Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 7 шілдедегі № 329 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 шiлдеде № 23428 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 2022 жылғы 18 тамыздағы № 33 бұйрығымен.

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 18.08.2022 № 33 (11.09.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 100-бабының 3 және 4-тармақтарына, "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 57-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
  Төтенше жағдайлар министрінің
2021 жылғы 7 шілдедегі
№ 329 бұйрығымен
бекітілген

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары (бұдан әрі - Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 100-бабының 3 және 4-тармақтарына, "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 57-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғау органдарының (бұдан әрі - АҚО) қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) тәртіптік жаза - қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;

      2) тәртіптік жауапкершілік - тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қызметкерлер алатын заңды жауапкершілік түрі;

      3) тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі - теріс қылық) - қызметкердің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі атқармауы немесе тиісінше атқармауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) талаптарын бұзуы, сол сияқты құқық қорғау қызметінде болуға байланысты белгіленген шектеулерді сақтамауы.

      3. Теріс қылық жасағаны үшін АҚО қызметкерлеріне тәртіптік жазаның мына түрлері қолданылады:

      1) ескерту;

      2) сөгіс;

      3) қатаң сөгіс;

      4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;

      5) атқарып отырған лауазымынан босату;

      6) арнаулы атағын бір сатыға төмендету;

      7) АҚО шығару;

      8) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі немесе АҚО уәкiлеттi басшылары берген немесе марапаттаған құрметті атақтарынан, төс белгілерінен айыра отырып, азаматтық қорғау органдарынан жұмыстан шығару;

      9) арнаулы атағынан айыра отырып, АҚО жұмыстан шығару. Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көзделген теріс себептер бойынша қызметкерді жұмыстан шығару кезінде қолданылады.

      4. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ҚР ТЖМ) білім беру ұйымдарының курсанттарына жоғарыда көрсетілген тәртіптік жазалардан басқа нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа), ҚР ТЖМ білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру, сондай-ақ ҚР ТЖМ білім беру ұйымынан шығару түріндегі тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін.

2-тарау. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолдану негіздері мен шарттары

      5. Қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасауы тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылады.

      Жасалған әрбір теріс қылыққа тек бір тәртіптік жаза қолданылады.

      6. Бірнеше қызметкер бірлесіп тәртіптік теріс қылық жасаған кезде тәртіптік жаза әр кінәліге жеке қолданылады.

      7. Жазаларды қолдану қатаңдауынан бастап аса қатаң түріне дейін жүзеге асырылады.

      8. Тәртіптік жаза жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес "Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарында кадр саясатын іске асырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 16 наурыздағы № 211 Жарлығымен бекітілген Тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесі және тәртіптік жауаптылықты қалыптастыру (тәртіптік тәжірибеде профилактикалық функцияларды күшейту) қағидаларымен көзделген өлшемшарттарды ескере отырып қолданылады.

      9. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі.

      Егер жазбаша түсініктемесінде қызметкер өзінің тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда осы Қағидалардың 32-тармағында көрсетілген адамдар, өз құзыреті шегінде осы Қағидалардың 3-тармағы 1) - 3) тармақшаларында көзделген тәртіптік жазаны қолданады, ал курсанттарға кезектен тыс нарядқа тағайындау (бөлімшенің күзетін қамтамасыз ету бойынша нарядқа тағайындауды қоспағанда), қызметтік тергеу жүргізбестен, ҚР ТЖМ білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру түрінде тәртіптік жазалар қолданады.

      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде теріс қылық жасау фактісімен келіспеген жағдайда, қызметтік тергеу жүргізіледі.

      Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан жағдайда, еркін түрде жазбаша түсініктеме беруден бас тарту туралы акт толтырылады.

      10. Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату және жұмыстан шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері және АҚО бөлімшесі тәртіптік комиссиясының тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.

      Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі жаза Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі (бұдан әрі - Министр) жанындағы алқаның немесе жедел кеңес шешімдерінің негізінде қолданылады.

      11. Тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді міндеттерін атқармағаны немесе тиісінше атқармағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған міндеттерін атқарудан босатпайды.

      12. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты (бұдан әрі - бұйрық) қызметтік тергеу жүргізген және (немесе) бұйрықты дайындаған қызмет оны шығарған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қол қойғызып хабарлайды.

      Қызметкер танысудан бас тартқан немесе танысқанын өз қолымен растаудан жалтарған жағдайда АҚО бөлімшесінің кадр қызметі кемінде үш адамнан тұратын басқа қызметтердің өкілдерімен бірлесіп еркін түрде бұйрықпен танысудан бас тарту туралы акт жасайды.

      Қызметкерді бұйрықпен таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда тиісті бұйрықтың үзінді көшірмесі бұйрық шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарламамен бірге хатпен жолданады.

      13. Тәртіптік жаза теріс қылық мәлім болған күннен бастап бір айдан және теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылады.

      Қызмет бабында қызметкер бағынатын адамға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне не берілмегеніне қарамастан, теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған, бір айлық мерзім басталатын күн тәртіптік теріс қылық байқалған күн болып есептеледі.

      14. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сот қараған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлінің ауырғанына байланысты жұмыста болмауы немесе демалыста, іссапарда болуы уақытын есептемегенде, тиісінше тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей тәртіптік жазалау қолданылады.

      15. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде, жазалау сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері болған кезде үш айдан кешіктірілмей қолданылады.

      16. Қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе іссапарда болған кезеңде, іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты болатын жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ егер тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртіптік жаза қолданылмайды.

      Бұйрық жобасын теріс қылықты қарау жүктелген немесе қызметтік тергеу жүргізген адам дайындайды.

      17. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі, демалыста, іссапарда болуы, уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңінде, егер жасалған тәртіптік теріс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейін белгілі болса, жаза қолдану мерзімі тоқтатыла тұрады.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нәтижелері немесе арнайы зерттеулердің (сараптамалардың) нәтижелері болмаған кезде қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданысы тоқтатылуы мүмкін.

      18. Заңның 57-бабының 16-тармағына сәйкес қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартумен байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.

      19. Егер қызметкерге тікелей басшының құқықтары шегiнен шығатын жазалау шараларын қолдану қажет болса, онда ол бұл туралы жазалау шараларын қолдануға уәкілетті жоғары тұрған лауазымды адамға өтiнiш білдіреді.

      Тәртіптік жаза қолдану орынсыз болған жағдайда тәртіптік жаза қолдануға құқығы бар басшы тәртіпті қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертумен шектелуі мүмкін.

      20. Егер бұрын жарияланған тәртіптік жаза жасалған тәртіптік терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе немесе қолданыстағы заңнаманы бұзумен қолданылса, АҚО жоғары тұрған бөлімшесінің бастығы қолданылған тәртiптiк жазаны алып тастайды және қосымша қызметтік тергеуге жолдайды немесе тәртіптік жазаның тиісті түрін қолданады.

      21. Қызметкерге қолданылған тәртіптік жазаның мерзімі оны қолданған күнінен бастап алты айдан аспауы тиіс. Егер осы мерзім ішінде қызметкер жаңадан тәртіптік жазаға тартылмаса, онда оның тәртіптік жазасы жоқ деп есептеледі.

      Тәртіптік жаза мерзімі аяқталғанға дейін қызметкерді жоғары тұрған лауазымдарға ұсынуға жол берілмейді.

      22. Атқарып отырған лауазымынан босату түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған жағдайда оның әрекет ету мерзімі өткеннен кейін қызмет бойынша одан әрі ұсыну Заңға сәйкес жүргізіледі.

      23. Арнаулы атағында бір сатыға төмендетілген қызметкерлерге атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, АҚО бөлімшесі басшысының бұйрықтарымен бұрынғы арнаулы атағы қайта беріледі, бірақ арнаулы атағы төмендетілген күннен бастап алты айдан бұрын берілмейді.

      24. Арнаулы атағында еңбек сіңірген мерзімі арнаулы атағын бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрық шыққан күннен кейін үзіледі және арнаулы атақты қайта беру туралы бұйрық шыққан күннен бастап қалпына келтіріледі.

      Алты ай өткенге дейін арнаулы атағында бір сатыға төмендету түрінде қайта тәртіптік жауапкершілікке тартуға жол берілмейді.

      25. Тәулік бойы кезекшілік ететін құрамға кіретін қызметкерді қызмет атқару уақытында жасаған теріс қылығы үшін оны тәртіптік жазаға тарту кезекшілік ауысымынан кейін немесе ол кезекшіліктен шеттетілгеннен кейін жүргізіледі.

      26. Қолданылған тәртіптік жазаның орындалуын жүзеге асыру тәртіптік жауапкершілікке тарту фактісі бойынша шағым берілген кезде, оны алып тастау туралы бұйрық шыққанға дейін тоқтатылмайды.

      27. Қолданылған тәртіптік жазалар туралы мәліметтер тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкерлердің жеке істеріне енгізіледі.

      28. Нарядқа тағайындау түріндегі тәртіптік жазаны взвод командирі жүргізеді.

      Қарауылдан басқа тәртіптік жаза ретінде жұмыс нарядына тағайындалған АҚО білім беру ұйымдарының курсанттары, АҚО өз оқу мекемесінде аптаның кез келген күні, сабақтан бос уақытта жұмыс істеуге тартылады. Бір нарядтық жұмыс жасау уақыты төрт сағаттан аспауы тиіс. Жұмыс ұйқыға жатқанға дейін жасалады.

      29. Тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкер АҚО бөлімшесі басшысының әрекетімен немесе шешімдерімен келіспеген жағдайда, ол осы әрекетке немесе шешімге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазбаша түрде шағым жасауға құқылы.

      30. Шағымдарды әрекеттері шағымдалатын бастықтардың қарауына беруге жол берілмейді.

      31. Заңның 57-бабының 21-тармағына сәйкес қызметкер өзіне қолданылған тәртіптік жазаға жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасауға құқылы. Тәртіптік жаза қолдану туралы шешімге шағымдану оның орындалуын тоқтата тұрмайды.

3-тарау. Басшылардың тәртіптік жазаларды қолдану тәртібі

      32. Бағынысты бөлімшелерде қызмет өткеретін қызметкерлерге қатысты тәртіптік жазаларды лауазымға тағайындауға құқығы бар басшылар қолданады.

      Уәкілетті басшылар өз номенклатурасы бойынша осы Қағидалардың 3-тармағының 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік жазаларды қолданады.

      АҚО-ның жоғары тұрған бөлімшесімен келісу бойынша тағайындалатын қызметкерлерге қатысты осы Қағидалардың 3-тармағының 5) тармақшасында көзделген тәртіптік жазаларды қолдануға келісілгеннен кейін жол беріледі.

      ҚР ТЖМ білім беру ұйымдарының бастықтары курсанттарға қатысты, жоғарыда көрсетілген тәртіптік жазалардан басқа, нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындауды қоспағанда), ҚР ТЖМ білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру, АҚО білім беру ұйымынан шығару түрінде тәртіптік жаза қолданады.

      33. ҚР ТЖМ номенклатурасы бойынша лауазымдардағы қызметкерлерді тәртіптік жаза ретінде атқарып отырған лауазымдарынан босату немесе АҚО-дан жұмыстан шығару кезінде АҚО бөлмшелерінің бастықтары қызметтік тергеу және АҚО бөлімшесінің Тәртіптік комиссиясы қорытындыларының негізінде Министрге не вице-министрлерге ұсынымхат енгізеді.

      34. Тәртіптік жазалар қолдану, салу бойынша өзiне берiлген құқықтарын асыра пайдаланған АҚО бөлімшесінің бастығы бұл үшiн тәртiптiк жауапкершілiкке тартылады, ал жоғары тұрған уәкілетті адам тәртіптік жазаларды қолдану туралы бұйрықтардың күшін жояды.

      35. Осы Қағидаларда көзделген және бұйрықтармен жарияланған барлық тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметкерлердің жеке істеріне енгізіледі.

      36. Қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы бұйрықтардың түпнұсқа (бірінші) даналары осы бұйрықтарды шығарған АҚО бөлімшелерінде сақталады.

      Бұйрықтардың одан кейінгі даналары немесе олардың үзінді көшірмелері бұйрықта көрсетілген қызметкерлердің дербес және штаттық-лауазымдық есебін жүргізетін кадр қызметтеріне және қызмет орны бойынша АҚО бөлімшелеріне жолданады.

      37. Осы Қағидалардың 9 және 12-тармақтарында көрсетілген материалдарды сақтау мерзімі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 263 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15997 болып тіркелген) бекітілген Сақтау мерзімдерін көрсете отырып, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар қызметінде жасалатын үлгілік құжаттар тізбесіне сәйкес анықталады.