"Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2023 жылғы 14 наурыздағы № 155 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 15 наурызда № 32072 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін . қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12115 болып тіркелді) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакциядағы 36-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "36-1) рейс мәртебесінің өзгеруі — маршруттың жоспарланған бағыттан өзгеруі, рейстің кідіруі, рейс кестесінің өзгеруі, рейстің орындалмауы немесе рейстің ұшу (ұшып келу) уақытына немесе маршрутқа әсер ететін өзге де өзгеріс;"

      9-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) билетте көрсетiлген рейстің мәртебесі өзгерген;"

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Жолаушы тасымалдауды брондау және кейіннен билет жазып беруді жүзеге асыру және арнайы қызметтердi ұсыну мен ұшу қауiпсiздiгi талаптарын орындау үшiн қажеттi мынадай мәлiметтер мен құжаттарды ұсынады:

      1) тегi, аты, әкесiнiң аты (оның болуы жағдайында);

      2) ол бойынша жол құжаты (билет) сатып алынатын жеке басын куәландыратын құжат түрі және нөмірі;

      3) жөнелту орны және нөмірі, межелі пункт, баратын маршрут түрі (жолда түспейтін, транзиттік);

      4) жолаушының келісімімен байланыс мәліметтері (электрондық почта мекенжайы және ұялы байланыстың абоненттік нөмірі), ол арқылы билетті сатуды жүзеге асырушы авиакомпания немесе уәкілетті агент осы жолаушымен хабарласа алады."

      22-тармақ 5) тармақшамен толықтырылсын және мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Әуеде тасымалдау шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша бiржақты тәртiппен мынадай:

      1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында Заңның 107-бабында белгiленген қарап тексеруден бас тартқан;

      2) жолаушының осы Қағидаларды бұзған және (немесе) жолаушының ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекет жасаған;

      3) егер жолаушының алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы өзiнiң денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын;

      4) жолаушылардың Заңның 88-бабында көзделген әуе кемесінің бортында өзінің міндеттерін орындамауы жағдайларында тоқтатады.

      5) Заңның 78-1-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жолаушы авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізілген жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.

      Әуе тасымалы шектелген авиакомпания тұлғаларын тізілімге енгізу тәртібі Заңның 78-1-бабында көзделген.

      Авиакомпанияның бастамасы бойынша әуемен тасымалдау шартын жолаушының жасалғаны үшін бұрын тасымалдаушының бастамасы бойынша әуемен тасымалдау шарты тоқтатылып қойған әрекеттері үшін, сондай-ақ егер жолаушы Заңның 78-1-бабына сәйкес авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізілмеген болса, қайтадан тоқтатуға жол берілмейді.

      Жолаушының алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы "Психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы № ҚР ДСМ-203/2020 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28474 болып тіркелді) белгіленген тәртiппен медициналық куәландыру арқылы расталады.";

      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушы жолаушылар үшін жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай қызметтерді ұйымдастырады:

      1) жетi жасқа дейiнгi балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесiн ұсыну (болған кезде);

      2) рейстiң жөнелтiлуiн екi сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екi телефон қоңырауын шалу, оның iшiнде халықаралық байланыс желiсi бойынша қоңырау шалу немесе электрондық пошта арқылы екi хабарлама жiберу;

      3) рейстiң жөнелтiлуiн екi сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;

      4) рейстiң жөнелтiлуiн төрт сағаттан аса және әрi қарай күткен кезде:

      күндiзгi уақытта - әрбiр алты сағат сайын;

      түнгi уақытта - әрбiр сегiз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;

      5) рейстiң ұшуын күндiзгi уақытта сегiз сағаттан аса және түнгi уақытта алты сағаттан аса күткен кезде авиакомпания ұсынған қонақ үйге орналастыру;

      6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда авиакомпания ұсынған көлiкпен әуежайдан қонақ үйге дейiн және керi қарай жеткiзу қызметтерiн көрсетудi ұйымдастырады.

      Тасымалдаушының кiнәсінен рейс мәртебесі өзгерген немесе бес сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша тасымалдаушы:

      осы тармаққа сәйкес қызметтерді көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етеді;

      жолаушыға билеттiң толық құнын қайтарады.

      Рейстің мәртебесі өзгерген кезде тасымалдаушы осындай өзгеріс туралы өзіне белгілі болған бойда жолаушыны билетті сатып алу кезінде көрсетілген ұялы байланыстың абоненттік нөмірі және электрондық пошта мекенжайы бойынша, сондай-ақ әуежайда:

      рейс мәртебесінің өзгеру себептері және жаңа ұшу уақыты және (немесе) жаңа маршрут туралы;

      егер өзгеріс осы тармаққа сәйкес тасымалдаушының кінәсінен немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан болса, рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты тасымалдаушы ұсынатын қызметтер тізбесі туралы хабардар етеді.

      Осы тармақта көрсетiлген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетiледi.

      Жолаушының сұрауы бойынша оған хат ұсынылады немесе авиакомпанияның арнайы тағайындалған лауазымды адамы рейс мәртебесінің өзгеру себептерi туралы билетке белгi қояды.";

      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін, егер мерзімін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан орын алғанын дәлелдей алмаса, жолаушы шеккен залалдарды өтеуден басқа, егер бұл осындай мерзімін өткізіп алуға байланысты орын алған болса, мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнының үш пайызы мөлшерінде айыппұл төлейді.

      Айыппұл сомасын сатып алынған тариф (мерзімін өткізіп алу орын алған ұшу учаскесі тарифі) құнынан асыруға болмайды.

      Тасымалдаушы жолаушыны межелі пунктке жеткізу мерзімін өткізіп алғаны үшін айыппұл төлеуді жолаушының өтініші бойынша тасымалдаушының интернет-ресурсы және билеттер сату пункттері арқылы жүргізеді.";

      129-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жолаушыға билет жазылып берілген рейс мәртебесінің өзгеруі;";

      мынадай мазмұндағы 131-1-тармақпен толықтырылсын:

      "131-1. Авиакомпанияның әуе тасымалы шектелген адамдар тізіліміне енгізілген жолаушымен авиакомпания әуе тасымалы шартын тоқтатқан жағдайда, жолаушыға сатып алынған билеттің (ұшу учаскесі билетінің) толық құны өтеледі.";

      мынадай мазмұндағы 137-тармақпен толықтырылсын:

      "137. Тасымалдаушыға тасымалдаудан туындайтын талап-арыздар тасымалдаушы шағымды қанағаттандырудан толық немесе ішінара бас тартқан не талап-арыз жіберілген сәттен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін тасымалдаушыдан берілген шағымға жауап алмаған жағдайларда қойылуы мүмкін.

      Тасымалдау шарты бойынша талап қою мерзімі-екі жыл.

      Талап қою мерзімі талап қою үшін негіз болған оқиға басталғаннан кейінгі келесі күннен бастап есептеледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі