Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2001 жылғы 19 қазан N 15

Жаңартылған

      Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаудың сот практикасын қорытудың нәтижелерін талқылай келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы соттардың жазаның осы түрін қолдану кезінде елеулі қателіктерге жол беріп отырғанын атап көрсетеді.
      Соттар ҚК-нің K970167_ 52-бабында белгіленген жаза тағайындаудың жалпы негіздерін әрдайым сақтай бермейді, мұның өзі жеке басына сай әділ жаза тағайындау принципінің бұзылуына әкеп соғады. Жеңілірек басқа жаза қолдану үшін негіздер бола тұра, бас бостандығынан айыруды негізсіз тағайындауға жол беріледі. Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған не бірнеше рет сотталған және қоғам үшін аса қауіпті адамдарға жөнсіз жеңіл жаза қолдану жағдайлары да орын алып отыр.
      Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау кезінде сот практикасында пайда болатын мәселелерді дұрыс және бірыңғай шешуді қамтамасыз ету мақсатында жалпы отырыс қаулы етеді:

      1. Шектен тыс қатаң не жеңіл жаза тағайындаудың салдары әділетсіздікке соқтырып, жазаның мақсатына қол жеткізуге ықпал етпейтіні еске алына отырып, соттардың назары әрбір қылмыстық іс бойынша ҚК-нің 52-бабында белгіленген жаза тағайындаудың жалпы негіздерін мүлтіксіз сақтаудың қажеттілігіне аударылсын.

      2. Соттар заң бойынша көзделген жазалардың ішінен жазаның неғұрлым қатаң түрі - бас бостандығынан айыру жазасы жазаның басқа түрлерін қолдану кезінде сотталушылардың түзелуі мүмкін болмаған және жаңа қылмыстардың алдын алу мүмкін болмаған жағдайларда ғана қолданылатынын ескерулері қажет. Бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанда оның мөлшері туралы мәселе жазаның мақсатына қол жеткізу үшін жеткіліктілігі тұрғысынан шешілуге тиіс. Жаза тағайындау кезінде сотталушыға бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу шарасын қолдануды есепке алуға болмайды және бұл бас бостандығынан айыруды міндетті түрде қолдануға себеп емес.
      Егер адам айыпты деп табылған қылмыстық заң, бас бостандығынан айырумен қатар жазаның онша қатаң емес түрлерін көздесе, онда соттар үкім шығару кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаны қолдану туралы мәселені талқылауға тиіс. Жазаның онша қатаң емес түрі бола тұрып, бас бостандығынан айырудың нақ өзін тағайындаған кезде сот ол туралы үкімде уәждер келтіруге тиіс.

      3. Әйелдерге, он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, үкім шығарылған сәтте алпыс бес жасқа толған еркектерге қатысты үкім шығару кезінде соттар ҚК-нің K970167_ 48, 49-баптарында көзделген бас бостандығынан айыру мерзімдеріне қатысты ерекшеліктерді ескерулері қажет.
      Жүкті және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз тәрбиелейтін ер адамдарға (жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандардан басқа) бас бостандығынан айыру түрінде жаза беру туралы шешім қабылдау кезінде соттар ҚК-нің 72-бабына сәйкес жазаны өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін талқылауға және үкімде осыған байланысты тиісті уәждер келтіруге тиіс.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2005.10.28 N 8, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

       4. Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде соттар ҚК-нің K970167_ 80-82-баптарының талаптарын назарға алуға тиіс. Заңда көзделген жағдайларда кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауапкершіліктен әрі жазадан босатуды және оларға тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануды талқылау қажет.
      Бас бостандығынан айыру, қылмыстық жазаның ең қатаң түрі ретінде кәмелетке толмағандарға ҚК-нің 79-бабында белгіленген мерзімдер шегінде тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте бас бостандығынан айыру мерзімі бір қылмыс үшін де, сондай-ақ қылмыстар жиынтығы мен үкімдер жиынтығы бойынша да 10 жылдан аспауы қажет. Кәмелетке жасы толмағандарды көрсетілген мерзімнен артық 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тек қылмысты ауырлататын жағдайда кісі өлтіру үшін тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда қылмыстар жиынтығы мен үкімдер жиынтығы бойынша тағайындалған бас бостандығынан айыру мерзімі 12 жылдан аспауы керек. ҚК-нің 79-бабының жетінші бөлігіне сәйкес ауыр емес қылмыс жасаған немесе ауырлығы орташа қылмысты алғаш жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2005.10.28 N 8, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      5. ҚІЖК-нің Z970206_ 379-бабының 2-бөлігіне сәйкес, соттар жазаны тағайындау кезінде үкімде қылмыс жасағаны үшін кінәлі болып табылған адамға тағайындалатын жазаның түрінің, мөлшерінің немесе мерзімінің уәждерін көрсетуге тиіс. Бұл ретте соттар жазаны тағайындауға ықпал ететін мән-жайларды көрсетумен шектеліп қана қоймай, сонымен бірге олардың қылмыстың қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесін қалай бейнелейтінін және қылмысты жасаған адамның жеке басы туралы мәліметтерді көрсетуге тиіс.
      Қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтау кезінде соттар заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастардың (қол сұғушылық объектісінің) әлеуметтік мәнін, жасалған әрекеттің нәтижесінде туындаған салдарды, қылмыстың санаттарын, қылмыстық ниетті іске асыру сатыларын, қылмысқа қатысу түрлерін, қылмысты жасаудың тәсілін, уақыты мен орнын негізге алулары керек. Соттар барлық жағдайларда да жаза мен жауапкершілікті жеңілдететін және ауырлататын бүкіл мән-жайлар жиынтығын, жазаны, сотталушының жеке басы туралы нақтылы мәліметтерді жаза туралы қабылданған шешімнің уәждерін үкімде міндетті түрде көрсете және келтіре отырып, жан-жақты және шынайы бағалауға міндетті. Көрсетілген мән-жайларды олардың әрқайсысының мазмұнын ашпастан көрсетумен шектелуге жол берілмейді.

      6. Соттар қылмыстың қайталануы туралы мәселелермен байланысты мән-жайларды, олардың жасалған әрекетті дұрыс бағалауға, жазаның мерзімін, түзеу колониясы режимінің түрін дұрыс анықтауға ықпал ететінін назарда ұстай отырып, мұқият зерттеуге міндетті.
      Әрбір іс бойынша бұрын сотталуға қатысты құжаттар зерттелуге тиіс. Бұл ретте соттар ҚК-нің K970167_ 77, 86-баптарына (Қаз ССР ҚК-нің 49-бабына) сәйкес жойылған немесе алынған соттылықтардың ескерілмейтінін назарға алуға тиісті. Адамның он сегіз жасқа дейін жасаған қылмыстар үшін сотталуы, ҚК-нің 13-бабының 4-бөлігіне сәйкес қылмыстың қайталануын тану кезінде ескерілмейді. Қылмыстың қайталануын тану үшін қылмысты жасау сатысы мен қылмысқа қатысу түрі маңызды емес.
      Соттар бұрынғы сотталғандықтарының санын анықтай отырып, үкім шығарғанға дейінгі бірінші іс бойынша жасаған қылмысы үшін соттай отырып, түпкілікті жазаны қылмыстардың жиынтығымен ҚК-нің 58-бабының 6-бөлігі бойынша (ҚК-нің 37-бабының 3-бөлігі) белгілей келіп, ол бір рет сотталғандық болып есептелетінін ескергендіктері жөн.

      7. Заңда көрсетілген соттылықты жою шарттарын ескеру қажет. Соттың үкімі (қаулысы) бойынша жазаны өтеуден босатылуына байланысты оны өтемеген тұлға, қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасының таңдалып алынуына байланысты қамауда болу мерзіміне қарамастан, ҚК-нің K970167_ 77-бабының 2-бөлігіне сәйкес, оны жазаны өтеуден босатқан сот актісі заңды күшіне енген сәттен бастап соттылығы жоқ болып танылады.
      Жазаны орындау барысында ҚК-тің жалпы бөлімінде көрсетілген негіздер бойынша (мерзімінен бұрын шартты түрде, рақымшылық бойынша кешірім жасау, ауыруға шалдығу, жазаны неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру) адам жазаны өтеуден босатылған кезде, соттылықты жоюдың тәртібі мен мерзімдері, егер рақымшылық немесе кешірім жасау актісімен соттылықты жою көзделмесе, ҚК-тің K970167_ 77-бабының 3 және 4-бөліктеріне және 86-бабына сәйкес есептеледі. ҚК-тің 77-бабының 3-бөлігінің "г, д, е" тармақтарында көрсетілген қылмыс санаттары ҚК-нің 10-бабына сәйкес анықталады.

      8. Қылмыстың қайталануы кезінде жаза тағайындау барысында соттар қылмыстың тиісті қайталануы кезінде жазалардың мерзімдері мен мөлшерінің тек төменгі шектерін белгілейтін ҚК-нің 59-бабының талаптарын ескеруге міндетті. Қылмыстың қайталануы кезінде аяқталмаған қылмыс үшін жазаның мөлшері ҚК-нің K970167_ 59-бабының 2-бөлігінің талаптары ескерілместен ҚК-нің 56-бабына сәйкес белгіленеді.
      Бұрын қанша рет сотталғандығын, бұрын жасалған қылмыстарының, сондай-ақ жаңадан жасалған қылмыстарының сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін негізге ала, сондай-ақ жинақтап алғанда ерекше жағдайлар болып табылатын жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот ҚК-нің 55-бабын қолданып, ҚК-нің 59-бабының 2-бөлігінің талаптарын ескерместен жаза тағайындауға құқылы. Бұл ретте ҚК-нің 55-бабын қолдана отырып жаза ҚК-нің 59-бабының 2-бөлігінде белгіленген шектерден төмен, сондай-ақ қылмыс дәрежеленген бапта көрсетілген төменгі шектерден төмен тағайындалуы мүмкін.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      9. ҚК-нің 55-бабына сәйкес, сол қылмыс үшін көзделгендегіден төменгі шектен төмен бас бостандығынан айыру мерзімін тағайындай отырып немесе қылмыс дәрежеленген баптың (баптың бөлігінің) санкциясында көзделмеген неғұрлым жеңіл жаза түрін тағайындай отырып соттар үкімнің дәлелдеу бөлігінде осындай шешімнің негіздемесін келтіріп, жазаны жеңілдету үшін негіз болған ерекше мән-жайлардың мазмұнын ашуға тиіс.
      Санкцияда көзделген жазаның барлық түрлері, олардың шамадан тыс қатаңдығына және жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес келмеуіне және анықталған ерекше жеңілдететін мән-жайларға байланысты қолданылмайтын жағдайларда ғана сол қылмыс үшін көзделгендегіден неғұрлым жеңіл жаза тағайындауға жол беріледі.

      10. Соттар ҚК-нің K970167_ 53-бабының 4-бөлігінде белгіленген жазалардың мерзімі мен мөлшерінің шегінің, осы баптың бірінші бөлігінің "д" тармағы мен "к" тармағында көрсетілген жазаны жеңілдететін мән-жайлардың екеуі бір мезгілде болған жағдайда да, сонымен бірге олардың біреуі болған жағдайда да қолданылатынын назарда ұстаулары қажет.
      Бұл ретте екі жағдайда да ҚК-нің 54-бабында көрсетілген жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлардың болмауы міндетті шарттар болып табылады.
      Жазаның ең жоғарғы мерзімін немесе мөлшерін шектеудің ҚК-нің K970167_ Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген тек неғұрлым қатаң жазаға ғана қатысты екенін және осы баптың санкциясында көрсетілген шектерде басқа жеңілірек жаза тағайындауға кедергі жасамайтынын назарда ұстау қажет.
      ҚК-нің 53-бабының 4-бөлігін қолдану үшін "д" тармағы мен "к" тармағында көрсетілген жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың барын растайтын дәлелдемелерді анықтап, қабылданған шешімді үкімде дәлелдеген жөн.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. Соттардың назары қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындаған кезде заң талаптарын сақтаудың қажеттілігіне аударылсын.
      Қылмыстар жиынтығы кезінде негізгі және қосымша жазаны әр қылмыс үшін жеке-жеке тағайындап, одан кейін ҚК-нің 58-бабына сәйкес түпкілікті жазаны тағайындаған жөн. Толық қосу кезінде жазалардың мерзімі мен мөлшері ҚК-нің 61-бабының талаптарына сәйкес қосылады. Жазаларды ішінара қосу кезінде анағұрлым қатаң жазаға жеңілірек жазаның бір бөлігі қосылады. Қосылған жазаның мерзімі мен мөлшері әрбір нақтылы жағдай үшін ҚК-нің 58-бабында белгіленген шектен аса алмайды.
      ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес жазаны қосу, сондай-ақ сіңіру принциптерін қолдану мүмкін болғанда соттар жазаны тағайындау тәсілін таңдау кезінде әрбір нақтылы жағдайда жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыстың жасалу мән-жайын, кінәлі адамның жеке басы туралы мәліметтерді және басқа да фактілерді ескерулері қажет. Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тек қосу принципі бойынша тағайындалады және ол өзінің мөлшері жөнінен соңғы үкім бойынша тағайындалған жазадан да, сондай-ақ алдыңғы үкім бойынша тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігінен де артық болуға тиіс.
      Тұлға алдыңғы үкім шығарылғанға дейін жасалған қылмысы үшін соңғы үкім бойынша сотталған жағдайда түпкілікті жаза тағайындау кезінде алдыңғы үкім бойынша барлық өтелген жаза есепке алынады. ҚК-нің 58-бабының 6-бөлігінің және 60-бабының негізінде тағайындалған жазаны өтеудің мерзімі, бұлтартпау шарасы немесе ұстау тәртібімен соңғы іс бойынша сотқа дейін қамауда ұстау уақыты есепке алына отырып соңғы үкім шығарылған күннен бастап есептеледі.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2005.10.28. N 8 қаулысымен.

       12. Үкімдер жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезінде соттар ҚК-нің 61-бабында көзделген жазаларды қосу қағидасын ескерулері қажет.
      Егер тұлға, алдыңғы үкім бойынша бас бостандығынан айыруға, түзеу жұмыстарына, әскери қызмет бойынша шектеуге шартты түрде сотталса және ол сынау мерзімі кезінде жаңа қылмыс жасап, оған тиісті жаза тағайындалса, онда үкімдер жиынтығы бойынша жазаларды толық немесе ішінара қосу бірінші үкім бойынша ҚК-нің 64-бабына сәйкес шартты түрде соттау жойылған жағдайларда ғана мүмкін болады.
      Шартты түрде соттау жөнінде бірінші үкім шығарылғанға дейін адамның басқа қылмысты жасауға кінәлі екендігі анықталған жағдайларда және шартты түрде соттауды жою үшін негіз болмаған не бірнеше үкім бойынша тағайындалған жазалар ҚК-нің 61-бабына сәйкес қосылмайтын жағдайларда соттар жазаның әр үкім бойынша бөлек орындалуы туралы көрсетулері қажет.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2008.12.22 N 16, 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      13. Бас бостандығынан айыру жазасын тиісті түзеу мекемесінде өтеуді тағайындай отырып, сот ҚК-нің 48, 79-баптарын басшылыққа алуға тиіс. Ерекше жағдайларда сот ҚК-нің 55-бабын қолдана отырып, қабылданған шешімнің дәлелін көрсетіп, жеңілірек режимдегі колонияны тағайындауға құқылы. Егер сот, негіздемелер болған жағдайда қылмыстың қайталануын анықтамаса және бұл туралы үкімде көрсетпесе, онда ол тек қылмыстың қайталануы кезінде қолданылуы мүмкін түзеу колониясының түрін тағайындауға құқылы емес.
      Кәмелеттік жасқа толмай қылмыс жасаған, бірақ үкім шығарылар сәтте кәмелеттік жасқа толған адамдарға қатысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін түзеу колониясының режимі ҚК-нің 48-бабына сәйкес тағайындалуға тиіс.

      14. Үкім бұзылғаннан кейін соттар істі жаңадан қарау кезінде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай отырып, жаза тағайындаудың жалпы негіздерінен басқа, сондай-ақ ҚІЖК-нің 423-3, 446-22, 469-баптарының талаптарын назарға алулары қажет.
      Алдыңғы үкімнің жеңілдігіне байланысты не әлдеқайда ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты бұзылған және сотталушының іс-әрекеттері шын мәнісінде осы заң бойынша дәрежеленген жағдайларда ғана жазаны күшейтуге жол беріледі.
      Сонымен қатар соттар, айыптау тарапының шағымында немесе наразылығында жазаның жеңілдігінің немесе алдыңғы үкімді бұзудың негізі ретінде қылмысты әлдеқайда қатаң жаза беруді көздейтін заңға қайта дәрежелеу қажеттігінің көрсетілген-көрсетілмегендігін анықтаулары қажет. Іс қосымша тергелгеннен кейін әлдеқайда ауыр қылмыс туралы заңды қолдану кезінде соттар істі қосымша тергеуге жіберу кезінде ҚІЖК-нің 303-тармағының талабының сақталған-сақталмағанын да тексерулері қажет. Тағылған айыпты әлдеқайда ауыр айыпқа өзгерту не алдыңғы үкімді осы негіздер бойынша немесе тағайындалған жазаның жеңілдігіне байланысты бұзу үшін істі қосымша тергеуге жіберу, бұл туралы айыптау тараптарының өтініштері болмаған жағдайда істі жаңадан қарау кезінде жазаның күшеюіне әкеп соқпайды.
      Егер наразылық, айыптау тарапының шағымы сотталған адамның жағдайын нашарлатуға бағытталған негіздер бойынша келтірілсе, ал жоғары тұрған сатының үкімі басқа негіздер бойынша (сот тергеуінің жеткіліксіздігі, ҚІЖК Z970206_ нормаларының елеулі түрде бұзылуы және т.б.) бұзылса, онда істі жаңадан қарау кезінде де жазаны күшейтуге жол берілмейді.
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      15. Бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау кезінде соттар Жоғарғы Сот Пленумының "Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы" 1999 жылғы 30 сәуірдегі N 1  P99001S_ қаулысының түсіндірмелерін ескере отырып, заң талабын мүлтіксіз орындаулары қажет.     

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы     

     Жалпы отырыстың хатшысы,
     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының судьясы