Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 17 маусымдағы № 324/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 маусымда № 38983 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 54-бабының 3-тармағына, "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 162) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасы
  Премьер-Министрінің
  орынбасары – Жасанды
  интеллект және цифрлық
  даму министрі
  2026 жылғы 17 маусымдағы
  № 324/НҚ Бұйрықпен бекітілген

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 54-бабының 3-тармағына, "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 9 қазандағы № 846 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 162) тармақшасына сәйкес әзірленді және куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпаратты криптографиялық қорғау құралы (бұдан әрі – АКҚҚ) – криптографиялық түрлендіру алгоритмдерін, шифрлау кілттерін генерациялауды, қалыптастыруды, таратуды немесе басқаруды іске асыратын бағдарламалық қамтылым немесе ақпараттық-бағдарламалық кешен;

      2) Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығы – куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттерінің тиесілілігін және жарамдылығын растауды жүзеге асыратын куәландырушы орталық.

      3. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетілетін қызметті алушыны тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде, осы Қағидаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушыны тексеруді құрамы көрсетілетін қызметті берушінің бұйрығымен айқындалатын куәландырушы орталықтарды аккредиттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) жүзеге асырады. Комиссия көрсетілетін қызметті берушінің, техникалық реттеу жөніндегі уәкілетті органның және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұлттық даму институтының өкілдерінен тұрады.

      4. Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар қолданысқа енгізілген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына жібереді және www.gov.kz Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында "Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі" деген бөлімде орналастырады.

2-тарау. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру тәртібі

      5. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) осы Қағидаларға 1-қосымшада берілген.

      6. Көрсетілетін қызметті алушы куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті (бұдан әрі – аккредиттеу туралы куәлік) алу үшін көрсетілетін қызметті берушіге www.egov.kz "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы (бұдан әрі – портал) осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес толтырылған өтініш нысаны бар Тізбенің 8-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      7. Көрсетілетін қызметті беруші өтініш түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады және жауапты құрылымдық бөлімшенің орындаушысына (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері) орындауға жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушы өтінішті портал арқылы "жеке кабинетке" тапсырған кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      8. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері өтініш тіркелген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген Тізбеге сәйкес ұсынылған құжаттардың болуын тексереді.

      9. Егер ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген Тізбеге сәйкес келмеу фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші портал арқылы өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды жібереді.

      10. Бас тарту үшін негіздер болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші 5 (бес) жұмыс күні ішінде портал арқылы көрсетілетін қызметті алушыға комиссияның оған тексеру жүргізетінін хабарлайды. Комиссия тексеруді екі кезеңде: құжаттық және көшпелі нысанда жүзеге асырады.

      11. Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға хабарламаны жіберген күні комиссия мүшелеріне көрсетілетін қызметті алушыға тексеру жүргізу туралы хатты жолдайды.

      12. Комиссия көрсетілетін қызметті алушыға хабарлаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың мазмұнына құжаттамалық тексеру жүргізеді.

      Егер ондай тексеру жүргізілген болса, алдыңғы тексерулердің нәтижелері бойынша актілермен танысады.

      Ұсынылған құжаттардың сәйкессіздігі және/немесе мазмұнының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеу фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші хаттамамен ресімделетін комиссия шешімінің негізінде портал арқылы өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды жібереді.

      Құжаттамалық тексеру нәтижелері бойынша бас тартуға негіздер болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші 5 (бес) жұмыс күні ішінде портал арқылы көрсетілетін қызметті алушыға куәландырушы орталықтың инфрақұрылымы орналасқан орны бойынша комиссияның көшпелі тексеру жүргізілетіні туралы хабарлайды.

      Көшпелі тексеруді комиссия оның жүргізілетіні туралы хабарланған күннен бастап 6 (алты) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға көшпелі тексеру жүргізу кезінде комиссия аккредиттеуге берілген құжаттардың нақты жағдайға сәйкестігін айқындайды және мыналар айқындалады:

      1) көрсетілетін қызметті алушы қолданатын, пайдаланылатын АКҚҚ-тың Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығымен үйлесімділігі;

      2) Қазақстан Республикасы негізгі куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттері сертификаттарынан көрсетілетін қызметті алушының АКҚҚ-сын пайдалана отырып, көрсетілетін қызметті алушы пайдаланушысының электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттері сертификатына дейінгі электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттері сертификаттарының дұрыс тізбегінің құрылуын тексеру;

      3) көрсетілетін қызметті алушы шығаратын электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттері сертификаттарында көрсетілетін қызмет беруші тіркеген объектілік сәйкестендіргіштердің болуы;

      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттері сертификаттарының тізбегін дұрыс құрылуын тексеру тетігі;

      5) тіркелген объектілік сәйкестендіргіштер (ОID);

      6) серверлік үй-жай;

      7) пайдаланылатын байланыс арналары;

      8) Қазақстан Республикасының уақыт бірлігінің эталонынан, позициялаудың спутниктік жаһандық жүйелерінен, жалпыға бірдей танылған халықаралық көздерден уақыттың ағымдағы мәні туралы цифрлық ақпараттың ұдайы берілуін қамтамасыз ететін техникалық құралдар кешенімен аккредиттелетін көрсетілетін қызметті алушының уақытын үйлестіру рәсімі;

      9) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелетін көрсетілетін қызметті алушының бірыңғай есепке алу-есеп беру уақыты;

      10) көрсетілетін қызметті алушы ұсынатын қызметтер;

      11) көрсетілетін қызметті алушының инфрақұрылымы (сертификаттау орталығы және тіркеу орталықтары);

      12) физикалық негізгі және резервтік серверлердің болуы;

      13) кері қайтарылып алынған электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілттері сертификаттарының тізіміне қолжетімділік;

      14) негізгі криптографиялық кілттерді қорғауға арналған негізгі және резервтік аппараттық-бағдарламалық кешендердің болуы;

      15) серверлік үй-жайларға қойылатын талаптар:

      үздіксіз қоректену көзінің болуы;

      ауа баптау жүйесінің болуы;

      серверлердің адам тұрмайтын үй-жайларда орналасуы;

      серверлік үй-жай жабдығы 1,5 сантимерден кем емес мөлшердегі кондуитпен ғимараттың жерге тартылған жүйесінің негізгі электродымен қосылуы;

      серверлік үй-жай төбесінің биіктігі 2,44 метрден кем болмауы тиіс;

      хабарлаудың және өрт сөндірудің автоматты жүйесі;

      серверлік үй-жайға кірудің шектелуі, кіруді бақылау.

      16) пайдаланушылардың электрондық цифрлық қолтаңбасының сертификаттарын, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығына кері қайтарып алу туралы ақпаратты ұсыну;

      17) Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба сертификатын, электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілтімен қол қойылған электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын иесінен түскен сұрау салу бойынша кері қайтарып алу функциясының болуы.

      13. Тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы акт (бұдан әрі – акт) жасалады, онда көрсетілетін қызметті алушының нақты жай-күйі, қорытындылар мен ұсынымдар көрсетіледі.

      Актіге комиссияның барлық мүшелері қол қояды.

      Егер комиссия мүшесі қабылданған шешіммен келіспеген және тексеру актісіне қол қоймаған жағдайда, ол себептерін негіздей отырып, көрсетілетін қызметті берушіні хабардар етеді.

      Тексеру актісі комиссия мүшелерінің қолдарының үштен екісі болған кезде қабылданды деп есептеледі.

      14. Көрсетілетін қызметті беруші актіні қабылдағаннан кейін келесі жұмыс күні ішінде куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      15. Шешім қабылданғаннан кейін көрсетілетін қызметті беруші 1 (бір) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес қолданылу мерзімі үш жыл болатын көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат нысаны бойынша аккредиттеу туралы куәлікті береді немесе көрсетілетін қызметті алушыға портал арқылы аккредиттеу туралы куәлікті беруден дәлелді бас тартуды жібереді.

      16. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер осы Қағидалардың 1-қосымшасында жазылған.

      17. Көрсетілетін қызметті беруші "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету сатысы туралы деректер енгізу қағидаларын бекіту туралы" Көлік және коммуникация министрі міндетін атқарушының 2013 жылғы 14 маусымдағы № 452 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8555 болып тіркелген) сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

      Көрсетілетін қызметті беруші куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы берілген және кері қайтарып алынған куәліктердің тізілімін жүргізеді.

      18. Аккредиттеу туралы куәліктің негізінде көрсетілетін қызметті алушы электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті сертификаттарын тіркеуден (қайта тіркеуден) өткізу үшін Қазақстан Республикасының негізгі куәландырушы орталығына жүгінеді.

3-тарау. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу тәртібі

      19. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:

      1) заңды тұлға (көрсетілетін қызметті алушы) қайта тіркелген, сондай-ақ қызметі тоқтатылған жағдайда;

      2) куәландырушы орталықтарды пайдаланушыларға залал келтіруге әкеп соққан, осы Қағидалардың 21, 22 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша ұсынымдарды белгіленген мерзімдерде негізді себептерсіз орындамаған жағдайда жүзеге асырады.

      20. Көрсетілетін қызметті алушы заңды тұлға (көрсетілетін қызметті алушы) қайта тіркелген, сондай-ақ қызметі тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық рәсімдерді аяқтау үшін қажетті мерзімді көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушіге хабарлама жібереді.

      Көрсетілетін қызметті беруші хабарламада көрсетілген мерзім өткеннен кейін куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      21. Осы Қағидалар талаптарының бұзылғаны туралы жеке және заңды тұлғалардан өтініш (шағым, арыз) келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыдан ақпаратта көрсетілген мәселелер бойынша түсіндірмелерді сұратады (талап етеді).

      Осы Қағидалардың талаптарының бұзылуы фактісін түсіндіруді және анықтауды, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының бұзушылықты растауын қарау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға көрсетілетін қызметті берушінің ұсынымын алған күнінен бастап 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, бұзушылықтарды жоюға арналған мерзімді көрсете отырып, бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қарсы пікірі бар (шағым, арыз) өз түсіндірмесін жолдайды, ал көрсетілетін қызметті беруші оны қарайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының бұзушылықтарды жою бойынша пысықтауды жүргізу қажеттігі туралы түсініктемесін 60 (алпыс) жұмыс күнінен астам мерзімде алған жағдайда, бұзушылықтарды жою бойынша жеткілікті мерзім көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті беруші арасындағы келісім бойынша айқындалатын болады.

      Көрсетілетін қызметті алушының сұрау салуы бойынша осы Қағидалардың талаптарын бұзу туралы түсіндірме 30 (отыз) жұмыс күні ішінде ұсынылмаған, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушы тарапынан бұзушылық фактісімен негізсіз келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші оны куәландырушы орталықтың инфрақұрылымын орналастыру орны бойынша комиссияның көшпелі зерттеп-қарау жүргізу күні мен нысанасы туралы хабардар етеді.

      Көшпелі зерттеп-қарауды комиссия оны жүргізу туралы хабардар етілген күннен бастап 6 (алты) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      22. Көшпелі зерттеп-қарауды комиссия жүзеге асырады.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) адамнан тұрады.

      Көшпелі зерттеп-қарауды аяқтау нәтижелері бойынша акт жасалады.

      Егер актіге хатшыны қоспағанда, оның мүшелерінің жалпы санынан кемінде 3 (үш) адам қол қойса, ол заңды деп есептеледі.

      Осы Қағидалардың талаптарын бұзушылықтар болмаған кезде актіде тиісті белгі қойылады.

      Осы Қағидалардың талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім шығарады.

      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге акт бойынша қарсы пікірі бар өз түсіндірмесін жолдайды, ал көрсетілетін қызметті беруші оны қарайды және көрсетілетін қызметті алушыға қарау нәтижелері туралы хабарлайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші бұзушылықтарды жою бойынша пысықтаулар жүргізу қажеттігі туралы акті бойынша қарсы пікірлері бар көрсетілетін қызметті алушының түсіндірмесін 60 (алпыс) жұмыс күнінен астам мерзімде алған жағдайда, бұзушылықтарды жою бойынша жеткілікті мерзім көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.

      23. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда белгіленген бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынады.

      Көрсетілетін қызметті алушы бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдарды орындау туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға 2 (екі) жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдардың орындалуы жөніндегі ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды жібереді.

      Көрсетілген мерзімде ақпарат ұсынылмаған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      24. Куәландырушы орталықтардың жұмыс істеу шарттары мен функционалдығы өзгерген кезде көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге 10 (он) жұмыс күні ішінде енгізілген барлық өзгерістер туралы ақпаратты жібереді.

      Куәландырушы орталықтардың нақты сипаттамаларында сәйкессіздіктер анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші бұзушылықтарды жою, сондай-ақ куәландырушы орталықтың нақты жағдайын Қазақстан Республикасының цифрлық заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі ұсынымдарды жіберу туралы шешім қабылдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы ұсынымнан туындайтын қажетті шараларды қабылдамаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидалардың 21, 22 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен куәландырушы орталықтардың инфрақұрылымын орналастыру орны бойынша комиссияның көшпелі тексеруі туралы шешімді қабылдайды.

  Куәландырушы орталықтарды
аккредиттеу туралы куәлікті
беру және кері қайтарып алу
қағидаларына
1-қосымша

"Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу" мемлекеттік көрсетілетін қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

1.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің (бар болса) атауы

1) Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру;
2) Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу.

3.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті

4.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) ұсыну тәсілдері

"Цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы.

5.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету мерзімі

Көрсету мерзімі – өтінішті кеңседе тіркеген сәттен бастап 13 (он үш) жұмыс күні

6.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нысаны

Электрондық.

7.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нәтижесі

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беру немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат нысанында жолданады және сақталады.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық.

8.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшерін және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.

9.

Көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның және ақпарат объектілерінің жұмыс графигі

1) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес дүйсенбіден жұма аралығында сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 8.00-ден 17.30-ға дейін.
2) портал – техникалық жұмыстарды жүргізуге байланысты үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің – www.gov.kz/memleket/entities/mdai интернет-ресурсында;
2) порталда орналастырылған.

10.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беруге өтініш;
еркін таралмай пайдаланылатын бағдарламалық құралдарға лицензиялардың және (немесе) сертификаттардың, сондай-ақ өзі әзірлеген жағдайда авторлық құқықты растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік цифрлық жүйелермен интеграцияланған жағдайда киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар нәтижелері жөніндегі актінің электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушы бекіткен көрсетілетін қызметті алушы модульдерінің (құрауышының) өзара іс-қимылы схемасының және қолданылатын криптографиялық түрлендіру алгоритмдері туралы деректері бар және электрондық цифрлық қолтаңба үдерісін іске асыру жөніндегі басқа да бастапқы деректер (негізгі талаптар) мен көрсетілетін қызметті алушының жекелеген параметрлерге және куәландырушы орталыққа қойылатын талаптары бар электрондық цифрлық қолтаңба схемаларының электрондық көшірмесі;
сериялық нөмірі, моделі, өндіруші туралы мәліметтерді қоса алғанда, негізгі және резервтік серверлердің, куәландырушы орталықтың негізгі криптографиялық кілттерін қорғаудың негізгі және резервтік аппараттық-бағдарламалық кешендерінің нақты орналасқан жері туралы электрондық түрдегі мәліметтер.
көрсетілетін қызметті алушының киберқауіпсіздік саясатын;
көрсетілетін қызметті алушы қызметінің регламентін немесе қағидаларын;
электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілтінің сертификаттарын қолдану саясатын;
куәландырушы орталық туралы ережені реттейтін бекітілген нормативтік-техникалық құжаттардың электрондық көшірмелері;
штаттан тыс, дағдарысты жағдайларда көрсетілетін қызметті алушының атынан көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілті сертификаттарын сүйемелдеу, әкімшілендіру, шығару жөніндегі жұмыстарға тікелей қатысып, жұмыстарды жүзеге асыратын жұмыскерлердің іс-қимылы жөніндегі нұсқаулықтың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушының цифрлық ресурстарын резервтік көшіру туралы нұсқаулықтың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушының бағдарламалық қамтылымын орнату және жөнге келтіру жөніндегі нұсқаулықтың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушы және оның пайдаланушылары қолданатын екінші деңгейден төмен емес ҚР СТ 1073-2007 "Ақпараттық криптографиялық қорғау құралдары. Жалпы техникалық талаптар" бойынша ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына қолданылатын сәйкестік сертификаттарының электрондық көшірмесі.

11.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) уәкілетті мемлекеттік органның мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;
5) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнайы құқықтан айырылуы.

  Куәландырушы орталықтарды
аккредиттеу туралы куәлікті
беру және кері қайтарып алу
қағидаларына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігінің
Ақпараттық қауіпсіздік
комитетіне
Нысан

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беруге өтініш

      ____________________________________________________________________

      куәландырушы орталықтың атауы, заңды мекенжайы, телефоны

      ____________________________________________________________________

      куәландырушы орталығын аккредиттеу туралы куәлік беруді сұраймын.

      Цифрлық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын

      мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      Күні 20 __ жылғы "___" ___________

      Басшы _____________________________

      (қолы) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

  Куәландырушы орталықтарды
аккредиттеу туралы куәлікті
беру және кері қайтарып алу
қағидаларына
3-қосымша

Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігінің
Ақпараттық қауіпсіздік комитеті


 

Комитет по информационной безопасности
Министерства искусственного
интеллекта и цифрового развития
Республики Казахстан

      Куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы № ____ куәлік

      Осы куәлікті:

      _______________________________________________________________,

      (заңды тұлғаның атауы)

      _______________________________________________________________

      (заңды тұлғаның мекенжайы)

      мекенжайы бойынша Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және

      цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті берді.

      _______________________________________________________________

      куәландырушы орталықтарды тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде

      Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларына сәйкес

      ____________________________________________________________________

      аккредиттелді деп танылсын.

      Осы куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу

      мерзімі берілген күнінен бастап 3 жылды құрайды және Қазақстан

      Республикасының бүкіл аумағында қолданылады.

      Лауазымы Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2026 жылғы 17 маусымдағы
№ 324/НҚ Бұйрыққа
қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20815 болып тіркелген).

      2. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 363/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29960 болып тіркелген).

      3. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 17 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32341 болып тіркелген).