Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының білім беру қызметінің мәселелері бойынша кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2021 жылғы 3 шілдедегі № 95 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 шілдеде № 23425 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының білім беру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы (бұдан әрі – Академия):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Академияның ректорына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Казақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Г. Нурдаулетов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2021 жылғы 3 шілдедегі
№ 95 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының білім беру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. Күші жойылды - ҚР Бас Прокурорының 27.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 57 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13672 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары осы Тізбенің 2-қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы қызмет қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 65 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13653 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы қызмет қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Академияны тікелей басқаруды ректор жүзеге асырады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Академия ректорының мынадай орынбасарлары бар: бірінші проректор және проректорлар.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Академия құрамына: Кәсіби оқыту институты (бұдан әрі - КОИ), Ведомствоаралық ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі - ВҒЗИ), Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты (бұдан әрі - ЖОКБИ) және дербес құрылымдық бөлімшелер кіреді.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Академия институттарының және дербес құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру Академияның Жарғысына, осы Қағидаларға, Академияның жұмыс жоспарларына, Академияның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерге, сондай-ақ Академияның қызметкерлері мен жұмыскерлерінің міндеттерін бөлу туралы актілерге сәйкес жүзеге асырылады.";

      25-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. КОИ-да қосымша білім беру мынадай нысандарда жүзеге асырылады:

      1) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұрған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру;

      2) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік қайта даярлау және біліктіліктерін арттыру;

      3) Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіптік даярлау.";

      26-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Кәсіптік даярлықты, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды өту кезеңінде КОИ білім алушылары (тыңдаушылар) Академия жатақханасында тұрады және оның аумағы шегінде болады.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. КОИ-дың оқу-әдістемелік жұмысына:

      1) алғашқы кәсіптік даярлау оқу процесінің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, оның ішінде құқық қорғау органдары басшылығының Президенттік резервінде тұратын қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарының нәтижелерін қорыту және талдау;

      2) КОИ қызметінің практикасын қорыту, жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу, ұйымдастыру-талдау және оқу-әдістемелік жұмыстың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу;

      3) КОИ-дың штаттық қызметкерлерімен қатар жетекші ғалымдарды, сарапшыларды, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, оның ішінде шетелдік құқық қорғау және мемлекеттік органдардың практикалық жұмыскерлерін оқу сабақтарын жүргізуге тарту;

      4) оқу процесін ұйымдастыру, оқу жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;

      5) жұмыс жоспарларына сәйкес оқу сабақтарын өткізуді үйлестіру;

      6) білім алушылардың өзіндік жұмысын ұйымдастыру және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету;

      7) құқық қорғау органдары қызметкерлеріне оқыту іс-шараларын (семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер) ұйымдастыру және өткізу;

      8) білім беру және оқу-әдістемелік қызметті іске асыру кезінде ғылыми, білім беру, мамандандырылған ұйымдармен және мекемелермен жасалған келісімдердің шеңберінде мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен, оның ішінде шетелдік мемлекеттік және құқық қорғау органдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау кіреді.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Қосымша білім беру кезінде КОИ-да қашықтан оқытуға рұқсат етіледі.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша кадрларды даярлау тиісті Институтта күндізгі оқыту нысаны бойынша, сондай-ақ қашықтан оқыту бойынша жүзеге асырылады.";

      37-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Академия оқу процесін жоспарлау және ұйымдастыру кезінде оқу жұмысының түрлері бойынша уақыт нормаларын, оқу жұмысының түрлері арасындағы сағат көлемінің арақатынасын, оқыту технологияларын, оның ішінде қашықтан білім беру бойынша оқыту технологияларын дербес айқындайды.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. КОИ-да кіріс бақылау білім алушылардың кәсіптік құзыреттілік деңгейін анықтау мақсатында курстардан өтуі алдында, шығыс бақылау – курстарды өткен соң жүргізіледі.".

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін кейбір
бұйрықтарының тізбесіне
1-қосымша

      Ескерту. 1-қосымшаның күші жойылды - ҚР Бас Прокурорының 27.01.2023 № 45 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін кейбір
бұйрықтарының тізбесіне
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2016 жылғы 31 наурыздағы
№ 57 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында (бұдан әрі – Академия) білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      3. Академияда білім беру технологияларын іске асыру мынадай түрлер бойынша жүзеге асырылады: теледидарлы технология, желілік технология және кейс-технология.

      4. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) ақпараттық-білім беру порталы – білім беру технологияларын қолдана отырып, білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық және оқу-әдістемелік ақпараты бар ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілі түрде ұйымдастырылған өзара байланысқан жиынтық;

      2) желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушымен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл жасасу нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;

      3) кейс-технология - қағаз, электронды және өзге де жеткізгіштерде оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды дербес зерделеу үшін білім алушыларға таратуға негізделген технология;

      4) контент - оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графика, мультимедиа және өзге де ақпараттық маңызды толықтырулар) толықтыру;

      5) білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін іске асыратын білім беру ұйымының интернет-ресурсы - білім беру процесінің қатысушылары үшін әкімшілік-академиялық ақпараты бар интернет-ресурс;

      6) мультимедиа - пайдаланушыға диалогтық режимде әр текті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық немесе бағдарламалық құралдар кешені;

      7) оқу бағдарламасы (силлабус) - қысқаша сипаттамасы және оқытылатын пәннің негізгі сипаттамалары бар пән бойынша оқыту бағдарламасы;

      8) теледидарлық технология - теледидардың эфирлік, кабельдік және спутниктік желілерін пайдалануға негізделген технология;

      9) тестілеу кешені - білім беру процесінің барлық деңгейінде білім алушылардың оқу материалдарын меңгеру дәрежесін анықтау үшін қолданылатын бағдарламалық құрал.

2. Білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      5. Білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру үшін Академия:

      1) білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастыру-әкімшілік ақпаратты қамтитын парақтары бар білім беру порталын;

      2) телекоммуникациялық желіге шығу мүмкіндігі бар жабдықты (Интернет, спутниктік теледидар);

      3) мультимедиалық сыныптарды және электрондық оқу залдарын;

      4) оқу контентін;

      5) тестілеу кешенін;

      6) оқытуды басқарудың желілік жүйесін (Learning Management System) пайдаланады.

      6. Білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін жүзеге асыру үшін Академия:

      1) профессорлық-оқытушылық құрамын және қызметкерлерді оқытуды жүзеге асырады;

      2) білім беру ресурстарын әзірлеу және жаңарту үшін жағдай жасайды;

      3) білім алушыларға оқу материалын ақпараттық технологиялар не қағаз жеткізгіштер арқылы жеткізеді;

      4) кеңес беруді ұйымдастырады және өткізеді;

      5) білім алушылармен кері байланысты ұйымдастырады;

      6) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылайды;

      7) аутентификация жүйесі арқылы білім алушылардың жеке басын сәйкестендіреді.

      7. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін Академияда білім беру технологияларын қолдана отырып іске асырылатын оқу жоспарларының барлық пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік құжаттар жасалады.

      Электронды оқу-әдістемелік құжаттарды дайындауды бекітілген оқу бағдарламалары бойынша курстың әзірлеушісі жүзеге асырады.

      8. Академияда білім алушылардың деректер базасын (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау туралы бұйрықтар, олардың ағымдағы үлгерімі туралы мәліметтер) қамтитын ақпараттық басқару жүйесі жасалады.

      9. Академияда білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыруды тиісті білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелер жүзеге асырады.

      10. Білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше:

      1) электрондық оқулықтарды, мультимедиялық курстарды, әдістемелік оқулықтарды әзірлеуге, сатып алуға және меңгеруге консультативтік көмекті жүзеге асырады;

      2) тестілеу жүйелері және білімді бақылаудың басқа да құралдарына әкімшілік етеді;

      3) ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді;

      4) бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарды әзірлеуге, меңгеруге және олардың пайдалануына қолдау көрсетуге қатысады.

      11. Білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру виртуалды (синхронды немесе асинхронды) өзара іс-қимыл жасасу арқылы жүзеге асырылады.

      Синхронды өзара іс-қимыл жасасу білім алушы мен оқытушының нақты уақыт режимінде тілдесуін көздейді. Бұл үшін білім беру технологиясы немесе бейнеконференция жүйелерінің чаттары пайдаланыла алады.

      Асинхронды өзара іс-қимыл жасасу білім алушы мен оқытушы нақты уақыт режимінде тілдесе алмаған жағдайда жүзеге асырылады. Оқыту кезінде байланыс тарату тізімінің немесе телеконференцияның көмегімен электрондық пошта бойынша хат алмасу арқылы ұйымдастырылады.

      12. Академия білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін іске асыру кезінде білім алушыларға әдістемелік көмекті барлық заманауи қолжетімді телекоммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, қатысушылардың өзара іс-қимыл жасасуы арқылы қамтамасыз етеді.