Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 414-I Заңы.

     
      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді – ҚР 19.12.2007 № 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Осы заң 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген стажы бар азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған.

      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді – ҚР 19.12.2007 № 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      1-1) жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлiмшесi;

      2) мемлекеттік арнайы жәрдемақы (бұдан әрі – жәрдемақы) – 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда немесе еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген жұмыс өтілі бар адамдарға төленетін ақшалай төлем;

      3) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) алып тасталды – ҚР 23.12.2023 № 50-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.12.2023 № 50-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Жәрдемақы төлеуге арналған қаражат

      Осы Заңға сәйкес жәрдемақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2004 № 13 (01.01.2005 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

2-тарау. Жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібі

3-бап. Азаматтардың жәрдемақыға құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда көзделген тәртіппен жәрдемақы алуға құқығы бар.

      2. Жәрдемақы ай сайын төленеді.

      3. Жәрдемақы алатын жалақысына қарамастан төленеді.

4-бап. Жәрдемақыларға құқығы бар азаматтар

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс стажы бар азаматтардың:

      еркектер - 53 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыстарда істегенде;

      әйелдер - 48 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болып, оның кемінде 7 жыл 6 айын аталған жұмыстарда істегенде, жәрдемақы тағайындалуға құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 2 тізімі бойынша еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс стажы бар азаматтардың:

      еркектер - 58 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 25 жыл болып, оның кемінде 12 жыл 6 айын аталған жұмыстарда істегенде;

      әйелдер - 53 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыстарда істегенде, жәрдемақы тағайындалуға құқығы бар.

      2-1. Жұмыс өтілін есептеу Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 2 тізімі бойынша еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда осы Заңға сәйкес талап етілетін жұмыс стажы жеткіліксіз болған жағдайда Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарындағы, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстардағы жұмыс стажы есепке алынады.

      4. Жәрдемақыға құқық зейнеткерлікке 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жеңілдікті жағдайларда шыққан азаматтарға қолданылмайды.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 19.12.2007 № 9 (01.01.2008 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Жәрдемақы тағайындау тәртібі мен мерзімі

      1. Жәрдемақы тағайындау үшін өтініш жасау жәрдемақыға құқығы туындағаннан кейін, қандай да бір мерзіммен шектелмей кез келген уақытта жүзеге асырылады.

      Бұл ретте жәрдемақы тағайындауға өтініш жасалған уақытқа жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан, жәрдемақы тағайындалады.

      2. Тізбесін орталық атқарушы орган айқындайтын құжаттарды қоса бере отырып, жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті жәрдемақы алуға құқығы бар адам Мемлекеттік корпорацияға береді.

      3. Жәрдемақылар тағайындау мерзімі өтініш барлық қажетті құжаттарымен қоса Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күннен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.

      4. Өтініштің барлық қажетті құжаттарымен қоса Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күні жәрдемақылар тағайындау үшін өтініш жасалған күн болып есептеледі.

      Жәрдемақы тағайындаудан бас тартылған жағдайда, жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті орган бас тарту себептерін жазбаша түрде уәждеуге және өтініш берушіге құжаттарын қайтаруға міндетті.

      5. Жәрдемақы жүгінген күннен бастап тағайындалады. Жәрдемақы төлеуді тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және оны төлеу туралы шешімді қайта қарау тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Өтінішті қабылдаудан және жәрдемақы тағайындаудан бас тарту:

      1. Жәрдемақы тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тарту үшін:

      1) жәрдемақы тағайындау, төлеу, тағайындауға өтініш беру фактісін растайтын мәліметтерді орталық атқарушы органның ақпараттық жүйесінен алу;

      2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуы;

      3) жеке басын куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның ауысуынан басқа) жәрдемақы тағайындау үшін қажетті құжаттармен сәйкес келмеуі;

      4) жәрдемақы тағайындау үшін талап етілетін, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге өтініш берушінің келісімінің болмауы негіздер болып табылады.

      2. Жәрдемақы тағайындаудан бас тартуға:

      1) өтініш беруші жәрдемақы тағайындау үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы;

      2) өтініш берушінің және (немесе) жәрдемақы тағайындау үшін қажетті ұсынылған материалдардың, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіздер болып табылады.

      Ескерту. Заң 5-1-баппен толықтырылды – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-2-бап. Жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату

      1. Жәрдемақы төлеу:

      1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай шығыс операцияларының болмауы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;

      2) жедел-іздестіру іс-шараларын, оның ішінде алушы болып табылатын хабар-ошарсыз кеткен адамды іздестіруді жүргізу туралы растайтын құжаттың болуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте жәрдемақы төлеу хабар-ошарсыз кеткен адамды хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі күшіне енген күннен бастап қайта басталады, бірақ тоқтатыла тұру күнінен ерте емес.

      2. Жәрдемақы төлеу жәрдемақы төлеуді тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.

      3. Жәрдемақы төлеу:

      1) алушының қайтыс болуы туралы;

      2) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу немесе шығу фактісінің анықталуы туралы;

      3) шығу елінің уәкілетті органынан жәрдемақы алушының ісіне сұрау салудың келіп түсуі туралы;

      4) алушының ішкі істер органдарында тіркеуден шығарылғанын растайтын құжатты ұсына отырып, жәрдемақы төлеуді тоқтату туралы өтінішінің келіп түскені туралы;

      5) алушының Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кету фактісін анықтау, оның ішінде ақпараттық жүйелерден анықтау туралы;

      6) өтініш берушінің негізсіз жәрдемақы тағайындауға алып келген анық емес мәліметтерді ұсыну фактісін анықтау туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады."

      Ескерту. Заң 5-2-баппен толықтырылды – ҚР 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Жәрдемақы мөлшері

      1. Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс өтілі бар азаматтарға жәрдемақы 9,42 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады.

      2. Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің № 2 тізімі бойынша еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс өтілі бар азаматтарға жәрдемақы 8,38 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады.

      3. Жәрдемақы алушыға зейнеткерлік жасқа толған кезде осы Заңға сәйкес жәрдемақы алу немесе Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау арасында таңдау жасау құқығы беріледі.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.03.2014 № 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Жәрдемақы төлеу

      Жәрдемақылар төлеу Мемлекеттік корпорация арқылы алушылардың банк шоттарына ағымдағы ай үшін жүргізіледі. Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда, жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді.

      Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне не жерлеуді жүзеге асырған адамға 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.

      Жәрдемақы төлеу орталық атқарушы орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.03.2014 № 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. Қорытынды ереже

8-бап. Осы заңды күшіне енгізу тәртібі

      Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті