Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау және сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 221 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 20 мамырда № 22776 болып тіркелді.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау және сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік жасайтын Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

  Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2021 жылғы 18 мамырдағы
№ 221 Бұйрықпен бекітілген

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау және сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау және сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын, үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау және сынақтан өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әзірлеуші – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын, үлгілік оқу жоспарларын және үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеуді жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – Әзірлеуші);

      2) күтілетін нәтижелер – тәрбиеленуші/білім алушы үлгілік оқу бағдарламасының барлық немесе бір бөлігі аяқталғаннан кейін, оның ішінде тәрбиеленушілердің/білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, нені білетінін, түсінетінін, көрсететінін білдіретін құзыреттер жиынтығы;

      3) үлгілік оқу бағдарламасы – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне арналған ұйымдастырылған оқу қызметінің әрбір түрі және бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейінде білім алушыларға арналған әрбір оқу пәні бойынша меңгерілуге тиіс білімдердің, біліктердің, дағдылардың және құзыреттердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама;

      4) үлгілік оқу жоспары – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілеріне арналған ұйымдастырылған оқу қызметінің тізбесін, жүйелілігі мен көлемін және орта білім беру ұйымдарының білім алушыларына арналған оқу пәндерінің тізбесін, жүйелілігі мен көлемін регламенттейтін құжат;

      5) ұйымдастырылған оқу қызметі - мектепке дейінгі ұйымның педагогі ұйымдастыратын және білім алушылардың білімді, білікті, дағдыны меңгеруіне және құзыреттіліктерді қалыптастыруға бағытталған тәрбие мен оқытудың негізгі нысаны.

2-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібі

      3. Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды (бұдан әрі – сараптама) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) жүргізеді.

      4. Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларына сараптама жүргізу үшін Ұйым сарапшылар базасына кірген, оқыту курстарынан өткен, мамандығы бойынша кемінде 10 (он) жыл жұмыс өтілі, "педагог-зерттеуші" және (немесе) "педагог-шебер" біліктілік санаты бар педагогтер және ғылым докторы немесе кандидаты ғылыми дәрежесі, философия докторы (PhD) / бейіні бойынша доктор дәрежесі бар ғалымдар қатарынан ұйымдастырылған оқу қызметтері/оқу пәндері бойынша сараптамалық топтар қалыптастырады. Сараптама жүргізуге сондай-ақ "Үздік оқытушы", "Үздік педагог" республикалық конкурстарының жеңімпаздары, "Қазақстан мұғалімі" ұлттық сыйлығының иегерлері тартылады.

      5. Сараптамалық топ ұйымдастырылған оқу қызметі/ оқу пәні бойынша кемінде 9 адам құрамында Ұйым басшысының бұйрығымен бекітіледі, сараптамалық топты ғылыми дәрежесі бар тұлға басқарады.

      6. Сараптама рәсімі басталғанға дейін Ұйым сараптамалық топқа кірген ғалымдар мен педагогтер үшін Ұйымның ғылыми-сараптамалық кеңесі бекіткен және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілген 72 сағаттық бағдарлама бойынша оқыту курстарын өткізеді.

      7. Сараптама тобы мүшелерінің жұмысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес құпиялылық режимін сақтай отырып, ұйым мен сарапшы арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.

      8. Үлгілік оқу жоспарларын сараптау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кезінде:

      1) үлгілік оқу жоспарларының Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (бұдан әрі – МЖМБС) сәйкестігі;

      2) ұйымдастырылған оқу қызметінің /оқу пәндерінің зерделенетін түрлері тізбесінің үлгілік оқу жоспарының атауына сәйкестігі;

      3) үлгілік оқу жоспарларының мынадай құрылымға:

      түсіндірме бөлімге;

      негізгі мазмұнға;

      мектепке дейінгі білім беру деңгейінде ұйымдастырылған оқу қызметінің және бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлеріндегі білім беру ұйымдарының сыныптары, оқыту тілдері және түрлері бойынша инвариантты және вариативті компонеттердің оқу пәндерінің тізбесіне;

      4) ұйымдастырылған оқу қызметінің/оқу пәндерінің зерделенетін түрлері тізбесінің, оқу жүктемесінің максималды көлемінің, білім алушылардың апталық оқу жүктемесі көлемінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi туралы ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес әзірленген санитариялық талаптарға сәйкестігі, білім алушылардың өмірі мен денсаулығының және жас ерекшеліктерінің сақталуы;

      5) қазақ тілін оқытудың басымдығы қағидатының сақталуы;

      6) оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттерін ескере отырып, білім беру деңгейлерінің сабақтастығы мен үздіксіздігі қағидаттарының қамтамасыз етілуі;

      7) оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттерінің білім беру деңгейлері мен білім беру ұйымдарының түрлері бойынша оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне, сондай-ақ бейіналды және бейіндік даярлық міндеттеріне сәйкес арақатынасының оңтайлылығы;

      8) вариативті компонентте ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың жеке білім беру қажеттіліктерінің, оқытудың мақсаттары мен міндеттерінің есепке алынуы анықталады.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Оқу-ағарту министрінің 03.07.2023 № 194 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру кезінде:

      1) үлгілік оқу бағдарламаларының МЖМБС-на сәйкестігі;

      2) үлгілік оқу жоспарларының мынадай құрылымға:

      түсіндірме бөлімге (мақсаттары мен міндеттері);

      білім беру деңгейлері және білім беру ұйымдарының түрлері бойынша оқыту ерекшеліктеріне;

      жас топтары бойынша ұйымдастырылған оқу қызметтерінің, сыныптар бойынша оқу пәндерінің (жалпы білім беретін және ілгері деңгейлер) базалық мазмұнына;

      күтілетін нәтижелерге (дайындық деңгейіне қойылатын талаптар): пәндік және метапәндік құрылымға сәйкестігі;

      3) негізгі ережелерді, заңдарды, заңдылықтарды және оқу пәнінің қағидаларын қамтитын теориялық материалдың оқыту мақсаты мен күтілетін нәтижелерінде жеткілікті ұсынылуы;

      4) белгілі бір тарауларды (бөлімдерді) оқытуға, практикалық және зертханалық сабақтарды (оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты) өткізуге бөлінген сағаттардың көлемі мен арақатынасының оңтайлылығы;

      5) оқыту мақсаттарына және күтілетін нәтижелерге қол жеткізу және олардың білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі;

      6) оқу пәнінің базалық мазмұнын жоспарлауда білім беру деңгейлері бойынша бөлімдердің, параграфтар мен тақырыптардың қарапайымнан күрделіге дейінгі қағидатын, логикалық өзара байланысы мен бағыныстылығын, пәнаралық байланыстар мен сабақтастықты сақтау;

      7) оқу пәнінің жоспарланған базалық мазмұнының білім алушыларды қазақстандық патриотизм, мемлекеттік тілге және мемлекеттік рәміздерге деген құрмет рухында тәрбиелеу міндеттеріне (оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты) сәйкестігі;

      8) оқу пәнінің жоспарланған базалық мазмұнының, оқыту мақсаттарының және күтілетін нәтижелердің Отанға, Қазақстан халқының мәдени, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарына деген сүйіспеншілік пен құрмет сезіміне тәрбиелеу міндеттеріне (оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты) сәйкестігі;

      9) оқу пәнінің жоспарланған базалық мазмұнында жеке гигиена, салауатты өмір салты, қауіпсіздік, қоршаған ортаға ұқыпты қарау (оқу пәнінің ерекшелігіне байланысты) мәселелерін көрсету;

      10) оқу пәнінің жоспарланған базалық мазмұнының, оқыту мақсаттары мен күтілетін нәтижелердің функционалдық сауаттылықты және білімді практикада қолдану дағдыларын дамыту міндеттеріне сәйкестігі;

      11) сараланған, бейінді оқыту және кәсіби бағдарлау қағидаттарының сақталуы айқындалады.

      10. Сараптамалық топ үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын сараптау қорытындылары бойынша мынадай қорытындылардың бірін шығарады:

      1) ескертулер мен кемшіліктер болған жағдайда – "Өңдеуге жіберіледі";

      2) ескертулер мен кемшіліктер болмаған жағдайда – "Сынақтан өткізуге жіберіледі".

      11. Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын қарау мерзімін Ұйымның ғылыми кеңесі жұмыс көлеміне қарай айқындайды.

      12. "Өңдеуге жіберіледі" сараптамалық қорытындысын алған үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын Әзірлеуші күнтізбелік 30 күн ішінде өңдейді және қайта сараптамадан өтеді.

      Күнтізбелік 30 күн ішінде ұсынбаған жағдайда сараптама тоқтатылады.

      13. Сараптамалық топ үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының өңделген жобаларын қарайды және "Сынақтан өткізуге жіберіледі" қорытындысын шығарады.

      14. Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын сараптамаға қайта енгізуге күнтізбелік жыл ішінде бір рет рұқсат етіледі.

3-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын сынақтан өткізу тәртібі

      15. Үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын сынақтан өткізуді Ұйым бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын пилоттық мектепке дейінгі ұйымдардың немесе пилоттық жалпы білім беретін мектептердің (бұдан әрі – пилоттық мектеп) базасында жүргізеді.

      16. Пилоттық мектептерде үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын сынақтан өткізу Ұйымның ғылыми-сараптамалық кеңесі айқындаған психологиялық-педагогикалық талаптарға сәйкес жүргізіледі.

      17. Сынақтан өткізу барысында үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары олардың практикалық жүзеге асырылуы, білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкестігі, жас топтары/сыныптары бойынша оқу пәнінің қажетті мазмұнының ұсынылуы, бөлімдер мен тақырыптардың, тақырыптарды оқытуға бөлінген сағаттар көлемі арақатынасының оңтайлылығы, күтілетін нәтижелердің қолжетімділігі және оларды оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі тұрғысынан қарастырылады.

      18. Пилоттық мектептердің тізбесін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың білім басқармаларының ұсынуы бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

      19. Ұйым сынақтан өткізу процесіне басшылықты және сынақтан өткізуді ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды, сынақтан өткізу нәтижелері бойынша талдамалық анықтаманың нысанын, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын бағалау жөніндегі әдістемелік нұсқаулықты қамтитын әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асырады.

      20. Сынақтан өткізу штаттық және қашықтық режимдерінде жүзеге асырылады.

      21. Сынақ кезеңінде Ұйымның интернет-ресурсына үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын орналастыру арқылы ашық қоғамдық талқылау қатар ұйымдастырылады. Келіп түскен ескертулер мен ұсыныстарды Ұйым қарастырады және талдайды.

      22. Білім беруді басқару органдары пилоттық мектептердің апробатор-мұғалімдеріне сынақ өткізуде қолдау көрсетеді және оларды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдайды.

      23. Сынақты өткізуге пилоттық мектеп басшысының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, пән мұғалімдері мен психологтар тартылады.

      24. Сынақ қорытындылары пилоттық мектептің педагогикалық кеңесінің отырыстарында қаралады, оның қорытындысы бойынша талдамалық анықтама жасалады.

      25. Пилоттық мектеп сынақ қорытындылары бойынша Ұйымға талдамалық анықтаманы және сынақ нәтижелерін жібереді.

      26. Ұйым Әзірлеушіге еркін нысанда сынақ қорытындылары бойынша талдамалық анықтаманы, қоғамдық талқылау қорытындылары бойынша жинақталған ескертулер мен ұсыныстарды жолдайды.

      27. Әзірлеуші Ұйымнан сараптамалық қорытынды алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде сынақтан өткізу және қоғамдық талқылау нәтижелері негізінде үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының жобаларын пысықтайды.

      28. Сараптамалық топ үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларының пысықталған жобаларын қарайды және мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) ескертулер мен кемшіліктер болмаған жағдайда – "Білім беру саласындағы уәкілетті органға бекітуге енгізіледі";

      2) ескертулер мен кемшіліктер болған жағдайда – "Білім беру саласындағы уәкілетті органға бекітуге енгізілмейді".