"Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 175 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 27 тамыздағы № 384 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 27 тамызда № 29446 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 175 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20567 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің ресми Интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Аймағамбетов

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
"27" тамыз 2022 жылғы
№ 384 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 4 мамырдағы
№ 175 бұйрығына
1-қосымша

Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 38-2) тармақшасына сәйкес әзірленген және педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын (бұдан әрі - Бағдарлама) әзірлеу, келісу және бекіту тәртібін айқындайды.

      2. Бағдарламаларды педагогтердің біліктілігін арттыру білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар әзірлейді.

      3. Бағдарламаларға сараптама жүргізу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі - Уәкілетті орган) бұйрығымен үш жыл мерзімге консультативтік-кеңесші орган – Сараптамалық кеңес құрылады.

      Сараптамалық кеңестің құрамына ғылыми ұйымдардың қызметкерлерінің қатарынан кемінде жеті адам, білім беру саласындағы қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, білім беру ұйымдарында, оның ішінде педагогикалық жоғары оқу орындарында кәсіби қызметті іске асыратын педагогтер кіреді.

2-тарау. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу тәртібі

      4. Бағдарламаны әзірлеу үшін педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымы мыналарды жүргізеді:

      Қазақстан Республикасының заңнамасын және нормативтік құқықтық актілерді талдау;

      зерттеудің сапалық және/немесе сандық әдістер арқылы педагогтердің кәсіби дамуындағы қажеттіліктерін талдау. Сапалы деректерді жинау педагогтермен және/немесе оқушылармен сұхбат және фокус-топтар арқылы педагогтердің қазіргі оқыту тәжірибелерін, дағдылары мен сенімдерін зерделеу және қажет болған жағдайда сабақтарға қатысу арқылы жүргізіледі. Сандық деректерді жинау педагогтерге және/немесе оқушыларға сауалнама жүргізу және/немесе тестілеу арқылы жүргізіледі. Зерттеу әдістемесі, оның ішінде құралдар, іріктеу өлшемшарттары және зерттеу жүргізу рәсімдері бағдарламаның ерекшелігімен айқындалады.

      5. Біліктілікті арттыру ұйымы Қазақстан Республикасының заңнамасы мен нормативтік құқықтық актілеріне және педагогтердің қажеттіліктеріне жүргізген талдау нәтижелері хаттамалық шешіммен рәсімделеді. Хаттамаға Қазақстан Республикасының заңнамасы мен нормативтік құқықтық актілеріне және педагогтердің қажеттіліктеріне сараптама жүргізген адамдар, сондай-ақ біліктілікті арттыру ұйымының басшысы қол қояды.

      6. Хаттаманың негізінде біліктілікті арттыру ұйымы Бағдарламаны әзірлеу мерзімдерін, Бағдарламаның атауын, оқыту ұзақтығы мен нысанын көрсете отырып бұйрық шығарады.

      7. Бағдарламаларды педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымдары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын ескере отырып әзірлейді.

      8. Бағдарлама мынадай бөлімдерді қамтиды:

      1) жалпы ережелер;

      2) глоссарий;

      3) Бағдарлама тақырыбы;

      4) Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижелері;

      5) Бағдарламаның құрылымы мен мазмұны;

      6) оқу процесін ұйымдастыру;

      7) Бағдарламаны оқу-әдістемелік қамтамасыз ету;

      8) оқу нәтижелерін бағалау;

      9) курстан кейінгі қолдау;

      10) негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі.

      "Жалпы ережелер" деген бөлім Бағдарламаның өзектілігін және оның жалпы мемлекеттік басымдықтар мен әлемдік трендтермен байланысын ашып көрсетеді;

      "Глоссарий" деген бөлім Бағдарламада қолданылатын терминдерді, олардың өзектілігі мен бірегейлігін тізімдейді;

      "Бағдарлама тақырыбы" бөлімінде Бағдарламаның жаңашылдық дәрежесі, білім беру жүйесінде аналогтардың бар/жоқтығын талдауды сипаттайды.

      "Бағдарламаның мақсаты, міндеттері және күтілетін нәтижелері" деген бөлімі Бағдарламаның тәжірибелік маңыздылығы, оқыту нәтижелерінің педагогтердің жұмыс тәжірибесіне әсерін сипаттайды.

      "Бағдарламаның құрылымы мен мазмұны" деген бөлім Бағдарламаның жоспарын, Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері бойынша күтілетін нәтижелердің өзара байланысын сипаттайды.

      "Оқу процесін ұйымдастыру" деген бөлім оқу процесінің форматын, сағат санын және оқыту нысандарын сипаттайды.

      "Оқу-әдістемелік қамтамасыз ету" деген бөлім оқыту нәтижелеріне қол жеткізуге бағытталған оқытудың тиімді әдістері ұсынылған Бағдарламаны іске асыру үшін дидактикалық көзқарасты сипаттайды.

      "Оқыту нәтижелерін бағалау" деген бөлім пән саласының ерекшеліктеріне сәйкес оқыту нәтижелерін бағалаудың тиімді әдістерін көрсетеді.

      "Курстан кейінгі қолдау" деген бөлім курстан кейінгі қолдау форматын, нысандары мен әдістерін сипаттайды.

      "Негізгі және қосымша әдебиеттер тізімі" деген бөлім соңғы 5 жылдағы өзекті отандық және шетелдік басылымдарды қамтиды.

      9. Барлық Бағдарламалардың жобалары жария талқылау үшін педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымының интернет-порталында келісуге жіберілгенге дейін орналастырылады. Педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымы авторланған пайдаланушылардан талқыланатын білім беру бағдарламасына қатысты ұсыныстарды, ескертулерді немесе ұсынымдарды алғаннан кейін, білім беру бағдарламасының әзірлеушілері интернет-порталда аталған ұсыныстардың, ескертулердің, ұсынымдардың ескерілетінін немесе негіздемемен бас тарту туралы жауап ұсынады. Жобаларды жария талқылау мерзімі оларды интернет-порталға орналастырған күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.

      10. Бағдарламалар мынадай тәртіппен ресімделеді

      Мәтін қағаз немесе электрондық бланкіде *docx форматында келесі параметрлерді ескере отырып басылады:

      1) қаріп – "Times New Roman" pt 14 өлшемі;

      2) жоларалық интервал - бір;

      3) абзацтық шегініс (бірінші жолдың шегінісі) - 1,25 сантиметр;

      4) сол жақ жиегі - 2,5 сантиметр, оң жақ жиегі - 1,5 сантиметр, колонтитулдар - 2,5 сантиметр.

3-тарау. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын келісу тәртібі

      11. Педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымдары Бағдарламаны Уәкілетті органға келісу үшін келесі құжаттарды электронды нысанда жолдайды:

      біліктілікті арттыру ұйымының ресми бланкісіндегі ілеспе хат;

      Бағдарлама жобасы;

      Қағидалардың 5-тармағына сәйкес хаттаманың көшірмесі;

      Қағидалардың 6-тармағына сәйкес бұйрықтың көшірмесі;

      жария талқылау үшін педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымының интернет-порталында орналастырылған Бағдарлама жобасына белсенді сілтеме.

      12. Уәкілетті орган біліктілікті арттыру ұйымының құжаттары келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды Сараптамалық кеңестің қарауына жібереді.

      13. Сараптамалық кеңестің Бағдарлама жобасын қарау мерзімі - 15 жұмыс күні. Бағдарлама жобасын қарау қорытындылары бойынша Сараптамалық кеңес сараптамалық қорытынды қалыптастырады, оны Уәкілетті органға және біліктілікті арттыру ұйымына жібереді. Сараптамалық қорытындыда келесі шешімдердің бірі болуы тиіс:

      бағдарламаны келісу;

      пысықтауға қайтару;

      бағдарламаны келісуден бас тарту.

      Бағдарлама жобасы осы Қағидалардың 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10-тармақтарына сәйкес келген жағдайда Сараптамалық кеңес Бағдарламаны келісу туралы сараптамалық қорытынды береді.

      Бағдарлама жобасы осы Қағидалардың 8 және 10-тармақтарына сәйкес келмеген жағдайда Сараптамалық кеңес Бағдарламаны пысықтауға қайтару туралы сараптамалық қорытынды береді. Өңделген Бағдарлама жобасында ескертулер толық көлемде түзетілмесе Бағдарламаны келісуден бас тарту туралы сараптамалық қорытынды беріледі.

      Бағдарлама жобасы осы Қағидалардың 4, 5, 6, 7, 8, 9 және 10-тармақтарына сәйкес келмеген жағдайда Сараптамалық кеңес Бағдарламаны келісуден бас тарту туралы сараптамалық қорытынды береді.

      Сараптамалық қорытындыда Сараптамалық кеңес отырысы хаттамасының күні мен нөмірі көрсетіледі.

      14. Педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымы Бағдарлама жобасын пысықтау қажеттілігі туралы қорытынды алғаннан кейін осы Қағиданың 5, 6 тармақтарында көрсетілген құжаттарды қайта жаңартпай, сараптамалық қорытындыны ресми алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде оны пысықтайды және қайта келісуге жібереді.

      Келісуден бас тарту туралы сараптамалық қорытынды алғаннан кейн педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымы осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес Бағдарлама жобасын қайта әзірлейді.

4-тарау. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын бекіту туралы

      15. Бағдарламалар Сараптамалық кеңестің келісу туралы шешімін алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде педагогтердің біліктілігін арттыру ұйымының бұйрығымен бекітіледі.

      16. Уәкілетті орган Сараптамалық кеңеспен келісілген біліктілікті арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының тізілімін қалыптастырады.

      Келісілген Бағдарламалар тізілімі Уәкілетті органның сайтында орналастырылады және ол Уәкілетті органмен келісілген білім беру бағдарламаларының атауын, Бағдарламаларды әзірлеуші ұйымның атауын, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын келісу күнін қамтиды.

      17. Бекітілген Бағдарламаларды қайта қарау үш жылда кемінде 1 рет жүзеге асырылады.

      Бекітілген бағдарламалардың тиімділігі мен өзектілігін арттыру мақсатында оларды қайта қарау үшін біліктілікті арттыру ұйымы:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына және нормативтік құқықтық актілерге талдау жүргізеді;

      2) білім беру бағдарламаларының тиімділігі мониторингінің нәтижелеріне талдау жүргізеді және оларды хаттамамен рәсімдейді;

      3) бағдарламаны қайта қарау (жаңарту немесе күшін жою) туралы шешім қабылдайды және бұл шешімді бұйрықпен рәсімдейді.