Соттардың қылмыстық істерді қосымша тергеу жүргізу үшін қайтаруы туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 13 желтоқсан N 19

Жаңартылған

      Қылмыстық істерді қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы сот практикасын қорытудың нәтижелерін талқылай келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы республика соттарының жыл сайын қаралған істердің шамалы бөлігін қосымша тергеу жүргізу үшін жіберетінін атап көрсетеді.
      Соттардың істерді қосымша тергеудің қажеттілігі туралы қаулылары көпшілік жағдайда дау тудырмайды және қылмыстық қудалау органдары орындауға қабылдап отыр, мұның өзі соттардың ҚІЖК-нің Z970206_ 303-бабын дұрыс қолданып отырғанын көрсетеді. Сонымен қатар, істерді қосымша тергеу жүргізу үшін негізсіз жіберу жағдайлары да орын алып отыр. Заңмен барлық негіздер белгіленсе де, соттардың істерді заңда көрсетілмеген негіздер бойынша және оның ішінде, алдын ала тергеудің жеткіліксіздігіне, тараптардың өтініштері болмаса да өз бастамасы бойынша басты сот талқылауы сатысынан қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу жағдайлары орын алуда.
      Кейбір соттар басты сот талқылауын тағайындау үшін кедергі болатын қылмыстық-іс жүргізу заңын елеулі бұзушылықтары болмаса да істерді қосымша тергеу жүргізу үшін қайтаруда.
      Соттардың кейбір қаулылары қылмыстық-іс жүргізу заңының іс жүргізу құжаттарына қоятын талаптарына сәйкес келмейді. Қаулыларда істі қосымша тергеудің қажеттілігі туралы шешімнің кімнің өтініші бойынша және қандай негіздерге сәйкес қабылданғаны әр кез көрсетіле бермейді, соттың тұжырымын растайтын және қабылданған шешімдерді негіздейтін дәлелдемелер келтірілмейді.
      Істерді қосымша тергеу жүргізу үшін қайтаруды реттейтін қылмыстық-іс жүргізу заңының нормаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 75-бабына сәйкес, соттар қылмыстық істерді қарау кезінде айыптау мен қорғау функцияларынан ажыратылған тек сот төрелігі функциясын жүзеге асырады. Осыған байланысты сот өз бастамасы бойынша сотталушының жауапкершілігін күшейту және басқа адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы мәселе қоюға құқылы емес.
      Соттар істі қосымша тергеу жүргізуге қайтару үшін ҚІЖК-нің Z970206_ 303-бабында көрсетілген негіздердің түпкілікті болып табылатынын, ал соттың істі өз бастамасы бойынша қосымша тергеу жүргізу үшін қайтаруға жіберу құқығының заңмен шектелгенін ескерулері қажет.
      2. Соттардың назары істерді қосымша тергеу жүргізу үшін қайтаруды реттейтін қылмыстық-іс жүргізу заңының нормаларын мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігіне аударылсын. Істі қосымша тергеу үшін жіберу туралы шешім істі алдын ала тыңдау барысында, сондай-ақ басты сот талқылауы барысында да қабылдануы мүмкін.
      Алдын ала тыңдау өткізудің нәтижелері бойынша, сот істер дұрыс біріктірілмеген немесе ажыратылмаған не қылмыстық-іс жүргізу заңының басқа да елеулі түрде бұзылуы анықталған жағдайларда ғана өз бастамасы бойынша, сондай-ақ тараптардың өтініші бойынша, істі қосымша тергеу жүргізу үшін жібере алады. Бұл ретте соттардың қылмыстық-іс жүргізу заңының кез келген елеулі түрде бұзылуы емес, тек сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін жолсыздықтардың істі қосымша тергеу жүргізуге қайтару үшін негіз болып табылатынын назарда ұстағандары жөн.
      ҚІЖК-нің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша сот алдын ала тыңдау барысында қараған және негізді деп таныған тараптардың өтініштері бойынша ғана істі қосымша тергеу үшін жіберуге құқылы.
      Сот тергеуін ҚІЖК-нің 363-бабына сәйкес қысқартылған тәртіпте жүргізген кезде сотталушының өз кінәсін мойындамауы істі қосымша тергеуге жіберу үшін негіз болып табылмайды. Осындай жағдайларда сот тергеуін әдеттегі тәртіпте жүргізу туралы қаулы шығарып, барлық іс материалдарын толық көлемде зерттейді.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      3. Басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-іс жүргізу заңын елеулі бұзушылықтар деп сотты басты сот талқылауын ұйымдастыру және тағайындау, сондай-ақ оның шектерін белгілеу мүмкіндігінен айыратын заң бұзушылықтар танылуы мүмкін.
      Атап айтқанда,
      - прокурор айыптау қорытындысымен, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу хаттамасымен өзінің келісімін білдірмесе;
      - айыпкерлер сотқа берілмесе;
      - айыпкерлер ретінде жауапқа тартылған және өздеріне қатысты айыптау қорытындысы әзірленген адамдардың кейбіреуін сотқа беру туралы қаулыда көрсетілмесе немесе сотқа берілмеген адамдарға қатысты қылмыстық істерді қысқарту туралы қаулы болмаса;
      - сотталушының анкеталық мәліметтерін жазу кезінде сот түзей алмайтын қателіктерге жол берілсе;
      - айыпкерді қылмыстық жауаптылыққа тартқан және сотқа берген баптың бөлігі, тармағы көрсетілмей қалса;
      - сотқа шақырылуға жататын адамдардың мекен-жайлары анықталмаса (ҚІЖК-нің Z970206_ 101-бабына сәйкес бүркеншік атпен және белгiлi тұрғылықты жерi жоқ адамдар сұрақ алынған адамдардан басқа);
      - іс материалдарының тізімдемесі болмаса;
      - іс материалдары олардың толық оқылуына мүмкіндік бермейтін тәсілмен орындалса және сот жоя алмайтын басқа да жағдайлар басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болуы мүмкін.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      4. Басты сот талқылауының шегі ҚІЖК-нің 320-бабымен шектелген, оған сәйкес сот талқылауы айып тағылып, сотқа берілген сотталушыға қатысты және оны айыптау шегінде жүргізіледі. Алдын ала тыңдау сатысынан және ҚІЖК-нің 207-бабының талаптарына қарамастан, айыпталушы ретiнде жауапқа тарту туралы қаулыда әрбір айыпталушыға қандай нақты әрекет тағылатынын, осы қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңда көрсетілмесе, не осы қаулы, айыптау қорытындысы, сотқа беру туралы қаулы арасында елеулі қайшылықтар болса және осыған байланысты айыпталушыға тағылған қылмысты анықтау және сот талқылауының шегін анықтау мүмкін емес болған жағдайларда іс қосымша тергеуге жіберілуге жатады.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      5. Соттардың назары басты сот талқылауы кезінде тек тараптардың өтініштері істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберуге себеп болып табылатынына аударылсын.
      ҚІЖК-нің 7-бабына сәйкес айыпкер, оның қорғаушысы мен заңды өкілі, мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші мен оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері қылмыстық процестің тараптары болып табылады.
      Тараптар ҚІЖК-нің 303-бабының 1-бөлігінде көзделген негіздер бойынша істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы өтінішті басты сот талқылауының барысында: дайындау бөлігінде, сот тергеуі кезінде және ол аяқталғаннан кейін толықтыру ретінде білдіруі мүмкін. Өтінішті білдірген тарап ҚІЖК-нің Z970206_ 303-бабында көзделген қандай мәселелерді анықтау немесе қандай мәселелерді шешу үшін қосымша тергеу жүргізуді сұрайтынын көрсетуі қажет. Тарап өтінішті жазбаша беруге де құқылы.
      Тараптар сот жарыссөзі барысында немесе айыпкер соңғы сөзінде істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы өтініш білдірген жағдайларда, сот процеске қатысушы басқа адамдардың білдірілген өтініш туралы пікірін анықтау және шешім қабылдау үшін сот тергеуін қайта бастауға міндетті.
      6. Тараптардың істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы өтініштерін қарау кезінде сот, ҚІЖК-нің 303-бабына сәйкес, негізді өтініштердің міндетті түрде қанағаттандырылуға жататынын назарда ұстай отырып, заңда көрсетілген қандай негіз бойынша істі қосымша тергеу үшін жіберу ұсынылып отырғанын анықтауға тиіс. Тараптардың істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы өтініші, ҚІЖК-нің Z970206_ 325-бабының 2-бөлігіне сәйкес, кеңесу бөлмесінде қаралып, бұл жөнінде қаулы шығарылады.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      7. Соттар ҚІЖК-нің 24-бабының мән-жайларды жан-жақтылы, толық және шынайы зерттеу үшін шаралар қабылдау туралы талабының сот үшін істе бар және сот талқылауына қатысушы тараптар ұсынған дәлелдемелерге ғана қатысты екенін назарда ұстаулары қажет. Алдын ала тергеудің толық болмауы, қылмыстық қудалау органдарының тұжырымдамаларын растайтын дәлелдемелердің істе болмауы немесе жеткіліксіз болуы, сондай-ақ іс материалдарын жарамсыз дәлелдемелер деп тануға әкеп соғатын анықтау немесе алдын ала тергеу өндірісі кезінде қылмыстық іс жүргізу заңының елеулі бұзылуына жол беру істі қосымша тергеуге жіберу үшін негіз болып табылмайды. Осындай жағдайларда іс қорытынды шешім қабылдана отырып, мәні бойынша қаралуға жатады. Егер айыптау тарабы толықсыздықты сот отырысында толықтырмаса, онда сот айыпталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күдiк оның пайдасына түсiндiрiлетіндігі туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 3-тармағы 8) тармақшасының және ҚІЖК-нің 19-бабы үшінші бөлігінің талабын сақтай отырып, шешім қабылдайды. Егер сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде істің барлық мән-жайларын толық және жан-жақты зерттеу қамтамасыз етілмесе не ол ҚІЖК-нің 190-1-бабының екінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ ҚІЖК-нің 303-бабында көрсетілген мән-жайларды анықтаған кезде жүргізілсе, сот істі алдын ала тергеу немесе анықтау жүргізу үшін тиісті прокурорға жолдайды.
      Сот тараптардың істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарудың қажеттілігі туралы пікіріне байланысты емес және егер сот мәлімделген өтініштердің негізділігін растайтын мән-жайларды растаса, онда оны қанағаттандырусыз қалдыруға және істі сот отырысында қарауды жалғастыруға құқылы.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      8. Соттың қаулысында істі қосымша тергеу жүргізуге жіберу үшін негіз болған мән-жайларға байланысты тағылған айыптың мәнін қысқаша баяндаумен қатар, атап айтқанда:
      - істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы өтінішті кімнің білдіргені;
      - басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін, жойылуға тиісті қандай елеулі жолсыздықтардың орын алғаны;
      - соттың істердің дұрыс біріктірілмегені немесе дұрыс ажыратылмағаны туралы пікірінің сот отырысында анықталған қандай мәліметтерге негізделгені;
      - сотталушыға басқа неғұрлым ауыр айып тағу және оның қаралып отырған іспен байланысын анықтау үшін негіздердің бар-жоғын қандай дәлелдемелер айғақтайтыны;
      - соттың айыптау актісінде көрсетілген айыптауды бастапқыда тағылған айыптан анағұрлым ерекшеленетін неғұрлым ауыр айыпқа қандай негізде өзгертуді қажет деп санайтыны;
      - басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін қандай негіздер бар екені және олардың іс-әрекетінің қаралып отырған іспен қалай байланысты екені;
      - басқа адамдарға қатысты істі неліктен жеке қараудың мүмкін еместігі және басқа жағдайлар көрсетілуге тиіс.
      9. Соттар істі алдын ала тыңдаудың нәтижелері бойынша, сондай-ақ басты сот талқылауынан істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару кезінде, айыптаудың дәлелденуі туралы мәселелерді алдын ала шешуге, дәлелдемелерге баға беруге және нақтылы қылмыстық заңды қолдануды көрсетуге жол берілмейтінін ескерулері қажет.
      10. ҚІЖК-нің 303-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер анықталған жағдайларда, сот тараптардың істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы өтініші болмаған кезде, заңның талаптарына сәйкес, сот отырысында тек ақтау үкімін немесе дәлелденген жағдай бойынша айыптау үкімін не істі қысқарту туралы немесе сот ісін жүргізуді жарамсыз деп тану туралы қаулы шығарады.
      11. ҚІЖК-нің 403-бабына сәйкес, бірінші сатыдағы соттың істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы қаулысына он бес тәуліктің ішінде жоғары тұрған сотқа шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін. Шағымдар мен наразылықтар апелляциялық іс жүргізу ережелері бойынша қаралады. Апелляциялық сатының соты бірінші сатыдағы соттың істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтарудың ҚІЖК-нің 303-бабында көрсетілген тәртібі мен негіздерінің сақталуын тексеруге міндетті. Егер сот заңның осы талаптарын сақтамаса, онда соттың қаулысы заңды әрі негізді болып танылмайды.
       Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22. N 18 Нормативтік қаулысымен.
      12. Апелляциялық сатыдағы сот ҚІЖК-нің 303-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер болған жағдайда бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жойып, тараптардың өтініші бойынша істі қосымша тергеуге жолдайды.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      13. Апелляциялық сатының соттарының назары, іс бойынша ҚІЖК-нің 411-бабы 1-бөлігінің 8-тармағына сәйкес үкім бұзылуға жататын қаулы қабылданған кезде, соттың ҚІЖК-нің 303-бабының 1-бөлігінде көзделген негіздер бойынша өзінің бастамасымен істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберуіне жол берілмейтіні туралы талаптың сондай-ақ апелляциялық сатының соттарына да қатысты екеніне аударылсын.
      Кассациялық саты үкімнің күшін жойған кезде ҚІЖК-нің 303-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеуге жіберуге құқылы.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз);  04.04.2013 N 2 (жарияланған күнінен бастап күшіне енеді) нормативтік қаулыларымен.
      14. Апелляциялық сатының соты, ҚІЖК-нің 411-бабының 8-тармағына сәйкес, бірінші сатыдағы сот тараптардың сот отырысында мәлімдеген осындай негізді өтініштерін қанағаттандырусыз қалдырған жағдайларда, тараптардың өтініштері бойынша, істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы шешім қабылдауға құқылы.
      Тараптар бірінші сатыдағы сотта ҚІЖК-нің 303-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша істі қосымша тергеу жүргізу үшін қайтару туралы өтініштер білдірмеген, осыған байланысты сот сот отырысында зерттелген дәлелдемелердің негізінде шешім шығаруға міндетті болған өзге жағдайларда, апелляциялық саты тараптардың шағымда немесе наразылықта мазмұндалған өтініштері болған жағдайда да соттың шешімін бұзуға және істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберуге құқылы емес.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      15. Заңның мәні бойынша, бірінші сатыдағы соттың істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы заңды күшіне енген қаулысы, сондай-ақ апелляциялық сатының бірінші сатыдағы соттың істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы қаулысын өзгеріссіз қалдыру немесе істі қосымша тергеу жүргізу үшін жібере отырып сот үкімін бұзу туралы қаулысы, қадағалау тәртібінде қайта қарауға жатады.
      ҚІЖК-нің 467-бабының 6-бөлігіне сәйкес, қадағалау сатысының соты, үкімді бұза отырып, істі қосымша тергеу жүргізу үшін жіберу туралы шешім қабылдауға құқылы емес, алайда, егер осындай шешімді қабылдау сәтінде іс бойынша қосымша тергеу басталмаған болса, ҚІЖК-нің 467-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес бірінші, апелляциялық және кассациялық соттың істі қосымша тергеуге жіберу туралы қаулысының күшін жоюға құқылы.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 12 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
      16. Осы қаулының қабылдануына байланысты Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының "Қазақ ССР соттарының істерді қосымша тергеуге қайтаруды реттейтін қылмыстық іс жүргізу нормаларын қолданудың кейбір мәселелері туралы" 1989 жылғы 30 маусымдағы N 5 P89005s_ қаулысы күшін жойды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Жалпы отырыстың хатшысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Мамандар: Қасымбеков Б.А. Икебаева Ә.Ж.