БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Білім туралы" Заң) 5-3-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. ЖЖОКБҰ өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Ғылым және технологиялық саясат туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы", "Акционерлік қоғамдар туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдарына, білім беру және ғылыми қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне, сондай-ақ осы Қағидалар мен Жарғыға сәйкес жүзеге асырады.
Әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) өз қызметін "Білім туралы" Заңның 5-1-бабына сәйкес бекітілетін нормативтік құқықтық актілердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. ЖЖОКБҰ басшысы алқалы басқару қағидаттарында ЖЖОКБҰ-ны басқаруды жүзеге асырады, білім алушылардың даярлық сапасын, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (бұдан әрі – № 2 бұйрық) және (немесе) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 4 шiлдедегi № ҚР ДСМ-63 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28716 болып тіркелген) бекітілген Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-63 бұйрық) талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.";
17-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"17. ЖЖОКБҰ өз құрылымын дербес әзірлейді және бекітеді. Бұл ретте құрылымдық бөлімшелер ЖЖОКБҰ қызметінің бағыттары мен түрлерін қамтиды.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. ЖЖОКБҰ құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді дербес әзірлейді, бекітеді және сақталуын қамтамасыз етеді.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. ЖЖОКБҰ профессорлар-оқытушылар құрамының жүктемесі № 2 және (немесе) № ҚР ДСМ-63 бұйрықтарымен белгіленген талаптарға сәйкес білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуді, білім алушылардың кәсіби және жеке құзыреттерін дамытуды, адамгершілік пен мәдени құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеуді, ғылыми зерттеулер мен академиялық жазу әдістерін оқытуды және оларды оқылатын салаға қолдануды, педагогикалық әдепті сақтауды, сондай-ақ кәсіби шеберлікті ұдайы жетілдіруді қамтитын оқу, ғылыми, әдістемелік және тәрбиелік міндеттердің жиынтығы болып табылады.
Оқу жүктемесінің нормаларын, қызметкерлерге еңбекақы төлеу нысандары мен мөлшерін ЖЖОКБҰ "Білім туралы" Заңның 43-1 және 52-баптарына сәйкес дербес әзірлейді.
Бұл ретте профессорлар-оқытушылар құрамының оқу жүктемесі ЖЖОКБҰ оқу жүктемесінің нормаларын ескере отырып және білім алушылардың жеке оқу жоспарлары негізінде айқындайды.
ЖЖОКБҰ профессорлар-оқытушылар құрамының оқытылатын пәндерінің бейініне сәйкес біліктілігін арттыруды, білім беру және ғылыми қызметте жасанды интеллект технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді.
ӘАОО-да қызметкерлердің оқу жүктемесінің нормалары, еңбегіне ақы төлеу нысандары мен мөлшерлері қолданыстағы қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы заңнамаға сәйкес айқындалады.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Оқу жылы ЖЖОКБҰ-да қыркүйек айынан басталады, оқу процесінің ұйымдастырылуы, теориялық оқу және кәсіби практика кезеңдері ЖЖОКБҰ-да академиялық күнтізбемен дербес айқындалады.
ЖЖОКБҰ-да қабылдау күнтізбелік жыл ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17650 болып тіркелген) бекітілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Оқуға қабылдау үлгілік қағидалары) сәйкес келесі академиялық кезеңнің басталуына дейін 5 (бес) күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
ӘАОО-дағы оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін тиісті уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайды.";
24-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"24. ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдауды, ауыстыруды және қайта қабылдауды "Білім туралы" Заңның 43-1-бабы 2-тармағының 6) және 10) тармақшаларына сәйкес бекітілген ЖЖОКБҰ-ның қабылдау қағидаларында, ЖЖОКБҰ-да білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларында көзделген растайтын құжатты тіркей отырып, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен интеграцияланған ЖЖОКБҰ ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.";
29, 30, 31 және 32-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Білім алушылардың бағаланатын жазбаша жұмыстары (курстық, дипломдық жұмыстар (жобалар), магистрлік диссертациялар (жобалар) және докторлық диссертациялар) мәтінді пайдалану және басқа тілден аударылған мәтінді пайдаланумен қоса алғанда мағынаны (парафраз) өзгертусіз сөйлемдерді және пікірлерді синонимдік ауыстырумен бөтен мәтінді пайдалану (бұдан әрі – бөтен мәтінді пайдалану) нысанына тексеруден өтеді.
Бөтен мәтінді пайдалану нысанына тексеру қағидаларын ЖЖОКБҰ әзірлейді, бекітеді және сақталуын қамтамасыз етеді.
Бөтен материалды пайдалануды анықтау жүйелерінде тексерілген докторлық диссертациялар Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының базасында сақталады.
Оқытушылар мен ғылыми қызметкерлердің жарияланымға ұсынылған ғылыми жұмыстары, сондай-ақ білім алушылардың дипломдық жұмыстары (жобалары), магистрлік диссертациялары (жобалары) бөтен мәтінді анықтаудың лицензиялық жүйелерінде (халықаралық деректер базаларын қоса алғанда), оның ішінде жасанды интеллект технологияларына сілтеме бермей пайдалануға тексерілуін қамтамасыз етеді.
ӘАОО-лар Плагиатқа тексеру жөніндегі комиссияның болуын қамтамасыз етеді.
30. ЖЖОКБҰ оқытушысы білім беру бағдарламалары, оқу бағдарламалары (силлабус) және ең үздік халықаралық білім беру практикасы негізінде оқу сабақтарын ұйымдастыру және өткізу тәсілдері мен нысандарын, оқыту әдістерін таңдау еркіндігіне ие.
Бұл ретте ЖЖОКБҰ оқытушысы білім беру қызметтерінің сапасын № 2 және (немесе) № ҚР ДСМ-63 бұйрықтармен белгіленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етеді.
31. ЖЖОКБҰ осы Қағидалардың нормаларына сәйкес білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидаларын әзірлейді, бекітеді және сақталуын қамтамасыз етеді.
Білім алушыны бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне, бір ЖЖОКБҰ-дан екіншісіне ауыстыру және қайта қабылдау жазғы және қысқы демалыс кезеңінде жүзеге асырылады.
Қысқы демалыстың мерзімдері сәйкес келмеген кезде ауыстыру және қайта қабылдау тәртібін ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.
Бұл ретте төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, соғыс уақытында, сондай-ақ оқу еліндегі қарулы, әскери қақтығыстар жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды шетелдік ЖЖОКБҰ-дан ауыстыру және қайта қабылдау оқу жылы ішінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушы қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады немесе қайта қабылданады.
Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған кезде осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.
Білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы ерікті түрде тоқтатылған немесе ЖЖОКБҰ таратылған кезінде осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы ерікті түрде тоқтатылған немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату туралы ЖЖОКБҰ ерікті түрде қайтарған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.
Аккредиттеу тоқтатыла тұрған, қайтарып алынған немесе қолданылу мерзімі өткен кезінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы аккредиттеуді тоқтата тұру, қайтарып алу немесе қолданылу мерзімінің өтуі туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.
ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, оқудан шығарылғаннан кейін ауыстырылады немесе қайта қабылданады.
Білім алушыны ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру "Білім туралы" Заңның 5-3-бабының 26) тармақшасына сәйкес бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.
Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып, басқа ЖЖОКБҰ-ға ауысады.
Білім алушының ауысуы кезінде қабылдайтын ЖЖОКБҰ даярлау бағытын, білім беру бағдарламасының бейінін, оқу жетістіктерін, сондай-ақ білім алушының академиялық адалдықты бұзу жағдайларын ескереді.
Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың оқу нәтижелерін қайта есептеу үшін ЖЖОКБҰ-да Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі № 157 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35921 тіркелген) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында алқалық басқару органдары жұмысының үлгілік қағидаларына сәйкес алқалық орган құрылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы бар, сондай-ақ білім беру саласы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастығына енгізілген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.
Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуын ерікті түрде тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеудің қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе мерзімі өткені туралы шешім қабылдаған кезде білім алушылардың осы ЖЖОКБҰ-ға ауысуы немесе қайта қабылдануы жүзеге асырылмайды.
Жекелеген ЖЖОКБҰ-лар үшін бекітілген мемлекеттік білім тапсырысы бойынша, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен адамдар басқа ЖЖОКБҰ-ға ақылы негізде ғана ауысады.
Студенттерді, магистранттарды, резидентура тыңдаушыларын басқа ЖЖОКБҰ-дан ұлттық ЖЖОКБҰ-ға немесе өзге де ЖЖОКБҰ-ға ауыстыру білім алушылардың білім беру грантының құнындағы айырмашылықты қосымша төлеу шартымен жүзеге асырылады.
Білім алушының шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының тобынан басқа білім беру бағдарламаларының тобына ауысуы Оқуға қабылдау үлгілік қағидаларында белгіленген өту балынан төмен емес балы бар ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.
Білім алушыны жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының басқа топтарынан педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларына ауыстыру Оқуға қабылдау үлгілік қағидаларға сәйкес балы белгіленген шекті балдан төмен емес ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.
Шетелдік ЖЖОКБҰ-лардан білім алушылардың ауысуы немесе қайта қабылдау білім берудің тиісті деңгейі, білім беру саласы және қабылдау жылы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналасқан және (немесе) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің білім беру саласы бойынша аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастықтарына кірген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.
ЖЖОКБҰ білім алушыларды ауыстыру, оқудан шығару, қабылдау туралы шешім шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне тиісті өзгерістер енгізеді.
ӘАОО-ларда білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидалары "Білім туралы" Заңның 5-1-бабының 12) тармақшасына сәйкес бекітіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуын ерікті түрде тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеудің қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе мерзімі өткені туралы шешім қабылдаған кезде ЖЖОКБҰ білім алушыларды міндетті түрде хабардар ете отырып, ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында тиісті ақпаратты орналастырады.
Бұл ретте ақпарат ЖЖОКБҰ-ның ресми веб-ресурсының басты бетінде орналастырылады. Ақпарат сайт (header) (хэдер) тақырыбынан кейін, қаріп өлшемі кемінде 20 пиксель (px), қалың шрифпен, жаңалықтар блогында (негізгі бетте бар болса) орналастырылады. Мәлімет тізімнің бірінші позициясында жарияланады және жаңа жаңалықтар қосылған кезде төмен жылжымайды.";
32. Академиялық демалыстар білім алушыларға амбулаториялық-емханалық ұйым жанындағы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы негізінде ұзақтығы 6 айдан 12 айға дейінгі ауру бойынша, әскери қызметке шақырылған жағдайда әскери қызмет өткеру мерзімі бойынша, бала туу, асырап алу кезінде үш жасқа толғанға дейін беріледі.
ЖЖОКБҰ білім алушыларға академиялық демалыс беру тәртібін айқындайды және оның сақталуын қамтамасыз етеді.";
40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"40. Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу тәртібін ЖЖОКБҰ объективтілік пен академиялық ашықтықты қамтамасыз етуді ескере отырып, академиялық саясатына және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың дәстүрлі бағалар шкаласына және ECTS (иситиэс) аударылған балдық-рейтингтік әріптік жүйесі бойынша айқындайды және сақтайды.
ЖЖОКБҰ білім алушылардың оқу үлгерімдерін, зерттеу дағдыларын және әлеуметтік құзыреттерін бағалауды қамтитын кешенді бағалауды жүзеге асырады, оның негізінде интеграцияланған әлеуметтік GPA (Grade point average (Грэйд поинт аверидж)) (бұдан әрі – әлеуметтік GPA) есептеледі. Әлеуметтік GPA есебін ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.
ЖЖОКБҰ білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау, сабаққа қатысуы туралы деректерді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне енгізеді.
Тілдер бойынша (қазақ, шет тілі, орыс) білім алушылардың оқудағы жетістіктері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес білім алушылардың шет тілдері бойынша оқу жетістіктерін бағалаудың деңгейлік үлгіге және ECTS (иситиэс) дәстүрлі бағалар шкаласына сәйкес балдық-рейтингтік әріптік жүйесі бойынша бағаланады.
Тілді меңгеру деңгейі мен сипаттамасы (А1, А2, В1, В2, С1, С2) шет тілді меңгерудің жалпыеуропалық құзыретіне (бұдан әрі – ЖЕҚ) сәйкес болады.";
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"55. ЖЖОКБҰ-дағы тәрбие қызметі білім алушылардың, профессорлар-оқытушылар құрамының және ұйымның өзге де қызметкерлерінің адами қадір-қасиетін өзара құрметтеу, жалпыұлттық бірегейлікті қалыптастыру, білім алушылардың мәдени және этникалық алуан түрлілігін құрметтеу, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік, салауатты өмір салты мәдениетін дамыту қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
ЖЖОКБҰ тәрбие қызметін білім алушылардың бойында адамгершілік, патриоттық және азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға, сыни ойлау, көшбасшылық және әлеуметтік жауапкершілік дағдыларын дамытуға, білім алушыларды әлеуметтік, шығармашылық, ғылыми және мәдени қызметке тарту үшін жағдайлар жасауға, білім алушылардың денсаулығын нығайтуға және салауатты өмір салтын насихаттауға жәрдемдесуге, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағыттайды.
ЖЖОКБҰ білім алушылар ерікті негізде құратын студенттік өзін-өзі басқару органдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Студенттік өзін-өзі басқару органдарының өкілдері ЖЖОКБҰ алқалы басқару органдарының отырыстарына қатысады.";
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"65. ЖЖОКБҰ-да жұмыс істейтін жетекші ғалымдарға шығармашылық демалыс беру "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Шығармашылық демалыс беру, сондай-ақ жұмыспен өтеу немесе шығыстарды өтеу тәртібі мен шарттары ЖЖОКБҰ-ның ішкі құжаттарында айқындалады.".
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |