«Құқықтық актілер туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына және «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:
1) осы бұйрықты «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін «Республикалық құқықтық ақпараттандыру орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр Б. Атамқұлов
Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2016 жылғы 17 қарашадағы
№ 5/НҚ бұйрығымен
бекітілген
«Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті» республикалық
мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) реттеушілік, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында ашылатын есеп шоттары болады.
4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
5. Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілсе, ол мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастар тарабы болуына құқығы бар.
6. Комитет өз құзыреті шеңберінде белгіленген заңнамалық тәртіпте Төрағаның бұйрығымен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрінің келісуі бойынша Министрліктің жауапты хатшысымен бекітіледі.
8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көшесі, 8, «Министрліктер үйі» ғимараты, 2 кіреберіс.
9. Мекеменің толық атауы – «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті» республикалық мемлекеттiк мекемесi.
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Комитетке өзінің функциясы болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субъектілерімен шарттық қатынастарға түсуге жол берілмейді.
Егер Комитетке заңнамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен түскен кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Негізгі міндеттер, функциялар, құқықтар мен міндеттемелер
13. Міндеттері:
1) электрондық өнеркәсіп және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету (киберқауіпсіздік) саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үйлестіруді жүзеге асыру;
3) қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік теңгерімді сақтау;
4) өз құзыретi шегiнде Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру.
14. Функциялары:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
3) ведомствоның құзыреті шегінде реттеу, іске асыру функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;
4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
5) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;
6) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
7) өз құзыретi шегiнде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
8) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау;
9) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерді әзірлеу;
10) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
12) ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;
13) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлейді, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру;
14) сервистік бағдарламалық өнімге, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасына, мемлекеттік органның интернет-ресурсына және ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын әзірлеу;
15) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттық зерттеп-қарауды жүргізу әдістемесін әзірлеу;
16) «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, қорғалуын және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің мониторингін жүргізу қағидаларын әзірлеу;
17) Министрлікке ұсыныстар, оның ішінде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiн құқықтық реттеу жөнiнде тиiстi шешiмдердiң жобаларын енгiзу;
18) Министрлікке ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалмағаны үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізу;
19) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторингті жүзеге асыру;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізе отырып, «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінің, Интернеттің қазақстандық сегментінің, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін, қорғалуы мен қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мониторингі, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
21) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, талдау және болдырмау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;
22) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау жүргізу қағидаларын әзірлеу;
23) ақпараттық жүйені, «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық платформасын және мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сәйкестігіне аттестаттау жүргізу;
24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу;
25) өндірістік пайдалануға мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелерін ендіруде қатысу;
26) мемлекеттік құпияны қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шаралар туралы халықты хабардар ету, насихаттау және қарсы насихаттау қызметін жүргізу;
27) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлеу;
28) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
Комитет:
1) өз құзыреті шеңберінде құқықтық актілерді шығару;
2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан белгіленген заңнамалық тәртіпте қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізуге;
4) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, байқаулар және өзге де іс-шаралар өткізуге;
5) жетекшілік ететін қызмет бағыттары бойынша консультативтік-кеңесші органдар (жұмыс топтарын, комиссиялар, кеңестер) құру жөнінде ұсыныс енгізу;
6) өз құзыретіне қатысты мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартуға;
7) Комитетке жүктелген міндеттер мен функцияларды іске асыруды қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтау, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін мен құқықтарын сақтау;
9) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындау;
10) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдарына бұл туралы ресми сауал жолдаған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды ұсыну;
11) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;
12) бухгалтерлік есеп жүргізеді;
13) Министрлікке бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және ұсынады;
14) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттарды толық, уақытылы және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;
15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу жатады.
16) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
16. Комитетті Қазақстан Республикасының белгіленген заңнамалық тәртібінде лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Төраға басқарады.
17. Комитет төрағасының белгіленген заңнамалық тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
18. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысына жалпы басшылық етуді жүзеге асырады.
19. Комитеттің Төрағасы мынадай мақсаттарды өкілеттіктері:
1) Министрдің, Министрліктің Жауапты хатшының және жетекшілік ететін вице-министрдің тапсырмаларын міндетте түрде орындайды;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін және міндеттерін айқындайды;
3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады, Комитеттің қызметкерлері орындауға міндетті нұсқаулар береді;
4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымдық тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерінің іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемақылар төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес Комитеттің мүддесін қорғайды;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін бекітеді;
8) сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе әрекеттері белгілі болған кезде, ол туралы, Министрліктің басшылығын хабардар етеді;
9) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика нормаларын Комитеттің қызметкерлерінен сақтауды қамтамасыз етеді;
10) Комитетке сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін жеке жауаптылықта болады;
11) өз құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Комитет төрағасының өкілеттігін орындау ол болмаған кезде, қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны ауыстыратын тұлға жүзеге асырады.
3. Комитеттің мүлкі
21. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлкі бар.
Комитет мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктерден қалыптасады.
22. Комитетке бекітіліп берілген мүлік республикалық меншікке жатады.
23. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті, Қазақстан Республикасы заңдарында өзгеше белгіленбесе, өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де жолмен билік етуге жол берілмейді.
4. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.