Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда істеген адамдарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 1999 жылғы 13 шілде N 414-I

Жаңартылған

      Осы заң 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген стажы бар азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған. 

  1-тарау. Жалпы ережелер

       1-бап. Негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 
      1) мемлекеттік арнайы жәрдемақы (бұдан әрі - жәрдемақы) - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда осы Заңда белгіленген жұмыс стажы бар адамдарға ақшалай берілетін төлем; 
      1-1) уәкiлеттi ұйым (бұдан әрi - Орталық) - Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңның шарттарымен жәрдемақыларды төлеудi жүзеге асыруға уәкiлеттiк берген заңды тұлға;
      1-2) жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган - орталық атқарушы органның аумақтық бөлiмшелерi;
      2)  алып тасталды
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       2-бап. Жәрдемақы төлеуге арналған қаражат

      Осы Заңға сәйкес жәрдемақы төлеу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
       Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.   

  2-тарау. Жәрдемақы тағайындау және төлеу тәртібі

       3-бап. Азаматтардың жәрдемақыға құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда көзделген тәртіппен жәрдемақы алуға құқығы бар.
      2. Жәрдемақы ай сайын төленеді.
      3. Жәрдемақы алатын жалақысына қарамастан төленеді.

       4-бап. Жәрдемақы құқығы бар азаматтар

      Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдар мен көрсеткіштердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін N 1 Тізіміне орай 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда жұмыс стажы бар азаматтар: 
      еркектер - 53 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 20 жыл болып, оның кемінде 10 жылын аталған жұмыстарда істегенде; 
      әйелдер - 48 жасқа толғанда және жұмыс стажы кемінде 15 жыл болып, оның кемінде 7 жыл 6 айын аталған жұмыстарда істегенде, жәрдемақы тағайындалуға құқығы бар. 
      Жәрдемақыға құқық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтарға қолданылмайды. 

       5-бап. Жәрдемақы тағайындауға өтініш жасау

      1. Жәрдемақы тағайындауға өтініш жасау жәрдемақыға құқығы пайда болғаннан кейін кез келген уақытта қандай болса да мерзімі шектелмей жүзеге асырылады. 
      Бұл орайда жәрдемақы тағайындауға өтініш жасалған уақытқа дейін жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан жәрдемақы тағайындалады. 
      2. Жәрдемақы тағайындау туралы арызды оны алуға құқығы бар адам тұрғылықты жерi бойынша Орталыққа береді. 
      3. Жәрдемақы тағайындауға арналған құжаттарды қарауды жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайтын құжаттар табыс етiлген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде жүзеге асырады.
      4. Жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган тиiстi шешiм шығарылғаннан кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей арыз берушiге ол туралы жазбаша түрде хабарлайды.
      Жәрдемақы тағайындаудан бас тартқан жағдайда жәрдемақы тағайындау жөнiндегi уәкiлеттi орган бас тарту себептерiн жазбаша түрде негiздеуге және арыз берушiге құжаттарды қайтаруға мiндеттi.
      5. Жәрдемақы, барлық қажетті құжаттар қоса тіркеліп, арыз берілген күннен бастап Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен тағайындалады.
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

       6-бап. Жәрдемақы мөлшері

      1. Жәрдемақы тоғыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады. 
      2. Жәрдемақы алушыға зейнеткерлік жасқа жеткен кезде осы заңға сәйкес жәрдемақы алу немесе зейнетақы заңдарына сәйкес Орталықтан зейнетақы төлеуді тағайындау арасында таңдау жасауға құқық беріледі.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2005.12.15. N  101  Заңдарымен.

       7-бап. Жәрдемақы төлеу

      Жәрдемақы төлеудi Орталық ағымдағы ай үшiн жүргізеді. Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленедi.
      Мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне не жерлеуді жүзеге асырған адамға он бес еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы жәрдемақы төленеді.
      Жәрдемақы төлеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады. 
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2002.05.31. N  326 , 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.04. N  148  (қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз) Заңдарымен.

  3-тарау. Қорытынды ереже

       8-бап. Осы заңды күшіне енгізу тәртібі

      Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті