Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 152 "Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс III сессиясының 2021 жылғы 19 ақпандағы № 22 шешiмi. Алматы қаласы Әдiлет департаментінде 2021 жылғы 1 наурызда № 1691 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 97 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 29.03.2024 № 97 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 26-бабына сәйкес, VІІ сайланымның Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 152 "Алматы қаласындағы көшi-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1410 болып тіркелген, 2017 жылғы 19 қазанда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған) келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Алматы қаласындағы көшi-қон процестерін реттеу қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Алматы қаласы Мәслихатының аппараты осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, кейіннен ресми мерзімді баспа басылымдарында және интернет-ресурста жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының жергілікті мемлекеттік басқару және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Р.С. Шимашеваға жүктелсін.

      4. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласы мәслихатының кезектен
тыс III сессиясының төрағасы,
      мәслихат хатшысы С. Канкуров

  Алматы қаласы мәслихатының
  2021 жылғы 19 ақпаны № 22
шешіміне қосымша
VI сайланған
  Алматы қаласы
мәслихатының ХХI
сессиясының 2017 жылғы
15 қыркүйектегі № 152
шешімімен бекітілген

Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 1998 жылғы 1 шілдедегі "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2011 жылғы 22 шілдедегі "Халықтың көші-қоны туралы" заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 "Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді.

      2. Көші-қон процестерін реттеу:

      адамның тұрғылықты жерді еркін таңдау, еңбек ету еркіндігін және қызмет түрі мен кәсібін өз қалауынша таңдауға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге;

      кету және орын ауыстыру бостандығына;

      шығу тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;

      2) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың немесе қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      3) қандастардың қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың немесе қандастар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны.

2-тарау. Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу тәртібі

      4. Алматы қаласында көші-қон процестерін мониторингтеу, олардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Алматы қаласының көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, Алматы қаласындағы экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, еңбек нарығының теңгерімділігі жатады.

      5. Алматы қаласындағы көші-қон процестерін реттеу үшін Алматы қаласының әкімдігі көші-қон мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:

      қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Алматы қаласының аумағын белгілеуге (алып тастауға);

      шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);

      қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.

      6. Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынына қарағанда көп болған кезде көші-қон процестерін реттеу, оның ішінде білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдем көрсетуге, қандастарды, әсіресе жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шаралар әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

      8. Мониторингті қамтамасыз ету және көші-қон жағдайының дамуын болжау, жұмыспен қамту, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.

      9. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан Алматы қаласының әкімдігі жалдаған тұрғын үйге тұрғылықты жері бойынша тіркеу бір адамға пайдалы алаңы кемінде он бес шаршы метр мөлшерінде тұрғын үй беру нормасы ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      11. Алматы қаласының әкімдігі жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелетін көші-қон процестерін реттеу саласында өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.