Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидаларын және оның үлгілік нысанын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы № 27 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 1 маусымда № 32661 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі 41-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Мыналар:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидалары;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2023 жылғы 26 мамырдағы
№ 27 Қаулыға
1-қосымша

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс) 41-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Әлеуметтік кодексте көрсетілген мәндерде қолданылатын ұғымдар пайдаланылады.

2-тарау. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу тәртібі

      3. Салымшы (алушы) "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерікті зейнетақы жарнасының бастапқы сомасы немесе аударылған ерікті зейнетақы жинақтарының бастапқы сомасы түскен немесе талап етілмеген кепілдік өтем сомасы түскен күннен бастап ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.

      4. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен немесе ерікті жинақтаушы зейнетақы қорымен салымшы (алушы) жасасатын қосылу шарты болып табылады, оның талаптарын салымшы (алушы) ұсынылған шартқа қосылу жолымен қабылдайды.

      5. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны ерікті жинақтаушы зейнетақы қорының интернет-ресурсында орналастырылады.

  Қаулығы
2-қосымша

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны (қосылу шарты)

      Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт (қосылу шарты) (бұдан әрі – Шарт) _________ (бұдан әрі – Қор) және ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы (ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алушы) (бұдан әрі – Салымшы (Алушы)) арасында соңғысын Шарт талаптарына қосу жолымен жасалды және тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, сондай-ақ Қор мен Салымшы (Алушы) арасындағы құқықтық қатынастардың өзге де ерекшеліктерін белгілейді.

1. Шарттың мәні

      1. Шартқа сәйкес Салымшы (Алушы) ерікті зейнетақы жарналарын енгізеді, ал Қор оларды қабылдауға және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына және Шарттың талаптарына сәйкес міндеттерді орындауға міндеттенеді.

      2. Шарт Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабының, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің (бұдан әрі – Әлеуметтік кодекс), Қордың ішкі құжатымен бекітілген Қордың Зейнетақы қағидаларының (ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу жөніндегі) (бұдан әрі – Қордың зейнетақы қағидалары) талаптарына сәйкес жасалатын қосылу шарты болып табылады.

      Шарт, Қордың зейнетақы ережелері, оларға өзгерістер мен толықтырулар Қордың интернет-ресурсында және Қордың филиалдарында көруге қолжетімді жерде орналастырылады.

      3. Ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін Қорда жеке зейнетақы шотын ашу ерікті зейнетақы жарналары салымшысынан Қорға түскен ерікті зейнетақы жарнасының бастапқы сомасы немесе басқа жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылған Салымшының (Алушының) ерікті зейнетақы жинақтарының сомасы не "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымнан талап етілмеген кепілдік өтемінің бастапқы сомасы негізінде жүзеге асырылады.

      Қордағы ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына ерікті зейнетақы жарналарының сомасы не Салымшының (Алушының) ерікті зейнетақы жинақтарының аударым сомасы не кепілдік өтемнің талап етілмеген бастапқы сомасы есепке алынған күннен бастап Салымшы (Алушы) Шартқа қосылған болып есептеледі.

2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      4. Қордың:

      1) өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;

      2) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Салымшының (Алушының) мүдделерін сотта білдіруге;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына, Әлеуметтік кодекске, сондай-ақ Қордың Зейнетақы қағидаларына сәйкес Салымшының (Алушының) құқықтарына қысым жасамайтын және оларды нашарлатпайтын өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      5. Қор:

      1) ерікті зейнетақы жарналарын қабылдауға;

      2) Шартқа және Қордың зейнетақы қағидаларына сәйкес Салымшыға (Алушыға) зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;

      3) Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарын және оған жасалған зейнетақы төлемдерінің жеке есебін жүзеге асыруға;

      4) Салымшыға (Алушыға) оның сұратуы бойынша жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұратылған күнге ақы алмай, оның зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беруге, сондай-ақ Әлеуметтік кодекстің 55-бабында көзделген ережелерді ескере отырып, оның зейнетақы жарналары туралы ақпаратқа рұқсат берудің электрондық және өзге тәсілдерін қамтамасыз етуге құқылы. Егер Салымшы зейнетақы төлемдерін Алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын заңды тұлға (немесе жеке тұлға) болып табылса, Қор Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарына сәйкес ресімделген Алушының жазбаша келісімі болған кезде Салымшыға Алушының зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат беруге;

      5) Салымшының (Алушының) сұратуы бойынша жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару қызметі мәселелері бойынша оған ақысыз консультациялық қызметтер көрсетуге;

      6) Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етуге;

      7) зейнетақымен қамсыздандыру саласында әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қордың зейнетақы қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік алуға;

      8) Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарын Әлеуметтік кодексте және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген тәртіппен басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударуға;

      9) Әлеуметтік кодекстің 223-бабында және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптар басталған жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Әлеуметтік кодексте, Шартта және Қордың зейнетақы қағидаларында белгіленген тәртіппен зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыруға;

      10) өзінің деректемелері өзгерген күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде бұл туралы Салымшыға (Алушыға) қазақ және орыс тілдеріндегі кемінде 2 (екі) мерзімді баспасөз басылымында хабарландыру жариялау арқылы хабарлауға;

      11) Қордың міндеттемелерін орындауға ықпал ететін Салымшының (Алушының) деректемелері өзгерген жағдайда, 3 (үш) жұмыс күні ішінде автоматтандырылған ақпараттық жүйеге бұл өзгерістерді растайтын құжаттардың негізінде тиісті өзгерістерді енгізуге;

      12) өзінің барлық Салымшыларына (Алушыларына) тең талаптарды қамтамасыз етуге міндетті.

      6. Салымшы (Алушы):

      1) Қордың зейнетақы қағидаларымен танысуға;

      2) өзінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алуға;

      3) Қордан жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару қызметі мәселелері жөнінде өтеусіз консультациялық қызметтер алуға;

      4) зейнетақы жинақтарын Әлеуметтік кодексте және Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген тәртіппен басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аударуға;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Әлеуметтік кодексте, Шартта және Қордың зейнетақы қағидаларында белгіленген тәртіппен Әлеуметтік кодекстің 223-бабына, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес құқықтар туындаған кезде Қордан зейнетақы төлемдерін алуға;

      6) өзінің зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте мұраға қалдыруға;

      7) Қордың әрекетіне (әрекетсіздігіне) сот тәртібінде шағым жасауға құқылы;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      7. Салымшы (Алушы):

      1) Қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін барлық өзгерістер туралы олар басталған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде растаушы құжаттарды ұсына отырып, Қорға хабарлауға міндетті.

      Қордың міндеттемелерін орындауға әсер ететін өзгерістерге мыналардың: бұрын Қорға ұсынылған ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөмірінің, электрондық мекенжайының (e-mail);

      зейнетақы төлемдерін алу мақсатында Қорға ұсынылған зейнетақы төлемдерін алушының банктік деректемелерінің өзгеруі жатады;

      2) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу үшін қолданылатын жеке өлшемдердің (логин, пароль, электрондық мекенжай, телефон нөмірі, басқалар) сақталуын және конфиденциалдығын қамтамасыз ету;

      3) қасақана және/немесе байқаусызда жасалған әрекеттер нәтижесінде оларға қол жеткізген үшінші тұлғалардың зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу үшін қолданылатын жеке өлшемдерді (логин, пароль, электрондық мекенжай, телефон нөмірі, басқалар) пайдаланғандары үшін жауапкершілік алуға;

      4) Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес өзге де міндеттемелерді орындауға міндетті.

3. Ерікті зейнетақы жарналарын енгізу, зейнетақы жинақтарын аудару және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру тәртібі мен талаптары

      8. Салымшы (Алушы) оның пайдасына Алушы болып табылмайтын заңды тұлға (немесе жеке тұлға) ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жеке тұлға болып табылатын алушыны қоспағанда, Шарт бойынша ерікті зейнетақы жарналарын төлеудің мөлшері мен кезеңділігін дербес айқындайды.

      9. Зейнетақы төлемдері Әлеуметтік кодекстің 223-бабына сәйкес жүргізіледі. Зейнетақы төлемдерін алу тәртібін Алушы Қордың зейнетақы қағидаларына сәйкес дербес айқындайды.

      10. Зейнетақы жинақтарын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе сақтандыру ұйымына аудару тәртібі мен талаптары Әлеуметтік кодексте және Қордың зейнетақы қағидаларында айқындалған.

4. Қордың Салымшының (Алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты ұсыну тәртібі

      11. Қор Салымшыға (Алушыға), оның ішінде Қордың интернет-ресурсы және "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы ұсынатын зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратта:

      1) сұратылатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы;

      2) сұратылатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша есептелген инвестициялық кіріс сомасы;

      3) зейнетақы активтерінен комиссиялық сыйақының шамасы;

      4) сұратылатын кезең ішіндегі күндерді көрсете отырып, зейнетақы жарналарының, өсімпұлдың, зейнетақы жинақтары аударымдарының, төлемдерінің және (немесе) ұсталған жеке табыс салығының сомасы;

      5) сұратылатын кезең ішіндегі күндерді көрсете отырып, Салымшының (Алушының) ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотында көрсетілетін өзге де операциялардың сомасы туралы мәліметтер қамтылады.

      12. Егер Салымшының (Алушының) сұратуында өзгеше көрсетілмесе, Салымшының (Алушының) сұратуы бойынша ол сұрау салған кез келген күндегі Қор ұсынатын ақпаратта Шарттың 11-тармағында аталған, сұрау салынатын кезеңнің басындағы және соңындағы жағдай бойынша жасалған мәліметтер қамтылады.

      13. Қор Салымшыны (Алушыны) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы хабарлауды оның сұратуы бойынша кез келген сұратылған күні ақысыз жүргізеді.

      14. Салымшының (Алушының) өтініші бойынша хабарлау байланыс құралдары (пошта, электрондық пошта және Қордың зейнетақы қағидаларында көзделген басқа байланыс құралдары) арқылы немесе Салымшы (Алушы) жеке өтініш жасаған кезде жүргізіледі.

5. Салымшының (Алушының) өтінішін қарау

      15. Салымшы (Алушы) Қорға жазбаша, ауызша нысанда не өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында өтінішпен мынадай түрде жүгінеді:

      1) Cалымшының (Алушының) оның құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға ықпал көрсету туралы өтініш не Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау заңнамасының бұзылуы, Қордың, лауазымды адамдардың жұмысындағы кемшіліктер не олардың қызметін сынау туралы хабарламасы;

      2) Салымшының (Алушының) Қор қызметкерлерінің және өзге де адамдардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы, заңсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі туралы шағымдары;

      3) Салымшының (Алушының) Шарт шеңберінде ақпарат беру туралы сұратуы;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өтініштің өзге нысаны.

      16. Салымшының (Алушының) өтініштерін қарау Шартта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырылады.

6. Қордың комиссиялық сыйақысы

      17. Қордың комиссиялық сыйақысының шамасы зейнетақы активтерінен айына ____ пайыз мөлшерінде белгіленеді.

7. Тараптардың міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауапкершілігі

      18. Тараптар Шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Шартта және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте жауапкершілік атқарады.

      19. Қордың кінәсінен зейнетақы жинақтары аударымын кешіктірген жағдайда, Қор Салымшының (Алушының) пайдасына аударылуға жататын зейнетақы жинақтарының сомасына әрбір кешіктірілген күнге (аударым жасау күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.

      20. Қор зейнетақы төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін құқықтары бұзылған адамның пайдасына төлемдер сомасына әрбір кешіктірілген күнге (төлем жүргізу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру ресми мөлшерлемесінің 1,5 еселенген мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.

      21. Өсімпұлды төлеу Қорды зейнетақы жинақтарын аударымы (зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру) бойынша міндеттемелерді орындаудан босатпайды.

      22. Шартта реттелмеген жауапкершілік мәселелері Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау заңнамасына сәйкес реттеледі.

8. Еңсерілмейтін күш салдарынан міндеттемелерді орындамаған жағдайда тараптардың жауапкершілігі

      23. Егер еңсерілмейтін күш салдарынан тиісінше орындауға мүмкін болмаса, Шарттың тараптары Шарт бойынша мiндеттемелерді ішінара немесе толық орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

      24. Өрт, су тасқыны, зілзала, табиғи апаттар, қоршауда қалу, ереуілдер, әскери іс-қимылдар, террорлық актілер және тараптар болжай алмаған және Шарттың орындалуына тікелей әсер еткен осыған ұқсас өзге де жағдайлар еңсерілмейтін күш жағдайлары болып табылады.

      25. Қор Салымшының (Алушының) сұратуы бойынша Шарттың 23-тармағында көрсетілген жағдайлардың туындағанын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

9. Шартты өзгерту немесе бұзу тәртібі мен талаптары

      26. Шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, Қор көрсетілген өзгерістер мен толықтыруларды, сондай-ақ Шарттың жаңартылған редакциясын Қордың интернет-ресурсында және Қор филиалдарында көруге қолжетімді жерде орналастыру арқылы Салымшыны (Алушыны) осындай өзгерістер мен толықтырулар туралы хабардар етеді.

      27. Шарт зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда 1 (бір) ай өткеннен кейін өз қолданысын тоқтатады.

10. Қорытынды ережелер

      28. Тараптардың Шарт бойынша реттелмеген даулары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

      29. Тараптар Шарттың мәніне қатысты және Шарт бойынша тараптардың қарым-қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау заңнамасын сақтауға міндеттенеді.

      30. Шарт әрқайсысының заңды күші бірдей, қазақ және орыс тілдерінде жасалады.

  Қаулығы 3-қосымша

Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың үлгілік нысаны (қосылу шарты)
Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актісінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидаларын және оның үлгілік нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 137 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11974 болып тіркелді).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 258 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14727 болып тіркелді) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 9-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 254 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16246 болып тіркелді) бекітілген Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 30 шiлдедегi № 157 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17559 болып тіркелді) бекітілген Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      5. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 маусымдағы № 103 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18995 болып тіркелді) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 5-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 17 ақпандағы № 33 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22238 болып тіркелді) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      7. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 66 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2022 жылғы 15 қыркүйекте № 29609 болып тіркелді) бекітілген Өзгерістер мен толықтыру енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын реттеу және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 3-тармағы.