"Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына өзгеріс енгізу

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 17 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 21 сәуірде № 32341 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20815 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Мемлекеттік қызметті Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді. Мемлекеттік қызмет көрсетілетін қызметті алушыны тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде, осы Қағидаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушыны тексеруді куәландырушы орталықтарды аккредиттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) жүзеге асырады, оның құрамы көрсетілетін қызметті берушінің бұйрығымен айқындалады. Комиссия көрсетілетін қызметті берушінің, техникалық реттеу жөніндегі уәкілетті органның және ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілдерінен тұрады.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин