Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша «нышандар», «нышандарды» деген сөздер тиісінше «рәміздер», «рәміздерді» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі қызметті жандандыру, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңына сәйкес оларды қолдану тәжірибесін реттеу мақсатында:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.
1. Мемлекеттiк рәміздер жөнiндегi республикалық комиссия құрылсын (қосымшаға сәйкес құрамда).
2. Мемлекеттiк рәміздер жөнiндегi республикалық комиссия туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы лауазымы бойынша Мемлекеттiк рәміздер жөнiндегi республикалық комиссияның төрағасы болып табылады деп белгiленсiн.
4. Республикалық комиссия төрағасы осы өкiмнен туындайтын барлық қажеттi шараларды қолданатын болсын.
Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2003.08.28. N 404 өкімімен.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1997 жылғы 2 шiлдедегi
N 3578 өкiмiмен
бекiтiлген
Ескерту. Тақырыбында және бүкіл мәтін бойынша «нышандар», «нышандары», «нышандарды», «нышандарға», «нышандарының», «нышандарын» деген сөздер тиісінше «рәміздер», «рәміздері», «рәміздерді», «рәміздерге», «рәміздерінің», «рәміздерін» деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.
Мемлекеттiк рәміздер жөнiндегi республикалық
комиссия туралы
ЕРЕЖЕ
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2003.08.28. N 404 өкімімен.
Осы ереже «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарына сәйкес Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.
1. Жалпы ережелер
1. Комиссия Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады, ол мемлекеттiк рәміздерді зерделеу, насихаттау мен қолдану, мемлекеттiк стильдi қалыптастыру саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлейдi.
2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын , Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн , Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады .
3. Комиссия төрағасы лауазымы жағынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк хатшысы болып табылады.
2. Комиссияның негiзгi мiндеттерi
4. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:
1) Қазақстан Республикасы азаматтарының бойында мемлекеттiк рәміздерге деген құрмет сезiмiн қалыптастыру;
2) Мемлекет басшысына мемлекеттiк рәміздерді насихаттау мен қолдану, мемлекеттiк стильдi қалыптастыру саласында мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiнде ұсынымдар мен ұсыныстарды дайындау;
3) мемлекеттiң өзiндiк сәйкестендiру процестерiн зерделеу, мемлекеттiк сәйкестендiру рәміздері мен геральдикалық таңбаларды насихаттау мен енгiзу жөнiндегi ұсынымдарды тұжырымдау, сондай-ақ оларды қолданудың құқықтық базасын жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзу болып табылады.
3. Комиссияның функциялары
5. Осы Ережеде айқындалған негiзгi мiндеттердi атқару үшiн Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Мемлекет басшысына мемлекеттiк рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы құқықтық базаны жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзедi;
2) мемлекеттiң өзiндiк сәйкестендiру рәміздерінің және Қазақстан Республикасы қатысатын халықаралық ұйымдардың рәміздерінің жобаларын қарап, олар бойынша консультативтiк қорытындылар бередi;
3) орталық атқарушы органдарға мемлекеттiк стильдi қалыптастыру мәселелерi бойынша зерттеулер жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзедi;
4) мемлекеттiк рәміздерді ресми iс-шаралар өткiзу кезiнде, қоғам қызметiнiң түрлi салаларында және әскери әрi өзге де атрибутикада қолданудың рәсiмдiк ережелерiн әзiрлеуге қатысады;
5) мемлекеттiк рәміздерді насихаттау мен қолдану жөнiндегi жұмыс барысында туындаған мәселелердi шешуде орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға консультативтiк көмек көрсетедi;
6) геральдикалық таңбалардың жобаларын талқылауға қатысады әрi олар бойынша қорытындылар бередi;
7) белгiленген тәртiппен мемлекеттiк билiк органдарымен, бейүкiметтiк ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасайды;
8) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша азаматтардың арыз-өтiнiштерiн, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламаларын қарайды;
9) халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта болады, мемлекеттiк рәміздерді насихаттау мен қолдану мәселелерi жөнiндегi конференцияларға, жиналыстарға, семинарларға қатысады.
4. Комиссияның өкiлеттіктерi
6. Комиссия негiзгi мiндеттерiн iске асыру мақсатында:
1) Комиссия құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдардан және лауазымды тұлғалардан қажеттi ақпаратты, құжаттарды, өзге де материалдар мен мәлiметтердi сұратып алуға;
2) өз отырыстарында орталық және жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының Мемлекет басшысының мемлекеттiк рәміздер мәселелерi жөнiндегi актiлерiн iске асыру мақсатында олардың жүргiзетiн жұмысы туралы есептерiн тыңдауға;
3) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздерін насихаттау мен қолдану жөнiндегi қызметiн уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың тексеруiне бастамашылық жасауға;
4) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың мемлекеттiк рәміздерді насихаттау мен қолдану мәселелерi жөнiндегi жұмысын зерделеуге, талдауға, қорытындысын жинақтауға; Осы мақсатта орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, шығармашылық, ғылыми ұйымдардың және оқу орындарының мамандарын тартуға;
5) тиiстi мемлекеттiк органдардың басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасын мемлекеттiк рәміздерді қолдану бөлiгiнде бұзу фактiлерi бойынша тексерулер мен қызметтiк тексерiстер жүргізуді ұсынуға;
6) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi жанындағы мемлекеттiк рәміздер жөнiндегi комиссиялардың қызметiн үйлестiруге және бақылау жасауға, олардың қызметi туралы есептердi тыңдауға;
7) ғылыми мекемелердiң, бiлiм беру ұйымдарының және бейүкiметтiк ұйымдардың қоғамдық негiзде жұмыс iстейтiн өкiлдерiнен:
сарапшылық-талдау зерттеулерiн жүргiзу үшiн сарапшылар кеңесiн;
Комиссия құзыретiне кiретiн жекелеген мәселелердi қарау үшiн жұмыс топтарын құруға;
8) Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң, сондай-ақ өзге де мемлекеттердiң ұқсас құрылымдарымен мемлекеттiк рәміздерді қолдану мен насихаттау практикасына байланысты мәселелердi талқылау үшiн ынтымақтастықта болуға хақылы.
5. Комиссия қызметiн ұйымдастыру
7. Комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының ұсынуы бойынша бекiтедi .
8. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, хатшыдан және Комиссияның жұмысына қоғамдық негiзде қатысатын мүшелерiнен құралады.
9. Комиссия төрағасы:
1) Комиссияға жалпы басшылықты жүзеге асырады, оның отырыстарында төрағалық етедi;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында Комиссия жұмысы туралы тұрақты есеп бередi әрi оған мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк рәміздерді қолдану мен насихаттау саласындағы қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
3) Комиссияның сарапшылар кеңесi мен жұмыс топтарының құрамын бекiтедi ;
4) Комиссия мүшелерiнiң арасында тапсырмаларды бөледi;
5) Комиссия жұмысының жоспарларын бекiтедi, Комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындап, хаттамаларына қол қояды;
6) Комиссия мүшелерiнiң Комиссия қызметiн жетiлдiру және оның құзыретiне кiретiн басқа да мәселелер бойынша ұсыныстарын қарайды;
7) Қазақстан Республикасы Президентiнiң нормативтiк-құқықтық актiлерiнде, тапсырмаларында және осы Ережеде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
10. Комиссия хатшысы:
1) Комиссия жұмысының ағымдағы және перспективадағы жоспарларының жобаларын, оның отырыстарына материалдарды дайындауды жүзеге асырады, төрағаның қарауына отырыстардың күн тәртiбiнiң жобасын енгiзедi;
2) iс жүргiзуге жауап бередi және Комиссия жұмысының жоспарларын iске асыруға бақылауды қамтамасыз етедi;
3) жұмыс топтарының және сарапшылар кеңесiнiң жұмысын үйлестiредi;
4) қорытындыларды талап ететiн материалдарды Комиссияның сарапшылар кеңесiне немесе бұл мәселе мемлекеттiк органның құзыретiне кiретiн болса, сол мемлекеттiк органға жолдайды;
5) осы Ережеде көзделген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
11. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлiгi болып табылады.
Жұмыс органы:
1) Комиссияның қызметiн ақпараттық-талдауды және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етедi;
2) ақпаратты жинап-өңдеудi, мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау практикасын талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдайды;
3) Комиссия құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, лауазымды тұлғалармен және ұйымдармен қызметтiк хат жазысады;
4) Комиссия қызметiн қамтамасыз етуге қажеттi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2005.05.30. N 549 , 2007.03.26. N 115 өкімдерімен.
12. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажеттiгiне қарай, бiрақ жылына кемiнде екi рет шақырады.
13. Комиссия отырыстары оның мүшелерiнiң жартысынан астамы қатысқанда, құқықтық күшi бар деп саналады.
14. Комиссия шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады. Қажеттi кезiнде олар Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының өкiмiмен ресiмделедi.
15. Комиссия шешiмдерi оның отырысына қатысқандар санының кемiнде үштен екiсiнiң даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең түскенде, төраға жақтап дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.
16. Комиссия мүшелерiнiң жазбаша түрде баяндалуға әрi хаттамаға қоса берiлуге тиiс ерекше пiкiрiн бiлдiруге құқығы бар.
17. Комиссия өкiлеттiктерiнiң шегiнде қабылданатын оның шешiмдерi тиiстi мемлекеттiк органдарға жолданады.
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1997 жылғы 2 шiлдедегi
N 3578 өкiмiмен
бекiтiлген
Ескерту. Қосымшаның күші жойылды - ҚР Президентінің 1999.07.15. N 58 өкімімен.