Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немес

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің м.а. 2023 жылғы 11 тамыздағы № 403 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 тамызда № 33291 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 28) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетімен жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрінің
міндетін атқарушысы
Т. Ешенкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      _____________________

      2023 ж. "__" ___________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      _____________________

      2023 ж. "__" ___________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі

      _____________________

      2023 ж. "__" ___________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

      _____________________

      2023 ж. "__" ___________

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім
министрінің міндетін
атқарушысы
2023 жылғы 11 тамыздағы
№ 403 Бұйрықпен
бекітілген

Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Маманды жұмысқа жіберу, бюджет қаражаты есебінен шеккен шығыстарды өтеу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе олардың міндетін тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-3-бабының 28) тармақшасына сәйкес әзірленді және маманды жұмысқа жіберу, өз бетінше жұмысқа орналасу құқығын беру, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетінен босату немесе міндетін тоқтату, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты, жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды және мемлекеттік атаулы стипендияларды қоспағанда, мемлекеттік стипендиялар төлеуді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және осы Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген адамдардың бюджет қаражаты шығыстарын жұмыспен өтеу немесе жұмыспен өтемеген жағдайда орнын толтыру жөніндегі өз міндеттерін сақтауын мониторингтеу мен бақылауды қамтамасыз ететін заңды тұлға (бұдан әрі - Оператор);

      2) бейіні бойынша доктор – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде кәсіптік қызметтің тиісті саласы бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;

      3) философия докторы (РhD) – Қазақстан Республикасында немесе одан тысқары жерлерде ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша докторантураның бағдарламасын меңгерген және диссертация қорғаған адамдарға берілетін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен танылған дәреже;

      4) жас мамандар – Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру және денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары;

      5) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы –жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыратын жоғары оқу орны;

      6) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      7) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

      8) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

      9) денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйым - денсаулық сақтау саласындағы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті, сондай-ақ медициналық, фармацевтикалық және (немесе) білім беру қызметін жүзеге асыратын ұлттық орталық, ғылыми орталық немесе ғылыми-зерттеу институты.

2-тарау. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу тәртібі

      3. Заңның 26-бабының 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) бітіргеннен кейін меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерде орналасқан тиісінше білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелерінде, ветеринария ұйымдарында, аграрлық бейіндегі ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыспен өтейді.

      4. Заңның 26-бабы 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары тізбесі "Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған өңірлерді айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 765 қаулысында (бұдан әрі – қаулы) айқындалған қоныс аударуға арналған өңірлерде ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде екі жыл жұмыс істейді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 26.02.2024 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны немесе денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарды (бұдан әрі - ДССҒҰ) бітіргеннен кейін кемінде үш жыл тиісінше білім беру ұйымдарында және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтейді.

      6. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары ЖЖОКБҰ-ны бітіргеннен кейін кемінде үш жыл меншік нысанына қарамастан ұйымдарда жұмыспен өтейді.

      7. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша докторантурада білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (жоғары колледждерде немесе училищелерде) жұмыспен өтейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 26.02.2024 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары оқу мерзімі аяқталғаннан кейін кемінде үш жыл мемлекеттік органдарда, ЖЖОКБҰ-да, ғылыми ұйымдарда, ғылыми бөлімшелерде, "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарында, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында (жоғары колледждерде немесе училищелерде) жұмыспен өтейді.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 26.02.2024 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары:

      1) ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауысқан;

      2) мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқудан ақылы негіздегі оқуға ауысқан;

      3) ағымдағы немесе келесі оқу жылы ішінде кейіннен қайта қабылдау шартымен ЖЖОКБҰ-дан оқудан шығарылған жағдайларда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ЖЖОКБҰ бітіргеннен кейін осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көзделген мерзім шегінде өздері іс жүзінде оқыған уақытқа мөлшерлес жұмыспен өтейді.

      Жұмыспен өтеу мерзімі мынадай формула бойынша есептеледі:

      T = y / х * z,

      мұндағы:

      Т – айлармен жұмыспен өтеу мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);

      y – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқудың айлармен нақты мерзімі, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);

      x – ЖЖОКБҰ-да оқудың айлармен жалпы мерзімі (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);

      z – осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген, бүкіл мерзім бойы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды (4-тармақта көрсетілген азаматтар үшін 24 ай) құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі.

      10. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа жіберу мақсатында оларды дербес бөлу жүзеге асырылады.

      11. Өз жұмысын оның құрамы бекітілген күннен бастап бастайтын жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – бөлу жөніндегі комиссиялар) тұрақты жұмыс істейтін болып табылады және Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа дербес бөлу үшін оқуын аяқтайтын тиісті ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ жанынан жыл сайын құрылады.

      12. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) қоспағанда, Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын 15 қаңтардан кешіктірмей қағаз тасығышта және (немесе) электронды құжат нысанында жергілікті атқарушы органдарына түлектердің санын (оның ішінде тегі және аты жөнінің бас әріптерін), тұрғылықты тұратын жерін, алған мамандығы мен қай тілде оқығанын көрсетіп, олардың:

      ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін квота шегінде;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде;

      2) жергілікті атқарушы органдары 15 ақпаннан кешіктірмей осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген, жіберілген өтінімдерге сәйкес бөлу жөніндегі комиссиялар мәлімдеген мамандықтар бойынша бөлу жөніндегі комиссияларға қағаз тасығышта және (немесе) электронды құжат нысанында:

      Заңның 26-бабының 8-тармағының 3) тармақшасында белгіленген квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен, ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерде орналасқан білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарындағы, ветеринария саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың бөлімшелеріндегі, ветеринария ұйымдарындағы, аграрлық бейіндегі ұйымдардағы;

      Заңның 26-бабының 8-тармағының 6) тармақшасында белгіленген квота шегінде оқуға түскен, ауыл жастары қатарынан шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша тізбесі қаулыда айқындалған қоныс аударуға арналған өңірлердегі;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде педагогикалық және медициналық мамандықтарға оқуға түскен Қазақстан Республикасының азаматтары үшін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарындағы;

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде басқа мамандықтар бойынша білім алған Қазақстан Республикасының азаматтары үшін меншік нысанына қарамастан, ұйымдардағы кадрларға сұраныс туралы ақпарат береді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 26.02.2024 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқуды аяқтаған Қазақстан Республикасының азаматтары 1 қыркүйектен кешікпей жолдама бойынша жұмыс орнына келеді.

      14. Жергілікті атқарушы орган:

      1) Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары келгеннен кейін бір ай ішінде Операторға жұмыс орны және көрсетілетін әлеуметтік көмектің түрі (бар болса) туралы мәліметтерді ұсына отырып, бөлуге сәйкес келгені туралы растауды жібереді;

      2) 2012 жылдан бастап жыл сайын 1 қыркүйекке қарай Операторға Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының жұмыс істейтін азаматтарының тізімдерін жібереді;

      15. Заңның 47-бабының 17-1-тармағында көрсетілген жас мамандар мемлекеттік білім беру ұйымдары мен мемлекеттік медициналық ұйымдарына жұмысқа бірінші кезекте бөліну құқығына ие.

      16. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) жұмысқа бөлу және жіберу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ЖЖОКБҰ-да және ДССҒҰ-да бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі комиссиялар құрылады;

      2) ЖЖОКБҰ, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдар тиісті бос орындар болған жағдайда жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органға ЖЖОКБҰ-дағы, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардағы кадрларға қажеттілік туралы өтінімдер жібереді;

      3) бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) бөлу жөніндегі комиссиялар жыл сайын 15 сәуірден кешіктірмей уәкілетті органға мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) даярлау бағдарламасы бойынша докторантураға түскен және ағымдағы жылы оқуын аяқтайтын адамдардың тізімдерін жібереді.

      17. Бейіні бойынша докторларды және философия докторларын (PhD) дербес бөлу ұсынылған құжаттар бойынша және ЖЖОКБҰ-ның, мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардың кадрларға қажеттілік туралы өтінімдеріне сәйкес уәкілетті орган ұсынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.

      18. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын дербес бөлу кезінде:

      1) тұрақты тұратын орны немесе бөлу қолайлы болатын елді мекен;

      2) түлек үлгерімінің орташа балы;

      3) жұмыс берушілердің өтінішхаттары;

      4) Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген бірінші кезекте бөлу құқығын беретін жағдайлардың болуы;

      5) Заңда және/немесе осы Қағидаларда белгіленген, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босататын не жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындау мерзімін кері шегеретін жағдайлардың болуы ескеріледі.

      19. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыру кезінде жұмыспен өтеу мерзімінде қызмет өткеру уақытын есептемегенде, қызмет өткеру уақытына кейінге қалдыру беріледі.

      20. Бөлу сәтінде бос жұмыс орындары болмаған жағдайда бөлу жөніндегі комиссиялар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу жөніндегі комиссиялар жұмыс іздеп жүрген адамдар ретінде тіркеу туралы өтініштермен жүгіну үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталықтарына немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталы немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы немесе "Электрондық еңбек биржасы" (портал enbek.kz) мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам немесе жұмыссыз ретінде есепте тұрған уақытын есепке ала отырып, тіркеуге жібереді.

      21. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге жолдама алғаннан кейін оқуды аяқтаған жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей жұмысқа орналасуға жәрдемдесу үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 214 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32850 болып тіркелген) Жұмыс іздеп жүрген адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.

      22. Тұрғылықты жері бойынша өңірде Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген және мансап орталықтарында есепке алынған азаматтардың кәсіптік даярлығы мен мамандығына сәйкес келетін бос жұмыс орындары болмаған жағдайда еңбек мобильділігі орталықтармен жұмыс іздеп жүрген адамдарға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 234 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32880 болып тіркелген) Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидаларында белгіленген тәртіппен басқа өңірлерде жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.

      23. ЖЖОКБҰ-да оқуын бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан ұйымдарда жұмыс беріледі. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі оқуын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүргізіледі. Бұл жағдайда Заңның 47-бабы 17-1-тармағына сәйкес оқуын кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) жұбайының (зайыбының) жұмыс орны бойынша бірінші кезекте бөлінуге құқылы.

      24. Ағымдағы жылдың түлектерін бөлу жөніндегі комиссиялардың отырыстары жыл сайын ерте дегенде 1 маусымда күндізгі форматта немесе қашықтан өткізіледі.

      Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін бөлу жөніндегі тиісті комиссияларға берілген өтініштер негізінде бөлу жөніндегі тиісті комиссиялардың отырыстарына қатысуға жіберіледі.

      25. Бөлу жөніндегі тиісті комиссияға дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда Заңның 47-бабы 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің қатысуынсыз бөлінеді.

      26. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының бірнеше азаматын бір бос орынға жіберуге жол бермеу мақсатында оларды бөлу жөніндегі комиссиялар құрылған тиісті ЖЖОКБҰ-ның және ДССҒҰ-ның жұмысқа бөлінген, Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының алдын ала тізімдерін жыл сайын 1 наурыздан кешіктірмей ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органға жіберуі арқылы алдын ала бөлу жүзеге асырылады. Осындай фактілер анықталған жағдайда Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілгеннен кейін жүргізіледі, бұл ретте үлгерімнің орташа балы және ЖЖОКБҰ орналасқан жерінің болжамды бөлу орнына жақындығы назарға алынады.

      27. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген, ағымдағы жылы оқу бітіретін Қазақстан Республикасының азаматтарын дербес бөлу тиісті бөлу жөніндегі комиссияның хаттамалық шешімімен жыл сайын 1 шілдеден кешіктірмей ресімделеді, оның негізінде ЖЖОКБҰ осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жұмысқа жолдамалар дайындайды. Бұл ретте Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарын бөлу туралы оларды хабардар етуді ЖЖОКБҰ хаттамалық шешім қабылданған сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жұмысқа жолдамалар беру арқылы жүзеге асырады.

      Бөлу жөніндегі тиісті комиссияның хаттамалық шешімін отырысқа қатысып отырған бөлу жөніндегі комиссия мүшелерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімдеуге жол беріледі.

      28. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасы азаматтарының жұмыспен өтеу мерзімі олардың жұмыс берушілермен еңбек шартын жасасқан күнінен бастап немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты жалдамалы қызметкер ретінде жасасқан күнінен бастап жеке кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде мемлекеттік кірістер органында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап есептеледі, ал бос жұмыс орны болмаған жағдайда - мансап орталығында жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап есептеледі.

      29. ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ жыл сайын бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде операторға бөлу жөніндегі комиссиялардың хаттамаларын ұсынады және ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей операторға бөлу жөніндегі барлық материалдарды қағаз және (немесе) электрондық форматта жібереді.

      30. Заңның 47-бабының 17-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарымен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылған жағдайда, жұмыс беруші еңбек шарты бұзылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей тиісті растайтын құжаттарды ұсына отырып, бұл туралы тиісті жергілікті атқарушы органды хабардар етеді.

      31. Мыналар:

      мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде резидентураға, магистратураға немесе докторантураға түспеген адамдар;

      әскери қызмет өткергеннен кейін оралған адамдар;

      жұмыс берушінің таратылуы немесе қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы негіздері бойынша жұмыстан босатылған адамдар;

      жұмыс беруші бос жұмыс орындарын сақтамаған адамдар;

      бір бос орынға бірнеше жас маманның жіберілуіне байланысты жұмысқа қабылданбаған адамдар;

      әңгімелесуге жіберілмеген немесе бос мемлекеттік лауазымға орналасу үшін конкурстық іріктеуден өтпеген бейін бойынша докторлар;

      бөлінген жерге белгіленген мерзімде дәлелді себептермен (жас маманның немесе жақын туыстарының науқастануы, некеге тұруы және тұрғылықты жерін ауыстыруы, жұмыспен өтеу орнына уақтылы келуіне кедергі болған форс-мажорлық мән-жайлар) келмеген адамдар;

      мансап орталықтарында жұмыс іздеушілер немесе жұмыссыздар ретінде тіркелу кезінде жүктілік кезіндегі әйелдер;

      уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру үшін жұмысқа қабылданған кезде негізгі жұмыскердің жұмысқа шығуына байланысты жұмыстан босатылуы (уақытша бос мемлекеттік лауазымға орналастыруды қоса алғанда);

      некеге тұруы және осыған байланысты тұрғылықты жерін өзгертуі бойынша бастапқы бөлінген жерде толық мерзімді өтемеген адамдар қайта бөлінуге тиіс.

      32. Осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу бастапқы бөлу сияқты тәртіппен жүзеге асырылады.

      33. Осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген адамдарды қайта бөлу жөніндегі материалдарды ЖЖОКБҰ және ДССҒҰ бөлу жөніндегі комиссиялары қайта бөлу туралы хаттамалық шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде Операторға жібереді.

3-тарау. Жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босатуды немесе міндетін тоқтатуды ұсыну

      34. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттен босату жас мамандарды дербес бөлу жөніндегі комиссияның шешімімен Заңның 47-бабының 17-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына беріледі.

      35. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген, оқуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтемей, жұмыспен өтеу жөніндегі міндеттің тоқтатылуы Заңның 47-бабының 17-3-тармағына сәйкес басталады.

      36. Осы Қағидалардың 15, 20, 34 және 35-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

4-тарау. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды өтеу тәртібі

      37. Заңның 47-бабының 17-тармағында көзделген жұмыспен өтеу жөніндегі міндетті орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтары Заңның 47-бабының 17-2 және (немесе) 17-3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, өздерін оқытуға байланысты бюджет қаражаты есебінен жұмсалған шығыстарды білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы арқылы бюджетке нақты жұмыс істелген кезеңге мөлшерлес өтейді.

      38. Жұмыспен өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шығыстарын өтеу мынадай формула бойынша нақты жұмыспен өтеген кезеңге мөлшерлес жүзеге асырылады:

      S1 = (z - d) * S / z,

      мұндағы:

      S1 – бюджетке қайтарылуға тиіс сома, теңгемен;

      d – жұмыспен өтеудін нақты мерзімі айлармен, күндерге бөлшектенбейді (бұл ретте дөңгелектеу үлкен жағына қарай жүргізіледі);

      z – осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген, бүкіл мерзім бойы мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқып шыққан Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 36 айды (4-тармақта көрсетілген адамдар үшін 24 ай немесе формула бойынша есептелген мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде ішінара оқыған адамдар үшін мөлшерлес өтеу мерзімі) құрайтын жұмыспен өтеу мерзімі;

      S – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бүкіл оқу кезеңіне жұмсалған бюджет қаражатының сомасы.

  Маманды жұмысқа жіберу,
бюджет қаражаты есебінен
шеккен шығыстарды өтеу, өз
бетінше жұмысқа орналасу
құқығын беру, мемлекеттік білім
беру тапсырысы негізінде білім
алған Қазақстан
Республикасының азаматтарын
жұмыспен өтеу жөніндегі
міндетінен босату немесе
олардың міндетін тоқтату
қағидаларына қосымша

Жұмысқа жолдама

      __________________________________________________________________________

      (ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ атауы)

      мамандығы және (немесе) білім беру бағдарламалары бойынша түлек

      __________________________________________________________________________

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда))

      _______________________________________________________________ дербес бөлу

      жөніндегі комиссияның _______________________ № __________ шешімінің негізінде

      ретінде____________________________________________________________________

      (лауазымы)

      орналасқан________________________________________________________________

      (мекенжайы)

      _________________________________________________________________жіберіледі.

      (ұйым атауы)

      ЖЖОКБҰ басшысы қолы

      ---------------------------------------------------------------------------------------------------------------

      (кесу сызығы)

      Мен,_____________________________________________________________________,

      (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда))

      ____________________________________________________________________бітіріп,

      (ЖЖОКБҰ немесе ДССҒҰ атауы)

      ________________________________________________________________орналасқан,

      (мекенжайы)

      _________________________________________________________________жұмысқа

      (ұйым атауы)

      __________________________________ лауазымына жолдама алғанымды растаймын.

      20 ___ ж ___ ________ түлектің қолы _______