуеайлағында мемлекеттiк авиацияның ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етудi Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң штаттық метеорологиялық бөлiмшелерi нормативтiк құқықтық кесiмдерде көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
Бiрлесiп орналасу әуеайлағында азаматтық авиацияның ұшуын метеорологиялық қамтамасыз етудi "Қазавиамет" республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының авиаметеорологиялық станциясы (бұдан әрi - АМСА), авиаметеорологиялық орталығы (бұдан әрi - АМО) жүзеге асырады.
54. Әуеайлақта тек бiр ғана метеорология бөлiмшесi бар болғанда, ұшуларды метеорологиялық қамтамасыз етудi осы бөлiмше Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған шарттардың негізінде әуе кемелерiнiң мемлекеттiк және азаматтық авиацияға тиесiлiгiне қарамастан жүзеге асырады.
55. Ұшуды метеорологиялық қамтамасыз ету тәртiбiн АМО, АМСА метеорологиялық бөлiмшелерi әуеайлақта орналасқан авиациялық әскери бөлiмдер және азаматтық авиация ұйымдарымен бiрлесiп әзiрлейдi.
56. АМО және АМСА метеорологиялық бөлiмшелерi өзара қарым-қатынаста жұмыс iстейдi және метеорологиялық ақпаратпен ұдайы алмасуды және ұшу басшысы мен диспетчерлерге әуе кемелерiнiң экипаждарына жiберiлетiн метеорологиялық бақылаулардың нәтижелерiн берудi жүзеге асырады. Метеорология бөлiмшелерiнiң арасында тiкелей телефон не дауыс зорайтқыш байланысы орнатылуы тиiс.
8. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету
57. Ұшуды орнитологиялық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
9. Ұшуды iздеу-құтқару iсiмен қамтамасыз ету
58. Бiрлесiп орналасу әуеайлағында ұшуды iздеу-құтқару iсiмен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
10. Ұшуды медициналық қамтамасыз ету
59. Азаматтық авиация ұшуын медициналық қамтамасыз ету азаматтық авиацияда авиациялық медицина қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық кесiмдерде белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
60. Бiрлесiп орналасу әуеайлағында мемлекеттiк авиацияның ұшуын медициналық қамтамасыз етудi авиациялық бөлiмнiң (базаның) медициналық қызметi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген тәртiппен әскери медицинаның тиiстi мамандарын тарта отырып, жүзеге асырады.
Қажет болған жағдайда немесе ауысымда ұшуды қамтамасыз ету рәсiмдерiнiң мамандары болмағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң ұшу құрамы ұшу алдындағы медициналық бақылаудан әуеайлақтың немесе азаматтық авиация авиакомпаниясының медициналық қызметiнде өте алады.