"Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 6 ақпандағы № 115 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі № 178 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 сәуірде № 27418 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 14-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 6 ақпандағы № 115 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10486 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығын сертификаттау және сертификат беру қағидаларында:

      7, 8, 9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Уәкілетті ұйым кеңсесінің маманы құжаттар мен мәліметтерді тіркеуді олар келіп түскен күні жүзеге асырады.

      Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінімді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді уәкілетті ұйым "электрондық үкіметтің" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      Уәкілетті ұйым "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда, іске асырылған интеграция арқылы цифрлық құжаттар сервисінен бір реттік парольді беру арқылы немесе "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу арқылы алады.

      8. Өтініш беруші Стандартта көрсетілген тізбеге сәйкес толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, уәкілетті ұйым кеңсесінің маманы өтінішті қабылдаудан бас тартады.

      Өтініш беруші Стандартта көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынған жағдайда, қарау үшін кеңсе маманы құжаттар топтамасын уәкілетті ұйымның орындаушысын жетекшілік ететін басшының орынбасары және (немесе) уәкілетті ұйымның құрылымдық бөлімшесінің басшысы арқылы айқындайтын уәкілетті ұйымның басшысына не оның міндетін атқарушыға береді.

      Уәкілетті ұйымның орындаушысы ұсынылған құжаттар пакетінің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексереді.

      9. Құжаттама Стандарттың 8-тармағының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті ұйым 2 (екі) жұмыс күні ішінде сертификаттық зерттеп-қарау жүргізу үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.

      Комиссия құрамына құзыретіне кәсіптік даярлық, куәліктерді (сертификаттарды) және біліктілік рұқсатын беру, сондай-ақ тиісті сертификаттар мен рұқсаттар алуға арналған оқу ұйымдарының өтінімдерін қарау мәселелері жататын уәкілетті ұйымның кемінде 2 (екі) қызметкері енгізіледі.

      10. Сертификаттық тексеру жүргізу басталғанға дейін кемінде 2 (екі) жұмыс күні бұрын уәкілетті ұйымның орындаушысы өтініш берушінің "жеке кабинетіне" сертификаттау рәсіміне басталу күні, ықтимал өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің және оларға сәйкес сертификаттық тексеру жүзеге асырылатын халықаралық ұйымдар құжаттарының тізбесі туралы ақпаратты қамтитын еркін нысанда уәкілетті ұйымның уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі - ЭЦҚ) қойылған хабарламаны жіберуді қамтамасыз етеді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Актіге комиссияның барлық мүшелері қол қояды және уәкілетті ұйымның орындаушысы актінің бір данасын порталға өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жіберуді қамтамасыз етеді.

      Өтініш беруші авиациялық оқу орталығын сертификаттық зерттеп-қарау бағдарламасының сертификаттық талаптарына сәйкес келген немесе қызметті жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін және өндірісті жетілдіру кезінде оны жоюға жататын сертификаттық талаптарға сәйкес келмеген жағдайда уәкілетті ұйымның орындаушысы Актіге қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде, осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша авиациялық оқу орталығының сертификатын не Стандарттың 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден дәлелді бас тартуы ресімдейді және порталға өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жібереді.

      Сертификаттық зерттеп-қарау процесінде өтініш берушінің авиациялық оқу орталығын сертификаттық зерттеп-қарау бағдарламасының сертификаттық талаптарына сәйкессіздігі анықталған, оны жойған кезде қызметті жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін жағдайда, 3 (үш) жұмыс күні ішінде түзету іс-қимылдарының жоспарын бекіту үшін өтініш беруші порталда "жеке кабинетте" Актіні алған күннен бастап уәкілетті ұйымға ұсынады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Өтініш берушінің авиациялық оқу орталығын сертификаттық зерттеп-қарау бағдарламасының сертификаттық талаптарына сәйкессіздігін жою туралы актіге қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде, ол жойылған жағдайда уәкілетті ұйымның орындаушысы қызметті жүзеге асыруға кедергі келтірмейтін авиациялық оқу орталығының сертификатын ресімдейді.

      Осы Қағидалар стандартының 9-тармағында көрсетілген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік–процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘРПК) 73-бабына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ тыңдауды өткізу уақыты мен орны туралы хабарламаны.

      Тыңдау нәтижелері бойынша Азаматтық авиацияның авиациялық оқу орталығының сертификатын немесе Мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тартуды ресімдейді.

      Уәкілетті ұйымның орындаушысы мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесінің жобасын уәкілетті ұйымның басшысына немесе уәкілетті ұйымның құрылымдық бөлімшесі басшысының жетекшілік ететін орынбасарының және (немесе) басшының келісімі бойынша оның міндетін атқарушысына жібереді.

      Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесіне уәкілетті ұйым басшысының не оның міндетін атқарушының ЭЦҚ қол қойылады және порталға өтініш берушінің "жеке кабинетіне" жіберіледі.";

      19-1, 19-2 және 19-3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19-1. Уәкілетті ұйымның әкімшілік актіні әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган.

      19-2. "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес өтініш берушінің шағымы:

      уәкілетті ұйым, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган – оны тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде;

      мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – ол тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      19-3. Шағым уәкілетті ұйымға және (немесе) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға және (немесе) шешімі, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды тұлғаға беріледі.

      Уәкілетті ұйым, Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте, егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылданса, уәкілетті ұйым, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағымды қарайтын органға шағым жібермейді.

      Уәкілетті ұйымның, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның шағымды қарау мерзімі "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 4-тармағына сәйкес мыналар қажет болған жағдайларда 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылады:

      1) шағым бойынша қосымша зерделеу немесе тексеру не жергілікті жерге барып тексеру жүргізу;

      2) қосымша ақпарат алу.

      Шағымды қарау мерзімі ұзартылған жағдайда шағымдарды қарау бойынша өкілеттіктер берілген лауазымды адам шағымды қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағым берген өтініш берушіге ұзарту себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің ұзартылғаны туралы жазбаша нысанда (шағым қағаз жеткізгіште берілген кезде) немесе электрондық нысанда (шағым электрондық түрде берілген кезде) хабарлайды.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге ҚР ӘРПК 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
К. Ускенбаев

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар,
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі