"Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2016 жылғы 17 қарашадағы № 5/НҚ бұйрығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2019 жылғы 10 сәуірдегі № 33/НҚ бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 10.04.2019 № 33/НҚ бұйрығымен

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:

      1) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;

      2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпараттандыру орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

Министр

Б. Атамқұлов


  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2016 жылғы 17 қарашадағы
№ 5/НҚ бұйрығымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық
мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 07.09.2018 № 152/НҚ бұйрығымен.

      1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі - Комитет) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) реттеушілік, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3 Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      5. Комитет егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитет құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, "Министрліктер үйі" 8-ғимарат, 2-кіреберіс.

      9. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Комитеттің негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттемелері

      13. Міндеттері:

      1) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      2) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіру;

      3) өз құзыретi шегiнде Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру.

      14. Функциялары:

      1) өз құзыреті шегінде реттеуіш, бақылау, іске асыру функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;

      2) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;

      3) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және Министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;

      4) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысу;

      5) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;

      6) Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;

      7) ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      8) өз құзыретi шегiнде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      9) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;

      10) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын, сондай-ақ жартыжылдық тексеру жүргізу кестелерін әзірлеу;

      11) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде нұсқамалар жіберу;

      12) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлеуге қатысу, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруге қатысу;

      13) ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

      14) Министрлікке ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалмағаны үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізу;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;

      16) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу;

      17) сервистік бағдарламалық өнімге, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасына, мемлекеттік органның интернет-ресурсына және ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын әзірлеу;

      18) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттық зерттеп-қарауды жүргізу әдістемесін әзірлеу;

      19) ұлттық қауіпсіздік органдарымен келісім бойынша "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      20) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, талдау және болдырмау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;

      21) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      22) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын және мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сәйкестігіне аттестаттау жүргізу;

      23) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу;

      24) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өндірістік пайдалануға беруге қатысу;

      25) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлеу;

      26) Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қоюдың дағдарысқа қарсы ұлттық жоспарын әзірлеу;

      27) домендік аттардың әкімшісін және тіркеуішін айқындау бойынша ұсыныс дайындау және Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк аттарды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын әзірлеу;

      28) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуына мониторинг жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      29) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуын мониторингілеуді жүзеге асыру;

      30) электрондық ақпараттық ресурстарды сақтаудың бірыңғай ұлттық резервтік платформасын құру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету қағидаларын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің электрондық ақпараттық ресурстарын резервтік көшірудің мерзімділігін әзірлеу;

      31) қорғау бейіндерін және қорғау бейіндерін әзірлеу әдістемесін әзірлеу;

      32) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жедел орталықтары мен Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығы арасындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті ақпарат алмасу қағидаларын әзірлеу;

      33) электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын, сондай-ақ электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның өнімін электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізіліміне енгізу өлшемшарттарын әзірлеу;

      34) электрондық өнеркәсіптің және бағдарламалық қамтылымның сенім білдірілген өнімінің тізілімін жүргізу;

      35) электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмелерін электрондық ақпараттық ресурстарды резервтiк сақтаудың бірыңғай платформасына берудің тәртібі мен мерзімдерін әзірлеу;

      36) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:

      Комитеттің құқықтарына мыналар жатады:

      1) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер шығару;

      2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, басқа лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен материалдар сұрату және алу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;

      4) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;

      5) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа құқықтарды жүзеге асыру.

      Комитеттің міндеттеріне мыналар жатады:

      1) Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

      3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындау;

      4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне және мемлекеттік органдарға бұл туралы ресми сауал жолдаған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамалар ұсыну;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын қарау;

      6) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;

      7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізу;

      8) белгіленген мерзімдерде бухгалтерлік және қаржылық есептілік жасау және Министрлікке ұсыну;

      9) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттың толық, уақытылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу;

      11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;

      12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен келісу бойынша олармен бірлескен актілер негізінде басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;

      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      16. Комитет басшылығын Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Төраға жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіліктері:

      1) Министрдің, Министрліктің Жауапты хатшысының және жетекшілік ететін вице-министрдің тапсырмаларын міндетті түрде орындайды;

      2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін және міндеттерін айқындайды;

      3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;

      4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      5) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу оларға, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ олардың тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;

      6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комитет атынан өкілдік етеді;

      7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      8) мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға, орындалған жұмыстардың актілеріне, сондай-ақ жетекшілік ететін салалар шеңберіндегі шарттарға қол қояды;

      9) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына ықпал ететін іс-әрекеттері белгілі болған жағдайларда, бұл туралы Министрліктің басшылығын хабардар етеді;

      10) Комитет қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;

      11) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады;

      12) өз құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Төраға өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке иелік етуге құқығы бар.

      Комитет мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктерден қалыптасады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.

      23. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті егер заңнамада өзгесі белгіленбесе, дербес иеліктен айыруға немесе оған басқадай жолмен иелік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.