Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік идентификациялау кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және бан

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 128 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 5 қарашада № 21593 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік идентификациялау кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және жою, олардың құрылымы, Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасы қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2020 жылғы 27 қазаны
№ 128 Қаулымен
бекітілген

Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік идентификациялау кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және жою, олардың құрылымы, Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Ұлттық Банкінің банктік идентификациялау кодтарын беру, пайдалану және жою, сондай-ақ банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және жою, олардың құрылымы, Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) банктік идентификациялау кодтарын беруін, пайдалануын және жоюын, сондай-ақ банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беруін және жоюын, олардың құрылымын, Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыруды және жүргізуді нақтылайды.

      2. Нұсқаулықта "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банк атауы – банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрі – банк), Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының, банк филиалының толық атауы. Банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының құрылтай құжаттарына сәйкес қысқартылған атауды пайдалануға жол беріледі;

      2) банк коды, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының коды – Ұлттық Банк банктерге, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына, банктердің филиалдарына беретін, үш цифрлық разрядтан тұратын бірегей нөмір;

      3) банктердің анықтамалығы – банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының жүйеге келтірілген, олардың банктік сәйкестендіру кодтары, банктердің кодтары, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, банктер филиалдарының кодтары және басқа деректемелері бар тізбесі;

      4) банктік идентификациялау коды - ақша аудару не төлеу туралы нұсқауларды ұсыну кезінде, Ұлттық Банктің төлем жүйесінің қатысушысы болып табылатын банкті, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалын идентификаттауға арналған символдар қатары;

      5) жеке идентификациялау коды – банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының Ұлттық Банкте ашылған корреспонденттік шотының тиісті нөмірі;

      6) клиенттің түрі - жүзеге асыратын қызметінің негізгі түріне сәйкес топтастырылатын институционалдық бірлік;

      7) мәртебе - ағымдағы мәртебені айқындауға мүмкіндік беретін деректеме.

      3. Ұлттық Банк банктік идентификациялау кодтарын береді, жояды және пайдаланылуын айқындайды, банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының, банктер филиалдарының кодтарын береді және олардың құрылымдарын белгілейді, сондай-ақ Банктердің анықтамалығын қалыптастырады және жүргізеді.

      4. Банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының кодын өз клиенттеріне банк шотының нөмірін қалыптастыру, экспорттық-импорттық валюталық бақылау және банктің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкі филиалының, банк филиалының Ұлттық Банктен қолма-қол ақша алу мақсатында пайдаланады.

      5. Банктердің анықтамалығында Ұлттық Банкте корреспонденттік шоттар ашқан банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдары туралы ақпарат болады. Бұл ақпарат төлем құжаттарын қалыптастыру кезінде, олардың дұрыс қалыптастырылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылады, сондай-ақ ақпараттық мақсатта пайдаланылуы мүмкін.

2-тарау. Банктік идентификациялау кодын беру

      6. Банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалына банктік идентификациялау кодын беру Ұлттық Банк пен банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы арасында жасалған корреспонденттік шот шарты негізінде Ұлттық Банкте корреспонденттік шотты ашу кезінде жүзеге асырылады.

      7. Банкте, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалында ISO (International Organization for Standartization) 9362: Bank Identifier Code халықаралық стандартына сәйкес берілген банктік идентификациялау коды болған кезде банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы бұл банктік идентификациялау кодын Ұлттық Банк оны Банктердің анықтамалығына енгізген соң Қазақстан Республикасының аумағында қолданады. Банктік идентификациялау коды латын әліпбиінің сегіз не он бір әріптік белгілерінен және цифрлардан құралады.

      8. Банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы ISO халықаралық стандарттарына (International Organization for Standartization) 9362: Bank Identifier Code сәйкес берілген банктік идентификациялау кодын Қазақстан Республикасында пайдалану туралы өтініш жасаған кезде Ұлттық Банк берген банктік идентификациялау коды жойылады.

3-тарау. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және банк филиалының кодын беру

      9. Банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының коды Ұлттық Банкте корреспонденттік шотты ашумен бірмезгілде беріледі.

      10. Банк филиалына кодты беру және оны Банктердің анықтамалығына енгізу банк Ұлттық Банкке банк филиалына кодты беру туралы еркін нысандағы өтінішхатты ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      11. Банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы және банк филиалы кодының разрядтары мына мәндерді білдіреді:

      1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіретін мемлекеттік органдарға 001-ден 099-ға дейін;

      2) Ұлттық Банк пен оның филиалдарына 101-ден 199-ға дейін;

      3) банктерге және олардың филиалдарына, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына 201-ден 999-ға дейін.

      12. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, банк филиалының коды бірегей болып табылады және басқа банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына, банк филиалына қайталап берілмейді.

4-тарау. Банктік идентификациялау кодын, банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және банк филиалының кодын жою

      13. Ұлттық Банк пен банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы арасында жасалған корреспонденттік шот шарты бұзылған және корреспонденттік шот жабылған кезде Ұлттық Банк банктік идентификациялау кодын және банк кодын, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының кодын жояды және оларды Банктер анықтамалығынан алып тастайды.

      14. Ұлттық Банк банктің филиал кодын жояды және оны банктің жазбаша хабарламасы негізінде Банктер анықтамалығынан алып тастайды.

5-тарау. Банктік идентификациялау кодының құрылымы

      15. Банктік идентификациялау кодының құрылымы ISO (International Organization for Standartization) 9362: Bank Identifier Code халықаралық стандартына негізделген және сегіз әріптік-цифрлық разрядтан тұрады, мұнда:

      1) бірінші, екінші, үшінші және төртінші разряд – банк атауының төрт әріптік символынан тұратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының бірегей коды. Банктің құрылтай құжаттарында көрсетілген атауына сәйкес келетін қысқартылған атауы пайдаланылады және латын әріптерімен белгіленеді. Банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының бірегей коды банкпен, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалымен келісу бойынша беріледі;

      2) бесінші және алтыншы разрядтар – ел коды. Қазақстан Республикасының халықаралық коды – KZ пайдаланылады;

      3) жетінші және сегізінші разрядтар – әріптік-цифрлық символдардан тұратын банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының орналасқан жерінің (қала, аймақ) коды. Алматы қаласында орналасқан банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін жетінші разряд – "К" мәнін, Қазақстанның аймақтық банктері үшін – "2", сегізінші разряд аймақ немесе қала ішінде қосымша бөлімшені айқындайды және "0" және "1" цифрлары мен "O" әрібімен басқа кез келген мәнді білдіреді.

6-тарау. Банктер анықтамалығының құрылымы

      16. Банктер анықтамалығы Ұлттық Банктің автоматтандырылған ақпараттық шағын жүйесінде қалыптастырылады және мына деректемелер:

      1) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының банктік идентификациялау коды (банк және оның филиалы үшін);

      2) Ұлттық Банктің банктік идентификациялау коды;

      3) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының, банк филиалының коды;

      4) жеке идентификациялау коды;

      5) банктің атауы;

      6) бизнес идентификациялау нөмірі;

      7) клиенттің түрі;

      8) резиденттік белгісі (Қазақстан Республикасының резиденті немесе бейрезиденті);

      9) ұлттық және (немесе) шетел валютасында банк операцияларын жүргізуге берілген банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалы лицензиясының нөмірі, күні;

      10) экономика секторы;

      11) кәсіпорындар мен ұйымдардың жалпы сыныптауышының (КҰЖС) коды;

      12) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының орналасқан жері;

      13) телефон, факс, электрондық пошта;

      14) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының бірінші басшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);

      15) банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының бас бухгалтерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса);

      16) мәртебе қамтылады. Бұл бағанда мына мәртебелердің бірі көрсетіледі:

      "белсенді" төлемдерді жүргізуде шектеудің жоқтығын көрсетеді;

      "белсенді емес" белсенді операциялар жүргізуге тыйым салынғанын көрсетеді;

      "жабық" Банктердің анықтамалығынан банктік идентификациялау коды алып тасталғанын көрсетеді.

7-тарау. Банктердің анықтамалығын жүргізу

      17. Банктердің анықтамалығын жүргізу деректерді жинақтауды, өңдеуді, өзгерістерді енгізуді, сондай-ақ Банктердің анықтамалығын банктерге, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдарына, Ұлттық Банктің филиалдарына, сонда-ақ "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – Орталық) жеткізуді қамтиды.

      18. Банк немесе Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалы өзінің деректемелері өзгерген кезде корреспонденттік шоттың шартына сәйкес ол туралы Ұлттық Банкке он жұмыс күні ішінде еркін жазбаша нысанда хабарлайды.

      19. Ұлттық Банк алынған ақпараттың негізінде үш жұмыс күні ішінде Банктердің анықтамалығына өзгерістер енгізеді және электрондық байланыс арналары арқылы Ұлттық Банктің төлем жүйесіне қатысушыларға, Ұлттық Банктің филиалдарына, сондай-ақ Орталыққа хабарларды кепілді жеткізуді қамтамасыз етеді.

      20. Ұлттық Банк Банктердің анықтамалығына өзгерістерді енгізгеннен кейін енгізілген өзгерістер туралы банкке, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің филиалына жазбаша түрде хабарлайды.

      21. Банктердің анықтамалығы Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылады.

      22. Ұлттық Банк Банктердің анықтамалығындағы ақпараттың дәйектілігін және жаңартылып тұруын, сондай-ақ оның уақтылы жіберілуін және Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2020 жылғы 27 қазаны
№ 128 Қаулыға
қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулысының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің банктік сәйкестендіру кодтарын беруі, пайдалануы және күшін жоюы, сондай-ақ банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кодтарын және банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар филиалдарының кодтарын беру және күшін жою, олардың құрылымдары, Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың анықтамалығын қалыптастыру және жүргізу туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 236 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7960 болып тіркелген, 2012 жылғы 21 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 763-767 (27839) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 110 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8505 болып тіркелген, 2013 жылғы 6 тамызда "Заң газеті" газетінде № 115 (2316) жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 36-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 248 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16446 болып тіркелген, 2018 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) бекітілген Төлемдер және төлем жүйелері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы қаулылары тізбесінің 3-тармағы.