Соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде неке және отбасы туралы заңнаманы қолдануының кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 2000 жылғы 22 желтоқсандағы N 17

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.

      Неке және отбасы туралы заңнаманың өзгеруiне байланысты және соттардың бала асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн барынша толық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты қаулы етедi: 
      1. Бала асырап алу туралы заңнаманың Қазақстан Республикасының  Конституциясына , Қазақстан Республикасы 1994 жылы қосылған Баланың құқықтары туралы Конвенцияға негiзделетiнiне және  "Неке және отбасы туралы"  Қазақстан Республикасының Заңынан (әрi қарай мәтiн бойынша - Заң), өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық кесiмдерден тұратынына соттардың назары аударылсын. 
      Атап айтқанда, асырап алуға жататын балаларды асырап алуға тiлек білдiретiн адамдарды есепке алудың тәртiбi ҚР Үкiметiнiң 1999 жылғы 9 қыркүйектегi N  1346  қаулысымен бекiтілген "Ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орталықтандырылған есепке алуды ұйымдастыру" Ережесiнде және "Қазақстан Республикасының қорғаншы және қамқоршы органдары туралы" Ережеде, Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң 1999 жылғы 17 маусымдағы N 655 бұйрығымен бекiтiлген "Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын балаларды асырап алуға тiлек бiлдiрген шетел азаматтарын есепке алу туралы"  Қағидада  көзделген. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 24 маусымдағы N 842  қаулысымен  адамның бала асырап алуына болмайтын аурулардың тiзбесi бекiтiлген. 

      2.  Заңның  77-бабының 1-тармағына сәйкес бала асырап алу туралы iстердi сот азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген ережелер бойынша ерекше iс жүргiзу тәртiбiмен қарайды. 
      Бала асырап алуға тiлек бiлдiрген адам тек сот оның өтiнiшiн қанағаттандырған жағдайда және сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн баланың заңды өкiлi құқығын иеленедi (Заңның 77-бабының 2-тармағы). 
      Осы айтылғандарды ескере отырып, соттар арызданушының баланың мүлiктiк құқықтарын қорғау туралы талабының (мысалы, баланың оған сыйға тарту шарты, мұралыққа қабылдау не тұрғын үйдi жекешелендiру және т.б. бойынша өз меншiгiне көшкен жылжитын немесе жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы туралы) бала асырап алу туралы арызбен қатар қаралуға тиiс емес екенiн есте ұстаулары қажет. 

      3. Сот асырап алу туралы арызды қабылдай отырып, арыздың нысаны мен мазмұны бойынша Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнiң (әрi қарай мәтiн бойынша - АIЖК) 150-бабында көзделген талаптарға сәйкестiгін тексередi. 
      Осы санаттағы iстердiң ерекшелiгiн негiзге ала отырып, сот арызда бала асырап алушылардың өздерi туралы, олар асырап алуға тiлек білдiрген балалар туралы, олардың ата-аналары туралы, асырап алынатын балалардың акт жазбаларындағы ықтимал өзгерiстер туралы өтiнiштердiң, заң олардың бала асырап алу мүмкiндiгiн байланыстыратын мән-жайлар туралы мәлiметтердiң, оларды растайтын дәлелдемелердiң, сондай-ақ мына төмендегi қажеттi құжаттардың арызға қоса берiлуiн тексеруi қажет: 
      - баланың тұратын (тұрған) жерi бойынша қорғаншы және қамқоршы органның бала асырап алудың негiздiлiгi және бала асырап алудың асырап алынушының мүдделерiне сәйкестiгi туралы қорытындысы; 
      - бала асырап алушылардың тұрмыс жағдайларын тексеру актiсi; 
      - баланың тууы туралы акт жазбасы мен куәлiгiнiң көшiрмелерi; 
      - құзыреттi органның асырап алынатын баланың денсаулығының жағдайы, дене және ақыл-ойының дамуы туралы медициналық қорытындысы; 
      - егер заң бойынша талап етiлсе, ата-аналардың баланы асырап алуға келiсiмi; 
      - егер бала 10 жасқа толса, баланың асырап алуға келiсiмi; 
      - арыз берушiнiң сол баланы асырап алуы мүмкiн екенiн растайтын дәлелдемелер. 
      Арызданушы осы құжаттарды ала алмаған жағдайда, сот оларды арызданушының өтiнiшi бойынша тиiстi органдардан сұратып алуға тиiс. 
      Баланы оның өгей әкесi немесе өгей шешесi асырап алған жағдайда, Заңның 82-бабының 3-тармағына сәйкес, қорғаншы және қамқоршы органның баланы асырап алудың негiздiлiгi және бала мүдделерiне сай келетiнi туралы қорытындысы талап етiлмейдi. 
      Арызға баланы асырап алушы (асырап алушылар) қол қояды, кiмде кiмнiң асырап алушылардың мүддесi үшiн арыз беруiне жол берiлмейдi. 

      4. Соттар табылған немесе тастанды баланы асырап алу кезiнде баланың табылғаны туралы iшкi iстер органдары немесе жергiлiктi атқарушы органдар әзiрлеген хаттаманың немесе актiнiң болуының жеткiлiксiз екенiн есте ұстаулары қажет. Осындай балалар жөнiндегi арызға, баланың Заңның 175-бабына сәйкес тiркелгенiн растайтын тууы туралы акт жазбасының көшiрмесi және оның тууы туралы куәлiк қоса берiлуге тиiс. 
      Егер бала асырап алу туралы арыз берiлген сәтте табылған немесе тастанды бала Заңның 175-бабына сәйкес тiркелмеген болса, онда сот АIЖК-нiң 154 және 155-баптарына сәйкес арызды қозғалыссыз қалдыру немесе iс қозғауға кедергi болатын мән-жайларды жою үшiн арызданушыға қайтару туралы мәселенi шешуге тиiс. 

      5. Баланы шетел азаматы асырап алған жағдайда сот, сондай-ақ арызданушыдан оның тұрмыс жағдайы және асыраушы болу мүмкiндiгi туралы ол азаматы болып табылатын мемлекеттiң не осы тұлға тұрақты тұратын мемлекеттің құзыреттi органы берген қорытындыны, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiгi мен консулдық мекемесiнiң шетел азаматының Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуға тiлек бiлдiрген адам ретiнде аталған органдарда тiркелуiн растайтын құжатын сұратуға мiндеттi. 
      Бұл ретте сот шетел азаматының не шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматының асырап алу туралы мәселе қойып отырған баланың кемiнде үш ай бойы орталықтандырылған есепте тұратынына көз жеткiзуге тиiс. 
      Көрсетiлген талаптарды тексеру үшiн сот асырап алынатын баланың бастапқы, аймақтық және орталықтандырылған есепте тiркелуi туралы мәлiметтердi сұратып алуға тиiс.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.

      6. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алу туралы iстердi қарау кезiнде соттар шетелдiк адамдардың Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей iс жүргізу құқықтарын пайдаланатынын және iс жүргiзу мiндеттерiн орындайтынын есте ұстаулары қажет (АIЖК-нiң 413-бабының 2-бөлiгi). Қазақстан Республикасынан тыс жерде Қазақстан Республикасының азаматына немесе шетелдiк адамдарға қатысты, шетелдiк мемлекеттердiң заңдары бойынша шетелдiк мемлекеттердiң құзыретті органдары белгiленген нысан бойынша берген, жасаған немесе куәландырған құжаттарды соттар, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе халықаралық шарттарымен өзгеше көзделмесе, консулдық ресмилендiрiлген жағдайда қабылдайды. 
      Шетелдiктерге асырап алуға берiлген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының елшiлiктерi немесе консулдық мекемелерi жүзеге асырады (Заңның 209-бабының 6-тармағы). 
      Соттар консулдық ресмилендiру деп консулдың оның консулдық округi шегiнде дайындалған және жергiлiктi өкiмет органдары бекiткен құжатты немесе кез келген актiнi өзiнiң қолымен және қойылған қолды мөрiмен куәландырып, заңды күшiне енгiзуi түсiнiлетiнiн есте ұстаулары қажет. Шетелде жасалған құжат консулды тағайындаған елге көрсетiлуге тиiс болған жағдайда және осы мемлекеттiң заңнамасымен талап етiлгенде консулдық ресмилендiру жасалады.
      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үшін 2001 жылғы 30 қаңтарда күшіне енген, шетелдік ресми құжаттарды заңдастыруды талап етудiң күшiн жоятын  Конвенцияға  (Гаага, 1961 жылғы 5 қазан) қатысушы-мемлекеттер арасындағы қатынастарда құжаттарды заңдастыру талап етілмейтіндігін назарда ұстаған жөн.
      Осы Конвенцияның 3, 5-баптарының талаптарына сәйкес, ресми құжаттарды дипломатиялық немесе консулдық заңдастырудың орнына Конвенцияға қатысушы-мемлекеттерде лауазымды тұлғалардың құжаттардағы қолдарының, мөрлердің немесе мөртаңбалардың түпнұсқа  екендігін растау үшін осы құжат жасалған мемлекеттің құзыретті органы апостиль қояды.
       Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.

       6-1. Шетелдіктің баламен тікелей жақын араласуының Заңның  76-бабының  3-тармағында көзделген екі апталық мерзім, ол баланы асырап алу туралы сотқа арыз бермей тұрып сақталуы қажет.
      Шетелдіктің баланы асырап алу туралы осы мерзім өткенге дейін берген арызы АІЖК  155-бабының  бірінші бөлігіне сәйкес қозғалыссыз қалдырылуға жатады, ал арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарымда көрсетілген талаптар орындалмаған жағдайда талапкерге қайтарылады.
       Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.        

      6-2. Егер шетелдік агенттік берген апостиль қойылған құжаттың қолданылу мерзімі шектеулі болса, осы мерзім құжатты сотқа ұсынған сәтте өтсе, онда мұндай құжатты жол берілетін дәлелдеме ретінде танымау туралы мәселені шешу қажет.
      Ескерту. 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.

      7. Баланы асырап алу туралы iстер қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiнiң мiндеттi түрде қатысуымен қаралады. Бұған қоса, баланың мүддесiн барынша ескеру мақсатында сот асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын), ата-аналары болмаған жағдайда оның жақын туыстарын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрған мекеменiң өкiлiн, басқа да мүдделi адамдарды, егер ол 10 жасқа толса баланың өзiн iске қатыстыруға тиiс (Заңның 82 және 84-баптары, Баланың құқықтары туралы Конвенцияның 9-бабы). 
      Егер сот 10 жасқа толған асырап алынатын баладан сот отырысында қаралып отырған мәселе бойынша оның пiкiрiн сұрау қажет деген тұжырымға келсе, онда сот баланың сотқа қатысуы оған қолайсыз әсер етпейтiндей етiп, алдын ала қорғаншы және қамқоршы органның пікiрiн анықтап алғаны дұрыс. 
      Сұрау кезiнде баланың пiкiрi оған ата-аналарының бiрiнiң немесе басқа мүдделi адамдардың ықпал етуiнiң салдарынан болған болмағанын, осы пiкiрдi бiлдiру кезiнде оның өз мүдделерiн сезiнетiнiн немесе сезiнбейтiнiн және баланың оны қалай негiздейтiнiн анықтау қажет. 

      8. Бала асырап алудың заңмен қорғалатын құпиялылығын қамтамасыз ету мақсатында (Заңның 91-бабы) сот АIЖК-нiң 19-бабына сәйкес, iске қатысушылардың өтiнiштерi бойынша шешiмдi жариялауды қоса алғанда iстi жабық сот отырысында қарауға құқылы. 

      9. Асырап алу туралы талапты тиiсiнше қарай отырып, сот арызданушының асырап алу мүмкiндiгiн терiске шығаратын негiздердiң жоқтығы туралы мәселенi талқылап алуы қажет (Заңның 80-бабының 2-тармағы, 81-бабының 1-тармағы). 
      Некеде тұрмайтын асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде 16 жас болуға тиiс екендiгi туралы 81-баптың талаптарын негiзге ала отырып, соттар заңның дәлелдi деп таныған себептер бойынша (туыстық қарым-қатынаста болу немесе баланың оны асырап алатын адамға бауыр басып, оны өзiнiң ата-анасы деп есептеуi және т.б.) жас айырмасын қысқартуға жол берiлетiнiн есте ұстаулары қажет. 

      10. Баланың ата-анасы болған жағдайда олардың келiсiмi асырап алудың мiндеттi шарты болып табылады. Бала асырап алуға ата-ананың келiсiмi нотариат куәландырған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұратын мекеменiң басшысы не бала асырап алу жүргiзiлген орындағы немесе ата-ананың тұрғылықты жерiндегi қорғаншы және қамқоршы орган растаған арызда көрсетiлуге тиiс, сондай-ақ бала асырап алу iсiн жүргiзу кезiнде сотта тiкелей бiлдiрiлуi мүмкiн. Ата-ананың бала асырап алуға сотта берген келiсiмi хаттамада көрсетiлiп, оның қолы қойылуға, сондай-ақ шешiмде көрсетiлуге тиiс. Алайда, ата-аналардың құқықтарының басымдығын негiзге ала отырып, олардың қай-қайсысының да баланы асырап алу жөнiнде бұрын берген келiсiмiн, осы шешiмге бару себептерiне қарамастан, шешім шығарылғанға дейiн керi қайтарып ала алатынын ескеру қажет (Заңның 82-бабы). Мұндай жағдайда сот баланы асырап алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарады. 
      Заңның ата-ананың баланы асырап алуға келiсiмi туралы талабы Заңның 83-бабында көзделген жағдайлардан басқа, ата-аналары (ата-анасы) бар және қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алынған, бала асырап алған отбасылардағы, тәрбие, емдеу, емдеу-профилактика мекемелерiндегi, халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде және басқа да осындай мекемелерде тұрған балаларға қолданылады. 
      Бұл ретте, Заңның 69-бабының 7-тармағына сәйкес, ата-анасы (олардың бiреуi) ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда баланы асырап алуға ата-ананы (олардың бiреуiн) ата-ана құқықтарынан айыру туралы сот шешiм шығарған күннен бастап кемiнде алты ай өткенде жол берiлетiнiн есте ұстау қажет. 
      Қорғаншының (қамқоршының), өгей ата-ананың немесе жоғарыда көрсетілген мекемелердiң жетекшiлерiнiң асырап алуға келiсiм беруден бас тартуы, ата-аналардың бас тартуынан бiр ерекшелiгi, егер мұны баланың мүддесi талап етсе, соттың бала асырап алу туралы мәселенi оңынан шешуiне кедергi жасамайды (Заңның 82-бабының 1, 4-6 тармақтары). 

      11. Егер баланы ерлi-зайыптылардың екеуi бiрдей асырап алмаса, баланы ерлi-зайыптылардың бiреуi асырап алған кезде бала асырап алуға ерлi-зайыптылардың екiншiсiнiң жазбаша келiсiмi талап етiледi (Заңның 85-бабы). 
      Бала асырап алу туралы арызды қараған сот ерлi-зайыптылардың отбасылық қарым-қатынастарды тоқтатқанын, бiр жылдан астам уақыт бойы бiрге тұрмағанын және арызданушыға жұбайдың тұрған жерi белгiсiз болғанын анықтаған жағдайларда, осындай жазбаша келiсiм талап етiлмейдi. Көрсетiлген мән-жайлар АIЖК-нiң 64-бабында көзделген дәлелдеу құралдары, сондай-ақ соттың осы жұбайды хабарсыз кеткен деп тану туралы заңды күшiне енген шешiмi арқылы анықталуы мүмкiн. 

      12. Бала асырап алу баланың мүддесiне жауап берген жағдайлардан (мысалы, балалар өздерiнiң туыстығын бiлмесе, бiрге тұрмаса және бiрге тәрбиеленбесе, денсаулық жағдайларына байланысты бiрге тұра алмаса және бiрге тәрбиелене алмаса) басқа жағдайларда ағалы-iнiлi және апалы-сiңлiлi балаларды әр түрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi. 

      13. Соттар, Заңның 76-бабының 1-тармағына сәйкес, бала асырап алу кезiнде мiндеттi түрде сақталуға тиiс баланың мүддесi деп оның дене, психикалық, рухани жағынан дамуы үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз ету деп түсiнудi есте ұстаулары қажет. 
      Бала асырап алудың мүмкiн екендiгi туралы мәселенi қарау кезiнде, әрбiр нақтылы жағдайда, бала асырап алушының адамгершiлiк және өзге де жеке басының қасиеттерiн (арыз берушiнiң жұмыстағы, тұрмыстағы тәртiбiн сипаттайтын мән-жайлар, қасақана жасаған қылмыстары үшiн соттылығының болуы және т.б.), оның денсаулығының жайын, жасын, отбасы iшiндегi қалыптасқан қарым-қатынасын, осы адамдар мен баланың арасындағы пайда болған қатынастарды, сондай-ақ болашақ бала асырап алушылардың материалдық және тұрмыстық жағдайларын тексеру және ескеру қажет.
      Асырап алушы болу құқығын растайтын құжаттарды тексеру кезінде тұлғаның соттылығының болуы не болмауы фактісін баланы асырап алуға тілек білдірген тұлға тұратын елдің тек құзыретті органы растауы қажет екендігін соттардың назарда ұстағандары жөн.
      Балаларды асырап алуға тілек білдірген тұлғалар ұсынған құжаттардың аударылуының дұрыстығын растау үшін соттар қажетті жағдайда тиісті мамандарды іске қатысуға тартулары тиіс.
       Ескерту. 13-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.

      14. Заңның 89-бабының 1 және 2-тармақтарының талаптарына сәйкес асырап алынған балалар және олардың ұрпақтары бала асырап алушылар мен олардың туыстарына қатысы бойынша, ал бала асырап алушылар және олардың туыстары асырап алынған балалар мен олардың ұрпақтарына қатысы бойынша жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттер жағынан тегi бiр туыстарға теңестiрiледi. Асырап алынған балалар өздерiнiң ата-аналары мен басқа да туыстарына қатысты жоғарыда көрсетiлген құқықтарды жоғалтады және мiндеттерден босатылады. 
      Аталған құқықтық салдар бала асырап алушылардың осы баланың тууы туралы акт жазбасында ата-аналар ретiнде жазылған жазылмағанына қарамастан туындайды. Асырап алынған баланың ата-аналарының бiрi қайтыс болғанда және осы ата-ананың тарапынан жақын туыстар, баланың мүддесiн негiзге ала отырып, қайтыс болған адамның туыстарының асырап алынған бала жөнiндегi құқықтары мен мiндеттерiн сақтау жөнiнде арыз беру жағдайы бұған жатпайды. 
      Сот баланы тек бiр адам асырап алған жағдайда және егер бала асырап алушы еркек болса, шешесiнiң тiлегi бойынша, егер бала асырап алушы әйел болса, әкесiнiң тiлегi бойынша ата-аналардың бiреуiнiң жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтар мен мiндеттерiн сақтауы мүмкiн (Заңның 89-бабының 3-тармағы). 
      Асырап алынған баланың ата-анасының бiреуiмен немесе қайтыс болған ата-анасының туыстарымен қарым-қатынастарының сақталуы жөнiнде баланы асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi. 

      15. Бала асырап алу туралы шешiмнiң қарарлық бөлiмiнде арыз берушiнiң бала асырап алу туралы талабының қанағаттандырылғаны туралы, сондай-ақ тууы туралы актi жазбасына тиiстi өзгерiстердi енгiзудiң қажеттiгi туралы, оның iшiнде тууды жазу туралы кiтапқа асырап алушыны (асырап алушыларды) ата-ана ретiнде жазу туралы, егер арызда осындай өтiнiш болса және 10 жасқа толған баланың келiсiмi берiлсе, баланың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған күнi мен орнын, сондай-ақ, егер сот бұл мәселелердi арыз берушiнiң не мүдделi адамдардың өтiнiшi бойынша оңынан шешкен болса, асырап алынған баланың ата-анасының бiрiнiң немесе оның қайтыс болған ата-анасының туыстарының жеке мүлiктiк емес және мүлiктiк құқықтарының сақталуы туралы көрсету қажет. 
      Бұл ретте асырап алу кезiнде баланың ұлтын өзгерту соттың құзырына кiрмейтiнiне және Заңның 57-бабына сәйкес белгiленетiнiне соттардың назарын аудару қажет. 

      16. Соттар Заңмен, бала асырап алуды бұзу және, сондай-ақ бала асырап алуды жарамсыз деп тану үшiн негiздер көзделгенiн есте ұстаулары қажет. 
      Бала асырап алудың күшiн жоюды талап етуге, Заңның 97-бабына сәйкес, оның ата-аналарының, бала асырап алушылардың, 14 жасқа толған асырап алынған баланың, қорғаншы немесе қамқоршы органның, сондай-ақ баланың мүдделерiне сай прокурордың құқығы бар. 
      Бала асырап алудың күшiн жою туралы талап Заңның 95-бабының 1-тармағында көзделген негiздер болған кезде қойылуы мүмкiн. Бұл ретте соттың назарын талап тек ата-аналық құқықтардан айыру туралы емес, нақ бала асырап алуды жою туралы болуға тиiс, өйткенi баланы асырап алушыларда ата-аналық құқықтар мен мiндеттер балалардың олардан тарауының нәтижесiнде емес, баланы асырап алудың нәтижесiнде пайда болады. 
      Заңның 95-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда, баланың асырап алудың күшiн жоюға келісiмiн анықтау талап етiлмейдi. 
      Сот, Заңның 95-бабының 2-тармағының талаптарына орай, баланың мүддесiн негiзге алып және оның пікiрiн ескере отырып, бала асырап алушының тәртiбiне қояр кiнә болмаған жағдайда да бала асырап алудың күшiн жоюға құқылы. Мұндай мән-жайларға, атап айтқанда, асырап алушы мен асырап алынушының өздерiнiң жеке бастарының қасиеттерiне байланысты өзара қарым-қатынастарының қалыптаспауын; асырап алғаннан кейiн, баланың денсаулығының тәрбиелеу кезiнде елеулi қиындықтар туғызатын, бала асырап алушы бала асырау кезiнде олар жөнiнде ескертiлмеген ақыл-ой кемiстiгiн немесе тұқым қуалаған ауытқушылықтарды; балалардың ұмыта алмастай қатты бауыр басқан ата-аналарының әрекетке қабiлетiнiң қалпына келтiрiлуiн, мұның өзiнiң оның жай-күйiне керi әсер етуiн және т.б. жатқызуға болады. 
      Бала асырап алудың күшiн жою туралы арызды сот талап қою тәртiбiмен мiндеттi түрде қорғаншы және қамқоршы органның, сондай-ақ прокурордың қатысуымен қарайды (Заңның 96-бабының 2-тармағы). 

      17. Заңның 92-бабына сәйкес сот бала асырап алуды: 
      - асырап алу туралы шешiм жалған құжаттар негiзiнде қабылданған; 
      - заң бойынша мiндеттi болса да бала асырап алу ата-аналардың келiсiмiнсiз жасалған (Заңның 82-бабы); 
      - некеде тұрған адам жұбайының келiсiмiнсiз бала асырап алған; 
      - Заңның 80-бабының 2-тармағында көзделген ереже бұзылған жағдайларда жарамсыз деп танылады. 
      Бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы талапты асыралып алынушының ата-аналары, асырап алушының жұбайы, бала асырап алуға байланысты құқықтары бұзылған адамдар, прокурор, қорғаншы және қамқоршы орган қоюға құқылы. 

      18. Соттар баланы асырап алу туралы соттың шешiмiнiң көшiрмесiн шешiм заңды күшiне енген күннен бастап 3 күннің iшiнде бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу үшiн азаматтық хал актiлерiн жазатын орган мен шешiм шығарылған жердегi қорғаншы және қамқоршы органға жiберудiң қажеттiгiн, ал бала асырап алудың күшiн жою және бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн, осы мерзiмнiң iшiнде, бала асырап алуды мемлекеттiк тiркеу орны бойынша азаматтық хал актiлерiн жазатын органға жiберудiң қажеттiгiн ескерiп отырулары қажет (Заңның 77-бабының 2-тармағы және 96-бабының 3-тармағы). 

      19. Баланың мүддесін тікелей қозғайтын ерекше жағдаяттар кезiнде сот, ҚР АIЖК-нiң 238-бабына сәйкес, арызданушының өтiнiшi бойынша, оның сот шешiмiн жедел орындау қажеттiгi туралы тұжырымға келуiнiң дәлелдерiн (мысалы, асыралып алушыны емдеу үшiн жедел ауруханаға жатқызып шұғыл емдеудiң қажеттiгi және кешiктiрудiң баланың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiруi) келтiре отырып, шешiмдi жедел орындауға жiбередi.
       Ескерту. 19-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2006.12.25.  N 10  Нормативтік қаулысымен.  

      20. Егер сот баланы асырап алу туралы немесе баланы асырап алудың күшiн жою кезiнде тараптардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың iс-әрекеттерiнен қылмыс белгiлерiн тапса, онда ол, АIЖК-нiң 253-бабының 3-бөлiгiнiң талаптарын негізге ала отырып, бұл туралы прокурорға хабарлауға тиіс.

      21. Осы қаулы жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы 

      Пленум хатшысы,
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы