Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 781 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 20 қарашада № 21664 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі кодексінің 11-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерінде медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 9 қазандағы № 828 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12275 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 27 қарашада жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаментіне (Қ.Ә. Сұлтанбаев) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрінің
2020 жылғы 16 қарашасы
№ 781 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерін әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 11-бабы 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне, олардың отбасы мүшелеріне және құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне (бұдан әрі - контингент) ішкі істер органдарының әскери медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      Ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне (бұдан әрі - әскери қызметшілер) Ұлттық ұланның және әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілері жатады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 13.06.2023 № 480 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда қызметкерлердің және әскери қызметшілерінің отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), екеуінің немесе ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы); балалар (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы) және жұбайының (зайыбының) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитын жиырма үш жасқа толмаған балалары; жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары (асырап алған, асырауындағы немесе қамқоршылығындағы) және он сегіз жасқа дейін мүгедек болған мүгедек балалары; қызметкердің немесе әскери қызметшінің асырауындағы ата-аналары түсініледі.

2-тарау. Әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету тәртібі

      3. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністеріне мыналар жатады:

      1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тыл департаментінің Медициналық басқармасы (бұдан әрі - Медициналық басқарма);

      2) Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың полиция департаменттерінің медициналық бөлімдері (топтары) (бұдан әрі - ПД медициналық бөлімдері);

      3) "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Емханасы бар орталық госпиталі" мемлекеттік мекемесі, "Облыстардың полиция департаменттерінің емханасы бар госпиталі", "Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың полиция департаменттерінің емханасы" мемлекеттік мекемелері (бұдан әрі – ІІО медициналық ұйымдары).

      4) ІІМ білім беру ұйымдарының медициналық-санитариялық бөлімдері (бұдан әрі – оқу орындарының МСБ).

      4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-медициналық (медицина) бөліністері өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      5. Контингентті медициналық қамтамасыз ету бойынша ПД медициналық бөлімдерінің жұмысын ұйымдастыруды және бақылауды Медициналық басқарма жүзеге асырады.

      6. Контингентті ІІО медициналық ұйымдарында және оқу орындарының МСБ-де медициналық қамтамасыз ету бойынша жұмысты ұйымдастыру мен бақылауды ПД медициналық бөлімдері жүзеге асырады.

      7. Контингентке медициналық көмекті ІІО медициналық ұйымдары көрсетеді.

      8. ІІМ білім беру ұйымдарының курсанттарына медициналық көмек көрсетуді оқу орындарының МСБ жүзеге асырады.

      9. ІІО медициналық ұйымдарында медициналық қызметтің мынадай түрлері:

      1) медициналық көмек;

      2) зертханалық диагностика;

      3) денсаулық сақтау саласындағы сараптама;

      4) қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы қызмет;

      5) контингенттің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет көрсетіледі.

      10. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді медициналық қамтамасыз ету ІІО медициналық ұйымдарында бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      Қызметкерлер, әскери қызметшілер қызметін өткеретін жерде немесе тұратын жерінде ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнаулы жабдық болмаған кезде медициналық көрсетілімдер бойынша қызметкерлерге және әскери қызметшілерге медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:

      1) Кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде;

      2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде;

      11. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің және әскери қызметшілерінің өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, сондай-ақ құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне медициналық көмек ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында көрсетіледі.

      Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне және құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсету бойынша ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарының көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:

      1) Кодекске сәйкес ТМККК шеңберінде;

      2) Заңға сәйкес МӘМС жүйесінде жүзеге асырады.

      12. Ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары ұсынбайтын ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін контингент алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымды еркін таңдау құқығын ескере отырып, тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша денсаулық сақтау субъектілеріне тіркеледі.

      13. ІІО медициналық ұйымдары:

      1) уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді;

      2) барынша дәлелденген тиімділігі мен қауіпсіздігі бар профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістерін қолдануды;

      3) төтенше ахуал, әскери қақтығыс және терроризм актісі жағдайларындағы жұмысқа әзірлікті;

      4) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың профилактикасы, алдын алу, диагностикасы, оларды емдеу және медициналық оңалту жөнінде іс-шаралар жүргізуді;

      5) адамдарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және анық ақпарат беруді;

      6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және гигиеналық нормативтерді сақтауды;

      7) басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды және өз қызметіндегі сабақтастықты;

      8) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруды;

      9) Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасында көзделген құзыретке сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізу және Кодекстің 11-бабы 1-бөлігінің 13) тармақшасында көзделген құзыретке сәйкес Ішкі істер министрлігі бекіткен нысандар бойынша есептер беру;

      10) ақпаратты:

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға - айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық ауру, улану жағдайлары туралы;

      медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға - жүкті, босанатын әйелдердің, босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күн ішінде босанған әйелдердің қайтыс болу, пациенттерге жоспарлы медициналық көмек (медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек) көрсеткен кезде олардың кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы;

      азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға - төтенше ахуалдардың медициналық-санитариялық салдарының туындау қатері туралы және (немесе) туындауы туралы;

      ішкі істер органдарына - жаңа жарақаттар, жаралар, жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық себебі бойынша жүгінген адамдар туралы, айналадағыларға қауіп төндіретін ауру жағдайлары туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етуге міндетті.

      14. ІІО медициналық ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына, Кодекстің 7-бабының 32) және 82) тармақшаларында көзделген құзыретке сәйкес медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық көмек көрсету қағидаларына, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы жөніндегі комиссиясы мақұлдаған диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес медициналық көмек көрсетеді.

      15. ІІО медициналық ұйымдары медициналық көмекті бірінші деңгейде (медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының амбулаториялық, стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде медициналық көмек көрсету деңгейі) және екінші деңгейде (мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бірінші деңгейде медициналық көмек көрсететін мамандардың жолдамасы бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі) көрсетеді.

      "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Емханасы бар орталық госпиталі" мемлекеттік мекемесінде (бұдан әрі - ЕбОГ) медициналық бірінші, екінші және үшінші деңгейлерде көрсетіледі (үшінші деңгей – жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бірінші және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасы бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі).

      16. ІІО медициналық ұйымдарында медициналық көмек мынадай нысандарда ұсынылады:

      1) шұғыл - денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;

      2) кезек күттірмейтін - пациенттің өміріне анық қатер төндірмейтін, кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;

      3) жоспарлы - көмек көрсетуді белгілі бір уақытқа кейінге қалдыру пациент жай-күйінің нашарлауына алып келмейтін, пациенттің өміріне қатер төндірмейтін аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде көрсетілетін медициналық көмек.

      17. ІІО медициналық ұйымдарында медициналық көмек:

      1) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу көзделмейтін амбулаториялық жағдайларда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде;

      2) тәулік бойы медициналық байқау, емдеу, күтім, сондай-ақ тамақпен бірге төсек-орын беру көзделетін стационарлық жағдайларда, оның ішінде емдеу басталғаннан кейін алғашқы тәуліктер ішінде тәулік бойы байқау көзделетін "бір күннің" терапиясы және хирургиясы жағдайларында;

      3) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу қажет етілмейтін және төсек-орын беріле отырып, күндізгі уақытта медициналық байқау мен емдеу көзделетін стационарды алмастыратын жағдайларда;

      4) үйде: медицина қызметкерін, мобильдік бригаданы шақырған, медицина қызметкерлерінің белсенді патронажы кезінде, емдеу үйде (үйдегі стационар) ұйымдастырылған кезде;

      5) медициналық ұйымнан тыс: медициналық алып жүруді талап ететін ІІО іс-шараларын өткізу орны бойынша, санитариялық автокөлікте, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерді тасымалдау кезінде көрсетіледі.

      18. ІІО медициналық ұйымдарында медициналық көмектің мынадай түрлері:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;

      2) алғашқы медициналық-санитариялық көмек;

      3) мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;

      4) медициналық оңалту болып табылады.

      Контингентке жоғары технологиялық медициналық көмек ЕбОГ-де көрсетіледі.

      19. Медициналық көмек алу үшiн контингентті ресiмдеуді ІІО медициналық ұйымдары құқық қорғау органдарының кадр қызметтері ұсынған контингенттің тiзiмдері негiзiнде жүргiзедi.

      Медициналық қамтамасыз етуге ресімдеу жеке басын куәландыратын құжат (құқық қорғау органдары қызметкерлері, әскери қызметшілер үшін – жеке куәлігі және қызметкердің, әскери қызметшінің қызметтік куәлігі; қызметкердің, әскери қызметшінің отбасы мүшелері үшін – жеке куәлігі; қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балалары үшін – туу туралы куәлігі немесе жеке куәлігі; құқық қорғау органдары зейнеткерлері үшін – жеке куәлігі және зейнеткерлік куәлігі) негізінде медициналық ұйымның жұмыс кестесіне сәйкес кез келген күнтізбелік уақытта жүзеге асырылады.

      Контингент қатарындағы әрбір адамға Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасында көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес амбулаториялық пациенттің медициналық картасы ресімделеді, ол ІІО медициналық ұйымы емханасының тіркеу орнында сақталады.

      20. ІІО медициналық ұйымдары емханасы жұмысының режимі демалыс және мерекелік күндері кезекші дәрігерлердің жұмысын қамтамасыз ете отырып, барлық мамандар мен құрылымдық бөліністер үшін жылжымалы кесте бойынша сағат 08.00.-ден сағат 20.00.-ге дейін белгіленеді.

      21. Дәрігердің немесе орта медицина қызметкерінің үйге шақыртуларға қызмет көрсетуін бөлімше меңгерушісі, ол болмаған кезде учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) үйлестіреді.

      Шақыртуды қабылдау емхана жұмысының аяқталуына 2 сағат қалғанда (18.00-ге дейін) аяқталады.

      22. ІІО медициналық ұйымдарының емхана жағдайындағы медициналық-санитариялық алғашқы көмек және амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек мыналарды:

      1) пациенттерге жіті және созылмалы аурулар, жарақат, улану кезінде немесе басқа шұғыл жағдайларда дәрігерге дейінгі және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді;

      2) шұғыл медициналық, оның ішінде үйде көмек көрсетуді;

      3) созылмалы ауру нысандары бар адамдарды динамикалық бақылауды;

      4) ауруларды ерте айқындау мақсатында пациенттерді тексеріп-қарауды;

      5) пациенттерді жоспарлы емдеуге жатқызуға жіберуді;

      6) функцияларының бұзылулары бар, тіршілік әрекеті және жұмысқа қабілеттілігі шектелген науқастарды ерте, жалғастырушы және кеш медициналық оңалтуды;

      7) құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді мерзімді міндетті медициналық тексеріп-қараудан өткізу;

      8) медициналық қызметтер көрсету (мамандардың қабылдау және кеңес беру, зертханалық-аспаптық, оның ішінде экспресс-диагностика әдісімен зерттеулерді жүргізу, ауруларды және олардың асқынуларын аурулардың созылмалы нысандары бар науқастарды динамикалық бақылау арқылы бастапқы және екінші профилактикасы, ем-шаралар және манипуляциялар жүргізу, стационарды алмастыратын көмек көрсету

      9) инфекциялық аурулардың ошақтарында санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу;

      10) науқастардың еңбекке уақытша жарамсыздығына сараптаманы, науқастардың уақытша еңбекке жарамсыздығына негіздемені;

      11) "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы Заңына сәйкес құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер қатарынан әскери-дәрігерлік комиссияның медициналық куәландыруына жататын адамдар туралы одан әрі қызметке жарамдылығы туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органының кадр қызметіне ұсынымдар жіберу;

      12) Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасында көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандарға сәйкес медициналық құжаттаманы жүргізу;

      13) контингент арасында аурулардың алдын алу және саламатты өмір салтын қалыптастыру туралы түсіндірме жұмысын жүргізу;

      14) иммундық профилактиканы ұйымдастыру және жүргізу;

      15) онкологиялық сақтық, туберкулезді және жыныстық жолмен берілетін ауруларды айқындау, тиісті денсаулық сақтау ұйымдарына айқындалған науқастар туралы ақпаратты уақтылы беру бойынша емдеу-диагностикалық іс-шаралар жүргізуді;

      16) медициналық оңалтуға және санаториялық-курорттық емдеуге іріктеуді;

      17) дәрігерлердің және орта медицина персоналының біліктілігін арттыру бойынша іс-шараларды;

      18) персоналдың және емхананың құрылымдық бөліністері қызметінің есебін жүргізуді, емхана жұмысын сипаттайтын статистикалық деректерді талдауды қамтиды.

      23. ІІО медициналық ұйымдарында еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны сырқаттануы кезеңіне еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізіледі.

      24. ІІО медициналық ұйымдарында еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру тәртібі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің басқа денсаулық сақтау мекемелері берген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар немесе анықтамалар емдеу аяқталғаннан кейін төрт күн ішінде ІІО медициналық ұйымдарында тіркелуге жатады.

      26. Құқық қорғау органдары қызметкерінің, әскери қызметшінің еңбекке уақытша жарамсыздығы емделуде үздiксiз болудағы кезеңі жекелеген сырқаттар бойынша емделуде болудың неғұрлым мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, төрт айдан аспауға тиiс. Қызметкер емделуде үздiксiз болуының белгiленген мерзiмi өткен соң, өзiнiң одан әрi қызмет атқаруға жарамдылығы туралы мәселенi шешу үшiн әскери-дәрiгерлiк комиссияның медициналық куәландырудан өтуге тиiс.

      27. Қызметтік мiндеттерiн және қызметтiк борышын орындау кезiнде жарақаттануына, контузия алуына немесе мертiгуiне байланысты қызметкерлердің емделу уақытына шек қойылмайды. Аталған адамдар медициналық куәландыруға емделiп болған соң немесе ауруының нәтижесi анықталған жағдайда жiберiледi.

      28. ІІО медициналық ұйымдары құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілердің қатарынан әскери-дәрігерлік комиссияның медициналық куәландыруына жататын адамдар туралы құқық қорғау органының кадр қызметіне оның одан әрі қызметке жарамдылығы туралы мәселені шешу үшін ұсынымдар жіберуді жүзеге асырады.

      29. ІІО медициналық ұйымдарында динамикалық бақылау Кодекстің 88-бабының 2-бөлігінде көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша созылмалы аурулары бар пациенттерді жүзеге асырады.

      30. Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру кағидалары, бақылау кезеңділігі мен мерзімдері, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселігі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      31. ІІО медициналық ұйымдарында контингентті стационарлық емдеуге жатқызу шұғыл түрде емдеуге жатқызуды қоспағанда көрсеткіштер бойынша ІІО медициналық ұйымдары емханасы маманының жолдамасы бойынша жүзеге асырылады.

      Дәрігерге дейінгі, білікті, мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, денсаулық сақтау ұйымдарында тәулік бойы медициналық бақылаумен медициналық көмек көрсету қажеттілігі емдеуге жатқызу үшін көрсетілім болып табылады.

      32. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан тыс жерлерде тұратын контингентті стационарлық ем алуға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдары медициналық ұйымдарына емдеуге жатқызу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 18 наурыздағы № 281 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 101579 болып тіркелген) құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      33. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдарының зейнеткерлерін ІІО медициналық ұйымдарына стационарлық емделуге жатқызу Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүзеге асырылады.

      34. ІІО медициналық ұйымдарының стационарларында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету Кодекстің 7-бабының 46-тармақшасында көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға сәйкес тегін көрсетіледі.

      35. Контингент қатарынан пациентті басқа медициналық ұйымдарға стационарлық емдеуге ауыстыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      36. Контингентті шетелге емдеуге жiберу Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      37. ІІО медициналық ұйымдарың күндізгі стационарларының мен стационарларының қызметі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      38. Күндізгі стационар және стационарлық көмек жағдайларында емделуге жіберу тәртібі Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      39. Кодекстің 125-бабының 1-бөлігінде көзделген құзыретіне сәйкес Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша медициналық оңалту туа біткен аурулары бар адамдарға, жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласудан, жарақаттардан, сондай-ақ олардың салдарынан кейін көрсетіледі.

      40. Туа біткен аурулары бар адамдарға жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласудан және жарақаттардан кейін медициналық оңалту бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі ІІО медициналық ұйымдардың амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларында негізгі ауруды емдеу кезінде көрсетіледі.

      41. Туа біткен ауруларды, жіті жай-күйлердің, хирургиялық араласудың және жарақаттардың салдарын медициналық оңалту Кодекстің 125-бабының 3-бөлігінде көзделген құзыретке сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпте пациентті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігіне сәйкес оңалту әлеуетін ескере отырып, бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі ІІО медициналық ұйымдарының амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларында, сондай-ақ үйде және санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетіледі.

      42. Мультипәндік топтың қорытындысы бойынша оңалту әлеуеті жоқ пациентке медициналық оңалту көрсетілмейді.

      43. "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес қызметтік міндеттерін атқару кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған) қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.

      44. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әскери қызметкерлер қызмет міндеттерін орындау кезінде мертіккен (жараланған, жарақат алған, контузия) бюджет қаражаты есебінен санаторийлік-курорттық емделуге жіберіледі.

      45. Санаторийлік-курорттық емделуге жіберу кезінде Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасында көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша медициналық құжаттама ресімделеді.

3 тарау. ІІМ білім беру ұйымдарының курсанттарын медициналық қамтамасыз ету

      46. ІІМ білім беру ұйымдарында курсанттарды медициналық қамтамасыз ету денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және жүргізіледі.

      47. Оқу орындарының МСБ (бөлім, пункт) негізгі міндеттері:

      1) курсанттардың денсаулығына қолайсыз әсер ететін факторларды анықтау үшін оқу процесінің, қызмет пен тұрмыс жағдайларын тұрақты зерделеу, сырқаттанушылық пен жарақаттанудың алдын алу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және өткізу;

      2) курсанттардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды жүзеге асыру;

      3) ІІМ білім беру ұйымдарында ІІМ білім беру ұйымдарының курсанттары мен қызметкерлеріне шұғыл медициналық көмек көрсету;

      4) курсанттарға амбулаториялық, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру;

      5) курсанттарды ІІО медициналық ұйымдарына стационарлық емделуге жіберу;

      6) ІІМ білім беру ұйымдарында санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешенін жүргізу;

      7) гигиеналық білімді, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу.

      48. Оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) емдеу-диагностикалық жұмысының көлемі Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның штатына және нормативтік құқықтық актілерінің ережелеріне сәйкес айқындалады.

      49. Оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) бастығы ІІМ білім беру ұйымының бастығына, сондай-ақ ПД медициналық бөлімінің басшысына бағынады.

      50. Оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) бастығы ІІМ білім беру ұйымдарының курсанттарын медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыруға және оның жай-күйіне жауап береді.

      51. Оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) бастығы міндетті:

      1) денсаулығына қолайсыз әсер ететін және аурулар мен жарақаттардың туындау себебі болып табылатын факторларды анықтау үшін, осы негізде кешенді алдын алу іс-шараларын әзірлеу және жүргізу үшін курсанттардың оқу процесі мен тұрмыс жағдайларын үнемі зерделеуге;;

      2) ІІМ білім беру ұйымында санитариялық-гигиеналық, эпидемияға қарсы және емдеу-диагностикалық жұмысқа басшылықты жүзеге асыру;

      3) ІІМ білім беру ұйымдарында шұғыл медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету;

      4) курсанттардың ІІО медициналық ұйымдарында және басқа денсаулық сақтау субъектілерінде медициналық көмек алуын ұйымдастыруға;

      5) гигиеналық білімді, салауатты өмір салтын насихаттау бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;

      6) ІІМ білім беру ұйымдарының курсанттарын медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша ІІО медициналық ұйымдарымен және басқа денсаулық сақтау субъетілерімен оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз ету;

      7) ІІМ білім беру ұйымының және ПД медициналық бөлімінің басшылығына курсанттардың денсаулығын жақсарту бойынша жасалған жұмыс туралы есептерді және ұсыныстарды уақтылы ұсынуға міндетті.

      52. Оқу орнының МСБ (бөлім, пункт) дәрігері (фельдшері):

      1) курсанттардың денсаулығына қолайсыз әсер ететін факторларды анықтау мақсатында олардың денсаулық жағдайын, оқу даярлығы мен тұрмыс жағдайын талдауға;

      2) ІІМ білім беру ұйымының басшылығымен бірлесіп қажетті алдын алу іс-шараларын әзірлеуге және өткізуге;

      3) курсанттардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылауды ұйымдастыруға және медициналық тексерулерді жүргізуге қатысуға;

      4) гигиеналық білімді, салауатты өмір салтын насихаттауға қатысуға міндетті.

4-тарау. Ішкі істер органдарында санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылықты қамтамасыз ету

      53. Медициналық басқарманың және ПД медициналық бөлімдерінің мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау топтары (бұдан әрі – МСЭҚ топтары) ішкі істер органдары жеке құрамының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын ішкі істер органдарының құрылымдық бөліністері болып табылады және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесіне кіреді.

      54. Медициналық басқарманың және ПД медициналық бөлімдері МСЭҚ топтарының бас санитариялық дәрігерлері мен мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.

      55. Ішкі істер органдарындағы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, олардың жолын кесуге және жоюға бағытталған.

      56. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылыстар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнім, жабдық, көлік құралдары, су, ауа және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы мен пайдаланылуы адамның денсаулық жағдайына және тіршілік ортасына зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) болып табылады.

      57. Ішкі істер органдарында санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау Кодекске және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      58. Санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар ішкі істер органдарының жеке құрамы арасында инфекциялық, паразиттік аурулардың алдын алу және оларды жою жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларды білдіреді.

      59. Ішкі істер органдарының объектісінде инфекциялық, паразиттік аурулар анықталған кезде мынадай санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі:

      1) науқастарды анықтау, оқшаулау және емдеуге жатқызу, инфекционист-дәрігердің консультациясы;

      2) ағымдағы және қорытынды дезинфекция;

      3) эпидемиологиялық тексеру;

      4) медициналық бақылау, обсервация немесе карантин;

      5) вакцинация жүргізу.

      60. Ішкі істер органдарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар Кодекске және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамалық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.