БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қабылдаушы отбасы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 7 қазандағы № 597 бұйрығына (Нормативтік құқықтык актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14425 болып тіркелді) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген асырап алушы отбасы туралы ережеде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) баланы қабылдайтын отбасы – жетім балаларға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы кемінде төрт және оннан аспайтын жетім баланы, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған баланы тәрбиелеуге қабылдайтын отбасына орналастыру нысаны;баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес;
2) баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиешi және оларды алмастырушы басқа да адамдар;
3) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
4) жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі (бұдан әрі – Республикалық деректер банкі) – жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы, сондай-ақ жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдар туралы мәліметтерді қамтитын дерекқор;
5) туыстар – үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық байланыстағы адамдар.";
4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Балаларды ұйымнан баланы қабылдайтын отбасына алуға тілек білдірген адам тұрғылықты жері бойынша баланы қабылдайтын ата-аналардың, жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын атқарушы органына (бұдан әрі – Орган) мынадай құжаттарды:
1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін (түпнұсқаларын көрсете отырып);
3) неке туралы куәліктің көшірмесін;
4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуына мүмкін болмайтын аурулардың тізбесіне сәйкес ауруының жоқ екендігін растайтын патронат тәрбиеші болуға тілек білдірген адамның және егер некеде тұрса зайыбының (жұбайының) денсаулық жағдайы туралы анықтаманың, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелген) бекітілген нысандарына сәйкес наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде тіркеуде тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтаманы;
5) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылық жасауы туралы мәліметтердің болуы не болмауы туралы анықтаманы;
6) тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың (жалға беру туралы шарт) көшірмесін;
7) екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шотты ашу туралы шарттың көшірмесін ұсынады;
8) "Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасының азаматтарын психологиялық даярлау бағдарламасының мазмұнына қойылатын талаптарды, оларды психологиялық даярлау жөніндегі қызметті ұйымдастыру тәртібін және осындай даярлықтан өткені туралы сертификаттың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 27 сәуірдегі № 165 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20507 тіркелді) бекітілген нысанына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген Қазақстан Республикасы азаматтарының психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат (баланың жақын туыстарын қоспағанда);
9) баламен (балалармен) туыстық фактісін растайтын құжаттардың көшірмелері (туыстары, баланың (балалардың) өгей әкесі (өгей шешесі) үшін) ұсынады.
Кодекстің 122-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес орган жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды туыстарына, өгей әкелеріне (өгей шешелеріне) баланы қабылдайтын отбасына береді.
5. Баланы қабылдайтын ата-аналар:
1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;
2) сот ата-ана құқықтарынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;
3) өзiне жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы (қамқоршы), патронаттық тәрбиеші мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;
4) егер олардың кінәсінен бала асырап алудың күшi жойылса, бұрынғы бала асырап алушыларды;
5) бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулар болған кезде;
6) тұрақты тұратын жері жоқ адамдарды;
7) баланы қабылдайтын отбасына ресімдеу кезінде қасақана қылмыс жасағаны үшін жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар адамдарды;
8) азаматтығы жоқ адамдарды;
9) анасының қайтыс болуына немесе оның ата-ана құқықтарынан айырылуына байланысты баланы кемінде үш жыл іс жүзінде тәрбиелену жағдайларын қоспағанда, тіркелген некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) еркек жынысты адамдарды;
10) қорғаншылықты немесе қамқоршылықты белгілеу кезінде қамқорлыққа алынушыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;
11) наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерлерде есепте тұратын адамдарды;
12) адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, халық денсаулығына және имандылыққа, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтары, экстремистік немесе террористік қылмыстары, адам саудасы үшін сотталғандығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшалары негізінде өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған адамдарды қоспағанда);
13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан Республикасының азаматтары (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда тек кәмелетке толған адамдар бола алады";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Балаларды іріктеуді жүзеге асырғаннан кейін баланы қабылдайтын ата-аналардың тұрғылықты жері бойынша Орган он жасқа толған баланың пікірін ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен баланы қабылдайтын ата-аналар, орган және ұйым арасында баланы қабылдайтын отбасына беру туралы шарт жасасады.";
14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"14. Ұйым баланы қабылдайтын отбасына берілген әрбір балаға мынадай құжаттарды:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдерінің білім беру ұйымына жіберу туралы шешімі;
2) туу туралы куәлікті (жеке куәлік, паспорт);
3) "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м. а. 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) № 065/е "Профилактикалық екпелер картасы" нысандағы медициналық құжаттама);
4) бiлiмi туралы құжатты (мектепке дейінгі балалар үшін);
5) баланың өмір сүру жағдайын тексеру актісі;
6) ата-анасы туралы мәлiметтер (ата-анасының қайтыс болғаны туралы куәлiктердiң, сот шешiмiнің (ата-аналарды ата-ана құқықтарынан шектеу немесе айыру, ата-аналарды хабар-ошарсыз кеткен деп тану, қайтыс болған деп жариялау немесе әрекетке қабілетсіз (әрекет қабiлетi шектелуi) деп тану) көшiрмелерi, ата-анасының ауруы туралы анықтама, ата-аналарды iздестiру туралы анықтама, ата-аналық құқықтардан бас тарту туралы өтініш, адасып қалған (тастанды) баланы жеткізу туралы акт, баланы денсаулық сақтау ұйымында тастап кету туралы акт;
7) аға-iнiлерiнiң, апа-сiңлiлерiнiң (қарындастарының) және басқа да жақын туыстарының бар болуы және олардың тұратын жерi туралы анықтама;
8) ата-анасы қайтыс болған соң қалған мүліктің тізімдемесін, оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәліметтерді (бар болған жағдайда);
9) баланың (балалардың) атына тұрғын үй-жайдың бекітілуі туралы құжатты;
10) әлеуметтік жәрдемақы алатын баланың атына дербес шоттың ашылуы туралы шарттың көшірмесін, алимент өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн ұсынады;";
Баланы қабылдайтын отбасы туралы Ережеге 1-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы мынадай редакцияда жазылсын:
"Нысан |
|
Бекітемін Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқарманың, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы білім бөлімінің басшысы ___________________________ (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) мекенжайы бойынша тұратын, телефоны азамат(ша) _________________________ _________________________ _________________________ |
|
(тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) және жеке сәйкестендіру нөмері)"; |
Баланы қабылдайтын отбасы туралы Ережеге 2-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы мынадай редакцияда жазылсын:
"Нысан |
|
Бекітемін Республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқарманың, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы білім бөлімінің басшысы __________________________ (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) 20___ жылғы "__" ___________________________ күні, қолы, мөрдің орны"; |
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
А. Аймағамбетов |