БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік нормативтерді әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу және қолданысқа енгізу (қолданылуын тоқтата тұру, күшін жою) қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 890 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16270 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік нормативтерді әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу және қолданысқа енгізу (қолданылуын тоқтата тұру, күшін жою) қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әзірлеуші – мемлекеттік нормативтерді әзірлеуді жүзеге асыратын ұйым;
2) ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) – уәкілетті органның ведомствосында құрылған, құрылыс саласын дамытудың, сәулет, қала құрылысы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыста баға белгілеу саласында ғылыми-техникалық саясат жүргізудің, сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асырудың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында нормативтік-құқықтық жобаларды және мемлекеттік нормативтерді дайындайтын және қарайтын консультативтік-кеңесші орган;
3) жобалау және құрылыс салу жөніндегі қағидалар жинағын – ерікті түрде қолданылатын нормативтік техникалық құжаттар;
4) құрылыс нормалары –техникалық регламенттердің (ғимараттардың, құрылыстардың, олардың кешендерінің, коммуникациялардың) талаптарына сәйкес өнімнің жекелеген түрлеріне және (немесе) олардың өмірлік циклінің процестеріне қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін нормативтік техникалық құжаттар;
5) құрылыстағы басшылыққа алынатын құжаттар – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы субъектілердің қызметін ұйымдастыруға қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін және өзара қарым-қатынастарын реттейтін нормативтік құқықтық актілер
6) мемлекеттік нормативтер (мемлекеттік нормативтік құжаттар) –адамның тұратын ортасына және тіршілік етуіне қолайлы, қауіпсіз және басқа да қажетті жағдайларды қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілердің, қала құрылыстық және техникалық регламенттердің, нормативтік-техникалық құжаттардың, өзгеде міндетті талаптардың, шарттар мен шектеулердің жүйесі;
7) мемлекеттік нормативтерді әзірлеу – жаңа мемлекеттік нормативтер әзірлеу және қолданыстағыларын өңдеу жөніндегі қызмет;
8) мемлекеттік нормативтерді өзектендіру (жаңарту) – нормативтік құқықтық актілердің өзгеруіне, басқа да нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес келтіруге байланысты және техникалық шешімдерді жетілдіру бойынша ғылым мен техниканың дамуына байланысты белгілі бір қызмет саласында қолданыстағы мемлекеттік нормативтердің мазмұнына қажетті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу
9) нормативтік-техникалық құжат – техникалық және технологиялық нормалардан тұратын нормативтік құжат;
10) пікір – әзірленген мемлекеттік нормативтердің жобаларын қарау нəтижелері бойынша ұсынылған жазбаша құжат;
11) сәулет, қала құрылысы және құрылыс каталогы (бұдан әрі – каталог) –сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік техникалық құжаттар және кәсіпорындардың, ғимараттар мен құрылыстардың үлгілік жобалары мен үлгілік жобалық шешімдерінің, құрылыс конструкцияларының, бұйымдар мен құрылыс материалдарының, жұмыс жүргізу технологияларының және құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттардың жүйеленген тізбесі;
12) тапсырыс беруші – мемлекеттік нормативтерді әзірлеуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
13) уәкілетті органның ведомствосы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы құзыреті шегінде бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органның ведомствосы.";
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Әзірлеуші түсіндірме жазбасы бар мемлекеттік нормативтің жобасын тапсырыс беруші тиісті пікір алу мақсатында шартта белгіленген ұйымға жібереді. "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар мемлекеттік нормативтердің жобаларын тапсырыс беруші қарау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға тікелей жібереді. Мемлекеттік нормативтің жобасы бойынша пікір әзірлеушіге жоба қарауға келіп түскен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен кешіктірмей беріледі.
Ұйым көрсетілген мерзімде пікір бермеген жағдайда мемлекеттік нормативтерді әзірлеу шарт бойынша тапсырыс беруші белгілеген мерзімдерге сәйкес жалғасады, ал егер шартта өзгеше көзделмесе, мемлекеттік нормативтің жобасы осы ұйыммен келісілген болып есептеледі.
Ұсынылған пікірлер бойынша келіспеушіліктерді қарау қажет болған жағдайда әзірлеуші мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерімен отырыс өткізеді. Отырыста қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді және жиынтық кестеде ескертулер мен ұсыныстар көрсетіледі.";
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Мемлекеттік нормативтер жобасының түпкілікті редакциясы "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар құжаттарды қоспағанда, ҒТК-ның қарауына енгізіледі.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. ҚР ҚБҚ және ҚН мәтіні "Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысының және "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысының (бұдан әрі – Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 568 және № 569 қаулылары) талаптарына сәйкес рәсімделеді.";
25-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"Ескертпе - Пайдаланған кезде ағымдағы жағдай бойынша жыл сайын жасалатын және ай сайын шығарылатын, ағымдағы жылы жарияланған ақпараттық бюллетеньдерге – журналдар мен стандарттардың ақпараттық көрсеткіштеріне сәйкес келетін "Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің және нормативтік-техникалық құжаттардың тізбесі", "Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың сілтемесі" және "Стандарттау жөніндегі мемлекетаралық нормативтік құжаттардың сілтемесі" деген ақпараттық каталогтар бойынша сілтемелік құжаттардың қолданылуын тексерген орынды. Егер сілтемелік құжат ауысқан (өзгерген) болса, онда осы нормативті пайдалану кезінде ауысқан (өзгерген) құжатты басшылыққа алған жөн. Егер сілтемелік құжат ауыспай күші жойылған болса, онда оған сілтеме жасалған ережелер осы сілтемені қозғамайтын бөлікте қолданылады.";
31-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"31. Міндетті талаптарды белгілейтін мемлекеттік нормативтерді мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 568 және № 569 қаулыларымен сәйкес жүзеге асырылады.";
33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Мемлекеттік нормативтерді белгіленген мерзімде уәкілетті органның ведомствосы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 944 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 18090 болып тіркелген) Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және қолдап отыру, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың, ресми басылымдардың көшірмелерін тарату қағидаларына сәйкес нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорына жібереді.
34. Уәкілетті органның ведомствосы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін бұйрықтарды дайындауды мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік нормативтерді өзектендіру;
2) ұсынылған өзгерістер және (немесе) толықтырулар және әлемдік тәжірибені (бар болса) талдау бойынша тиісті ақпараты бар өтініш берушінің жазбаша өтініші бойынша.
Құрылыс материалдары және бұйымдары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 17 қарашадағы № 1202 қаулысымен бекітілген "Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар" техникалық регламентінің 13-тармағына сәйкес ілеспе құжаттамалар ұсынылады.
"Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар құжаттарды қоспағанда, мемлекеттік нормативке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс ҒТК-ның қарауына және мақұлдауына енгізіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы |
К. Ускенбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі