Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушілiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2000 жылғы 21 қазан N 1577

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушiлiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломын тағайындау туралы" 2000 жылғы 31 шiлдедегі N 423  Жарлығын  орындау үшiн, Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді: 
      1. Қосымшаға сәйкес құрамда Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушiлiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломын беру жөнiндегi комиссиясы құрылсын. 
      2. Қоса берiлiп отырған Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушiлiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломымен марапаттауға байланысты мәселелердi қарау жөнiндегi ереже бекiтiлсiн. 
      3. Құрмет дипломдары мен олардың омырауға тағатын белгiлерiн жасаумен байланысты шығыстарды қаржыландыру ағымдағы жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң "Әдебиеттің әлеуметтiк-маңызды түрлерi бойынша баспа бағдарламаларын қалыптастыру" бағдарламасы бойынша 2000 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттың есебiнен және шегiнде анықталсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi 2001 жылдан бастап жыл сайын, республикалық бюджеттi қалыптастыру кезiнде Құрмет дипломдары мен олардың омырауға тағатын белгiлерiн жасауға Қазақстан Республикасының Президентi Iс Басқармасының "Мемлекеттiк наградалар, оларға құжаттарды, құрмет дипломдары мен омырауға тағатын белгiлер, жасау бағдарламасы бойынша қаражат көздесiн.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшiне енедi.     

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы     
Үкiметiнiң           
2000 жылғы 21 қазандағы     
N 1577 қаулысына        
қосымша              

       Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және
  демеушілiк қызметі үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң
          Құрмет дипломын беру жөнiндегі комиссиясының
                           Құрамы

Саудабаев                 - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік
Қанат Бекмырзаұлы           хатшысы, төраға (келісім бойынша)

Дьяченко                  - Қазақстан халқының ассамблеясы
Сергей Александрович        төрағасының орынбасары (келісім
                            бойынша)

Ертiсбаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Ермұхамет Қабиденұлы        және ақпарат министрi, төрағаның
                            орынбасары

Күзембаев                 - Қазақстан Республикасы Мәдениет және
Валерий Әлiбекұлы           ақпарат министрлiгi Өнер
                            департаментiнiң директоры, хатшы       

Әуезов                    - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Мұрат Мұхтарұлы             кiтапханасының бас директоры       

Мергенов                  - Қазақстан Суретшiлер одағы
Еркін Тілекұлы              басқармасының төрағасы
                            (келiсiм бойынша)     

Серкебаев                 - Музыка қайраткерлерi одағы
Ермек Бекмұхамедұлы         басқармасының төрағасы
                            (келiсiм бойынша)

Самақова                  - Қазақстан Республикасы Президентiнiң
Айткүл Байғазықызы          кеңесшiсi, Қазақстан Республикасы
                            Президентiнiң жанындағы Отбасы iстерi
                            және гендерлiк саясат жөнiндегi
                            ұлттық комиссияның төрайымы

Қарақұсова                - Қазақстан Республикасының Еңбек және
Гүлжан Жанпейiсқызы         халықты әлеуметтiк қорғау министрi

Асқаров                   - Қазақстан Республикасы Президенті
Әлібек                      Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси бөлімі
                            меңгерушісінің орынбасары

Божко                     - Қазақстан Республикасы Ұлттық
Владимир Карпович           қауiпсiздiк комитетi төрағасының
                            бiрiншi орынбасары

Әлпиев                    - Қазақстан Республикасы Мәдениет және
Төлеубек Нығметұлы          ақпарат министрлiгi "К.Байсейiтова
                            атындағы ұлттық опера және балет
                            театры" республикалық мемлекеттiк
                            қазыналық кәсiпорнының директоры

Түймебаев                 - Қазақстан Республикасының Білім
Жансейіт Қансейітұлы        және ғылым министрі

Бөрібаев                  - Қазақстан Республикасының Мәдениет
Асқар Исмайылұлы            және ақпарат вице-министрі      
       Ескерту. Құрамға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2001.11.19. N 1488  қаулысымен , 2002.10.09. N 1099  қаулысымен , 2003.12.31. N 1370  қаулысымен , 2004.07.30. N 807  қаулысымен , 2005.02.28. N 173  қаулысымен , 2006.06.27. N  588 , 2006.09.13. N  863 , 2007.06.19. N  513  қаулыларымен.  

Қазақстан Республикасы       
Үкiметiнiң             
2000 жылғы 21 қазандағы       
N 1577 қаулысымен          
бекiтілген               

  Мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және
демеушiлiк қызметі үшін Қазақстан Республикасы
Президентiнiң Құрмет дипломымен марапаттауға байланысты
мәселелердi қарау жөнiндегі
ереже 

       1. Осы Ереже мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушiлiк қызметi үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Құрмет дипломымен (бұдан әрi - Диплом) марапаттауға байланысты мәселелердi қарау тәртiбiн айқындайды. 
      2. Дипломды алуға iзденушiлер болып өзiнің белсендi қайырымдылық және демеушiлік қызметтерiмен мәдени және гуманитарлық салалардағы жобаларды iске асыруға елеулi үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, шет ел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар болуы мүмкiн. 
      3. Ізденушiлердiң кандидатураларын орталық атқарушы органдар, облыстар, Алматы және Астана қалаларының әкiмдерi және қоғамдық бiрлестiктер ұсынады. 
      4. Дипломды Қазақстан Республикасы Президентiнiң мәдени және гуманитарлық салалардағы қайырымдылық және демеушілік қызметi үшiн Құрмет дипломын беру жөнiндегі комиссияның (бұдан әрi - Комиссия) қорытындысы негізiнде Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi. 
      5. Комиссияның құрамы мемлекеттiк органдар мен мүдделi ұйымдардың өкiлдерiнен құралады және Қазақстан Республикасының Үкiметiмен бекiтiледi. 
      6. Комиссияның жұмыс органының функциясын Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi орындайды.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1370  қаулысымен , 2005.02.28. N 173  қаулысымен .  
      7. Дипломның тағайындалуына ұсынылған жобаларды Комиссия екi кезеңмен қарастырады. Бiрiншi кезеңде Дипломды алу конкурсына ұсынылған жобалар таңдалып алынады, екiншiден Комиссияның жалпы жиналысымен Дипломды беру туралы шешiм қабылданады. 
      8. Комиссия отырысы қажеттiлiгiне қарай, бiрақ жылына бiр реттен кем емес өткiзiледi және егер, оларға Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса құқылы деп саналады. Комиссия отырысын өткiзудiң бастамашысы Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгi болып табылады. 
       Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1370  қаулысымен , 2005.02.28. N 173  қаулысымен .  
      9. Жобаларды алдын-ала iрiктеу және Дипломды беру туралы Комиссияның шешiмi Комиссия отырысына қатысып отырған мүшелерiнің көпшiлiк дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген шешiм қабылданды деп есептеледi. 
      10. Комиссия отырыстарының нәтижелерi бойынша Комиссияның Дипломды беру туралы қорытындысы (бұдан әрi - Қорытынды) ресiмделедi және Қазақстан Республикасының Yкiметiне ұсынылады.
      11. Қазақстан Республикасының Yкiметi Қорытынды негiзiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң Дипломды беру туралы актiсiнiң тиiстi жобасын Қазақстан Республикасы Президентiнiң қарауына енгiзедi.
      12. Дипломды Қазақстан Республикасының Президентi немесе оның уәкiлеттi лауазымды тұлғалары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен жария етiлуiмен салтанатты жағдайда тапсырады.