"Аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіні сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілерге қойылатын сертификаттау талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму минис

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 174 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 сәуірде № 27419 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіні сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларын, сондай-ақ аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілерге қойылатын сертификаттау талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 26 маусымдағы № 384 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15468 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіні сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. Өтініш беруші Стандарттың 8-тармағымен көзделген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, уәкілетті ұйым өтінішті қабылдаудан бас тартады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған кезде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыға алдын ала шешім бойынша позициясын білдіру мүмкіндігі үшін мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ тыңдауды өткізу уақыты мен орны (тәсілі) туралы хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік–процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘПК) 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Тыңдау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің тиісті сертификатын беру туралы шешім қабылдайды не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуды қалыптастырады.";

      21, 22 және 23-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Сертификаттық зерттеп - қарау нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер болмаған не бірінші санаттың сәйкессіздіктері болған жағдайда, уәкілетті ұйым өтініш беруші қол қойған актіні ұсынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің сертификатын ресімдейді.

      22. Актіде көрсетілген екінші санаттың сәйкессіздіктері болған кезде уәкілетті ұйым өтініш беруші осы Қағидалардың 19-тармағында көрсетілген анықтаманы және растаушы құжаттаманы ұсынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды тексереді және ескертулер болмаған жағдайда, осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің сертификатын ресімдейді.

      23. Сертификат оның қолданылу саласын және осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес сертификаттауға жататын аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушінің сертификаты сұратылатын аэронавигациялық қызмет көрсетудің рұқсат етілген түрлерін (кіші түрлерін) көрсете отырып, бес жылға беріледі.

      Сертификат аэронавигациялық қызмет көрсетудің барлық не жекелеген түрлеріне (кіші түрлеріне) ресімделеді.

      Бұл ретте аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші өз қызметін қатаң түрде сертификатқа сәйкес жүзеге асырады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесі уәкілетті ұйымның уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" порталға жіберіледі.";

      25-1, 25-2 және 25-3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "25-1. Көрсетілетін қызметті берушінің мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, азаматтық авиация саласында басшылықты жүзеге асыратын лауазымды адам жүргізеді.

      25-2. Шағым шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған, көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) лауазымды адамға беріледі.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса не әрекет жасаса, ол шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес:

      көрсетілетін қызметті беруші, уәкілетті орган - тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган - ол тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға жатады.

      25-3. Көрсетілетін қызметті берушінің, уәкілетті органның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 4-тармағына сәйкес:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда он жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде шағым берген өтініш берушіге ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз тасығышта берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші сертификатта бұрын көрсетілмеген жаңа аэронавигациялық қызмет көрсетудің түрлеріне (кіші түрлеріне) аэронавигациялық қызмет көрсетуді жүзеге асыруы үшін өтініш беруші портал арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және аэронавигациялық қызмет көрсетудің мәлімделген түрлеріне (кіші түрлеріне) қатысты бөлігінде Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 8-тармағында көзделген құжаттарды жібереді.

      Бұл ретте, аэронавигациялық қызмет көрсетуді беруші қосымша сертификаттау үшін Салық кодексінің 554-бабының 7-тармағының 9) тармақшасында белгіленген аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілерді сертификаттауға алым мөлшерлемесінен 10% мөлшерінде алым төлейді.

      Сертификаттау жүргізу және аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушіге сертификат беру тәртібі осы Қағидалардың 2-тарауында айқындалады.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
К. Ускенбаев
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі