РҚАО-ның ескертпесі!
Келісім қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2005 жылғы 24 наурызда Астана қаласында жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы келісім бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің техникалық регламенттерін үйлестіру негіздері туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (бұдан әрі - ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
ЕурАзЭҚ-тағы интеграциялық үдерістерді дамыту мақсатында,
1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразия экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
өзара саудадағы негізсіз шектеулерді жоюға ұмтыла отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімде мынадай терминдер пайдаланылады:
"стандарт" - ерікті түрде бірнеше рет пайдалану мақсатында өнімнің сипаттамалары, өндіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, сату және кәдеге жарату, жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету үдерістерін жүзеге асыру ережелері және сипаттамалары белгіленетін, мүдделі Тараптардың көпшілігінің келісімі негізінде әзірленген құжат. Стандарт сондай-ақ терминологияға, рәмізге, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды түсіру ережелеріне қойылатын талаптарды қамтуы мүмкін;
"халықаралық стандарт" - стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың жігі қол жеткізе алатын стандарт;
"өңірлік стандарт" - стандарттау жөніндегі өңірлік ұйым қабылдаған және тұтынушылардың қалың жігі қол жеткізе алатын стандарт;
"ұлттық стандарт" - стандарттау жөніндегі ұлттық орган қабылдаған және тұтынушылардың қалың жігі қол жеткізе алатын стандарт;
"ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенті" - ЕурАзЭҚ шеңберінде халықаралық шартпен қабылданған және қолданылуы мен орындалуы міндетті техникалық реттеу объектілеріне (өнімдерге, оның ішінде ғимараттарға, құрылымдарға және құрылыстарға, өндіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, сату және кәдеге жарату үдерістеріне) қойылатын талаптарды белгілейтін құжат.
Техникалық регламентте сәйкестікті бағалау ережелері мен нысандары, сәйкестендіру ережелері, терминологияға, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды салу ережелеріне қойылатын талаптар болуы мүмкін;
"өнім" - материалдық-заттай нысанда ұсынылған және одан әрі шаруашылық және өзге де мақсаттарда пайдалануға арналған қызмет нәтижесі;
"сәйкестікті бағалау" - техникалық реттеу объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама анықтау.
2-бап
1. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттері техникалық реттеу,
азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау,
тұтынушыларды адастыратын әрекеттердің алдын алу және өзара саудада
негізсіз шектеулерді жою саласында Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру мақсатында қабылданады.
ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерін өзге мақсаттарда қабылдауға рұқсат етілмейді.
2. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерінде қамтылған өнімге, өндіру, пайдалану, сақтау, тасымалдау, сату және кәдеге жарату үдерістеріне, сәйкестікті бағалау ережелері мен нысандарына қойылатын міндетті талаптар, сәйкестендіру ережелері, терминологияға, орауға, таңбалауға немесе заттаңбаларға және оларды түсіру ережелеріне қойылатын талаптар түпкілікті болып табылады және ЕурАзЭҚ-тың тиісті техникалық регламентіне өзгерістер енгізу жолымен ғана өзгертілуі мүмкін.
Тараптар өз мемлекеттерінің аумағында мемлекеттік қадағалаудан басқа, өнімге және сәйкестікті бағалау рәсімдеріне қойылатын қосымша талаптарды қолданбай-ақ ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентіне сәйкес келетін өнімнің айналысын қамтамасыз етеді.
3. Халықаралық, өңірлік және ұлттық стандарттар, сондай-ақ ұлттық техникалық регламенттер ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерін әзірлеу үшін негіз ретінде толық немесе ішінара пайдаланылуы мүмкін.
4. Осы Келісімнің қолданысы санитарлық, ветеринарлық және
фитосанитарлық шараларды белгілеуге және қолдануға қатысты болмайды.
3-бап
1. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламенттерін әзірлеуді тәртіпке келтіру мақсатында ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесі үкімет басшылары деңгейінде әзірленуге жататын ЕурАзЭҚ-тың бірінші кезектегі техникалық регламенттерінің тізбесін бекітеді.
Көрсетілген тізбенің жобасын Тараптардың ұсыныстары бойынша ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті қалыптастырады.
2. Тараптардың кез келгені әзірленуге жататын ЕурАзЭҚ-тың бірінші кезектегі техникалық регламенттерінің тізбесін басшылыққа ала отырып, ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін әзірлеу туралы ұсынысты ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің қарауына енгізуге құқылы. Ұсыныс қысқа техникалық-экономикалық негіздемені қамтуы тиіс.
3. ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесі үкімет басшылары деңгейінде осы баптың 1-тармағында көрсетілген тізбеге енгізілген ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін әзірлеу туралы, оны әзірлеуді қаржыландыру тәртібі туралы шешім қабылдайды және осындай регламентті әзірлеуді жүзеге асыратын Тарапты (Тараптарды) айқындайды.
4. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін әзірлеу тәртібі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын қосымшада келтірілген.
4-бап
Тараптардың әрқайсысы ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес қолданысқа енгізеді және ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің Хатшылығына осындай регламенттің қолданылуы басталатын күні туралы хабарлайды. Хабарлама және ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің көшірмесін Тарап осы акт қабылданғаннан кейін 30 күн ішінде жібереді.
5-бап
Осы Келісімге өзгерістер Тараптардың өзара келісімі бойынша енгізіледі және хаттамалармен ресімделеді.
6-бап
Осы Келісімді іске асыру жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді осы Келісімнің депозитарийі болып табылатын ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жүзеге асырады.
7-бап
Тараптардың әрқайсысы осы Келісімнен ол туралы депозитарийді жазбаша хабардар ету жолымен шыға алады. Бұл Тарап үшін осы Келісімнің қолданысы депозитарий осындай хабарламаны алған күнінен бастап 6 айдан кейін тоқтатылады.
8-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар Тараптар арасындағы консультациялар және келіссөздер жолымен шешіледі немесе оны ЕурАзЭҚ-тың Соты шешеді.
9-бап
Осы Келісім депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.
2005 жылғы 24 наурызда Астана қаласында орыс тіліндегі бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінде сақталады, ол әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Қазақстан Қырғыз
Республикасының Республикасының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Ресей Тәжікстан
Федерациясының Республикасының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін
Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа
мүше мемлекеттердің техникалық
регламенттерін үйлестіру негіздері
туралы келісімге
қосымша
ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін әзірлеу
ТӘРТІБІ
1. ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесі үкімет басшылары деңгейінде әзірленуге жататын ЕурАзЭҚ-тың бірінші кезектегі техникалық регламенттерінің тізбесіне енгізілген ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін әзірлеу туралы, оны әзірлеуді қаржыландыру тәртібі туралы шешім қабылдайды және осындай регламентті әзірлеуді жүзеге асыратын Тарапты (Тараптарды) (бұдан әрі - әзірлеуші) айқындайды.
2. ЕурАзЭҚ-тың техникалық регламентін (бұдан әрі - регламент) әзірлеу әзірлеуші мемлекеттің заңнамасында белгіленген рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
3. ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің Хатшылығы ЕурАзЭҚ-тың
ресми басылымдарында регламентті қабылдау мақсаттарын, техникалық реттеу объектілерінің сипаттамасын, халықаралық стандарттар ережелерінен немесе регламентті әзірлеу сәтінде ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің аумағында әрекет ететін міндетті талаптардан ерекшеленетін талаптарды баяндауды қамтитын регламентті әзірлеу туралы хабарламаны жариялайды.
4. Регламентті әзірлеу туралы хабарлама жарияланғаннан кейін әзірлеуші регламент жобасын дайындауды жүзеге асырады және оны түсіндірме жазбамен бірге ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің Хатшылығына жібереді.
Түсіндірме жазбада техникалық регламентті қабылдау мақсаттары, техникалық реттеу объектілерінің қысқаша сипаттамасы, регламент жобасында халықаралық ережелердің, нормалар мен ұсынымдардың ескерілгені туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Регламент жобасын дайындау барысы 3 айда кемінде 1 рет ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті жанындағы Саудадағы техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шаралар жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) отырысында қаралады.
Регламент жобасын қарау нәтижелері әзірлеушіге жіберіледі және ЕурАзЭҚ-тың ресми басылымдарында жарияланады.
6. Тараптар Комиссия отырысы күнінен бастап бір ай мерзімде әзірлеушіге регламент жобасы бойынша ескертулер мен ұсыныстар жібереді.
Комиссия отырысында регламент жобасын көпшілік алдында кезекті талқылау өткізгенге дейін бір ай бұрын регламентті әзірлеуші бұл жобаны Тараптардың ескертулері мен ұсыныстары жинағымен бірге ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің Хатшылығына жібереді. Регламент жобасын көпшілік алдында талқылау мерзімі кемінде 4 айды құрайды.
7. Комиссия мақұлдаған регламент жобасы, Тараптардың ескертулері мен ұсыныстарының жинағы ЕурАзЭҚ-тың ресми басылымдарында оны көпшілік алдында талқылаудың аяқталғаны туралы хабарламамен бір уақытта жарияланады.
8. Комиссия мақұлдаған регламент жобасы және Тараптардың
ескерілмеген ескертулері мен ұсыныстары жинағы ЕурАзЭҚ-тың
Интеграциялық Комитетінің қарауына енгізіледі.
9. ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитеті мақұлдаған регламент жобасы ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық Кеңесінің қарауына енгізіледі.
10. Қабылданған регламент, сондай-ақ оны қолданысқа енгізу туралы Тараптар мемлекеттерінің нормативтік құқықтық актілері ЕурАзЭҚ-тың және Тараптар мемлекеттерінің ресми басылымдарында жарияланады.
11. ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық Комитетінің Хатшылығы ЕурАзЭҚ
техникалық регламенттерінің тізілімін жүргізеді.
12. Регламенттерді қайта қарау осы Тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.