Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 92 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 16 сәуірде № 20407 болып тіркелді

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір бұйрықтарының және бұйрығының құрылымдық элементінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 15 сәуірдегі
№ 92 бұйрықпен
бекітілген

Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 14) тармақшасына сәйкес әзірленді және тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қорғау міндеттемесі – тарих және мәдениет ескерткішінің осы құжатты ресімдеу кезіндегі жай-күйі мен тарих және мәдениет ескерткіші меншік иесінің немесе оны пайдаланушының тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттарын тіркейтін құжат;

      2) тарихи-мәдени мұра объектісінің есепке алу карточкасы (бұдан әрі – есепке алу карточкасы) – тарихи-мәдени мұра объектісінің алғашқы мәліметтерін, қысқаша сипаттамасы мен иллюстрациялық материалын қамтитын құжат;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілері – тарих, археология, сәулет, қала құрылысы, өнер, ғылым, техника, эстетика, этнология, антропология, әлеуметтік мәдениет тұрғысынан қызығушылық туғызатын, тарихи процестер мен оқиғалар нәтижесінде пайда болған, өздерімен байланысты бейнелеу, мүсін, қолданбалы өнер, ғылым, техника туындылары және материалдық мәдениеттің өзге де заттары бар жылжымайтын объектілер;

      4) тарих және мәдениет ескерткішінің паспорты (бұдан әрі – паспорт) – тарих және мәдениет ескерткіші туралы ғылыми және нақты мәліметтерді қамтитын құжат;

      5) тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімі – тарих және мәдениет ескерткіштері деп танылған, түрі, санаты және координаттары көрсетілген тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізбесі;

      6) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері;

      7) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      8) тарихи-мәдени мұра объектілерін алдын ала есепке алу тізімі (бұдан әрі – алдын ала есепке алу тізімі) – зерделеуге және тиісті мәртебесін айқындауға жататын, жаңадан анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерінің тізімі;

      9) тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия (бұдан әрі – арнайы комиссия) – тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында уәкілетті органның жанынан құрылған консультативтік-кеңесші орган.

2-тарау. Тарихи-мәдени мұра объектісін анықтау және есепке алу

      3. Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мен пайдаланудың құрамдас бөлігі.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) қамтамасыз етеді.

      5. Тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау археологиялық жұмыстарды жүргізу, жер учаскелерін игеру, археологиялық және тарихи зерттеулер материалдарын зерделеу барысында жүзеге асырылады.

      6. Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері оларды зерттуді қамтамасыз ету мақсатында есепке алуға жатады және тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне енгізіледі.

      7. Алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектісіне осы қағидалардың қосымшасына сәйкес есепке алу карточкасы жасалады.

      8. Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.

3-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мәртебе беру және тарих және мәдениет ескерткіштерінің санатын өзгерту

      9. Алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген тарихи-мәдени мұра объектілеріне, сондай-ақ жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін беру (бұдан әрі – мәртебе беру) және тарих және мәдениет ескерткіштерінің санатын өзгерту (бұдан әрі – санатын өзгерту) уәкілетті органмен тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      10. Жергілікті атқарушы органдардың мәртебе беру немесе санатын өзгерту туралы ұсыныстары уәкілетті органға мынадай құжаттармен қоса енгізіледі:

      1) жергілікті атқарушы органдар әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасымен мәртебе беру немесе санат өзгерту туралы хат;

      2) тарихи-мәдени мұра объектісінің есепке алу карточкасының немесе тарих және мәдениет ескерткіші паспортының көшірмесі;

      3) көлемі 15x20 сантиметрден тұратын тарихи-мәдени мұра объектісінің немесе тарих және мәдениет ескерткішінің жан-жақтан түсірілген фотосуреттері (солтүстік-оңтүстік-батыс-шығыс);

      4) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын, тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиясы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар жеке және заңды тұлғалар әзірлеген тарихи-мәдени сараптама қорытындысы.

      11. Жергілікті атқарушы органдардың мәртебе беру немесе санатын өзгерту туралы ұсыныстарын уәкілетті органмен, соның ішінде арнайы комиссиямен қарау мерзімі олардың қарауға келіп түскен күнінен бастап 45 (қырық бес) күнтізбелік күнді құрайды.

      12. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттар толық көлемде ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган олардың келіп түсу күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды жергілікті атқарушы органдарға қараусыз қайтарады.

      13. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген құжаттар толық көлемде ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың мәртебе беру немесе санатын өзгерту туралы ұсыныстарын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      14. Арнайы комиссия жергілікті атқарушы органдардың мәртебе беру немесе санатын өзгерту туралы ұсыныстарын тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде қарайды.

      15. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша арнайы комиссия мәртебе беру немесе мәртебе беруден бас тарту туралы, санатты өзгерту немесе санатты өзгертуден бас тарту туралы ұсынымдық сипаттағы шешім шығарады.

      16. Уәкілетті орган арнайы комиссияның ұсынымы негізінде тарихи-мәдени сараптама қорытындысын ескере отырып:

      1) тарихи-мәдени мұра объектісін және (немесе) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану және оларды Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу;

      2) жергілікті атқарушы органдардың тарихи-мәдени мұра объектілерін жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану туралы ұсыныстарын келісу туралы шешім қабылдайды.

      17. Уәкілетті органның ұсыныстарды келісу туралы шешімі негізінде жергілікті атқарушы органдар тарихи-мәдени мұра объектілерін жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп таниды және оларды Мемлекеттік жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізеді.

4-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру

      18. Тарих және мәдениет ескерткiшiн мәртебесiнен айыруға және Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастауға объект физикалық тұрғыдан толық жойылған және (немесе) тарихи-мәдени маңыздылығын жоғалтқан жағдайда ғана жол беріледі.

      19. Уәкілетті органмен тарих және мәдениет ескерткішін оның мәртебесінен айыру (бұдан әрі – мәртебесінен айыру) тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      20. Жергілікті атқарушы органдардың мәртебесінен айыру туралы ұсыныстары уәкілетті органға мынадай құжаттармен қоса енгізіледі:

      1) жергілікті атқарушы органдар әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының электрондық цифрлық қолтаңбасымен мәртебесінен айыру туралы хат;

      2) тарих және мәдениет ескерткіші паспортының көшірмесі;

      3) көлемі 15x20 сантиметрден тұратын тарих және мәдениет ескерткішінің жан-жақтан түсірілген фотосуреттері (солтүстік-оңтүстік-батыс-шығыс);

      4) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын, тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензиясы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасына сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісінің аккредитациясы бар жеке және заңды тұлғалар әзірлеген тарихи-мәдени сараптама қорытындысы.

      21. Жергілікті атқарушы органдардың мәртебесінен айыру туралы ұсыныстарын уәкілетті органмен, соның ішінде арнайы комиссиямен қарау мерзімі олардың қарауға келіп түскен күнінен бастап 45 (қырық бес) күнтізбелік күнді құрайды.

      22. Осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген құжаттар толық көлемде ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган олардың келіп түсу күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды жергілікті атқарушы органдарға қараусыз қайтарады.

      23. Осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген құжаттар толық көлемде ұсынылған жағдайда, уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдардың мәртебесінен айыру туралы ұсыныстарын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      24. Арнайы комиссия жергілікті атқарушы органдардың мәртебесінен айыру туралы ұсыныстарын тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде қарайды.

      25. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша арнайы комиссия мәртебесінен айыру немесе мәртебесінен айырудан бас тарту туралы ұсынымдық сипаттағы шешім шығарады.

      26. Уәкілетті орган арнайы комиссияның ұсынымы негізінде тарихи-мәдени сараптама қорытындысын ескере отырып:

      1) Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін мәртебесінен айыру және Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығару туралы;

      2) жергілікті атқарушы органдарға жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін мәртебесінен айыру туралы ұсыныстарды келісу туралы.

      27. Уәкілетті органның ұсыныстарды келісу туралы шешімінің негізінде жергілікті атқарушы органдар жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерін оларды мәртебесінен айырады және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарады

5-тарау. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту

      28. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайларда немесе егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайларын жақсартуға алып келетін болған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен уәкілетті органмен келісе отырып, жүргізіледі.

      29. Тарих және мәдениет ескерткішінің кеңістіктегі тұрған орнын, оның келбетін, көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын, интерьерін және өзге физикалық сипаттамаларын өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту болып табылады.

      30. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру тарих және мәдениет ескерткішін бір елді мекен ішінде, бір елді мекеннен басқа елді мекенге ауыстыру жөніндегі іс-әрекеттерді қамтиды.

      31. Тарих және мәдениет ескерткішін өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің жай-күйін жақсарту мақсатында егжей-тегжейлі түзетулер (қол, аяқ, киім, тарих және мәдениет ескерткішінің кітап, қару сияқты және басқа атрибуттарының орналасуы) енгізу жөніндегі іс-әрекеттерді қамтиды.

      32. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және өзгерту Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 27-бабында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

6-тарау. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу

      33. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      34. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйіне мониторингтеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      35. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу оларды ғылыми-реставрациялау және археологиялық жұмыстар жүргізу арқылы сақтау шараларымен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.

      36. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу міндеттері болып:

      1) олардың сақталу дәрежесін анықтау;

      2) олардың техникалық жағдайын зерделеу;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймақтарында заңсыз (өз бетімен) құрылысты анықтау;

      4) пайдаланушылармен (меншік иелерімен) қорғау міндеттемелерін сақтау;

      5) тарих және мәдениет ескерткіштерін тиімді пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу.

      37. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы шеңберінде жүргізіледі.

      38. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің жай-күйін мониторингтеу нәтижесі бойынша жай-күйі өте төмен жағдайдағы тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіледі.

  Тарих және мәдениет
ескерткіштерін анықтау, есепке
алу, мәртебе беру және одан
айыру, орнын ауыстыру және
өзгерту, жай-күйін
мониторингтеу және санатын
өзгерту қағидаларына
қосымша

Тарихи-мәдени мұра объектісін есепке алу карточкасы Учетная карточка объекта историко-культурного наследия

Алғашқы деректер
Первичные сведения

1.

Объектінің атауы
Наименование объекта


2.

Типологиялық тиістілігі
Типологическая принадлежность


3.

Объектінің хронологиясы
Хронология объекта


4.

Техникалық жай-күйіне толық сипаттама
Подробная характеристика технического состояния


Жалпы көрінісінің cуpeтi (қосымша) -
Фото общего вида (приложение)

Карточканың жасалған күні
Дата составления карточки



Құрастырушы
(тегі инициалдарымен, лауазымы)


 
Мөрдің орны

 
Составитель
(фамилия с инициалами, должность)


 
Место печати

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2020 жылғы 15 сәуірдегі
№ 92 бұйрығына
қосымша

Күші жойылған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің кейбір бұйрықтарының және бұйрығының құрылымдық элементінің тізбесі

      1. "Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және мәртебесінен айыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 118 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10992 тіркелген, 2015 жылғы 5 маусымда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      2. "Тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және мәртебесінен айыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 118 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 346 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16214 тіркелген, 2018 жылғы 19 қаңтарда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған ).

      3. "Мәдениет саласындағы кейбір бұйрықтарға өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 13 қыркүйектегі № 256 бұйрығымен бекітілген Мәдениет саласындағы өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесінің 6-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17507 тіркелген, 2018 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).