"Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 15 қарашадағы № 704 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:
1) осы бұйрықты "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
2) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін "Республикалық құқықтық ақпараттандыру орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Министр | Б. Атамқұлов |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2016 жылғы 17 қарашадағы № 5/НҚ бұйрығымен бекітілген |
"Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық
мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 04.07.2017 № 125/нқ бұйрығымен.
1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) реттеушілік, іске асырушылық және бақылау функцияларын жүзеге асыратын, сондай-ақ Министрліктің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазынашылық органдарында ашылатын есеп шоттары болады.
4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
5. Егер Комитетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген болса, ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы ретінде әрекет ете алады.
6. Комитет өз құзыреті шегінде белгіленген заңнамалық тәртіпте Төрағаның бұйрығымен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
7. Комитеттің құрылымы мен штат саны Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш министрінің келісуі бойынша Министрліктің Жауапты хатшысы бекітеді.
8. Комитеттің орналасқан жері: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8 ғимарат, "Министрліктер үйі", 2 кіреберіс.
9. Комитеттің толық атауы:
мемлекеттік тілде – "Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті" республикалық мемлекеттiк мекемесi;
орыс тілінде – республиканское государственное учреждение "Комитет по информационной безопасности Министерства оборонной и аэрокосмической промышленности Республики Казахстан".
10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
11. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
12. Комитет кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түспейді.
Комитетке Қазақстан Республикасының заннамалық актілерімен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген жағдайда, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Негізгі міндеттер, функциялар, құқықтар мен міндеттемелер
13. Міндеттері:
1) электрондық өнеркәсіп және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету (киберқауіпсіздік) саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу;
2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы үйлестіру;
3) қызметкерлерді жұмысқа қабылдау және жоғарылату кезінде гендерлік теңгерімді сақтау;
4) өз құзыретi шегiнде Комитетке жүктелген өзге де мiндеттердi жүзеге асыру.
14. Функциялары:
1) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) өз құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
3) ведомствоның құзыреті шегінде реттеу, іске асыру функцияларын жүзеге асыру және Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысу;
4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, ведомствоның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және министрдің бұйрықтарында оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және бекіту;
5) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодексінде белгіленген тәртіппен хаттамалар толтыру, әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарау және әкімшілік жаза қолдану;
6) Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
7) өз құзыретi шегiнде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарды әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;
8) Қазақстан Республикасының атынан жасалатын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша міндеттемелерді орындау;
9) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттерін әзірлеу;
10) соттарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап-арыздар беру;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру;
12) ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
13) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әкімшілік және өзге де шараларды әзірлеу, олардың іске асырылуы мен сақталуын бақылауды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру;
14) сервистік бағдарламалық өнімге, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасына, мемлекеттік органның интернет-ресурсына және ақпараттық жүйеге олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын әзірлеу;
15) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын олардың ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне аттестаттық зерттеп-қарауды жүргізу әдістемесін әзірлеу;
16) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін, қорғалуын және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етудің мониторингін жүргізу қағидаларын әзірлеу;
17) Министрлікке ұсыныстар, оның ішінде ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерiн құқықтық реттеу жөнiнде тиiстi шешiмдердiң жобаларын енгiзу;
18) Министрлікке ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер талаптарының орындалмағаны үшін мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының жауапкершілігі туралы ұсыныстар енгізу;
19) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың орындалуын мониторингілеуді жүзеге асыру;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-шараларды жүргізе отырып, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің, Интернеттің қазақстандық сегментінің, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігін, қорғалуы мен қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мониторингі, ақпараттық қауіпсіздік инциденттеріне әрекет ету мәселелері бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асыру;
21) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен телекоммуникация желілерінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ақпараттық қауіпсіздік қатерлерін анықтау, талдау және болдырмау бөлігінде ақпаратты қорғау құралдарын әзірлеу жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асыру;
22) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын, мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке аттестаттау жүргізу қағидаларын әзірлеу;
23) ақпараттық жүйені, "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын және мемлекеттік органның интернет-ресурсын ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сәйкестігіне аттестаттау жүргізу;
24) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің тізбесін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарын әзірлеу;
25) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өндірістік пайдалануға беруге қатысу;
26) мемлекеттік құпияны қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі және оны қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шаралар туралы халықты хабардар ету, насихаттау және қарсы насихаттау қызметін жүргізу;
27) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды әзірлеу;
28) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру.
15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
Комитеттің құқықтарына мыналар жатады:
1) өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілер шығару;
2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, басқа лауазымды тұлғалардан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
4) өз қызметінің барлық мәселелері бойынша ұсыныстар енгізу;
5) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстар, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және өзге де іс-шаралар өткізу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа құқықтарды жүзеге асыру.
Комитеттің міндеттеріне мыналар жатады:
1) Комитетке жүктелген мiндеттер мен функциялардың іске асырылуын қамтамасыз ету;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;
3) Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер дайындау;
4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелеріне және мемлекеттік органдарға бұл туралы ресми сауал жолдаған жағдайда өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамалар ұсыну;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, арыздары мен шағымдарын қарау;
6) Комитеттің теңгеріміндегі мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету;
7) қолданыстағы заңнамаға сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізу;
8) белгіленген мерзімдерде бухгалтерлік және қаржылық есептілік жасау және Министрлікке ұсыну;
9) Комитетке бөлінген бюджеттік қаражаттардың толық, уақытылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу;
11) Қазақстан Республикасының мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, сондай-ақ мемлекеттік органдармен келісу бойынша олармен бірлескен актілер негізінде басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа функцияларды жүзеге асыру.
3. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
16. Комитетті басқаруды Комитет Төрағасы жүзеге асырады, ол Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
17. Комитет Төрағасының орынбасарлары бар, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
18. Комитет Төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.
19. Комитет төрағасы Комитет қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
20. Осы мақсаттарда Комитет төрағасы:
1) Министрдің, Министрліктің Жауапты хатшының және жетекшілік ететін вице-министрдің тапсырмаларын міндетте түрде орындайды;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін және міндеттерін айқындайды;
3) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарады;
4) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
5) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа, Комитет қызметкерлерінің іссапар, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, ынталандыру, үстемаақылар төлеу және сыйлықақы беру, сондай-ақ тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін шешеді;
6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комитет атынан өкілдік етеді;
7) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерін, Комитеттің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;
8) мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілгенқызметтерді, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға, орындалған жұмыстардың актілеріне, сондай-ақ жетекшілік ететін салалар шеңберіндегі шарттарға қол қояды.
9) сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің туындауына әкеп соғатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе әрекеттері белгілі болған кезде, ол туралы, Министрліктің басшылығын хабардар етеді;
10) Комитеттің қызметкерлерінің мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз етеді;
11) Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады;
12) өз құзыретіне жататын өзге де мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды.
Комитет Төрағасы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
21. Комитет төрағасының орынбасарлары:
1) өз өкілеттіктері шегінде Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің қызметін үйлестіреді;
2) Төраға болмаған кезеңде Комитетті жалпы басқаруды жүзеге асырады және Комитетке жүктелген міндеттерді орындауға және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады;
3) Комитет төрағасы оларға жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
22. Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Комитет атынан Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелеріне жіберілетін құжаттарға Комитет төрағасы және оның орынбасарлары, олар болмаған жағдайда, оларды алмастыратын адам қол қояды.
4. Комитеттің мүлкі
23. Комитеттің жедел басқару құқығындағы оқшауланған мүлікке иелік етуге құқығы бар.
24. Комитет мүлкі оған мемлекет берген мүліктің есебінен, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктерден қалыптасады.
25. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
26. Комитетінің өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті егер заңнамада өзгесі белгіленбесе, дербес иеліктен айыруға немесе оған басқа амалмен иелік етуге құқығы жоқ.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
27. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.